Жас жігіт сырқат анасының тілін алмай, қажылық сапарға аттанбақшы болыпты. Анасы: «Балам, мен сауыққан соң барғаның дұрыс. Жинаған ақшаңа мені емдетші», – десе де: «Алла жолына жұмсаймын деп жинаған өз ақшам, қалай жұмсауды өзім білемін!» – деп, қажылыққа баруды өз анасының мүшкіл жағдайынан артық көреді. Сөйтіп қажылыққа анасынан рұқсат-бата алмай аттанып кетіпті.

Анасы бұған қатты ренжиді. Жалғыздықтан жаны қиналып, қажыған кезде ана болса да баласына: «Жолың болмағыр, жүрген жеріңде қырсыққа ұшырағыр!» – деп теріс дұға жасайды.

Содан әлгі қажылыққа сапар шеккен жігіт түнделетіп жол бойындағы бір ауылға жетеді де, мешітке түнеуді дұрыс көреді.

Сөйтсе сол ауылдан ұрлық істеп дәндеген біреу дәл сол түні бір үйге түсіп, бағалы дүниелерін ұрлап қашыпты. Әккі ұры ауылдың мешітіне тығылып, одан терезеден шығып ізін жасырады. Сезіп қалғандар әлгінің ізіне түсіп, мешітке кіреді, оны сонда жасырынған деп біледі. Қуғыншылар ауыл адамдарын жинап келіп, мешітті түгел қоршап, ұрыны ұстамақ болады. Баспалап кіргенде миғрабқа тығылып ұйықтап жатқан жас жігіттің үстінен түседі. «Нақ ұрының өзі осы!» – дейді.

Содан әлгі бейшараны сотқа тартады. Жігіттің дәлелін, өзін-өзі ақтағанын ешкім құлағына ілмейді. Талай жыл ауылды зарлатқаның үшін деп екі көзін шығарып, есеккке теріс мінгізіп, көше-көшені аралатып: «Мынау пәлен жыл ауылдың мүлкін ұрлаған қарабет, ұры!» – деп жұртқа әшкере етеді.

Сонда жігіт: «Жоқ, бұл анасының тілін алмай қажылыққа аттанған ақымақ деп айтыңыздаршы!» – деп жалыныпты. Бірақ алып жүргендер оның бұл айтқанына сенбейді. Ақыры елді аралатып біткен соң оны жол шетіне лақтырып кетеді.

Жігіт болса, әлгі сөзін айтумен алақанын жайып, қайыршыға айналады. Жүре-жүре өз үйіне келеді. Анасы есік алдына шыққанда екі көзінің орнынан қан тамшылаған, таяқтан үсті-басын жарақат басқан, бір қолында таяқ, бір қолын қалтырай жайған өз ұлын көреді. Баласының бейшара халге түскеніне өкініштен өзегі өртенеді. Сонда анасының көкірегіне ғайыптан: «Қажылықты ниет еткені үшін ғана оның жазасын жеңілдеттік. Әйтпегенде екі қолын да, екі аяғын да алар едік!» – деген үн келіпті. «Екі қолы мен екі аяғын алғанда осылай қайыр сұрап жүруге де шамасы келмес еді ғой», – деп шүкіршілік етіпті ол. 

Анасының разылығын алмаған адамға, Алланың разылығы емес, тек ашуы лайық болатыны – Жаратушының шексіз әділдігінен хабар береді.

 

Қайрат НҰРЛЫҚАСЫМҰЛЫ.