el24.kz 2025 жылдың тамыз айынан бастап Қазақстанда құрастырылған Samsung маркалы тұрмыстық техника ресми түрде сатылымға шығарылады. Бұл туралы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев мәлімдеді,-деп хабарлайды el24.kz тілшісі.

Отандық өнім Қарағанды облысының Саран қаласында орналасқан Silk Road Electronics зауытында құрастырылады. Министрдің айтуынша, өндіріс қуаттылығы жылына 400 мың данаға дейін жетеді. Алғашқы кезеңде зауытта Samsung теледидарлары мен кір жуғыш машиналары шығарылмақ.

«Silk Road Electronics кәсіпорнында Artel және Samsung брендтерінің тұрмыстық техникасы өндіріледі. Бұл жоба ішкі нарықты сапалы әрі қолжетімді өніммен қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар логистикалық шығындарды азайту арқылы бағаларға да оң әсер етеді», – деді министр Мәжіліс отырысында сөйлеген сөзінде.

Аталған жобаға шамамен 12 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылған. Бұл қаражат жеке қаржы есебінен салынған. Samsung Electronics компаниясы жобаның тікелей серіктесі ретінде қатысып отыр.

Бұған дейін аталмыш зауытта Artel брендінің техникалары ғана құрастырылып келген еді. Ал 2025 жылдың екінші тоқсанында Қазақстанда жасалған алғашқы Samsung теледидарлары саудаға шықты. Енді тамыз айынан бастап тұрмыстық техниканың кең ассортименті ел дүкендерінде қолжетімді болмақ.

Samsung-тың Қазақстандағы өндірісі ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, болашақта экспорт әлеуетін де арттыруға жол ашпақ. Сонымен қатар жоба аясында жергілікті кадрлар оқытылып, жаңа жұмыс орындары құрылады.