1- санатты тәжірибелі дәрігер,1- санатты инфекционист Әділбек Нұрымбетпен сұхбатымызды назарыңызға ұсынамыз:
- Алматыға қоныс аударып жатыр екенсіз.Қоныс құтты болсын! Көш көлікті болсын!
- Ия Алматыға көшіп келдім. Рахмет.
- Алматыға белгілі бір мақсат, жоспармен келген боларсыз?
- Әрине, Алматыдай үлкен қалаға үлкен арман, мақсатпен келдік қой.
- Сізді біраз ел дәрігер инфекционист ретінде таниды.Біледі.Ютуб каналыңыз бар.Оны жақында қолға алған сияқтысыз? Неге сәл бұрынырақ 2020- жылы карантин уағында, елге қазақ тілді дәрігердің көмегі ауадай қажет кезде қолға алмадыңыз?
- Негізі 2018 -жылы ашқанмын. Сонда 4-5 видео салдым да ары қарай жұмыс қауырт болып, кейін ұмытылып кетті. Ол аккаунтымды аша алмай қалдым. Биыл қарасам: сол 5 видеомның өзі 35 мыңнан қаралым жинап тастапты. Сол кезде қазақ тілді ақпараттар, каналдар жоқтың қасы екен ғой. Сол менің де видеоларым қаралым жинап тастағанын көріп, биылдан бастап, тыңғылықты кірісіп отқан жайым бар.
- 2020-2021 жылы тәжтажалмен бүкіл халық ауырғанда, нақ ордасында болдыңыз.Сол күндердегі азапты сәттер, жақындарынан айырылған жандардың азалы даусы құлағыңызда қап кетпеді ме?
- Өмірімдегі ең қиын кездер, ең қорқынышты кезең еді ғой ол кездер. Бүкіл халық арасындағы үрей,дүрбелең, жақындарын жоғалтқандардың зары, және біздің аурухананың қасында судмедэкспертизалық орталық болатын.Соны морг есебінде пайдаланды.Сол жерден таңертеңнен кешке дейін туысқандарын алып кетуге келгендердің жоқтаған дауыстары естіліп тұратын.
Ал аурухананың ішіндегі жағдай тіптен нашар болатын.Әсіресе 2020 жылдың жазында дәрі жоқ,оттегі нүктелері 3 ғана, ал концентратор да 3 ғана, ал бөлімшеде 90 науқас жатты. Оттегісі түсіп кетіп жатқандарға ауыстырып кигізіп шыр айналып жүгірдік. Өкінішке орай үлгіре алмай қалып жаттық.
Коронавирусқа дейінгі уақыттарда науқастар өздерін заңгерше ұстап: ананы неге өйтпейсің,неге бүйтпейсің деп көп ұрсысатын. Ал сол коронавируспен жатқандардың барлығының көзінде: "мені құтқаршы"- деген жалынышты көретінбіз.
Үйге бармадық. 24 сағат сол жерде болдық бәріміз бірдей. Себебі әрбір секунд, минут маңызды еді сол кездерде.Қазір шүкір бәрі қайтадан қалпына келіп жатыр. Бірақ сол кездегі барлығының көзіндегі бірдей: "мені құтқаршы, мені өлімнен аман алып қалшы "-деген көзқарас әлі көз алдымда.
- Биыл да тұмау оңай соғып тұрған жоқ. Әр түрлі вирустардың қоспасынан"суперинфекция" атауымен ауру өршіп жатыр.Бұрын вакцина алып, қолды антисептикпен жуып, маска тағып сақтанушы едік.Бұл жолы ол сақтану жүзеге аспайтын сияқты.Ауру басталғанда не істеу керек?Қандай ем қолданған дұрыс?
- Ия, биыл да өршіп тұр. Тұмау вирусы да, басқа да вирустар да, жылдан-жылға түрленіп, өзгеріске (мутацияға) ұшырап отырады. Былтырғы емдеген дәрі биыл әсер етпеуі мүмкін. Жалпы тұмау да, басқа вирустар да ауру адамнан сау адамға ауалы тамшылы жолмен жұғады. Сау адамның мұрны мен тамағының шырышты қабатына вирус түседі де көбейіп, сол жерді зақымдайды. Аурудың басы сол жерден басталады: түшкіру, мұрнынан су ағу, тамағының қышынуы. Сол кезден бастап емделу керек. Мұрнын, тамағын шаю керек, сұйықтықты іше беру керек.
- Көпшілік дәрігерлер бірнеше антибиотик пен қоса вирусқа қарсы ацикловир, гроприносин сияқты дәрілерді қоса тағайындап жатады.Бұл қаншалықты дұрыс?
- Бұл енді дұрыс емес. Кейде жөтел аллергиялық та болуы мүмкін. Осы үшеуіне фенистил сияқты аллергияға қарсы дәріні де бергенін көргем.Ауруды бактерия, вирус, аллергиялық болуы себепті біреуі болмаса біреуі әсер етеді дейтін шығар. Естеріңізге сақтаңыздар! Антибиотик вирусқа дым әсер етпейді, ол бактериалдық қабыну болғанда көмектеседі, ал ацикловир ол герпес вирустарын өлтіреді,яғни ұшық шыққанда және желшешек(ветрянка) кезінде көмектеседі.Сондықтан ажыратып, керегін ғана берген дұрыс қой.
- Қызу, бас ауру, тамақ ауру, жөтел болса үй жағдайында қандай ем қолданған дұрыс? Ауруханалар оңайлықпен жатқызбайды.Немесе орын болмайды.Науқас ең бірінші нені есте сақтау керек?
-Ең алдымен жылы сұйықтықты өте көп мөлшерде ішу керек, себебі дене қызуы жоғарылағанда қанның сұйық бөлшегі қоюланып, ұшып кетеді да,көлемі азайады,ал көлемі азайған қан вирустардың көбеюіне,таралуына өте қолайлы орта.Сол себепті сұйықтықты өте көп мөлшерде ішіп, көлемін толықтырып отыру қажет.Екіншіден суды көп ішкенде кіші дәретке жиі барады да, вирусты токсинімен бірге шайып тастап отырады.Тез жазылуына жағдай жасайды. Содан соң тамақтағы және мұрындағы вирустарды жою ұшін тамақ пен мұрынды шайып отыру қажет. Дене қызуы жоғарыласа парацетамол, ибуфен, свеча цефекон сияқты қызу түсіретін дәрілер берілуі керек. Жөтелге 5 жасқа дейінгі балаларға қақырық түсіретін дәрі беруге болмайды. Орнына дренажды массаж жасау керек.
- Терапевт, педиатрсыз. Қазіргі таңда жаңа туған баланың бәрінің ортақ ауруы іштің желденуі, кебуі. "Боботик," "эспумизан" сияқты дәрілерді туғанан тағайындайды.Бала дәріге үйреніп кетіп табиғи жолмен дәретке шыға алмай қалмай ма?
-Жаңа туған нәрестелерде жиі кездесетін жағдай. Ол дәретке шыға алмайтыны емес, іші желденіп кетеді, яғни газданады. Боботик, эспумизандар ол ішектің спазмын стимулдайды. 3 айдан соң өзінен өзі кетеді.
-Тұмау балаларда да өтіп жатыр.Ересектерге қарағанда балалардың қызуға шыдамды келетіні белгілі. Деседе ауру өршіп кетпеу үшін 6- айға дейінгі балаға қандай ем қолданған жөн?
- Кішкентай балалар ауырса міндетті түрде дәрігер шақыру керек. Себебі кішкентай балаларда өзгеріс,асқынуы жылдам жүреді. Ал дәрігер келем дегенше: мұрнына тұзды су тамызу керек, жылы сұйықтықты көп мөлшерде ішу керек, дене қызуы жоғарыласа дене қызуын түсіретін дәрілермен түсіру керек.
- Түрлі басылымдарда Қытайда тағы бір белгісіз вирус өршіп тұрғаны жазылып жатыр. Қалай ойлайсыз 2020- жылғыдай тағы бүкіләлемдік пандемия болу қауіпі бар ма? Болса біздің ел оған дайын ба?
-Алдында пандемия дайындап кетті ғой.Халық та сеніп, сақтандыру шараларын бірден сақтайды деп ойлаймын, арандатулар аз болатын шығар? Және Медицина қызметкерлері арасында команда қалыптасты деп ойлаймын.Және кислородпен қамтамасыз етілген модульдік ауруханаларымыз бар.
- Мемлекеттік басшылар нені ескеру керек деп ойлайсыз? Халық қалай сақтанғаны жөн?
- Мемлекет басшылары уақытылы шешім қабылдап, халық арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізу керек. Дәрі дәрмекпен уақытылы, жеткілікті қамтамасыз етіп отырса болды деп ойлаймын. Ал шекараны жауып, төтенше жағдайлар жариялау нәтиже бермейді. Оны алдыңғы жағдай көрсетті.
- Әділбек Нұрымбетұлы,уақыт тауып сұхбаттасқаныңызға, берген кеңестеріңізге рақмет айтамыз! Табысты болыңыз!
- Рахмет көп.
Қазақ тілді континент үшін Әділбек Нұрымбетұлы "Дәрігер Әділбек" каналында дәрігерлік кеңестерін береді.Тегін кеңестерін алу үшін каналға жазылып,пікір қалдырып отырсаңыздар
көпшілікке жетуге ықпал етесіздер.