Тұңғыш Президент күніне жеңісті тартуды Алматы облысындағы 26 Нұрсұлтан есімді жасөспірім ұсынды
«Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалының мұрындық болуымен 1 желтоқсан Тұңғыш Президент күні қарсаңында «Ұлы дала қазынасы» жобасы аясында«Хан дойбысынан» жасөспірімдер арасында біріншілік өтті.
Ең қызығы, ойынды «Нұрсұлтан» есімді балалар ойнап, бір-біріне дес бермейтін тартымды сайыста бақ сынасты.
«Тәуелсіздік алған кезден бері осынау ұлттық ойынымыз қайта жандану жолына түсті. «Қазақтың ұлттық ойындарының» жанашыры Ізбасар Оразбақұлы «Қазақтың ұлттық ойындарын насихаттауды ең алдымен өзімізден бастау керек» деген. Этнографтарымыздың айтуы бойынша, қазақта 200-ден астам ұлттық ойын түрлері бар көрінеді. Ойын түрінің дамуына үлес қосып жүрген Әнуар Қабдолдаұлы мен ұйым құрып, ойынға арнайы патент алуға себебін тигізген Қайрат Жақияұлы дейтін талдықорғандық азамат. Осындай ұлт өнеріне жанашыр адамдардың еселі еңбегінің арқасында бүгінде хан дойбысы Қазақ елімен қайта қауышты», - дейді облыстық партия филиалы төрағасының орынбасары Серік Нұрқадыров.
Ойын төрешісі Әнуар Қабдолданың айтуынша: «Алтын адамға» қазба жұмыстарын жүргізу барысында хан дойбысының ойын тастары табылған. Археологиялық зерттеулердің нәтижесінде ғалымдар бұл тастардың қолданыста болған мерзімін Үйсін мемлекеті дәуірімен сәйкестендіріп отыр.
Хан дойбысы ойынының ерекшелігі, мұнда Қазақ хандығының демократиялық билік жүйесі ойын түрінде көрсетілген. Текті хан дойбысында жеке ханы, биі, бегі, алаша халқы болады. Тентегі мен қарашасы тағы бар. Әрқайсысының төрткөз тор тақтада әртүрлі атқарады. Олар қандай ерлік жасаса да, өз дәрежесінен бір елі ауытқымайды. Ханы – хан, биі би болып қала береді. Бұл ойынның тағы бір ғанибеті, хан тек өзінің қасқа жолымен ғана жүреді. Ол басқа жерде билігін жүргізе алмайды, тек ықпал ете алады», - деп баяндады Әнуар.
Сайыс соңында әдеттегідей жеңімпаздар марапатталып, естелік сыйлықтар табысталды. «Хан дойбысынан» ең үздік болып Түгелбаев Нұрсұлтанның есімі аталды. Командалық есепте Текелі қаласының құрама командасы бірінші орынды иеленді.
«Мен өз жеңісімді Нұрсұлтан атама арнағым келеді. Дойбыдағы бұл алғашқы жеңісім спорт әлеміне жасаған алғашқы қадамым деп санаймын», - дейді жас жеңімпаз.