"Емші "газетінің редакторы, аудармашы
Шынар Әбілдә
-Шынар əпке, жан əлеміне əрдайым құлшыныс сыйлау керегі даусыз. Сол құлшынысты оятудың жолдары қандай?
- Оның жолдары көп. Себебі, адамдар әр түрлі, олардың қалауы мен ойлау деңгейі де түрлі. Кей адам бір торт сатып алып жесе, соның өзіне мәз, көңілденіп қалады. Балаға ойыншық әперсең, алданады. Адам ойы өскен сайын жанды алдау, оған шынайы қуаныш сыйлау қиындай береді. Бірақ рухани деңгейі мықты адамға құлшыныстың көп керегі болмайды. Өмірдің өткінші, жалған екенін мойындаған сайын адамдар есейе береді. Ондай адамға жай ғана таңның атқаны, күннің батқаны да қуаныш. Бірақ ол қол шапаттап қуанбайды. Іштей шүкіршілік етеді. Бір күнде бір адамға қуаныш сыйлаған адамның күні текке өтпегені. Тек соны ілтипатпен, шын ықыласпен жасай білсек болғаны. Көбіне соған жете алмай, өзімізден өзіміз артылмай жатамыз. Қарапайым адамға жай ғана бар болғанының өзі бақыт.
- "Өмірге іңкəрлікті сəби шақтан қалыптастыру - өмірдегі қиындықтарға сынбаудың кепілі" деген жапон психологтарының ойына қосарыңыз бар ма?
- Мен кәсіби психолог емеспін, бірақ балаң болған соң ізденесің, қазіргі заманның баласына не қызық екенін білу әр ата-ананың парызы. Себебі, әр баланың қатесі – ол тәрбиенің осалдығынан. Баламның қатесі – менің де қатем. Бірақ бастысы қате жасаудан қорықпау. Қорқатын бала – бір күні морт сынады. Ал әр түрлі ортада, әр түрлі адамдармен араласып, түрлі ойындар ойнап, өзін көрсетуге қысылмайтын бала өмірді дұрыс қабылдап үйренеді. Бала күлсе, бірге күлеміз. Жыласа, бас салып тыямыз. Ұрсамыз. Жылама деп доқ көрсетеміз. Негізі психологар жылауға да мүмкіндік беру керек дейді. Ұрыспау керек. Тек көңілін басқаға бұрып үйрету маңызды. Жапондар баланы іште жатқаннан тәрбиелейтін ұлт. Баланың қимылы ширақ болған сайын өмірге құштарлығы зор болатынын көрсеткен ел. Қай елде болмасын, баланың дене қимылы көп болған сайын, ойын болсын, жұмыс болсын, бала қимыл үстінде тез есейеді, әрі өмірге құштарлығы зор бола түседі. Бұл жалпы ересек адамға да қатысты, отырып жұмыс істейтіндер күйзеліске берілгіш келеді, ал қара жұмыс істейтіндер бақытты болып жүреді. Ой жұмысын жасаған адамдардың көпшілігі тауға шығуға, шаңғы, коньки тебуге әуес келеді. Себебі, қимылы шираған адамның санасы өсе береді. Санасы сау адамның өмірге құштарлығы да өсе бермек.
- Жан дүние өзгерісі неден басталады?
- Ойдан. Бұл әлемде дүниенің бәрін ой қозғайды. Ойың өзгергеннен күннен бастап әлем өзгереді. Бұрын әлем саған дұшпан боп көрінсе, бір ойдан олай емес екеніне көз жеткізуге болады. Ой бір түнде бәрін өзгертіп жібермес. Бірақ сол ой пісіп жетіліп келіп, бір жылда біраз дүниені өзгертеді. Ізденіске жетелейді. Сұрақ туындатады. Дүниеде ештеңе мәңгілік емес. Заман өзгереді. Адам өзгереді. Сұраныс та өзгереді. Білім де мәңгілік емес. Мамандық та. Қазіргі құбылмалы заманда бүгін білгенің ертеңге жарамай қалатын кезі көп. Сондықтан жан қалауы да өзгеріп отыруы қалыпты дүние.
- Жалпы өзгеруге қанша уақыт кетуі мүмкін?
- Адамына қарай. Біреулер бірнеше жылда өзгереді. Біреулер екі күнде адам танымастай болады. Адамды өзгертетін негізгі құбылыстар болады. Билікке жеткен адам, отбасы құрған адам, қатты шаттанған адам, қатты қайғыға душар болған адамның жанында трансформация жүреді. Ол өзгеруге міндетті. Біреу жақсы бастық болып қалыптасады, біреу жамн бастық болып қалыптасады. Біреу жақсы жар атанады. Біреу өзінің одақ құрғанда жаман қырларының ашылғанын байқайды. Өзгеріс әр түрлі болады. Іште не бар болса, өзгеріс соны оятады. Рухани құмырасын шайқайды. Адам бетперде киюді үйренеді. Біреу керісінше бетпердесін шешіп, алаңсыз өмір сүруді үйренеді.
-Адам бойындағы рухты шыңдаудың жолы қандай?
- Рухты шыңдау үшін білім мен шығармашылық қажет. Ешкім туа салысымен парасатты, дана бола салмайды. Далай-лама болу үшін бірнеше сатылы білім жүйесінен өтеді. Рухани сауыққанда барып, өзгеге ақыл айту мәртебесін иеленеді. Мұның барлығы адамның ізденісіне қарай сатылап дамитын дүние. Жақсы ұстазға жолыққан шәкірт ерте жетіледі. Ұстазы жоқ адам кенжелеп жетіледі. Бойында дарыны бар адам түбі сол қасиетті ашатын құбылысқа тап болады. Бұл өмірінде парасатты бола алмаған адам оған келесі өмірінде тағы да ұмтылады. Сабақ алу кестесі, тағдыр ұсынатын қиындықтарды жеңуімен жетіледі.
- Рухы əлсіреген адамға ең бірінші нендей көмек берген дұрыс?
- Психологиялық көмек берген дұрыс. Жан жарасы неден екенін анықтау керек. Бала күнгі дерт пе, әлде естияр шақтағы қиындықтары ма? Неден көңілі қалды? Кімге ренжіді? Кім бақытын ұрлады? Рухы әлсіреген адам – өмірден жеңілгенін түсінген адам. Дегенмен, әр адамның қайта тұрып жүгіруге қақысы барын есте тұтқан жөн. Мен жазыламын деген адамға Алла шипасын береді. Үміт үзбесе болғаны...
- Адам баласының өміріне мəн үстер дүниелер деп нелерді айтар едіңіз?
- Махаббат, достық, отбасы, жұмысы.
- Сіздіңше, бақытты адам деген кім?
- Өзін бақытты сезінген адам. Кей адамның төрт құбыласы түгел болса да, бірдеңе жетіспей тұрғандай өмір сүреді. Ал кей адам бүгін тойып ішкен тамағына бақытты. Жатар орын тапқанына бақытты. Бақыттың өлшемі жоқ. Ол жүректе бар. Бітті.
- "Жан күйзелісі - өз уақыты мен басындағы бақытын толық түсіне алмаудан" деген А. Хеллер. Сіздіңше, бүгінгі қоғам бақытын қаншалықты бағалай алуда?
- Қолда бардың қадіріне жетпестен, басқа арманға қол созу адамды бақытсыз ететіні бар. Қазіргі қазақтың басындағы бағы - тәуелсіздігі. Бірақ тәуелсіздіктің қадіріне толық жетпеген қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Ұлттық діл, ұлттық идеологиямыз ақсап тұр. Ұлт мәртебесі үшін істелген құндылықтар өте аз.
- Бүгінгі күні адамдардың депрессияға жиі түсуінің себебі?
- Бұл негізінен тұрмысты сана билегендіктен. Халықтың жалпы алғанда сенім артар тұғыры жоқ. Билікке арқа сүйей алмайды. Өз күнін өзі көрем деп несиеге ұрынып, тиын-тебеннен қағылады. Баспанасыздық жайлаған заман. Ел еңсесін тіктеп көтере алмай жатыр. ҰБТ-ның күйзелісінен арыла алмай өзіне қол жұмсайтын жастар бар.
- Өмірде сіз ұстанар ұстаным?
- Ешкімге пайдам тимесе тимесін, тек зияным тиіп кетпесін деп ойлаймын.
-Өзіңізге ақыл сұрай келген адамға айтар алғашқы ақылыңыз қандай?
- Өзің өзгер. Өзің таңда. Өзің ойла. Адамдар жұрттың ақылымен өмір сүре алмайды. Бәрібір өзінікін істейді. Шамасы, өзі жүріп өтпейінше, өзгенің ақылы ешкімге керек емес-ау. Сондықтан бір реттен артық ақыл айтудың өзі әдепсіздік.
-Талайларға ой салар аудармаларыңыз жетерлік. Жалпы, аударма саласына қалай келдіңіз?
- Аудармаға абайсызда келдім. Өзіме қызық дүниелерді оқып алып, оны құрбы-құрдастарға айтқанда, онша түсініңкіремеді. Сосын сол оқығанымды аударып, осыған ойыңды айтшы дейтін болдым. Кейін психологияға қатысты материалдар бізде жетіспейтіні сезілді. Ел оқып, пікірін айтатын болды. Аудармаға риза болысты. Керек дүниені жұрт іздеп жүріп оқиды. Себебі, жан қалауы. Өмір жалықтырғанда басқа нәрсені істеуге ұмтылады. Бір сүрлеуде қалып кетпей, жаңа дүниеге ынта қою қалыпты екенін психология үйретті. Өзіңе ұнайтын дүниемен шұғылдану түбінде саған пайда әкелетінін де психологтар үйретіп жүр. Осының бәрін өмірде жүзеге асырдым. Бұрын аударманы әуестік санайтынмын. Қазір аударма менің тиянақты табыс көзіме айналды.
-«Шығармашылық адамынан сəлемнен соң туындысын сұра». Бұл - Толстойдан қалған сөз. Шығармашылығыңызда не жаңалық?
- Шығармашылық әлемге әлі толыққанды бетбұрыс жоқ. Былтыр Анна Франктің «Пана» деген хат түріндегі күнделігін аудардым. Биыл аударма баспадан басылып шықты. Бұйыртса, аз күнде кітап дүкендеріне түседі. Биылғы қуанышым осы кітап. Аударма оңай дүние емес. Уақытыңды алатын, көз майыңды тауысатын кәсіп. Ынта-ықылас болмаса, бас алмай жұмыс істеу қиын. Бірақ соынсымен қызық. Жұмыста да жұмыс, үйде де жұмыс. Уақыт тапшылығын сезетін болдым. Біреулер уақытын өткізе алмай жүрсе, мен жеткізе алмай кетем.
- Сізді адам ретінде бүгінгі қоғамда не нəрсе қуантады жəне ойлантады?
- Мені келешек уайымдатады. Баларымның келешегі, қазіргі мектептің жай-күйі, білімнің ахуалы мазалайды. Жемқорлықсыз елде тұрсақ деп армандаймын. Ананың, баланың жайы күтелмеген елде тұрамыз. Мектептерде пайдасыз сабақтар көп, орыс мектептерінде музыкалық мектеп қатар жүреді. Қазақ мектебінде домбыра үйірмесі де жоқ. Қазақ мектептерінде шахмат пен домбыраны сабақ кестесіне қосса ғой деген арманым бар. Науқас баласына ақша сұраған аналар көп. Біздің бала күнімізде ондай нәрсе болмайтын. Баланың бәрі мемлекет қамқорлығында еді. Денсаулығы да тегін қадағаланатын. Қазір неше түрлі ауру көп, шипасын іздеп сансыраған жұрт. Көңілге кірбің түсіреді.
Қуантатыны білімге ұмтылатын жастар көп. Бірақ дені шетел асып кетеді. Себебі, біздің елде жастарға жағдай жасалмаған. Соңғы кезде қатты қуанып жүргенім мектепте басшылық мұғалімге деп конвертпен ақша жинап, сыйлық жасауды доғартып келеді. Бұл мұғалімге де, оқушыға да, ата-анаға да қуаныш. Жемқорлық балабақшадағы тәрбиешіге жасаған сыйлықтан басталады дегенді оқып ем бір жерден. Біз соған төселіп кете жаздаппыз. Бір күні мұғалімнің мәртебесін бір конвертпен өлшейтін заманды ертегідегідей еске алармыз. Бәрі сатулы заманда құндылықтары теңгерімі ауысып кетіп жатыр. Сол құндылықтарды өз орнына қоя білсек, даму жолына түсер едік.
Дайындаған :Мейірхан Мейрамбекұлы