Бүгін облыс әкімінің жүлдесі үшін журналистер арасында өткізілген байқаудың қорытындысы жарияланып, 9 номинация бойынша жүлдегерлер марапатталды, - деп хабарлайды el24.kz тілшісі. 


Салтанат сарайында өткен іс-шарада облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев журналистиканың қоғам өміріндегі рөліне тоқталып,сала мамандарына құттықтау тілегін білдірді:

 

- Журналистика – қашанда жүгі ауыр сала. Өйткені қазіргідей сапырылысқан ақпарат тасқыны кезеңінде журналистердің өз міндетін жоғары кәсіби деңгейде атқаруының рөлі зор. Осы орайда біз бұл байқауды журналистерімізді ынталандырып, сала мамандарын қолдау
үшін өткізіп отырмыз, - деді М. Көлбаев.


Мұнан соң марапаттау рәсімін өткізіп, жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен ақшалай сертификаттар тапсырды-деп мәлімдейді Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі. Атап айтқанда «Журналистика ардагері» аталымында облыстың құрметті журналисі Ольга Кременцова үздік шықса, Бейсен Құранбек атындағы «Кәсіби шеберлігі үшін» номинациясы «Жетісу» радиосының жетекшісі Есболат Айдабосынға берілді.

Сол сияқты «Вестник Жетісу» газетінің фототілшісі Жеңіс Ысқабай «Үздік фототілші» атанды.

Өзге номинациялардың әрқайсысында үш орныннан тағайындалды.
Мәселен, байқауға мерзімді баспа материалын ұсынғандардың ішінде «Жетісу» газетінің редакторы Айгүл Байбосынова І орын алса,«24KZ» телеарнасының облыстағы меншікті тілшісі Шыңғыс Қалиден мен операторы Қуаныш Түргенбаев «Үздік телесюжет», «Үздік оператор»
номинацияларында қара үзіп шықты.

 

 

«Жетісу» телерадиокомпаниясының дизайнері Александр Белов бейнедизайн бойынша І орынға ие болса, баспа дизайнында «Вестник Жетісу» газетінің дизайнері Виталий Калеников үздік деп танылды.

Сол сияқты «Әлеуметтік желідегі үздік жарияланымдар» номинациясында І орынды блогер-журналист Сандуғаш Дүйсенова алды.
Жалпы байқауға өңірдегі БАҚ өкілдерінен 94 жұмыс келіп түскен.Қазылар алқасының сараптауынан кейін олардың 22-сі жүлдегер атанды.