(сұхбаттың жалғасы)

 - Қазіргі таңда фильмдерге сценарий жазып жүрсіз бе? Дайын болғаны қаншалықты көңіліңізден шығуда? 

- Фильм түсіріліп жатыр Жаужүрек жайлы Балуан Шолақ. Сценарийін өзім жаздым. Орысшаға өзім аудардым. Енді басталады, жер қарайды күн ысыды. Күзге дейін түсіріп бітіресіңдер деген тапсырма алды олар. Қаржы жағы əдеттегідей. Ахан Сатаев "Томиристі" түсірейін деп жатыр екен. Оның əрі продюсері, əрі сценарий авторларының бірі Ə.Назарбаева. Қаражат соған кетіп жатыр деген сөз. Бір проект екі сағаттан аспауы керек екен, біздікі төрт сағат болып кетіпті. Қысқартып реттедік. Біздің режиссерларымызда дегенмен əдебиетші емес қой. Ең керекті жерін алып тастайды дə. Əттең өзіңнің ішіңнен шыққан дүниенің бəрін түгел экранға шығара алмайсың. Фильм желісі былай басталады «Орыстар бізді "Бұлардың бəрі жабайы" деді ғой енді. Долгоносовтың он жеті жасар қызы оқып жатқан. Осы он жеті жасар қызды Балуан Шолақ алып қашады. Шарт қояды "Елімді ,əке шешемді босат. Əйтпесе қызыңды тірі көрмейсің" деп. Қыздың ойында қазақтар жабайы, аман қаламын деп ойлмады.»

-Қазақтың тектілігін, болмысын танытатын кино болмақ қой демек ?

-Иə. Сондай бір Ұлттық нəрсе жасағым келіп отыр дə. Олардың санасына біз оқымаған, жауыз, қарақшы көрінгенбіз ғой. Бірақ ол жерде ешқандай жауыздық болмайды. Үйреніп, Балуан Шолаққа ғашық болып қалады. Əңгіме барысында тоғыз жүз жыл бұрын Мөңке ақын жайлы айтып, қыз 900жыл алдын ақын болғанына таңданып. Жалпы алып қашқаның жақсы болды. Əйтпесе өмір бойы дұрыс танымай өтер едім дейді. Балуанға сен маған үйленер ме едің дейді. Оған Балуанның жауабы "Сенің жолың шіркеуге апарады, менің жолым мешітке апарады. Жолымыз екі бөлек. Өмір бойы əкеңнің айдауында жүретін, мойнынан құрық кетпейтін адаммын. Сен тазасың. Өміріңді қор қылма." деп айтады. Орыстар Балуанды өлтірмек болып ақылдасқанда, қылмысты біреудің қолымен жасау керек деп Балуанның Ғалиямен кездесіп тұратынын Ғалияның күйеуіне айтып, соған өлтірту керектігін ақылдасады. Балуанға қыздың əкесінен хат келеді. Барлық шартқа келісетінін жазады. Осы жерде Балуанды атуға келеді. Ар шетінен Долгоносов келеді. Балуан деп жүгіріп келгенде оқ қызға Татянаның кеудесіне тиеді. Балуанның иығы да жараланады. Татяна сол жерде өледі. Бір топ əскерлер Ғалияның күйеуі Кəрімді жəне жанындағыларды байлап əкетіп бара жатыр. Долгоносов өз қызын өзі өлтіргендей халге душар болды. Сонымен осылай бітеді. 

- Сіздің шығармаларыңыздың көбі дерлік бəрі трагедиямен аяқталады. Неге солай? 

- Трагедия болуы керек қой. Комедияның өзі трагедия. Өмірдің өзі трагедия. 

- Латын əліпбиіне көшу туралы не айтасыз ?

- Латын əліпбиіне өзім де екі ойлы болып отырмын. Керек пе осы? Жастар қалай қарайды? 

- Жастарды білмеймін. Менің пікірім бізден кейінгілер біз оқыған дүниелерді қалай оқиды? Том - том кітаптарды латын əліпбиіне ауыстыру қаншама жұмыс, кері шегініс болатын сияқты. Біз қалай үйренер екенбіз оған ? Ойланатын нəрсе...

- Біздің төте жазумен жазылған тарихымыздан гөрі кириллицамен жазылған тарихымыз Алатаудай. Қанша кітаптар, қанша газет-журналдар архивтеріміз, оған мамандар дайындауымыз керек. Мынау енді қиын болғалы тұр бір жағынан. Əзірбайжан, Өзбектерді латынға көшіру қиындау болды. Екі əліпбиімен өмір сүріп отыр олар. Мүмкін біз үш тіл екі алфавитпен өмір сүрерміз. Қазақты екіге бөлейін деп тұрған сияқты. Қазақстанда орыс мектептері жетерлік, ол жерде оқитындардың 70%ы қазақтар. Орыс мектептері латынды қабылдамайтын түрі бар. Олар көтеріліске шығуы мүмкін. Оны орыс қолдайды. Сонда Қазақстанда екі мектеп болса қазақтар екіге бөлінеді. Көптеген əріптеріміз жоғалып кетеді. 28 əріп қалады екен. Осыған кесімді пікір айтуға аузым бармай отыр. Ал мынау жақсы болды деп қуанайын десем тым кеш сияқты. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында - ақ осыны жасап алуымыз керек еді. Жиырма жылдың ішінде бір ұрпақ қалыптасып қалатын еді. Таудай-таудай архивтерді қазір латынға өткен бірінші сынып балалары қалай оқиды? Кириллицадан қашудың керегі жоқ сияқты. Кириллицамен жүріп те ұлтшыл болуға болады ғой. Орыстың бодандығынан құтылу деп біреулер айтып жатыр. Орыстың бодандығынан қай алфавитке көшсең де құтыла алмайсың. Қазақты орыстан сəл бөлектеу үшін де керек сияқты латын əліпбиі. Өйткені көнбегендер көшіп кететін шығар Ресейіне. Ол үшін енді бəріне бірдей жасау керек. Мен осыдан қауіптеніп отырмын. Ортақ заң жасау керек. Осыған сақтықпен қарап отырмын. 19-сəуір күні бара жатырмыз. Президент шақырып отыр осы мəселеде. Нақты жауап айта алмай отырмын. Көшейік десем бір ғасырлық тарих жатыр кириллицамен жазылған. Көшпейік десем кертартпа сияқты болып қаламын. 

- Жазушылар Одағына барып тұрамыз. Залдың жартысы өз мүшелерімен толады, жартысы біз сияқты стуленттермен толады. Байқағаным оларды ұлт тағдыры, жастар тəрбиесі емес өздерінің арасында кім нендей нəрсемен марапатталды бір - бірін аңду қызық немесе тұра қала микрофонға таласады. Үлгі алып кетерлік дүние таппайсың. Үлкендердің сабырсыз сиқы бүгінгі күннің трагедиясы іспетті? 

- Мен көп бармаймын. Мəн қалған жоқ ол жерде. Нұрлан Оразалин жиырма бір жыл болды сол жерде отыр. Отыра бере ма білмеймін. Сондайлар жиналған. Қырық екі адамға Алаш сыйлығы берілді. Қырық екі Алаш сыйлығын алған əдебиет əлдеқашан əлемді жаулап алған болуы керек еді. 

- Əдебиетті қазақ тіліне қосып тастайды деген сөздерді естіп жатырмыз. Бұл қалай болмақ?

- Ойпырым-ай бір шатақ шығарады да тұрады. Қысқасы мен Тәуелсіздік алғалы бір қуанатын оқиға болмай келе жатыр. "Мұнысы несі?", "Мұнысы несі? деп өкінумен келе жатамыз.

- Егер менің қолыма мынадай конверт түссе, сыртында "Қазақтың Ұлы жазушысына" деген жазуымен. Мен оны ашпай бірден сізге алып келіп берер едім. Ал осындай конверт сіздің қолыңызға түссе, сіз оны кімге берер едіңіз? 

- Қазақтан ба? Əуезовке берер едім. 

- Қазіргі көзі тірі кісілерден кімге берер едіңіз? 

- Бар кісілерден берейін десең, келесі шығармасы далбаса болып кетеді. Мұхтар Мағауинді айтайын десем "Мен" деген романы бар. Тек "Мен", "Мен", "МЕН". Бəрін жоққа шығарады. Енді Шахановта өзін-өзі көп қайталап кетті. Жұртты өзіне қарсы қойып алатын жері бар. Атайтыным Қабдеш Жұмаділовті жақсы жазушы дер едім. 

- Биыл Төлеген Айбергеновтың туғанына 80жыл. Ол кісінің поэзиясына көзқарасыңыз қалай болды? 

- Оқыдым. Қазіргі ақындардың бəрі Төлегеннің өлеңдерін бөліп алып жүр. Шашылып кетті. Төлеген қысқа ғана отыз жыл өмір сүрді. Қысқа ғана өмірінде өшпейтін мұра тастап кетті, өлең жазу стилі жағынан да, мағына жағынан да. Форма мен стильді қабыстыра білген, жаңашылдықпен "Каспийдің толқын таулары" деп Каспийдің толқынын тау қылып жазған. Қандай қабыстыра білген ол жақта тау жоқ қой. 

- Қоғамға, қазіргі жастардың қалыптасуына не керек ?

- Енді Мағжан айтып кеткен "Мен жастарға сенемін!" деп, Абай айтып кеткен "Мен жастардан қорқамын!" деп... Жастарымыздың дұрыс жолға түсе алмай келе жатқанына біздің осы өміріміз, саясатымыз кінəлі. Бірақ бəрібір біздің жастарымыз асау ғой олар. Өз дегендері бар. Мен талай кездесу өткіздім. Білімді, маған өте ұнайды əйтеуір ойлары бар. Біздің кезіміздегі жастардан көрі қазіргі жастар білімді. Білімді жастарды өзімнің немерелерімнен көремін. 

- Балаларыңыз сіздің жолыңызға түсті ма?

- Жоқ. Керегі жоқ. Бір үйде екі жазушы деген не ол? Екеуінің біреуі мықты болады. Тарихта бар ғой "Əкелі-балалы Дюма" деген. Бəрібір Александр Дюма жоғары. Бұндайлар көп. Таразыға салынып қала ма деп баларымның жазушы болғанын қаламадым. 

- «Қарғын »романы аяқталмай қалған сияқты. Жалғасы жазылады ма?

- Жетеді сол. Болды ол. Жерге түскеннен кейін. Ар жағын жазудың керегі жоқ.

-« Өкпек жолаушы»да жазғансыз "Əрбір əйел танылмаған планета" дегенсіз. Бұның құпиясы неде?

- Əйелдің жаны əрқашан танылмаған планета ғой. Дүние жүзі ғалымдары жиналып ғарыштың сырын ашуы мүмкін. Ал жəй ғана қарапайым кемпірдің сырын аша алмайды. Көзім жетті ғой. Əсіресе жоқшылық кезде адамдардың құпиясы көбірек ашылады екен. Тоқшылық кезде білінбейді ғой, бəрі жақсы күліп ойнап жүреді. Бірақ барлық əйел жеке басына қайғылы. Ауылдағы кемпірлерді көргенде, ештеңе білмейді деп қарасаң, бір күні бір кемпір өлең айтып кеп жібергенде "Біз соғысты көрген жоқпызда" жаздым, ана Қатша кемпір де өлең айтты. Япыр-ай, не деген өлең, не деген дауыс, не деген сөз?! Ана жаман шапанның ар жағында жатқан кəрі кеудесінің ішінде қашаннан бері сақталып жатты бұл əн, жұрттың бəрі жылап өлең айтқанына. Ай, қараң кемпір. Қанша арманға толы, қанша үміт, қанша нəзіктік, қанша қасірет сондай өлеңді айтқанда жұрттың бəрі "Қайдан шықты мына əн?" деп, "Күнде көріп жүрген кемпір еді ғой!" əн шығарып, өлең айтады деп еш уақытта ойламайсың.

- Исламға көзқарасыңыз қандай? 

- Дін бізді басқа ұлттардан бөлу үшін жəне қазақтың басын біріктіру үшін ғана қажет. О баста дін солай шыққан. Арабтардың өзінің басы быт-шыт болып, бөлініп, қыз туса өлтіріп тастап, өз туысқандарына үйлене берген, содан кейін əр үйде бір құдай жасап алып жатқаннан кейін осы Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың əулиелігі сол арабтардың басын қосу үшін оған Алла аян берді. Арабтардың басын бит басып, құрттап бəрі бəдəуй болып кеткен кезде дін тазалыққа үйретті. Одан кейін біртұтас Мұсылман мемлекеті болды. Басқа ұлттарға қарағанда қазақтар дінді тазарақ ұстайды. Төрт дінді де оқып зерттеген адаммын ғой енді, бəрінің философиясын. Соның ішіндегі тазасы жəне прогрессивтісі осы - ислам діні. Өйткені мұнда реалды, қалғандарының көбісі негізі жалған болып тұрады. Христиан дінінің өзінің негізі жалған. Толстой содан кейін кеткен. Гетенің өзі құранды əдейі аудартып алып оқып "Негізінде бұл менің дінім екен, бірақ кеш қалдым" деген екен. Содан кейін барып ол ислам əлеміндегі əдебиетке қатты көңіл бөлген. Сөйтіп Омар Хайям, Фирдоусилардың бəрін аудартып оқып шыққан. Одан кейін барып əлемде бірінші рет "Мировая литература" деген термин енгізді. Шығыс əдебиетін зерттеп трактаттар жазды. Кейін неміс жазушылары айтады Гетенің жазу үлгісі көбіне Хафиздің үлгісіне жатады дейді. Жүргенов атындағы өнер академиясында сабақ беремін ғой. Мен таңдап беремін студенттерге, драматург көп оның бəрін оқи алмайсың. Сондықтан драматургтердің ішіндегі ең таңдаулысын өмірі қилы-қилы тағдырға тап болған, шығармаларында қуғынға ұшыраған, Ұлы драматургтер жəне Ұлы тұлғалар, жəне өмірлері азаппен өткен, тайталаспен өткен, тағдыры мен шығармаларының тағдыры екеуі егіз сондай авторларды ғана өтемін деймін ғой. Содан бастап өтіп жатырмын. Соның бір алғашқысы Гете болған, одан кейін Шекспирді одан бері Чехов, Толстой, Гоголь, Булгаковты өттім. Студенттер айтады "Ооой, сіздің сабағыңыздан рахаттанып шығамыз" деп... Көп мұғалімдер оқымайды ғой бізде кітапты. Сабақ береді драматургиядан бірақ өздері драматургияның не екенін білмейді. Өзімнің сабақ өту формам бар, "Тақырып деген не? ", "Сюжет деген не? ", "Образ деген не?", "Драматургия деген не?", "Композиция деген не? ", "Тақырып ішіндегі тақырып деген не?" одан кейін əр образдың өзінің линиясы, аспектісі бар, əр образдың өзінің проблемасы бар осылардың бəрін ашып өтеміз. 

- Сіздей тұлғаны дүниеге əкелген əйел туралы білгім келіп отыр. Анаңызды қаншалықты тани алдыңыз? 

- Анам жоқ қой менің. Ол кісі алтыншы сынып оқитын кезімде қайтыс болған. Өзі ауқатты кісінің қызы болған екен. 1920-25 жылдарға дейін мұсылмандық оқу тоқталған жоқ қой. Анам Əптиекті бітірген екен. Исабекке қалай жолыққанын білмеймін. Біз кішкентаймыз құранның бəрін айтып отыратын. Қазіргі оқып жатқан молдалардың оқығандарының барлығы Əптиектің деңгейінде ғана екен ғой. Молдалар құран оқыса анамның айтқандарының бəрі еске түседі. Біразы есімде де қалды. "Сүйекшідегі" сөздер апамның айтқан сөздері. Ылғи айтатын "Жаяу жалғыз жүресің, далада қонып қалуың мүмкін айдалада. Сол кезде өз иманыңды өзің үйіріп жат, арам өлмес үшін" дейтін. Осы бір шумақты айтсаңдар да болды дейтін.

"Жаттым, жаттым жан аула, 

Тұрғыза гөр Ин Ша Алла.

Тұрғызбаса Ин Ша Алла, 

Ли Иллаха илла Алла" осыны дуана кемпірдің сөзіне келтірдім. 

Ол кісі ешқандай жақсылық көрмей кетті. Кеше ғана басына барып құран оқып қайттым. Есімі Күміскүл. Бесінші курста "Бекет" деген кітабым шықты ғой алғашқы. Соны анама арнағанмын "Бейнет көріп, зейнет көрмей кеткен марқұм анама" деп. Тек қана үлкен əпкемнің күйеуге шыққанын ғана көрді. 

-Отбасыда көп балалысыздар ма?

- Бесеу. Екі əпкем, екі ағам. Екеуі де араға бір жыл салып 79 жасында 6-наурызда қайтыс болған. Оның алдындағы екі əпкемде 79 жасында 6-наурызда қайтыс болып кетті. Енді кезек менде. Солай ол. Менен басқа ешкім жоқ (Əзілдеп, күліп).

- Ой – ой! Олай айтпаңыз. Өмірдің өзі - трагедия дегеніңізбен сізден болдым, толдым деген сөз естіп отырған жоқпын. Тек алға қарай жүруден шаршамағаныңызды байқап отырмын.

- Өмірдің өзі - алға қарай ұмтылыс қой. Анаңнан туғаннан бастап, алғашқы күлуіңнің өзі ұмтылыс, алғашқы еңбектеуің ұмтылыс, ойыншыққа қолың созу ұмтылыс, тəй-тəй басуың ұмтылыс. Сол ұмтылыс басталады. Өле өлгенше ұмтылыс қой. Сөйтіп - сөйтіп өмірден өтіп кеткеніңді білмей қаласың. КазГУде оқыдым ғой. Қазір ол мен сабақ беретін Жүргенов академиясы. Бəрі өзіміздің кешегі аудиториялар. Біздің балалар төменде не жоғарыда жүрген сияқты, бір жерден шу етіп келетін сияқты. Былай қарап тұрсаң кішкентай ес білген сəттен бастап өмір сүріп келе жатырмын. Не деген бітпейтін тіршілік деп қоямын. Не деген ұзақ... Еенді бір ойлайсың, кеше ғана еді ғой не деген қысқа дейсің. Біреу жүзден асқан кісіден сұрапты "Жүзден астыңыз, арманыңыз бар ма? " деп "Əəй, жүзді де ұзақ деп отырсыңдар ма? ЕСІКТІ АШЫП ЖАПҚАНДАЙ ҒАНА БОЛДЫ ҒОЙ!" депті. Біреулер "Қамшының сабындай, Көзді ашып жұмғанша" деп жатады ғой. "Есікті ашып жапқандай болды ғой" деген қандай əдемі теңеу. 

- Қаншама тығыз шаруаңыз бола тұра уақыт бөліп, əңгімелескеніңізге үлкен рақмет ата! Қызыңызға батаңызды беріп аяқтасаңыз?

- Əдемі қызсың... Жақсы қызсың... Адал қызсың... Ұмтылып жүретін қызсың. Лайым саған сол ұмтылысыңа сай Алланың оң көзі түссін! Бақыт сыйласын! Адамға керек бақытты сыйласын! Жақсы отбасы құр! Балалы-шағалы бол! Басыңа бақыт құсы ұя салсын! Оны ешкім үркітпесін Əумин!

 

-Әумин! Алла разы болсын! Деніңіз сау болсын! Әлі де сұхбаттасуға келіп тұрамын ата! Сау болыңыз! 

 

Сұхбаттасқан: Балжан Ақылбек Бертайқызы