фото ашық дереккөзден

  el24.kz IRNA агенттігінің мәліметінше, АҚШ пен Израильдің Иран аумағына жасаған зымыран соққылары салдарынан Минаб қаласында 85 мектеп оқушысы қыз қаза тапқан.

Ақпаратқа сәйкес, соққы Минаб қаласындағы қыздарға арналған бастауыш мектеп ғимаратына тиген. Иран Білім министрлігінің баспасөз хатшысы Әли Фархади 85 оқушы қыздың қаза болғанын, тағы 92 адамның жараланғанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, ғимаратқа айтарлықтай зақым келген. Қазіргі уақытта мектеп үйінділерін аршу, қаза тапқандар мен зардап шеккендерді іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.

Ал Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арагчи мектептің күндіз, сабақ өтіп жатқан уақытта бомбаланғанын хабарлады.

Сонымен қатар, Иран Қызыл Жарты ай қоғамы деректеріне сүйенсек, 28 ақпандағы шабуылдар кезінде ел бойынша жалпы 201 адам қаза тауып, 747 адам жараланған. АҚШ пен Израильдің әуе шабуылдары Иранның 24 провинциясын қамтығаны айтылды.

Қазіргі таңда халықаралық қауымдастық тарапынан ресми реакциялар мен оқиғаға қатысты қосымша мәліметтер күтілуде.