Бүгін Ұлттық академиялық кітапханада шетелдік БАҚ өкілдері қонақта болды.
Кітапханамызға АҚШ, Италия, Ұлыбритания, Египет, Испания, Жапония, Бразиялия, Оңтүстік Корея, Канада, Австралия, Индонезия, Франция, Австрия, ҚХР және Оңтүстік Африка елдерінен БАҚ өкілдері келді. Бұл жағдайды күнделікті өткізіліп жүрген іс-шаралардың бірі деп айтуға ауыз бармай тұр. Себебі, еліміздің мәдениеті мен тарихы қызықтырған шетелдік журналистердің жанарынан Қазақстан мемлекетіне деген сүйіспеншілік пен қызығушылықтың басым екенін аңғардық. Кітапханамыздың әсем көркін тамашалап, зиялы қауым өкілдерімен кездесу бақыты да бұйырды оларға. Іс-шараға зиялы қауым өкілдерінен Тұрсын Жұртбай, Ғарифолла Есім, Болат Көмеков, Оңайгүл Тұржан қатысты.
Әлемнің 15 елінен жиналған бар-жоғы 21 журналист Қазақстан мемлекетінен алған әсерлерін айтып тауыса алмады. Бір апта бойы Астана, Алматы, Шымкент және Түркістан қалаларында болады.
Айта кетейік, олардың арасында әлемге әйгілі АҚШ-тың «Forbes» және «Фрилансер», Италияның ИА «INTERRIS», Испанияның «ElCultural» журналдарының, Оңтүстік Кореяның «JoongangIlbo» газетінің, Египет «Нил-Культура» және «OnTV» каналдарының және т.б. журналистері бар.
Шетелдік БАҚ өкілдері зиялы қауым өкілдеріне көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, жауап алды. Кездесу барысында дала өркениетінің құндылығы мен ерекшеліктері, көшпелі қоғам мен табиғаттың жарасымдылығы, рухани жаңғыру бағдарламасының жүзеге асуы, қазіргі қазақ әдебиетіндегі жаңашылдықтар, шет мемлекеттер арасындағы әдеби-мәдени байланыс дәрежелері және т.б. әңгімелер қозғалды. Сондай-ақ, қазақ елінің латын графикасына көшу мәселелеріне қатысты зиялы қауым өкілдерінің көзқарастарын да білуге тырысты.