Байыт Қабанұлы

Бірде: «Қыстауыма қой жайдың» - деп, қойымды қуған жерлес ағаммен төбелесіп қалдым. Жас едім, жасын едім. Бар жоғы жиырма бірде ғанамын. Ол кісі менен он жас үлкен еді. Сонымен иен далада кездескен екі жігіт алған бітімізден қайтпадық. Үлкен едім деп ол ағалық көрсетпеді, кіші едім ғой деп мен інілік ізет етпедім. Ауыздықпен алысқан арғымақтар үстінен сілтескен дырау қамшы оған да тиді, маған да тиді. Біз білмейтін бұрынғы заманнан бері ауыл аралас, қой қоралас болып келген екі ауылдың екі жігіті осылайша болымсыз істен болып екі жаққа қарадық...
 
Қырсықтығыма басып оның қыстауынан мен малымды әкетпедім. Күндіз кешке дейін қой жайып кешке қосыма келіп түсе бергенім сол еді әлгі ағамның қарт әкесі келе жатқанын көрдім. Баласын ертіп алыпты. Таңертең ашу үстінде болып өткен жағдай көз алдымнан қайта бір өтті. Жасы жетпістен де ары кеткен аппақ сақалы кеудесін жапқан қарт атаның сұсынан қатты қорықтым. Әке көрген ұлмын ғой, жүгіріп барып аттан түсіріп қолтығынан алып қосқа кіргіздім. Бетіне тіке қарай алмай жер шұқып отырған мені байқаған қария отырған орнынан ұмтылып келіп маңдайымнан иіскеді. Қара қосқа ала келген дәні де бар екен. Еті, қымызы бар дастарханын жайып алдыма қойдырды баласына. Сосын екемізді қатар отырғызып:
 
«Ертеде екі жігіт жерге таласып, жөнге келісе алмай биден асып төреге дейін барыпты. Төре:
- Неге жанжалдасып жүрсіңдер - десе, жігіттер жарыса сөйлеп:
- Ол менің жерім...
- Ол менің жерім... - деген жауапты қатар айтады. Осы жауапты естіген төре:
- Жарайды, оның айғағы сол жердің өзі ғой, мен барып сол жерден кімнің жері екенін сұрап келейін - дейді де далаға шығып кетіп аз айланып оралған ол:
- Мен сұрадым жігіттер - дейді. Оны естіген жігіттер тағы да жарыса сөйлеп:
- Айтыңыз төре ол жер кімнің мүлкімін дейді - десе, төре:
- Жер: «Мен ол екеуінің мүлкі емеспін, ол екеуі менің мүлкім. Себебі: Ол екеуі тумай тұрғанда мен бар болатынмын, ол екеуі жоғалғанда да мен бар боламын» дейді - деген екен.
 
Сол төре шын айтқан. Осы өлкеде көп жыл өмір сүрдім. Мен жас едім, талай - талай аузы дуалы, ат атақ, бет, беделінен ат үркетін абыз қариялар болды. Бүгін солардың бәрі жоқ. Білесіңдер ме, қайда солар. Мына жердің астында. Ертең мен де жоғалам, мен де кірем осы жердің астына. Уақыты болғанда сендер де кіресіңдер осы жердің астына. Адамдардың бәрі кетеді, жер қалады - деді, екемізге тесіле қарап. Біз ештеме демедік.
 
Содан араға жылдар салып сол атамыз кетті мәңгіліктің мекеніне. Анау ағам да кетті қазақстанға көшіп. Мен де кеттім монғолдардың арасына. Соңына-ан, тура жиырма бес жылдан кейін мен демалыспен ата - анама барып, әлгі ағам қазақстаннан туған жеріне келіп екеуміз кездестік. Көрген жерден тұра жүгірген ағам мені құшағына алып ұзақ жылады. Мен де жыладым.
 
Ағамның айтқаны: «Бауырым, әкемнен айрылдым, шешемнен айрылдым. Одан кейін сүрінгенде сүйеу болған сүйген жарымнан да айрылдым. Енді екі, үш баламның қасында сопайып жалғыз қалдым.... Есіңде ме, баяғыдағы төбелескеніміз, тағы да әкемнің айтқан аңызы. Не деген шындық еді. Бүгін ойлайықшы. Сол жерге тұтқа болардай болып бір бірімізге қамшы сілтескен екеуміз едік. Енді мен қайда жүрмін, сен қайда жүрсің. Текті жердің ұлдары едік ғой, сондай ақымақ іске қайтіп бардық ұялмай. Білемін, сен ол істі кек алған жоқсың көңіліңе. Одан кейін де жұбыңды жазбай ағалап артымнан ергенсің. Бірақ Құдай алдында қарызым өтелсін, кешірші ағаңды» - деп маңдайымнан иіскегенде бетіме көзінің ыстық жасы тамып тамып кетті.
Иен далада екеуміз ғана кезігіп қамшы сілтескеніміз секілді иен далада екеуміз ғана үнсіз отырып ұзақ жыластық.
Шын мәнінде бірін бірі болымсыз істен болып қамшымен салып кету деген ауыл жігіттерінің арасында болып тұратын іс ғой. Бірақ ертеңінде-ақ ұмытып кететінбіз. Мен де сөйттім. Бірақ сол ағам неге көп жыл бойы ұмыта алмады екен. Ежелгі қазақ сөзінде: «Аға - бауыр, іні - тас» - деген сөз бар еді. Сол бауырдай жұмсақтығы әлсін - әлі арын оятып өзін- өзі кінәлі санады ма екен. Әлде мен білмейтін «ДАНАЛЫҚ» - деген осы ма.
Шіркін-ай біз қашан дана боламыз деші.
 
--