Әділбек Қаба
немесе Сіз тексіздердің қатарынан емессіз бе?
Жылқыдай есті жануар көрмедім.Әкемнің бір жүйрік ақ бозы бар еді. Бірде жиенінің көзі түсіп, қоймаған соң мінгізіп жіберді. Сол кезде жастықпен әкеме ренжісем де, кейін, өзім әке болғанда түсіндім. Айына, жылына бір келетін қыздың көңілі бәрінен де қымбат екен ғой. Сол атты жиен төрт тау асырып алып кетті. Біразға дейін әкемнің қабағы ашылмай жүрді. Бір күні жайлауды басына көтере кісінеп, боз айғыр қашып келді. Жануар әкеме басын үйкелеп оқыранып, құлағын жымырып еркелеп, қуанғаны сондай... екі көзінен жас сорғалап тұрды. Жиенге басқа құлынды бие беріп, аты өмірінің соңына дейін қасында қалды. Екеуі де қартайып еді. Күнде әкем үйден шығатын уақытта «келе жатсың ба» дегендей оқыранып тұратын. Бір күні әкем кенеттен дүние салды. Сол күні ол оқыранбады. Жануар жүрегімен сезді ме екен. Тек басын төмен салып, сүлей сапа тұрды да қойды. Көп ұзамай иесінің артынан кетті. Ертесі анам түсінде көріпті. Түсінде әкем ақ бозымен жүр екен.
Кезінде төрт тау асып қашып келген жануар, иесін сағынғаннан мына қу дүниеден құлазып, иесін бақидан да тауып алған-ау, шамасы...
Не деген адалдық. Сол адалдықтың бір үзімі адамдарға бұйырса ғой, шіркін. Бүгін – дос, ертең – қас болған, бүгін үйленіп, ертең ажырасқан адамдар азаяр ма еді. Бұрын «жылқы қазақ сияқты текті, арам асты ішпейді, өз баласына шаппайды» деуші едік. Енді тек жылқы текті жануар деп қана айта аламыз...
Кеше тойда болдым. Біреулер кока-колаға, біреулер араққа қол созды. Мен қымызға қол создым. Қазақ пен жылқыға тән тектіліктің бір тамшысы соның ішінде жатқандай көрінді...