Гүлмария апа, армысыз?! Сұхбатымызды әжелер тақырыбынан бастасақ. Бүгінгі қазақ қоғамынан қазақ әжесін жоғалтып алғандаймыз. Тағлым берер әжелердің қатары сиреген сықылды. Сіздің ойыңызша, біздің бүгін кешегі әжелер мектебінің құрдымға кетіп жатуына не себеп?
Кім айтты əжелер мектебі құрдымға кетіп бара жатыр деп? Ұрпағым жаман болсын дейтін əже болушы ма еді? Əжелер де, мектебі де өз орнында. Мəселе басқада.
Тағлым дейсіз бе? Бүгінгі ұрпаққа қаншалықты қажет əжелер тағлымы? Туа вундеркинд болып келетін қазіргі заман балалары тағлымды əжелерден гөрі гаджеттерден көбірек алады. Əжелердің рөлін бала бақшалар, электронды құралдар əлдеқашан "тартып алған". От басы, ошақ қасындағы тағлым навигацияланған компьютерлі дəуірде жамаулыққа жарамай қалған. Жастар электроникалық "таблеткада" отыр. Отбасы мүшелерінің арасындағы өзара сыйластықтың, көргенділіктің, тəрбиеліліктің салтанат құруына мұрындық болатын бірден-бір дара да дана тұлға əже екенін бала түгіл оның ата-анасының өзі мойындаудан қалып барады. Осыдан кейін қандай əжелер мектебі жайлы сөз болуы мүмкін? Ендеше тағлым берер əжелер қатары емес, тағлым тапқысы келетін немерелер азайып бара жатыр деп дабыл қаққан жөн болар.
Ой – адам баласының ең басты бақыты. Ойсыз адамға жетістік жолдас болмайды. Адам ретінде, рухани жетілу үшін оңашада ой кешкен тиімді. Ал, ойдың тұтқынына түсудің жөні бөлек. Сіз бүгін жиі нені ойланасыз?
Нені ойланасыз дегеннен гөрі нені ойламайсыз деп сұрағаныңыз дұрыс болар. Ойдың түбіне жеткен жан бар ма? Қарнымның ашқанын емес, қадірімнің қашпауын жиірек ойлаймын.
«Ой мәнсізденсе, сөз арзандайды». Бұл - Анна Ахматованың сөзі. Адам өз ойын мәнсіз етпеуі үшін және сөзі арзандамауы үшін не істеуі керек?
Мəнді өмір сүру керек. Боскеуде болудан сақтасын. Кеудеңді хикметке толтыр. Сонда аузыңнан шыққан əр лебізің қазынаға айналады. Ойы жауһардың - сөзі маржан.
«Ойсыз адам көбейсе, адамдық солай өледі»- Жемал Сүреяның өлеңін қалай ұғынсам болады?
Ойсыздық жайлаған ортада Арға орын жоқ. Адамдықты сақтағың келсе, Арыңды ардақта.
Бүгінгі қазақ эфиріне берер кәсіби бағаңыз...
Теледидарды көп қарамаймын. Қызықтырмайды. Жасандылық, біржақтылық басым. Көрерменді арсыз күлкімен алдарқату ниеті байқалады. Алтын уақытымды арзан дүниеге қор қылғанды қаламаймын. Рас, "Qazagstan" арнасының жаңалықтар бағдарламасын жібермеуге тырысам. Жаңа маусымда біраз жаңа хабарлар ұсынған көрінеді, бірақ соларды ден қойып қарап үлгермедім. Алдағы уақытта көріп жатсам үнсіз қалмаспын. Өйткені бұл арнаның тыныс-тіршілігі мен үшін бəрібір емес. Кезінде тер төккен "төркінінім" ғой:) Бір білерім, қазақ телеарналарына Дархан Əбдік секілді биік интеллектуал, Нартай Аралбай сынды талантты жүргізуші, Ғалым Боқаш секілді сегіз қырлы, бір сырлы журналист, Қасым Аманжол секілді білікті мамандар ауадай қажет. "Мені көрмей қалдыңыз" деп, қол көтеретін талантты журналистер болса, кешірім сұрап, қуана-қуана жоғарыдағы үздіктер тізіміне қосам:) Менімше қазақ көрермені кемеліне келіп, кемеріне толған нағыз кəсіби шеберлерге зəру. Ал ана əнші, биші, сайқымазақтар жай ФАСФУД қана. Кəсіби мүгедектік жайлаған жерде мəн мен маңыз қалмайды. Тағлымдық, танымдық хабарлардан гөрі ырду-дырдуға, өсек-аяңға құрылған шоу бағдарламалардың көбейіп кеткендігі менсіз де айтылып, жазылып жүр. Көгілдір экран қоғам мен билік арасындағы ақпараттық көпір ғана емес, мəдениеті жетілген талғампаз көрерменді қалыптастыратын пəрменді құрал екені бүгінде ұмыт болғанға ұқсайды. Əлде жан-жақты жетілген, өркениеті дамыған қоғам мүшелерінен гөрі "жүндеуге" жеңіл жуастар мен айтқанға көніп, айдаудан шықпайтын можантомпай, жігерсіз, ойсыз жасықтарды басқару оңайырақ па екен, кім білсін...
Сіз үшін руханиятымыздың алтын қазығы не?
- Ұлт руханиятының алтын қазығы ұлттық құндылықтарда: тіл, діл, дін, өнер, салт-дəстүр, əдет-ғұрпта.
«Топырағына бір рет барып тағзым етпегеннің "ел" дегені бос сөз» деген тәжік нақылын сабақтай кетіңізші...
Иə. Ата-ананың табанының табы қалған, маңдайының тері сіңген, кіндігінің қаны тамған жер қай қазаққа да қымбат. Басқаша болуы мүмкін емес.
Көпті көрген жансыз. Сөз ұстасысыз. Теле-радио саласында салған ізіңіз ерек. Сізден ақыл алмаққа ұмтылатын жастар көп шығар. Алдыңызға ақыл сұрай келген жасқа берер бірінші кеңесіңіз қандай?
Қазір ақыл сұрайтын емес, ақыл айтатын жастар көбейген заман. Соған қуанам. Қуанам да, көп нəрсені жастардан үйренуге тырысам. Өйткені білгенім - бір тоғыз, білмегенім - тоқсан тоғыз. Мен еңсерген жылдарды жастар да еңсерері анық. Сол кезде олар да солай етсе деймін. Орыстар айтпақшы, век живи, век учись.
«Ғұмырда пенде бақыты- екеу, бағыты- біреу». Бұл – Конфуцийдің сөзі. Ғұмырдағы сіздегі бақыт пен бағыт нешеу?
Конфуций айтса, солай болар...)
"Пенде бақыты екеу" дегені екі дүниенің бақытын айтқаны болар. "Бағыты біреу" дегені эволюциялық жетілу жолынан өтіп, өсіп, өркендеп, пенделіктен періштелік биіктікке көтеріліп, тазаланып барып Ұлы Рухқа қайта қосылатын Адамзаттың даму жолын айтқаны болар деп түсіндім. Мен де, сен де адамның баласымыз. Ендеше Конфуций қателескен жоқ.
"Жалын" дирекциясы