Нұрлыбек Жұбатқан, "Екі езу" әзіл-ысқақ театрының көркемдік жетекшісі:

- Ассалаумағалейкүм, Нұрлыбек аға! Сұхбатымызды қазақ сатирасының бүгінгі хәлі жайлы бір ауыз түйінді ойыңыздан бастасақ.

- Бұл сұрақ туралы көп айтылып жүр. Қазақ сатирасына жаны ашып жүгіріп жүргендер аз. Бұрынғы Қалтай мен Оспанхан ағаларымыз салып кеткен сара жол ескірді. Жаңартамын деп жүгіргендер көрінбей жүр. Қазір қазақ сатирасында кімдердің жүргені де белгісіз. Әркім өз қара басымен әуре. Шымкентте тұратын сатирик Мұхтар Шеріммен тығыз байланыстамын. Көпен Әмірбек ағамыздан көптен бері хабар жоқ. Өзім әйтеуір әупірімдеп бірдеңелерді шимайлап жүрмін...



- Бүгін ертеңге даңғыл жол салары белгілі. Біраз ойды қаузадыңыз. Ал қазақ сатирасының ертеңін қалай елестетесіз?

- Ертеңін мен өз басым көре алмай тұрмын. Қауіпті. Олай дейтінім - қазақ сатирасының басын қосып, жол көрсететін ешкім болмай тұр. Бізді қолдайтындар аз. Сын айтқанды кім жақсы көреді?! Қазақ сатирасы  жоғалып бара жатқан  ұлттық салт-дәстүріміз секілді. Биік жарғабақтың шетінде ілігіп әрең тұрмыз.  Енді бір итерсе тұңғиыққа құлайтындай елестетемін.



- «Күлкі - жан емі». Өзбек халқының нақылы. Бүгінгі күлкі адам жанын қаншалықты емдеп жүр?

- Күлкінің түрі көп қой. Адам күнделікті жеңіл күлкіге жаны рахаттанып қалады. Күлкі шынымен ем. Ал, сатираның өткір тілімен жазылған дүние түсінген адамға жаныңды жылатады. Жылап күлесің, бұл да ем. Қазір халықты күлкімен емдеп жүрген сатира театрлары баршылық. Әркім өз мүмкіндігінше елге күлкі сыйлап, рухани азық беріп жүр.


- Қазір бүкіл арналардың эфирінен әзілге құрылған хабарлар жүруде. Көрермен баяғыдай сахнада ойналатын дүниеден гөрі эфирдегі дүниені артық көріп бара жатқан сыңайлы. Бұл - әзіл театрларына қалай әсер етуде?

- Негізі, эфир өнер адамдарына танымал болу үшін өте қажет. Бірақ танымал адамдардың ескі қойылымдарын көрермендерге эфирден қайталап үсті - үстіне көрсете беру - дәмсіз тағамды зорлап жегізгенмен бірдей. Әрине, халық театрлардан тың  жаңалықтар күтеді. Жаңалықты жасайтын авторлар. Қазақ сатирасында сахнаға әзіл жазатын авторлар саусақпен санауға да жетпейді. Мысалы, мен өзім құрған «Екі езу» сатира театрына жазамын. Театрдың  жиырма жылдық өз архиві бар. Әзірге мен оны еш жерге көрсетпей сақтап отырмын. Мұрағат - күн өткен сайын құнды.

 



- Дәл бүгін қазақ сатира қоржынын толтыратын қандай жаңа туындылар жазып жүрсіз?

- Ақтөбедегі Тахауи Ахтанов  атындағы драма театрына директор болып келгенде шығармашылығым тығырыққа тіреледі деп қорқып едім. Қайта үлкен ұжымда үлкен дүниелер жаза бастадым. Әрине, директор болғаннан кейін шаруашылық жұмыстар көп. Дегенмен, ретін тауып «Командос» атты комедия жаздым. Бұл қойылым  еліміздегі тамырын тереңге жайған сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған шығарма. Көрермен сұранысы жоғары, туынды үш жыл бойы сахна төрінде көрсетіліп келеді. Қазіргі таңда «Адам ит» деген комедия жазып жатырмын.  Шығармашылық адамына қай жерде де ауа жетпейді. Тынысым тарылған соң, облыс әкіміне хат жазып «Екі езу» сатира театрын драма театрынан бөліп, облыстық филармонияға қосылдым. Бүгінгі күні үшінші «Түгелбайдың түкірігі» атты кітабым баспаға дайын. Бірақ қаражат жоқ. Кейбір сатиралық шығармаларым орыс тіліне аударылып жатыр. Шығармашылық адамның креслода шалқайып отырғаны жараспайды екен. Мен осыны ұғып  театр директорлығынан бас тарттым.


- Өнердің ең қиыны – сатира. Біреуді жылату оңай, күлдіруден қиын нәрсе жоқ. Сондай қиын өнерді игергеніңізге өкінбейсіз бе?

- Ауыр жанр екені рас. Бірақ қоғам үшін керек. Егер өз қара басымды ойласам, бұл өнерден бас тартар едім. Әркім өз жаны сүйген кәсіппен айналысуы керек. Мен таңдадым. Өкінбеймін.


- «Талант тек пен топыраққа байланысты» - деген екен Науаи. Бұған алып қосарыңыз бар ма? Ата-анаңыз да өнер ауылынан алыс болмаған шығар. Туған топырағыңызға жиі ат басын бұрып тұрасыз ба?

- Талантты жеті күн сүйресең жетеді, талантсызды жеті жыл сүйресең де ештеңе шықпайды. Өзімді мақтап отырған жоқпын, өнер әлемінде жиі кездесетін көрініс. Менің әкем ауылдық клубта киномеханик және оркестрде домбырашы болды. Бала күнімнен клуб сахнасында өстім. Ауылға келген өнер адамдары, концерттік ұжымдар біздің үйге келіп тоқтайтын еді. Соларды көріп, қызығып ер жеттім. Маңдайымнан сипап, аузыма түкіріп кеткендердің бірі марқұм, Қазақстан Республикасының халық әртісі, белгілі режиссер Әзірбайжан Мәмбетов.Туған жеріме көбінесе «Екі езу» театрының гастрольдік сапарымен барамын. Осыдан бес жыл бұрын кезекті гастролімізде ауылыма концерттік бағдарлама ұсынып, музыкалық құрылғы  сыйладық. Әрине, кейде қаладағы күйбең тірлік, жұмыста келеңсіздік туындаған кездерде қолымды бір сілтеп, туған топырағыма тайып тұрғым келеді.



- Бүгінгі әзіл-сықаққа деген қазақ көрерменінің талғамы қандай?

- Қазіргі көрермен  ұсынылған  туындыларға сынмен қарайды. Тізесі шыққан қайталанба  дүниелер көрермен үшін қызық емес. Шындық пен әділдікті дөп басатын өткір шығармалар сахна үшін де, көрермен үшін де ауадай қажет. Сол себепті қолыма қалам алғанда қазіргі қоғамды толғандыратын тақырыптарға бет бұруға тырысамын.



- Сахна сыртында болған, естен кетпес бір қызық оқиғаңызбен бөліссеңіз?

- Театр ауылдық жерлерге гастрольдік сапармен көп шығады. Кейбір мәдениет үйлерінің грим бөлмелерінде жарық болмай қалады. Сондай бір кезекті концертте мен шалдың рөлін сомдадым. Асығып жүріп сақал-мұртымды қисық тағып алыппын. Сахнаға шыққан кезде қасымдағы әріптесім күліп жіберді. Күлкісін тыя алмаған қалпы сахнадан шығып кетті. Көрермен не болғанын түсінбей қалды. Ақтөбе облысының Алға ауданының бір ауылында сахнаға шығайын деп тұрсам, бір жігіт қасыма келіп арқамнан түртті:
- Нұрлыбек ағай, амансыз ба? Жұбатқан қайда, келді ме?- деп сұрады.
- Жұбатқан жоқ. Баяғыда қайтыс болды, - дедім. Өйткені Жұбатқан атам мен тумай тұрып  өмірден өтіп кеткен. Ол шошып кетті. Сөйтсем ол Нұрлыбек бөлек, Жұбатқан бөлек адам деп ойлап жүр екен. Осы сөзден кейін мен де сахнаға күліп шықтым. Мұндай қызықты оқиғаларды басымыздан жиі өткіземіз.



- Қоғамдағы сізді азамат ретінде ойландыратын мәселе?                          

- Қазақстанда діни ахуал дұрыс жолға қойылмай отыр. Қазіргі жастардың жат ағымдардың жетегінде кетіп, өз ұлтын, дінін, салт - дәстүрін, әдебиетін, мәдениетін ұмытып, өзіндік қалпынан айырылып,  бөтен ұлтқа айналып кете ме деген қаупім бар. Бұл өз тегін сатқанмен бірдей. Қазақ болып туған соң, қазақ атына лайық өмірден өткен бақыт емес пе? Біз тәуелсіз, дара халық болып өсіп-өркендеу жолында осы секілді маңызды мәселелерді естен шығармауға міндеттіміз деп ойлаймын.



- Өмірде әзілдеймін деп опық жеген тұсыңыз болды ма?                          

-  Әрине, болды. Өте көп. Мысалы, өз жеке басыма байланысты айтатын болсам, депутаттық немесе жоғарғы сый-құрмет, атаққа ұсынылған кезімде белгісіз біреулер мені тізімнен сызып тастайды. Ең үлкен ұтылғаным - «Екі езу» сатира театрының заңды дәрежесінен айырылып қалдым. Бірақ, оған да өкінбеймін. Ең бастысы, «Екі езу»  сатира театры да,  Нұрлыбек Жұбатқан да қоғамға өз пайдасын тигізіп жүр.      



- Әзілкеш болу бір бөлек, актер болу бір бөлек сияқты. Сіз осыны нақты айтып беріңізші?                                                                                              

- Бұл маған тура қойылған сұрақ екен. Мен театрда автор, актер, режиссер, сазгер, әнші, сиқыршы, тіпті көлік жүргізуші де болып кетемін. Жігітке жеті өнер де аз дейді. Өте дұрыс айтыпты. Қолыңнан келсе театр үшін  аянбаған дұрыс қой. Өзім туралы жазған «Ауылдағы айтқыштар» атты интермедиям да бар. Яғни, ауылдық мәдениет үйінің директоры әрі әнші, әрі кітапханашы, әрі бас есепші, әрі от жағушымын деп өзін облыстан келген тексерушіге таныстырады. Бұл әзіл ауылдық жердегі кадрлардың жетіспейтіндігін көрсетеді. Бір кездері бұл жағдай  «Екі езудің» де басынан өтті. Қазір театр жас мамандармен толығып жатыр.


- Соңғы сауал, өнерге ынтық жас іні-қарындастарыңызға ақыл-кеңесіңіз                                                                                              

- Өнер адамы болғаннан кейін, әрқашан сұраныста болғаның дұрыс. Ешкім сені іздемесе,  онда сенің өнер жолында ешқандай ізің жоқ. Сахнада өшпестей  із салу үшін үздіксіз ізденіс пен еңбек керек. Халық сені қалап алғаннан кейін көрерменің де, оқырманың да көп болады. Сондықтан да талпынған адам тауға шығады.


Менің эл.поштам: Этот адрес электронной почты защищён от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра. 
Тел.: 8 701 322 52 23

"el24.kz" жалын дирекциясы