#"Өр рухты жандар" сыр сұхбат жобасы
Өзіңізді таныстырып кетсеңіз…
Мен Дауранбекова Сабира Шербаевна, Оңтүстік Қазақстан обл, Сарыағаш ауданында 1979 жылы , 05 наурызда дүниеге келдім.
Сіз онкологиямен ауырып , одан емделген екенсіз.Жалпы бұл обыр дерті адамзатқа өлім үкімі сияқты естіледі де, көбісі психологиялық тұрғыдан əлсіреп, ауруға беріліп қояды.Сізге ең алғаш осы диагноз қойғанда не ойладыңыз?
Менің ең алғаш ойлағаным әрине балапандарым. Маған да оңай тиді деп айта алмаймын.Куйеуім көп ішетін. Мен балаларымның қамы үшін әйтеуір жұмыс табылған жерде істеп жүрдім. Мен өлсем балаларым аш қалады . Алла мені сақтай көрші !-деп көзіме балаларымнан басқа ештеңе көрінбей Аллаға жалбыранып ,көз жасым тоқтамай бір күн бойына жыладым. Ол уақыттағы хәлімді тілмен жеткізу мүмкін емес.. .
Өзіңізде сенім болды ма, қайтсем де бұл ауруды жеңемін деген ?
Ия, екінші күні барып, кішкене ес жиып ғаламтордан диагнозым бойынша мәлімет іздей бастадым. Және өте көп ақпарат таптым. Сонда маған ұнағаны Луиза Хейдың өмірі жайлы кітабы. Ол кісіні жас уақтында көршісі зорлап ренішін іште сақтап жүре бергендіктен рак ауыруы болады. Луиза Хейді оқып , іште өкпе ренішті сақтамау керек екенін түсіндім. Ауруды жеңу үшін , реніш -өкпені ұмытып , барлық адамды кешіру және Аллаға жақындау екенін түсіндім.Бұл маған берген Алланың сынағы деп қабылдадым.Содан Құран кітаптарын тауып, дінге бет бұрдым.Бес уақыт намаз оқып, Алладан тіледім бәрін. Аллаға сендім ! Қазір Аллаға шүкір денсаулығым біраз жақсы.
Қандай диагноз қойылды ? Нешінші стадия?
Жатырдың қатерлі ісігі.2- стадья
Өмірдің мəні неде ?
Өмірдің мәні денсаулықта ! Денің сау болса армандар рет- ретімен орындала береді. Көп жастарымыз сол армандарға тез жетуге асығады.’’Сабыр түбі сары алтын ’’ деп ата бабамыз бекер айтпаған ғой. Мен көбінесе ата — бабаларымыздың сөздерін есіме аламын. Ата -бабаларымыз болашақ ұрпақтарына сабақ болсын деп жазып кеткен ғибратты сөздері көп қой.Менің де сол келер ұрпаққа жазатыным көп Алла қаласа !
Осы "Өр рухты жандар" сыр сұхбат жобасы ашылғалы біраз əйелдермен сырластық.Сонда байқағаным , əйелдер аурумен күресіп жүріп,"қыңқ" еткен дыбысын отбасындағыларға естіртпей не туысқандарына сездірмей жалғыз өзі күреседі.Отбасындағы келеңсіздіктерді де бір иықтан көтереді . Тіпті кейбірінің туыстары қатерлі дертпен күресіп жүргенін білмейді де екен.Сізде қалай болды ?
Иә дұрыс айтасыз. Аналарымыз өзін емес балапандарын ойлайды. Ертең маған бірдеңе болып кетіп қалсам , осы балапандарымның жағдайы қалай болады ?-деген ой әрбір анада болатын шығар. Ауырып жүрсем де балапандарыма нан тауып берейін деп арада 3 ай уақтымды өткізіп алыппын. Менің күйеуім арақ ішіп кеткен адам ,ол түнде ішіп келеді. Ол келгенде тазикті қанға толтырып қоятынмын. Сонда оның айтқан сөзі ’’сен аурудан басың шықпайтын әйелсің ғой ’’- деді.
Түнде жылап- жылап алып таңертең ештеңе көрмегендей жұмысқа кететін едім. Менің жұмысым , ауыр ыдыс -аяқты көтеріп базар аралап сату . Бір қызығы жаны ашымайтын еркекке өкпелеп отыруды да, әйел болып еркелеуді де білмеппіз.Әкем ылғи : ’’ сенің есіміңді Сабира деп сабырлы болсын деген мағынада қойғанмын " деп айтып отыратын.Сол сөз әркез демеу болды.
Қанша құрсақ көтердіңіз? Жəне жатыр обырына көп аборт жасату мен көп бала түсіру себепші болады деп жатады…
6 құрсақ көтердім бір ұлым көлік қағып қайтыс болды. Бірі ішімде үлкен болып қалғанда өліп қалды. Арада балам түсіп қала берді ,3 аборт болды. Иә ,ол да дұрыс шығар деп ойлаймын. Абортты дұрыс жасамайтын гигеналық талаптарға сай емес дәрігерлерде бар ғой әсіресе ауылдарда.
Дəрігерлерге ренішіңіз бар ма?
Дәрігерлерге ренішім өте көп болды. Маған дұрыс қарамады. Қан кетіп жатқанда барсам тазалайды да түнде 1 жарымда үйге қайтара салатын. Қәзір ешкімге ренжімеймін , барлығы Алланың қалауымен деген ұстанымды ұстанатын болдым. Кім кімге жамандық жасаса ол алдына келетінін түсіндім. Айта берсем әңгіме көп.
Бұл аурудан түпкілікті емделіп кеттіңіз бе? Соңғы гистологиялық, цитологиялық сараптамалар, онкомаркер қорытындылары не көрсетті ?
Бұл аурудан түпкілікті емделіп кеттім деп айта алмаймын. Түпкілікті емделу үшін әлі де маған жетіспей жатқан сол психологиялық көмек. Соңғы гистологиялық сараптама барлығы жақсы таза деп берді.
Өмірде жолым болмады деп өкінесіз бе?
Өмірде жолым болмады деп өкініп жүргенімде мына ауруға тап болдым. Бұл ауру денсаулығың болса өмірдің керемет екенін ұғындырғандай. Сол үшін өмірге өкпелемей деніміз сау барлығы жақсы болады деу керек екенін жастардың бойына сіңіргім келеді. Үйде күнде ұрыс жанжал болып жатсада, сіз керемет дей берсеңіз керемет жағына өзгеретінін қатты ұғындым. Біздің қазаққа жетпейтін сол психологиялық тәрбие деп ойлаймын. Өз ойым.
Сіз өзіңізді қандай анамын деп есептейсіз?
Мен өзімді балажан анамын деп ойлаймын. Басыма қандай қиындық туындаса да, балапандарым үшін сол қиындықтан шығып кетуге тырыстым. Балапандарым болмағанда мен өмірмен куресуге бел бумас едім. Ұлым авариядан қайтыс болғанда соның артынан кеткім келді. Балапандарымды қимай осылар үшін өмір сүру керек деген ұстанымым ғана ұстап қалды.
Жиі жылайсыз ба ? Əйелдер көз жасын сығып алып, Күн шуағындай жадырап шыға келеді ғой.Сіз ше?
Иә жиі жылаймын, көбіне сол көз алдымда қиналып өлген ұлымды ойлаймын. Менің көз жасыма себепші күйеуім.Сол , ішіп түнде қай уақытта келер екен?- деп алаңдап ұйықтамай күтіп жатамын. Келген соң әрине оның жаман сөздері және таяғын ойлап күтіп отыру ...енді оны ешкімнің басына бермесін. Балаларым үшін ,таяғына да бәріне шыдап жүре бердім. Ертесіне барлығын ұмытып базарда күн шуағындай күліп саудамды жасап жүре беретінмін. Сонда базардағы тәтелерім «біз сені сондай қиналып жүрген әйел деп ойламаппыз » деуші еді. Жаман мінезіңмен сауда жасауға болмайтынын білесіздер ғой.
Барлық ауру өкпе - реніштен туындайтыны белгілі , сізге ренжіген адамдар көп пе? Немесе керісінше сізді ренжіткендер көп пе?
Ренжіткен адамдар көп. Оңтүстіктің заңын білесіз ғой ол жақта келінді қатал ұстайды. Әкем қайтып келген қыз керек емес деді .
Куйеуім көп ішіп ренжітті.
Оңтүстікте қызды алып қашып кетеді ,ұнатасың ба, жоқ па зорлап алып қалады. Содан маған қалың мал ақша бермеді. Менің төркінімде онда жүгіңді көрпе төсегіңді бермейміз деді. Енем көрпе төсек бермейтін қыз керек емес деп қуып жіберетін. Әкем кеткен қыз керек емес деп, екі ортада мен қуыршаққа айналдырды. Енем мені жаман көрді , отырсам опақ, тұрсам сопақ деп мені күнде кекете беретін. Күйеуіммен енші алып квартираға шығып кеттім ,бәрібір тыныш қоймады. Маған ұрсып баласын үйіне алып кететін. Ал жолдасым өз ойы жоқ, кім не айтса соған еретін.Содан куйеуім қатты ішетін болды . Туыстары менің артымнан өсек айтса соған бола қол көтеретін. Шыдауым керек, балалар үшін деп, барлығына көніп жүре беретінмін. Бірақ сөз сүйектен өтіп көп жылайтынмын. Үлкен ұлымды енем қуалап жүріп ұратын ,енемнен қашамын деп балам машинаның астына түсіп кетті. 20 күн қиналып жатып ол өлді.’’ Мама мені құтқаршы’’ деген сөзі құлағымнан кетер емес. Балама көмек берудің орына олар той жасап жатты.Бізге көмекке ешкім келмеді. Екі күнен соң балам комаға түскенде әкем келді. Куйеуімнің туыстары соншалықты қатал. Қайғым өте көп …
Сен осы ақиқатты айтсаң дәлелдеп беруің керек, болмаса қамаласың деп күйеуімнің туыстары қорқытып қойды.Содан іштен тынып жүре бердім.
Енді іштегі шерді шығаруға қорықпайтын шығарсыз?Арадан біраз жыл өтті ғой…
Жоқ қорықпаймын.Сыртыма шығарып жеңілдеп қалдым.Осыларды ішіме жұта беріп қиналып кеттім.Тұрмыстық қиындық көрген әйелдерге психологиялық көмек беретін жерлер ашылса деген тілек бар.
Ауруды асқындырмас үшін қандай ем қабылдап жүрсіз ?
Ауыруды асқындырмау үшін дәрігерлердің беріп жатқан дәрілерін ішіп жатырмын және тез -тез анализ тапсырып тұрамын.
Қазақстандық дəрігерлерге көңіліңіз тола ма?
Дәрігерлерге қатты толады деп айта алмаймын және барлығын қаралай алмаймын. Жақсылары да бар, мен үшін күн шуағындай болып келген, Алматы қалалық 4 больницаның дәрігері Асқар Тунгышбаев осы феисбуктан мені көріп көмек қолын созған дәрігер. Қәзіргі таңда әпке- інідей араласамыз. Маған дәрігерлік көмегін ешқашан аямаған. Алла разы болсын!
Обыр ауруы жасарып барады. Жылына 15- мыңдай адам осы дерттен көз жұмады екен.Ерте кезеңде байқап емделсе бұл жазылатын дерт.Сіздің ойыңыз?
Обыр дерті жазылады. Мен жазыламын деп өзін сендіре алса. Адамға бірінші сенім керек. Сол сенім сізді барлық жерден алып шығуына көмек береді. Мен мықтымын. Балаларым үшін жасайтын жұмысым көп деп, адам өзіне психологиялық көмекке көп жүгіну керек екенін айтқым келеді. Маған психологиялық көмек берген Жибек Аширбекова әпкем феисбуктағы. Қанша жақсы адамдардың арқасында жақсы болып жүргеніме Аллаға сансыз шүкірлік айтып 4 баламның ортасында отырмын.
Осы дертпен ауырып , өмір үшін күресіп жүргендерге қандай кеңес берер едініз?
Өкпе -ренішті бойыңызда ұстамаңыздар...
Ауырмаңыз ! Құлан таза айығып кетіңіз деген тілек бар бізден.Сұхбат үшін рақмет !
Алла разы болсын сіздерге де. Қазақстанымыз көркейіп,еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын дегім келеді. Отбастарыңызға бақыт тілеймін. Денсаулықтарыңыз мықты болсын!
Сұхбаттасқан : Исенбай Мәдина