фото видеодан скриншот

el24.kz Қаржы мониторингі агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті Ақтау қаласында тіркелген ерлі-зайыпты блогерлерге қатысты заңсыз кәсіпкерлік қызмет фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Бұл туралы агенттік 19 маусымда ресми хабарлады,-деп жазады el24.kz тілшісі.

Ресми мәліметке сүйенсек, олар әлеуметтік желілерде тіркелмеген лотерея операторы ретінде әрекет етіп, автокөлік, пәтер және басқа да бағалы сыйлықтарды ұтысқа қойған. Ұтысқа қатысу үшін 500-ден 50 000 теңгеге дейінгі билеттер сатылған. Тергеу барысында шамамен 1 800-ден астам азаматтың қатысқаны анықталды.

Агенттік бұл лотерея ұйымдастырушыларының рұқсатсыз әрекет еткені, яғни заңды кәсіпкерлік субъектісі ретінде тіркелмегені және тиісті салық төлемегені жайлы мәлім етті. Алдын ала есеп бойынша заңсыз табыс көлемі 162 миллион теңгеден асады.

Күдіктілердің аты-жөні ресми түрде жарияланбағанымен, ақпарат құралдарының мәліметінше, бұл іс бойынша танымал әнші Абай Бегейдің қызы мен күйеу баласы тергеліп жатыр деген ақпарат тарады. Алайда бұл мәліметтер ҚМА тарапынан әзірге расталмады.

Қазіргі таңда тергеу аясында ерлі-зайыптының банктік шоттарына және жылжымайтын мүліктеріне тыйым салынған. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне орай өзге ақпарат жария етілмейді.


Ескерту:

Қазақстан заңнамасына сәйкес, лотерея қызметі арнайы лицензия негізінде ғана жүзеге асырылады. Тіркелмеген операторлар арқылы ұйымдастырылған ұтыс ойындарына қатысу азаматтарды алдауға, қаржы шығынына немесе құқықтық жауапкершілікке алып келуі мүмкін.