Данияр Барыс, «Қазақстан дауысы» жобасының екінші орын иегері, жас әнші:

                          «Есті әнге жаным ынтық»

  - Қайырлы күн, Данияр аға! Бүгінгі сұхбатқа келісім бергеніңізге шын көңілден алғыс айтқым келеді. Сұхбатымызды өзіңізбен жақын  танысудан бастасақ...

-  Мен, Исмаилов Данияр Қайратұлы 1990 жылы ОҚО, Түркістан қаласы, Ынтымақ аулында дүниеге келдім. 1996 жылы ауылдағы "Молда Мұса" атындағы жалпы орта мектептің табалдырығын аттап, 2007 жылы тəмамдап, сол жылы Шымкент қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің "Өнер" факултетіне "музыкалық білім" мамандығы бойынша жоғарғы оқу орнына түстім. 2011 жылы университетті "ой, жарайсың!" ))) деген бағамен бітіріп, қазір осы əн əлемінде ақырындап жүріп жатқан жайым бар.

- « Өнерлі бала адымдағанынан белгілі». Бұл-өзбек халқының нақылы. Сіздің де өнерге жақындығыңыз балалық шақтан басталғаны сөзсіз.  Бүгінгі көзбен қарасақ, бала Данияр қандай еді?

- О-о-о-й, бала Данияр "хит"еді ғой ). Ия, кішкентайымнан əнді жақсы көріп өстім. Енді, əдепті болдым, білімді болдым, тəртіпті болдым, тек жақсы бала болдым деп айта алмаймын. Бала кездің бұзықтығы болмаса, қызығы да болмайды ғой өзі... Бұзықтау бала болғаным рас ). Бірақ əнге деген құмарлығым барлығынан басым болды... Мектептегі іс-шараларды қалдырмай əн айтып жүретінмін, облыстық əн байқауларға, терме жарыстарға да қатысқаным бар.

- «Әке-ана». Мен сізді осы ән арқылы таныдым. Сол әннің  кейіпкеріне, яғни ата-анаңызға тоқталсаңыз.

Ата - анаға деген құрмет əр қазақтың санасында сайрап, бірінші кезектегі дүние шығар деп ойлаймын өзім. Отбасымызда екі ұл. Мен жəне ағам бар. Əкем 2004 жылы дүниеден озған ( Аллаға шүкір, анам қазір ауылда немере сүйіп, қара шаңырақта отыр, зейнеткер. Ағам үйленген, қара шаңырақта...

- Ұстазсыз шәкірттің күні қараң. Ұстаз алдын көрмей, еш шәкірттің  білімі толыспайды,  биіктерді бағындырмайды. Сізді осынау биікке шығаруға өз үлесін қосқан ұстаздар қауымы кімдер?

- Менің алғашқы ұстазым - ауылдағы Бақытжан Бекбергенов. Ол кісі кішкентайдан домбыраны қалай ұстауды, қалай шертуді үйреткен. Одан кейін университетке түскеннен кейінгі ұстазым, жалпы əншілік деген ірге тасымды қалаған -  Əлден Жақсыбеков ұстазым. Ол кісіден к-ө-ө-ө-п нəрсе үйрендім, тəрбие алдым. Рухани ұстазым Сайлаубек Жақсыбеков. Одан кейінгі жақсы сабақ алған ұстазым кең жүректі, адамдығы мол Нұрлан Албан.

- Өнер жолы - Сіз таңдаған жол. Осы жолға қалай келдіңіз?

- Үлкен өнер жолына осылай  бірден аяқ бастым деп нақты айталмаймын.  Себебі, бұл бірден дөп басып  айта салатын, жайдан-жай келе салатын дүние емес. Бұл бір - біріне жалғасып, бірте -бірте өсетін дүние сияқты. Мен сол үлкен өнер жолына әлімше адымдап, шығуға қарекет етіп жүрмін. Өзімді жиі қамшылаудамын.

- Сіз үшін жас әнші деген кім? Оған кәсіби тұрғыдан өсу үшін нендей қасиеттер қажет?

- Менің ойымша, жас əнші жас ерекшелігіне қарамайтын болуы керек. Себебі жас əнші дегеніміз - өнер жолында оң - солын енді танып келе жатқан, үйренгенінен үйренері көп, елге қызметін енді бастап жатқан əнші деп білемін.

- Байқауларда бақ сынамай өнерпаз шыңдалмайды. Сіз бақ сынаған өнер байқаулары да жетерлік. Байқаулар сізге не берді?

- Шүкір деймін. Көз ашқалы республикалық, халықаралық байқауларға қатысып келемін. Байқаудың берері көп. Атап айтсам, бірінші кезекте жаңа таныс, дос - бауыр, жаңа ортамен араласасың. Сахнаға қалай шығу керектігін, халықпен жұмыс жасау, жанды дауыста дұрыс əн айта білу, сахна шеберлігі барлығына осындай байқау жəне сахнаға жиі шығып тұрудың арқасында шыңдалатын дүниелер.

- Байқау демекші, «Қазақстан дауысы» теле жобасында екінші орынды иелендіңіз. Теле жоба қатысушысы ретінде ойыңыз қандай?

- «Қазақстан» ұлттық арнасына жəне "ҚАЗАҚСТАН ДАУЫСЫ" теле жобасының барлық ұжымына,тəлімгерлерге жəне өзімнің тəлімгерім,ұстазым Нұрлан Албанға арнайы алғысымды айтамын.

Мен бұл жобада ешқандайда ұтылған жоқпын. Екінші орын алғаным мен үшін үлкен мəртебе деп білемін, шүкір! Одан кейінгі халықтың бірінші орынға, жеңімпазға лайық қошемет, құрмет көрсетіп,ақ баталарын беріп жатқаны мен үшін жеңіс!

- Жалпы, сіздің ұғымыңыздағы өнер ұғымы.

- Өнер - ол қай түрі болмасын жақсы жағынан Жаратқаннан берілетін сый деп ойлаймын. Адамның бойындағы қабілет деп түсінемін. Егер сол қабылетіңді ел игілігімен жақсы істерге, жақсылыққа пайдалана білсең, онда нұр үстіне нұр.

- Жас әнші ретінде қазақ өнеріне нендей үлес қоссам деп ниеттенесіз?

- "Өнерге əркімнің-ақ бар таласы" дегендей, менің де өзіндік өнер, əн саласында ізімді қалдырсам деген, қазіргі біздің оқып, танып жатқан сал - сері, ақын - жазушыларымыз сияқты ертеңгі ұрпақ мені де оқып, менен де аларлары табылып, жақсы жағынан əңгіме қылса екен деген үлкен арманның жолында жұмыс жасауды мақсат тұтып келемін. Қазақ эстрадасының дамуына сəл де болсын үлес қоссам, əлемге танытып жатсам, онда тіпті мен үшін өнерде одан артық арман болмас еді.

- Адам ретінде бүгінгі қоғамда сізді қандай мәселе алаңдатады?

- Алаңдататын мəселе дейтіндей ештеме жоқ,  бəрі өз орнымен болады ғой. Бірақ жастарға айтарым - əн болсын, басқа болсын, əйтеуір рухани азық болатын нəрсеге көбірек көңіл бөлсе екен деймін... Қазір бəрі жеңіл болып кеткен сияқты.  Мен ой, түсінік, сезім, қарым - қатынас, жалпы махаббат жайлы айтып отырмын...

- Бір ойлы сауал қойсам деп едім.  Материалдық құндылықтардан рухани құндылықтар басым түсе ала ма?

- Материялдық та, рухани да құндылықтар болу керек, бірақ бірінші кезекте рухани құндылық басым болу керек шығар, себебі рухани құндылыққа бай болған адам материялдық құндылықтан ада болмайды деп ойлаймын...

- Жүрегіңіздегі ең кәусар сезім?

- Көңілге қарай, құрметке қарай сезім деген кəусарланып, көңіл қалса лайланып та жатады ғой. Бірақ ешқашанда лайланбайтын кəусар сезім - анаға, бауырға, жанашырға деген сезім. Осылардың бəрінен бірінші тұратын Аллаға деген сенім мен сезім ғой ең кəусар сезім...

- Жүрегіңізде жылдар жылжыған сайын жаңғырған тәтті естеліктер бар ма?

-  Жаңғырған тəтті естеліктер көп қой. Көбі бала кездегі естеліктер. Əкемнің мəз - мейрам болып айқайлап күлгені, ата - əжемнің "Донделей" деп алдына алып еркелеткендері, мектеп кезіндегі бала сезім дегендей, көше балдары жиналып асық, лəңгі, пантик ойнап, одан өсе келе ауылдағы жастармен кіші көкпар тартып, аударыспақ ойнау - бəрі керемет естелік. Бір қынжылатыным - қазіргі кішкентай балалардың біреуінің осы ойындарды ойнап жүргенін көрмеймін!

-  Әндеріңізді тыңдап отырып, ән таңдауыңыздағы биік талғамыңызға таңдандым. Сіз үшін есті ән деген қандай ән?

- Есті əн деген есіңде сағынышпен, сабағымен, рухани азығымен, тəттілігімен қалатын, мағыналы, ойға ой, ақыл қосатын, ел қосылып айтатын əн деп ойлаймын..

- Рас. Есті ән – өлмес. Сіз сүйетін есті ән?

-  Мен үшін есті əндер - Абай атамыздың əндері...

- Оқырмандарымызға шығармашылығыңыздағы жағымды жаңалықтарыңыз  болса, бөлісе кетсеңіз...

- Шығармашылықта қазір аса бір көп жаңалық болмай жатыр. Бірақ, бұйыртса, жақында жақсы жаңалықтармен бөлісіп қаламын,біраз жоспарлар бар. Алдағы уақытты куə болып қаласыздар..

- Риясыз пейілмен риясыз  кімдермен сөйлесесіз?

-  Шын жанашыр жақын адам болса болды. Адам таңдамаймын,түсінетін адам болса, ашылып əңгіме өрбіте беремін.

- Ердің бағы биік болмағына не сеп ?

- Адам өзіндегі болып жатқан барлық жағдайға бірінші өзін  жауапты сезінуі керек деп ойлаймын. Сондықтан да Ердің бағы биік болмағанына ары мен намысы ғана сеп.

- Соңғы сауал, сіздей азаматтың жүрегін ақ сезім тербемеуі, ақ махаббат әлдилемеуі мүмкін емес. Жас жүрегіңіз жиі махаббат әнін шырқайтын шығар?

- Ән сүйген жүрек қандай болады деп ойлайсың, інішегім?! Әрине. Ән сүйген жүректен ақ сезімнің жиі  кезігуі заңды. Қазіргі басты мұрат - ақ сезіммен ақ, адал  жар кездестіру.

                                                                                                                                                                                                       "el24.kz" жалын дирекциясы