Димаш Құдайбергеннің халықаралық жобасы: түсірілімдер Ақтауда өтеді

 

Қазақстанда қыркүйек айында қазақстан-қытай бірлескен ірі музыкалық жобаның түсірілімдері басталады. Әнші Димаш Құдайберген бұл жобада атқарушы продюсер ретінде қатыспақ,-деп жазады el24.kz тілшісі, Dimashnews.com сайтына сілтеме жасап.

Түсірілімдер 8 қыркүйектен 29 қыркүйекке дейін төрт қалада — Түркістан, Алматы, Ақтау және Астанада жүргізіледі.

Жоба әлемнің түкпір-түкпірінен келген вокалистерді біріктіріп, халықаралық аудиторияға Қазақстанның сұлулығын және жаңа музыкалық таланттарын көрсетуді мақсат етеді.

«Hunan TV телеарнасындағы менің жолым осыдан он жыл бұрын «Singer» жобасынан басталды. Бүгін мен жаңа рөлде — халықаралық шоу авторы ретінде оралып отырмын. Бұл мәдени ынтымақтастықтың жаңа парағын ашып, адамдарды музыка арқылы біріктіреді», — деді Димаш.

Айта кетейік, 2025 жылдың сәуірінде Димаш Ақтауда өткен «Ақтау – түркі әлемінің астанасы» шарасы аясындағы концертке қатысып, көрермендерге ерекше әсер қалдырған еді.

 
 

1 қыркүйектен бастап айыппұлдың орнына қоғамдық жұмыс енгізіледі

 

el24.kz  Қазақстанда 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін айыппұлдың орнына қоғамдық жұмыс тағайындау тәжірибесі енгізіледі. Бұл өзгеріс қайталанатын және қоғамдық тәртіпке елеулі зиян келтіретін құқық бұзушылықтарға қатысты қолданылады.

Жаңа жаза кімдерге қолданылады

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қоғамдық жұмыс мына жағдайларда тағайындалуы мүмкін:

Жол қозғалысы ережесін бір жыл ішінде бірнеше рет бұзу;
Экстрен қызмет көліктеріне жол бермеу фактісін қайта қайталау;
Жаяу жүргіншілердің жол ережесін өрескел бұзып, зардап келтіруі;
Қоғамдық орындарда қайта-қайта ішімдік ішу, мас күйінде жүру;
Ұсақ бұзақылық және қоғамдық тыныштықты бұзу.

Жаза көлемі

Құқық бұзушылықтың түріне қарай қоғамдық жұмыс көлемі 12 сағаттан 100 сағатқа дейін белгіленеді. Мысалы, экстрен қызмет көліктеріне жол бермеген жүргізушіге 40 АЕК (шамамен 157 мың теңге) айыппұлдың орнына 20 сағат қоғамдық жұмыс берілуі мүмкін.

Мақсат – тәртіпті күшейту

Министрлік өкілдері бұл шараның мақсаты – айыппұл төлеу мүмкіндігі жоқ адамдарды қатаң жазалау емес, қайта оларды қоғамдық жұмыс арқылы жауапкершілікке тарту екенін атап өтті. Қоғамдық жұмыс арнайы белгісі бар киімде, тұрғындар көретін орындарда атқарылады.

Теріс қылықтың алдын алу құралы

Жаңа жаза түрі құқық бұзушылық деңгейін төмендетіп, азаматтардың тәртіпке бағынуына әсер етеді деп күтілуде. Қоғамдық жұмыс жазасын орындамаған жағдайда, ол әкімшілік қамауға ауыстырылуы мүмкін.

Жаңа оқу жылы: ата-аналар мен мұғалімдерге не өзгерді

 

el24.kz 2025–2026 оқу жылы қарсаңында еліміздің білім беру саласында бірқатар жаңа өзгерістер енгізілуде.

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ресми мәліметінше, биыл оқу бағдарламалары жаңартылып, мұғалімдердің жұмыс жүктемесі мен мектеп формасына қатысты нақты талаптар белгіленді. Бұл өзгерістер оқушыларға да, ата-аналарға да, ұстаздарға да қатысты.

Оқу жылы дәстүрлі түрде 1 қыркүйекте басталады, 31 мамырда аяқталады. Бірінші сынып оқушылары үшін бейімделу аптасы сақталып отыр. Алғашқы жеті күнде олар жеңілдетілген режимде оқиды.

Жаңартылған оқу бағдарламалары негізінде математика, жаратылыстану және қазақ тілі пәндерінің мазмұны тереңдетілді. Сонымен қатар бағалау жүйесі де жеңілдеп, тоқсандық бақылау жұмыстарының саны азайтылды. Енді әр пәннен оқушылар жоба жұмыстары мен практикалық тапсырмаларды көбірек орындайды. Бұл оқушының ойлау, талдау қабілетін арттыруға бағытталған.

Мұғалімдердің апталық жүктемесі кәсіби стандартқа сай қайта қаралды. Енді дәптер тексеру, қосымша сабақ өткізу сияқты жұмыстарға арнайы ақы төленеді.Бұрынан бар жүйе күшейтілді.Электронды журнал жүргізу де жеңілдетілген.

Мектеп формасына қатысты да бірқатар ереже өзгерді. Министрлік ата-аналарға мектеп формасының міндетті екенін, алайда қымбат киім алудың қажеті жоқ екенін ескертті. Форманың түсі мен үлгісін мектеп кеңесі бекітеді. Діни немесе сәндік сипаттағы киім үлгілеріне жол берілмейді. Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға жергілікті әкімдіктер тарапынан мектеп формасы тегін берілуде.

Балабақшаларда электронды кезек пен eGov.kz арқылы өтініш қабылдау жалғасады. Бастауыш сыныптарда цифрлық оқулықтар мен планшет арқылы оқу жүйесі кейбір өңірлерде пилоттық жоба ретінде енгізіледі. Сонымен қатар, интернет қауіпсіздігіне де ерекше мән берілуде.

Министрлік ата-аналар мен мектеп арасындағы байланысты нығайтуға шақырып отыр. Мұғалімдер үшін курстар мен сертификаттау талаптары да жаңартылды.

el24.kz анықтамасы
2025 жылы елімізде 7 700-ден астам мектеп жұмыс істейді. 250-ге жуық жаңа мектеп салынған. 1-сыныпқа 400 мыңнан астам оқушы қабылданады. Мектепке дейінгі біліммен қамтылған балалар үлесі 98 пайызға жеткен.

8-қыркүйекте Президент Қазақстан халқына жолдау жасайды

 

el24.kz 8 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдау жасайды. Бұл — мемлекет басшысының сегізінші жолдауы.

Оны Парламент палаталарының бірлескен отырысында жариялайды. Мұны Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай хабарлады.

Қылыш балық – табиғат апатының хабаршысы ма?

 

el24.kz Әлем мұхиттарының тереңінде тіршілік ететін ерекше жаратылыс иесі бар. Ол – ұзын, жалпақ, қылышқа немесе лентаға ұқсайтын қылыш балық.

Халық арасында оны «зеркальная рыба», «теңіздің айдаһары» деп те атайды. Денесі айнадай жылтырап, 5-10 метрге дейін созылатын бұл балық көбіне 200–1000 метр тереңдікте өмір сүреді.

Халық сенімі

Жапония, Филиппин және басқа да сейсмикалық аймақтарда қылыш балықтың су бетіне шығып қалуы табиғи апаттың, әсіресе жер сілкінісінің хабаршысы ретінде қабылданады. Жергілікті халық «теңіздің айдаһары көрінді – жер қозғалады» деп ырымдайды. Шынында да, кейбір ірі жер сілкіністері алдында жағалауда қылыш балықтардың табылғаны тіркелген.

Ғылым не дейді?

Ғалымдардың айтуынша, қылыш балық пен жер сілкінісі арасында тікелей байланыс жоқ. Балықтың су бетіне шығуы көбіне:

  • теңіз суының температурасының өзгеруімен;
  • уланудан немесе әлсіреуден;
  • дауылдан кейінгі ағысқа ілесумен;
  • экологиялық жағдайдың нашарлауымен түсіндіріледі.

Дегенмен, терең су жануарлары кейде жер қыртысындағы сейсмикалық толқындарды немесе қысым өзгерісін ертерек сезуі мүмкін деген де болжам бар. Сондықтан халық арасында қалыптасқан ырымды мүлде жоққа шығаруға да болмайды.

Қорытынды

Қылыш балықтың су бетіне шығуы – әрдайым апаттың дәл хабаршысы емес. Бұл көбіне табиғаттағы экологиялық өзгерістердің белгісі. Дегенмен, мұхит түбіндегі тіршілік иесінің әдеттен тыс мінез-құлқы адамдарды ойландырмай қоймайды. Сол себепті қылыш балық ежелден бері «табиғаттың жасырын ескертушісі» ретінде қабылданып келеді.

Махаббаттағы үндемес шындықтар

 

el24.kz Махаббат – ең тәтті әрі ең күрделі сезімдердің бірі. Көп жағдайда адамдар бір-бірін жақсы көріп тұрып та түсінісе алмайды. Себебі әркімнің сезімді жеткізу, қамқорлық білдіру тәсілі әртүрлі.

 1. «Мен сені сүйемін» деудің орнына ісімен дәлелдеу

Кей ер адамдар сезімін сөзбен айтуға қысылады. Бірақ ол сүйіктісінің көлігін жөндеп берсе, жұмыстан шаршап келсе де дүкенге барып азық-түлік әкелсе – бұл да «Мен сені жақсы көремін» дегеннің белгісі.
Мысал: Айдос сүйіктісіне гүл сыйламайды, бірақ қыста әр таң сайын оның көлігін қардан тазартып қояды. Бұл – қамқорлық арқылы махаббатты білдіру.

 2. Ұсақ-түйекке мән беру – үлкен сезімнің белгісі

Әйелдер көбіне ұсақ-түйекті есте сақтайды. Сүйіктісі бірде жай ғана «сенің сүйікті тортың осы ма?» деп дүкеннен соны әкелсе – жүрекке жол табады.
Мысал: Әсем туған күнінде қымбат сыйлық күтпеді, бірақ жұбайының «сен алғаш айтқан арманыңды есімде сақтадым» деп фотоаппарат сыйлағаны оған ерекше әсер етті.

 3. Үндемеу де – жауап

Кейде қарым-қатынастағы ең ауыр нәрсе – сөздің жоқтығы. Егер жан жарыңыз ашық сөйлескісі келмесе, бұл суып кеткен сезімнің белгісі болуы мүмкін. Мұндай кезде үндемей күткеннен гөрі, әңгімелесуге тырысқан дұрыс.
Мысал: Жанар күйеуінің бұрынғыдай хабарласуды қойғанын байқады. Әңгімеге тартқанда ғана оның жұмыстағы қиындықтардан қашып жүргенін түсінді. Егер үндемесе, бұл түсініспеушілікке айналар еді.


 Қорытынды: қарым-қатынаста ең бастысы – бір-бірін есту және түсінуге тырысу. Кейде бір ауыз жылы сөз, кейде кішкентай әрекет үлкен махаббатты сақтап қалады.