Зейнеп Ахметова
 
" Алатын кезде алға озып, беретін кезде артта бұғып қалатын, алғаны мен бергенін жіпке тізіп санайтын адамнан аулақ жүр. Ондай адамнан құтылудың өзі - үлкен олжа".
      *
"Адам ешкімге сенбей, бəріне күдіктеніп, бəріне күдіктеніп, айналасындағыларды ылғи "алдамшы", "қу", "нашар" адамдар деп ойлап жүрсе, тура сондай сұмырайлар  кездесе береді, қасыңа топталып жинала береді".
      *
"Өзгеден артық боламын деп арындама, шамаңды шарықта. Тең түскенге қанағат ет. "Қанағат  қарын тойғызар, қанағатсыз жалғыз атын сойғызар" деген ата-бабаң. Бірақ тепкіге төзбе, ешқашан аяққа басылмағын".
        *
"Адам өмірге, мынау жарық дүниеге жылап келеді. Ата-ана, туған-туыс, айналасы шат-шадыман қуанады. Кетеріңде өзгелер жылап, өзің ризашылықпен қуанып кететіндей істе...".
          *
"Ғылым-білім деген - түпсіз тұңғиық. Жұмыр жердің бетінде оның түбіне жеткен жан жоқ. Дегенмен шетсіз-шексіз ілім-білім жолында əркім өзгенің өресі,шама-шарқы жеткен жерге бір белгі - шыбық шаншып қалдырса, сол шыбық өзінен кейінгіге сая болып, жол нұсқап жатса, есте қалған деген сол  болады".
    *
"Маңдай терің тамған еңбегің мен  ақылың жұптаса қол ұсасып жүрмесе, тапқаның табанның астында тарыдай шашылады".
    *
Жақсы мен жаманның шындықпен өтіріктің аражігі ажырамай қоймайды. Өмірдің негізгі бір мəні де сонда жатыр, əйтпесе оның несі өмір, несі тіршілік?".
      *
"Дүниеде ұқсас нəрселер көп. Құдай қарақұсқа бүркіттің түрін берген. Қыран бүркіт көктен құйылып келіп, аң алады, қарақұс өлексе,  жемтік іздейді".
    *
"Жақсы адамның жақсылығын айтқын, мейірленсін. Бірақ жағымпазданып өтірік мақтама! Нашар адамның жамандығын бетіне бассаң да, жала жаппа!".
"Бабалар аманаты" кітабынан.