Бүгін облыс орталығының Мәдениет үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Қоғамдық келісім кеңестерінің ІV облыстық «Ауылым – алтын қазынам» форумы өтті. Форумға облыстың барлық аудан, қалаларынан қоғамдық келісім кеңестерінің өкілдері қатысты. Форумның негізгі мақсаты – Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырудағы кеңес жұмыстарының басты міндеттерін анықтап, жыл соңына дейін жасалатын нақты жұмыстарды саралау, биылғы жылда үздік жұмысымен көзге түскен белсенді мүшелерін марапаттап, жұмыстың жүйелі жүргізілуіне жауапкершілік алу болды.
Форум жұмысын облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Мұқашұлы Омар ашып, өңіріміздегі барлық қоғамдық-саяси ахуалға уақытылы жауап беруде, облыстың әр аймағында қоғамдық кеңес жұмыстарының белсенділігін арттыру, тұрғындармен тығыз қарым-қатынас орнату қажеттігін баса айтты.
Өз кезегінде «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Төлендіұлы Сарыбаев Елбасының бағдарламалық мақаласында ұсынылған жаңа жобалардың бүгінде Жетісу жерінде жүзеге асырылып жатқаны жайында баяндады. Көпұлтты мемлекетіміздің ауызбіршілігін сақтау, ортақ мүдде үшін жұмыла жүк көтеру бүгінгі жаңа заманның талабы екенін де ескертті.
Форум жұмысында түрлі этно-мәдени бірлестік басшылары, аналар кеңесінің өкілдері, аудан-қалалардың қоғамдық келісім орталықтарының жетекшілері, медиаторлар сөз алып, ойларымен бөлісті.
Жиын соңында әр аудан, қалалардан арнайы форумға дайындалған көрменің қорытындысын шығарып, жыл басынан бері атқарылған жұмыстарын сараптай келе үздіктер анықталды. Биылғы жылы облыстық форумның бас жүлдесін Қарасай ауданы еншілеп, қатысушылар алғыс хаттар мен құнды сыйлықтарға ие болды.
"Нұр Отан" партиясы Алматы облыстық филиалының баспасөз хатшысы
Ахметжанова Бағдагүл Дәулетқызы