Көкшетау төріне Мағыстау даласынан, Қарт Каспийдің жағасынан Алаштың арда ақыны, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Сабыр Адай келді. Ақынның «Әр қазақ – менің жалғызым!» атты оқырмандармен кездесу кеші Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапхансында өтті. Оны кітапхана мен Мәлік Ғабдуллин музейі бірлесе ұйымдастырып, оқырман мен автордың арасындағы дәнекершілері болды.
Кеш Біржан сал атындағы Көкшетау музыкалық колледжінің студенті Балнұл Әлімханова орындауындағы Сүгірдің термесімен ашылды. Содан соң Ақан сері атындағы Көкшетау мәдениет колледжі студенттері ақын өлеңдерін жатқа оқып, ақынға деген құрмет-қошеметтерін білдірді.
Кездесу кешін ақын, Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры Құдайберлі Мырзабек жүргізді. Көкшетау жұртшылығы мен ақсақалдарының атынан ақынға деген игі тілегін Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл айтса, қалалық «Көкшетау» газетінің бас редакторы
Серік Жетпісқалиев Сабыр Адайдың өлеңін оқып, оның қуатты жырларының бөлек бітімі мен болмысы, ерекшелігі жайында сөз қозғады. Одан кейін Көкшетаудағы белді оқу орындарының бірі Ш.Уәлиханов атындағы мемлекеттік университеттің ректоры Әбдүмүтәліп Әбжапарұлы сөз алып, ақынға деген оң тілегін білдірді. Кеш барысында Біржан сал атындағы музыкалық колледждің ұстазы Мұхамеджар Рахымов Батыс Қазақстан күйшілік мектебінің өкілдерінің күйлерін тартып, Үкілі Ыбырай атындағы облыстық филармонияның әншісі Сәрсенбай Хасенов пен республикалық «Алтын домбыра» байқауының жеңімпазы Аслан Мұхамедияр Үкілі Ыбырай мен Мұса Асайыновтардың әндерін шырқады.
Ал, Қазақстан Жазушылар одағының Ақмола облыстық филиалының төрағасы Алмас Темірбай ақын ағасына деген ақжарма тілегін айтып, өз өлеңін оқып берді. Сондай-ақ, облыстық халық шығармашылық орталығының жанынан ашылған «Талант» жас ақындар клубының мүшелері мен Жанайдар Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжінің «Ақ қауырсын» поэзия клубының мүшелері Сабыр Адайдың өлеңдерін жатқа оқыды.
Кеш соңында Мағжан Жұмабаев атындағы АОӘҒК-ның директорының орынбасары Мерген Тоқсанбай Сабыр Адайға кітапхананың «Құрметті оқырманы» сертификатын табыс етсе, ақын өз кезегінде кітапханаға «Алтынзер» атты кітабын сыйлады. Ал, Мәлік Ғабдуллин музейі маңғыстаулық қонаққа «Мәлік Ғабдуллин музейінің құрметті қонағы» деген лента мен сый-сияпат табыс етті.
Мерген ТОҚСАНБАЙ,
Мағжан Жұмабаев атындағы
АОӘҒК-ның директорының орынбасары.