Қарашаның жайдарлы күні ұйымдастырылған жылы жүздесу Қаратал ауданындағы білім ордасы Бастөбе сервистік-техникалық колледжінің іргесінде аудан жастары, колледж білімгерлері, мәдениет және жұмыспен қамту орталықтарының басшылары басын қосып, Елбасының бағдарламалық мақаласы, дәстүрлі Жолдауында айтылған тың идеяларын ортаға салып, кешегі күн мен бүгінгі уақыттың байланысын аңғартқандай болды.
«Бізге рухани құндылығымызды жаңғырту не үшін керек, ол жаңғырту ел болашағына қаншалықты қажет деген сұрақтарға жауап іздесек, түгелдей ойдың түп тамыры – қазақы болмысымызға тірелетіндей. Себебі, қазақ қашан да өткеннен ұлағат, келешектен үміт күткен данышпан, философ халық болған. Бүгін біз бірқатар ұлттық құндылығымыздан құр қалып бара жатқандаймыз. Рух күшті болса, даму да серпінді болмақ. Жастарға рух беретін қозғаушы күш керек», - дейді облыстық мәслихат депутаты Базархан Байтаев.
«Қазіргі қоғамда дін мен діл, өркениет пен мәдениет алдыңғы емес, қайта керіге шегініп, керексіз дүниелердің қатарына енген сыңайлы. Жас буын өзін нағыз патриот, ұлтжанды азамат ретінде сезінуі үшін «қазақ» деген намысты ұлттың ұрпағы екеніне намыстанбауға үйретсек құба құп. Жастар, қазақ болып туылып, қазақтың кең байтақ даласындай кеңпейіл мінездерің барына қуаныңдар. Тәңірден берілген табиғи адамгершілік болмысызды бағалаңдар. Елбасы бізге өзінің рухани құнды мақаласында осыны нықтап көрсетіп берді емес пе?», - деп ой бөлісті аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айбек Оңғаров.
Жастар жағы да тартынбастан ой тастады. Ұлтшылдық, руға бөліну мәселесі көтеріліп, қоғамда белең алып келе жатқан қауіп-қатерлер де сөз етілді.
«Ажырасу дерті айналамызда бұқаралық сипатқа ие болып келе жатыр. Екінің бірінің отбасында орын алып жатқан бұл дертпен бүгіннен бел шеше күреспесек, ертеңгі күні ұлт ұйытқысы болатын аналарымыз қалмайды, жалғызбасты ана мен әкесіз өскен жарым жетім балалар, өз жанұясынан жерініп, түрлі теріс ағымдарға бет алған азаматтармен дер кезінде жұмыс жасамасақ, қоғамда «отбасы» деген құнды ұғым өзінің лайықты орнынан айырылып қалады ма деп қорқамын», - дейді жас ұстаз Динара Көпжасарова.
Колледж ұстаздары өз кезегінде кездесудің еркін пікір алаңына айналып, жастардың көңіліне көптеген ой түйгендерін, әлі де осындай рухани азық алатын жүздесулердің басында партиялықтар болатынына сенімдерін жеткізді.