Альбина ШАРДАРОВА, әнші
Гитараны әкемнен үйрендім
- Үлкен сахнаға шықпай тұрып, гитарамен ән айтқан видеоңыз әлеуметтік желіде кеңінен тарады. Инстаграмға видео жүктеу қай кезден басталды?
- Инстаграмға видео жүктеп жүргеніме, шамамен, бір жыл болды. Гитара тартуға кішкентай кезімнен қызығатынмын. Бір екі-рет гитараның сүймелдеуімен айтқан әнімді видеоға түсіріп, достарыммен бөліскім келіп, Инстаграм желісіне салдым. Содан бәріне ұнап, мақтап, тілектерін жаудырды. Достарымның қолдауы маған демеу болып, бос уақытымда видеолар түсіріп, жариялай бастадым. Ұйқысы кеп отырған сіңлімнің видеосының жөні бір басқа (күлді). Бұл видеоның халыққа кеңінен таралуы мен күтпеген жағдай болды. Оның осынша тез тарап кететінін білген жоқпын. Барлық видеолар тек қызығушылықтан туды, оның арқасында сондай танымалдылыққа ие болдым деп айта алмаймын. Дегенмен, «гитара тартатын қыз» деген ат қойған Инстаграм желісінің тұрақты пайдаланушыларына рақмет!
- Жанна Әбуовамен, Қуандық Рахыммен таныстық та осы видеолардан кейін басталды ма?
- Бір күні Инстаграмдағы парақшама Қуандық Рахымнан: «Қайырлы күн, Альбина! Қалыңыз қалай? Сізге шығармашылық ұсынысымыз бар еді... Хабарласуға мүмкіндігіміз туар ма екен?» деген хат келді. Содан кейін нөмірімізді алмасып, телефонмен сөйлестік. Сөйтіп, Жанна ханым мен Қуандық ұсыныстарын толық айтып, мені кездесуге шақырды
«Өнер текке қарайды. Бұл – парсы халқының нақылы. Сіздің отбасында өнерге жақын жандар табыла ма?
- Ата-анам өте қарапайым жандар. Әке-шешем жас кезінде «Жұмашевтар» деген отбасылық ансамбль құрған екен. Ансамбльде анам ән айтқан, ал әкем бас гитарада ойнаған. Сөйтіп, олар жергілікті той-думанның сәні болыпты. Кейін әкемнің бауырлары отбасылы болған соң әркім тіршілік қамымен өз жөндеріне кетіп, ансамбль тараған. Қазір ол кісілердің ешқайсысы өнер жолында емес. Әкем біздің тәрбиемізге көп көңіл бөлетін. Қолы босай қалса уақытын балаларымен өткізетін. Менің гитараға қызығушылығымды байқап, бір-екі аккордты да үйреткен әкем.
- Өзің қай жақтың тумасысыз? Отбасында қанша баласыздар?
- Мен Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданының тумасымын. Бірақ, мен дүниеге келген соң отбасым Шымкент қаласына көшіп барып, балалық шағым сонда өтті. Кейіннен Астанаға қоныс аудардық. Балаларын «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай» тәрбиелеп өсірген әкемнің есімі – Аманғали, ал анам – Балжан. Мен үйдің сүт кенжесімін. Семсер, Қайсар есімді ағаларым, Еңлік деген әпкем бар. Отбасымда менен өзге ешкім өнер жолына қызыққан емес. Әрқайсысы өз істерінің маманы.
- Өнерге құштарлық қай кезден басталды? Жалпы, бала кезіңде әнші болуды армандаушы ма едің?
- Әнші болу – бала күнгі арманым. Кішкентай кезімнен әуендерді ажыратып, қолыма түскен затты микрофон қылып, қонақ бөлмедегі диванды сахна деп сезініп айқайлап ән айтатынмын. Сол кеудемде бүр жарған әншілік өнерге деген шын сүйіспеншілікпен балалық арман-тілегімнің арқасы шығар, күтпеген жерден сахна төріне «топ» ете қалғаным (күлді).
- Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университті бітірген екенсің. Неге о баста өнер саласын таңдамадың?
- Мектеп бітіргенде ата-анама өнер саласына барғым келетінін айттым. Ағаларым да, ата-анам да бір ауыздан қарсылық білдірді. Баласы үшін ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін ата-анадан артық білетін жан жоқ. Сондықтан, ол тақырыпты екінші рет қозғамадық. Биыл сол техникалық мамандықты бітіріп, нақты маман иесі атандым.
- Бұған дейін байқауларда бақ сынап көрдіңіз бе?
- Үлкен республикалық деңгейдегі байқауларда бақ сынаудың сәті түспеді. Бірақ, кішкентай кезімнен мектептің, облыстық, қалалық ән байқауларынан қалмайтынмын. Бірінде жеңіп, бірінде жүлделі орындар алып жүретінмін.
- Сізге оқырмандарыңыз «табиғи әдемісіз, сізге боянған жараспайды» деп жазады. Алайда сахна, экран боянуды қажет етеді. Өзіңізге боянған ұнай ма?
- Бұрыннан бояумен дос емеспін (жымиды). Оның үстіне бетіме бояу жақпайды әрі боянып үйренбегендіктен болар, өзімді ыңғайсыз сезінемін. Десе де сахна талабы болғандықтан, ән айтып біткенше шыдауға тура келеді. Сахнадан түскен бойда бар бояуды сүртіп, жуып тастаймын.
- Гитарамен сахнаға шығу ойыңызда бар ма?
- Гитараны кәсіби деңгейде меңгермедім, сол себепті ол жағын әлі ойластырып көрмедім.
- Альбина ханым, Қуандықпен салған дуэтіңіз қалың көпшілікті тәнті етті. Өнерде кімдермен тағы дует айтқыңыз келеді?
- Өнер әлеміне жаңадан қанат қаққан әр жас әнші қазақ эстрадасында туы биік әншілермен бірге сахнаға шығуды армандайды. Мен де кішкентай кезімнен сүйіп тыңдайтын Жазира Байырбекова, Қарақат Әбілдина, Бейбіт Сейдуалиева сынды әпкелеріммен, Сәкен Майғазиев сияқты өнері мен өресі биік ағаларыммен ән шырқауды армандаймын.
- Инстаграм парақшаңыздан байқағаным, өзіңізге өлең арнап, сезімін білдіріп, хат жазатын жігіттер қауымы өте көп екен. Концерт барысында сахнада немесе сахна сыртында өзіңе гүл ұсынып, өлең арнағандар болды ма?
- Иә, өнерімді бағалап, әндерімізді тыңдап, жанкүйерлік танытып, тіпті сезімін де білдіріп жатқан жігіттер кездеседі. Әр хатқа мән беріп, ыстық ықыластарын ақ пейілмен қабылдауға тырысамын. Қайбір өңірге, концерт қоюға барғанда бір жігіт маған үлкен гүл шоғын ұсынып, өлеңін арнады. Бейтаныс жігіттердің өнеріме сүйсінген сезімдеріне үлкен құрметпен қараймын. «Бар қазақ бауыр, әр қазақ туысым» деген әдемі өлең жолдары бар еді, сол сияқты ол кісілердің бәрін ағаларымдай көріп, сыйлаймын. Жалпы, үздіксіз келіп жатқан тілек-хаттар, телефон қоңыраулары мені қуантады.
- «Жол мұраты – жету, қыз мұраты – кету» демекші, сөз байласып жүрген адамың бар ма? Көптеген әнші қыздар сахна, карьера деп жүріп, жеке өмірін ақсатып алғанын айтып, өкініп жатады. Сен ол жағына алаңдамайсың ба?
- Әрине, мен үшін де отбасы бәрінен маңызды. Әке ақылымен, ана сүтінен бойыма дарыған тәрбие. Қазір сахналарға шығып, өнерге талпынып жүргеніммен, өмірге бірге қанат қаға алатын азаматты жолықтырып жатсам тұрмыс құруға қарсылығым жоқ. Әйел затының бақыты ұйыған отбасында деп білемін.