Оқу-ағарту министрлігіне бірқатар қосымша құзырет берілуі ықтимал.
Тиісті Үкімет қаулысы көпшілік талқылауға шығарылды. Жаңа өзгеріске сай, енді аталған ведомствоға мына құзыреттер берілмек:
- 12 жастан 35 жасқа дейінгі балалар мен жастарды патриоттық танытқаны және белсенді азаматтық ұстанымы үшін ерекшелік белгісімен наградтау қағидаларын бекіту;
- 14 жастан 35 жасқа дейінгі балалар мен жастарды патриоттық танытқаны және белсенді азаматтық ұстанымы үшін ерекшелік белгісімен наградтау жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыратын ұйымды айқындау;
- мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің үлгілік штаттарын айқындау; - техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға түсу кезінде қабылдау квотасының мөлшерін бекіту;
- еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, республикалық бюджеттен қаржыландырылатын білім беру ұйымдарында, сондай-ақ техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын бекіту;
- «Өркен» грантын беру қағидаларын және оның мөлшерін бекіту;
- аккредиттеу органдарына, оның ішінде шетелдік аккредиттелген органдарына қойылатын тану қағидаларын бекітеді.
Танылған аккредиттеу органдарының, аккредиттелген білім беру ұйымдары мен білім беру бағдарламаларының тізілімін, сондай-ақ оларды оған енгізу, тоқтата тұру және одан шығару негіздерін қалыптастыру және бекіту;
- мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарын дамыту бағдарламасының құрылымы және оны әзірлеу қағидаларын бекіту.
Министрлік түсіндірмесіне сай, бұл құзыреттерді беру – білім саласын одан әрі дамытуға және оның сапасын арттыруға ықпал етпек. Қаулы 12 сәуірге дейін көпшілік талқылауда болады.