Қаз дауысты Қазыбек пен Әлібек батыр ел аралап келе жатса, жол бойында бір қария жолығады. Қарияға сәлем беріп, Әлібек батыр мынадай сауал қояды: 

– Уа, ақсақал, ауыл берекесі қайтсе кетеді? 
Ақсақал сәл ойланып былай дейді: 
– Ауыл ақсақалы шала болса, жігіттері алты ауызды ала болса, жасы үлкеніне жасы кішісі сен десе, сол ауылдың берекесі кетеді. 


Сонда Қаз дауысты Қазыбек би тұрып: 
– Уа, қария, ал үй берекесі қайтсе кетеді? – дейді. 
– Әйелің қабағын түйіп керілсе, шай құйып беруге ерінсе, ұлың ұрысқа сай болса, келінің керіске сай болса, қызың сумақай болса, сол үйдің берекесі кетеді, – деген екен қария. 
– Ал ақсақал, не жақсы? 
Ақсақал мүдірмей жауап беріпті: 
– Атың жақсы болса – тіршілікте мінген пырағың. Балаң жақсы болса – жанып тұрған шырағың. Әйелің жақсы болса – досың жаныңа жиналып, риза болар қонағың. 
– Ал не жаман? 
– Атың шабан болса – тіршілікте көрген азабың. Балаң жаман болса – ғұмырлық көрген азабың. Әйелің жаман болса – досың сенен безініп, үйіңнен кетер қонағың, –депті қария