Түркістан, 8 сәуір – el24.kz
Түркістан облысының Ордабасы ауданында Қызыл кітапқа енген қызғалдақтарды заңсыз жұлу дерегі тіркелді. Әлеуметтік желілерде тараған видеода белгісіз әйелдің далада қызғалдақ теріп жүргені бейнеленген.
Тексеру нәтижесінде полиция күдіктінің Шымкент қаласының тұрғыны екенін анықтады. Қазіргі таңда оған қатысты Қылмыстық кодекстің 339-бабы 1-бөлігі бойынша (сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар өсімдіктерді заңсыз жою немесе жинау) қылмыстық іс қозғалды.
Аталған бап бойынша кінәлі деп танылған адамға 3 000 АЕК-ке дейін айыппұл салынады немесе бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады. Бұл шамамен 12 миллион теңге көлеміндегі айыппұлды құрауы мүмкін.
Экологтар мен құқық қорғау органдары тұрғындарды табиғатты аялауға және сирек кездесетін өсімдіктерді қорғауға шақырып отыр. Грейг қызғалдағы — еліміздің символына айналған, Қызыл кітапқа енген ерекше өсімдік түрі.