Президент табиғи апаттан зардап шеккен аймақтарда баға өсіміне жол бермеу қажеттігін айтты

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев табиғи апаттан зардап шеккен аймақтардағы азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін айрықша бақылауда ұстау және бағаның өсуіне жол бермеу қажет екеніне тағы да назар аударды.

Бұл туралы Президент 12 сәуірде өткен су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың отырысында айтты.

  Сондай-ақ Мемлекет басшысы азаматтар үшін әуе және темір жол көліктеріне билеттің қымбаттауына жол беруге болмайтынын ескертті. "Үкімет пен әкімдіктер зардап шеккен адамдарды орналастыру, оларға қажетті көмек беру мәселелерін тез арада шешуге тиіс.

Қазір бұл жұмыстар атқарылып жатыр. Эвакуациялық пункттердегі жағдайды тұрақты бақылауда ұстау керек. Жоғалған құжаттарды қалпына келтіру, құқықтық және психологиялық көмек көрсету пункттерін жедел ұйымдастыру қажет.

Айтпақшы, жоғалған құжаттар да проблема болады. Адамдар үйлерін асығыс тастап кетті. Құжаттарын қалпына келтіруге көмектесу керек. Жағдай өте күрделі аудандарда қоғамдық штабтар орналастырылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілсін", – деді Президент.

Жиын барысында Денсаулық сақтау министрлігіне Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге еліміздегі санитариялық-эпидемиологиялық және эпизоотиялық жағдайға бақылауды күшейтіп, тәулік бойы мониторинг жүргізу, сондай-ақ көппәтерлі үйлерге, әлеуметтік және басқа да нысандарға дезинфекция жасау жөнінде тапсырма берілді. 

Су тасқынына байланысты жұқпалы аурулардың таралып жатқаны және эпидемиологиялық жағдайдың нашарлағаны туралы әлеуметтік желілерде жарияланған ақпарат расталмады.

Президент бірқатар отандасымызды арнайы төсбелгімен марапаттады

 

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен халықтар арасында бейбiтшiлiктi, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға, мемлекеттік тілді дамытуға сiңiрген еңбегi үшiн бірқатар отандастарымыз марапатталды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті.

 Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен халықтар арасында бейбiтшiлiктi, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға, мемлекеттік тілді дамытуға сiңiрген еңбегi үшiн:

▪️Астана қаласы Қайырбеков атындағы №2 мектеп мұғалімі Шнайдер Елизавета Александровна ІІ дәрежелі «Достық» орденімен;

▪️ «Қазақстан украиндарының радасы» бірлестігінің төрағасы Тимощенко Юрий Евгениевич, мемлекет және қоғам қайраткері Ахмадиев Мурат Абдуреимович, «Дустлик» Қазақстан өзбектерінің этномәдени қауымдастығы төрағасының орынбасары Шарипов Хасан Халматович «Ел бірлігі» орденімен;

▪️ Степногорск балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің оқытушысы Дураченко Николай Николаевич, Атырау қалалық №3 мектеп-гимназиясының мұғалімі Любина Татьяна Нестеровна «Ерен еңбегі үшін» медалімен;

▪️Өскемен металлургия кешені Мырыш зауытының күйдірушісі Панасюк Сергей Александрович, Ұлытау облысы Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының аккомпаниаторы Побединский Аркадий Николаевич, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының бөлімше командирі Пономаренко Кирилл Алексеевич, Ақмола облысы Арайлы ауылы орта мектебінің мұғалімі Ирубаева Анастасия Валерьевна «Шапағат» медалімен;

▪️Қазақстан халқы Ассамблеясы Шығыс Қазақстан облысы ғылыми-эксперттік тобының төрағасы Краснобаева Нелли Леонидовна, Қарағанды облысындағы «Ассамблея жастары» өкілдігінің төрағасы Урмашов Александр Николаевич, Жетісу облысы «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Усанова Руфина Касымовна Қазақстан Республикасы Президентінің Алғысымен марапатталды. 

Бұған дейін хабарлағанмыздай, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясының отырысы өтті. 

Қазақстанда міндетті екпелердің жаңа тізімі бекітілді: бұл туралы не белгілі?

 

Наурыздан бастап қазақстандықтар түрлі вирусқа қарсы екпе алуға міндеттеледі. Бұл туралы Денсаулық министрлігі хабарлаған еді. 

Министрлік мәліметінше, енді медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде тегін екпе алуға болады.

Адам папилломасы вирусы туғызған аурулар міндетті профилактикалық екпе жүргізетін аурулардың тізбесіне енгізілді- деп хабарлайды el24.kz тілшісі Massaget.kzке сілтеме жасап.

Міндетті екпелердің жаңа тізімі бекітілді:

1) жоспарлы профилактикалық екпелер:
- "А" вирустық гепатиті;
- "В" вирустық гепатиті;
-b типті гемофильді инфекция;
-дифтерия;
-көкжөтел;
-қызылша;
-қызамық;
-пневмококк инфекциясы;
- полиомиелит;
- сіреспе;
- туберкулез;
-эпидемиялық паротит;

2) эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша профилактикалық екпелер:
- "А" вирустық гепатиті;
- "В" вирустық гепатиті;
- дифтерия;
- көктемгі-жазғы кене энцефалиті;
- күйдіргі;
-құтырма;
- қызылша;
- қызамық;
- оба;
- сіреспе;
- туляремия;
- тұмау;
- іш сүзегі;
- эпидемиялық паротит.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымын ескере отырып, 6 жастағы балаларды (1-сынып) туберкулезге қарсы ревакцинацияланбайды;

Министрлік өкілдерінің айтуынша, профилактикалық екпелерге қаржы жергілікті бюджеттен бөлінеді.

"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 85-бабының 4-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ тұлғалар инфекциялық және паразиттік ауруларға қарсы профилактикалық екпелерді алуға міндетті.

Бірақ қазақстандықтар вакцинациядан бас тартуға құқылы. Бұл Кодекстің 77-бабында айтылған. 

Республикада профилактикалық екпелер туралы деректерді тіркеу мақсатында "Вакцинация" модулі жұмыс істейді. "Вакцинация" модулі - вакцинациялар туралы деректер қоры.

Денсаулық сақтау министрілігі екпе алатындарға кеңес берді. 

"Профилактикалық екпелер туралы ақпаратты ресми және сенімді дереккөздерінен алу қажет. Вакцинациялау туралы ақпараттық материалдар Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің ресми сайттар мен аккаунттарда орналастырылады. Сонымен қатар, вакциналар туралы толық ақпарат алу үшін EGU.kz платформасына және вакцинациялау бойынша Call-орталыққа (жедел желі нөмірі 7701) жүгінуге болады", - делінген хабарламада. 

 

Салтанат Нүкенованың ағасы көпшілікті алаяқтардан сақ болуға шақырды

 

Белгісіз біреулер марқұм Салтанат Нүкенованың есімін пайдаланып, жұрттан ақша жинаған.

Белгісіз біреулер марқұм Салтанат Нүкенованың есімін пайдаланып, жұрттан ақша жинаған. Бұл жайлы Салтанаттың ағасы Айтбек Амангелді Instagram-дағы парақшасында ескерту жасады.

Айтбек Амангелді осы уақытқа дейін ешқандай ақша жинамағанын айтып, Ішкі істер министрлігінен алаяқтарды ұстауды сұрады. Айтуынша, емге ақша жинау үшін марқұм қарындасының суретін пайдаланып жүргендер бар. 

«Емге ақша жинау үшін Салтанаттың суреті мен видеоларын пайдаланғандардан өшіруді талап етемін. Салтанаттың суретін қаралым жинау үшін пайдаланғандары жиіркенішті. Әсіресе, оның суретін курсын сату үшін пайдаланғандар өте төмен дәрежедегі іске барды. Адамның қайғысына жанашырлық таныта отырып, өзінің реквизитін жазып қою дұрыс емес», – деді Айтбек Амангелді. 

Айтбек Амангелді көпшілікті осындай алаяқтардан сақ болуға шақырды. 

Алматы қаласында металл қоймайсы өртенді

 

Алматы қаласы Жетісу ауданында металл қоймайсы өртенді.

Төтеншеліктердің мәліметінше, алдын ала болжам бойынша қызыл жалын 200 шаршы метр аумақты шарпыған. Оқиға орнына өрт сөндірушілер дереу жетіп, өрт толығымен сөндіріліді. Зардап шеккендер жоқ.

Қазіргі таңда өрттің шығу себебі анықталып жатыр.

Өліміне бастығын кінәлап хат қалдырған: Түркістан облысында полиция майоры өзіне қол салды

 

33 жасында өмірден өткен марқұмның туыстары кінәлі адам табылып, өз жазасын алса екен дейді.

Түркістан облысында полиция майоры өзіне қол салып, ажал құшты. Ал, марқұмның мәйітінің жанынан өлер алдындағы қоштасу хаты табылды,-деп хабарлайды el24.kz тілшісі Aikyn.kz.ке сілтеме жасап.

Ол жерде тәртіп сақшысы өліміне бастығын кінәлаған. Содан бері ес жия алмай жүрген Жүзеевтер отбасы арада екі ай өтсе де тергеудің мардымсыз жүріп жатқанын айтады. Және қысымнан қайтыс болды деген ұлдарының ажалына себеп болғандардың қатаң түрде жазалануын талап етіп отыр.

Оtyrar.kz басылымы жазғандай, Әзіретәлі Жүзеевтің ұлы Ратбек Жүзеев биыл 12 наурыз күні өз-өзіне қол жұмсап қайтыс болды. Аудандық полиция бөлімінде майор шенінде қызмет еткен ұлының басшылықтан қысым көргенін айтқан әке, баласының қазасынан бір күн алдын бөлім бастығы өзін шақырғанын айтады.

«11 күні кешкі 17:00-де полиция бастығы Қуашбаев Ғалымжан маған звондады. «Сіз Ратбектің папасысыз ба?» деп, «Иә» дедім. «Сіз келіп кетіңіз маған, Ратбектің артынан қылмыс қозғалайын деп жатыр» деді. 240 мың ақша мылтыққа қарыз екен деп. 240 мың қарыз болса, мен-ақ бере салайын» дедім. «Онда ертең балаңызды ертіп келіңіз» деді», - дейді марқұмның әкесі Әзіретәлі Жүзеев.

Кездесуден шыққан соң, әкесі дереу ұлына хабарласып мән-жайды сұраған. Ратбек бастығының өзінен «орнын босатуды талап еткенін, келіспеген соң, өзі жоқ кезде қызметін ауыстырып жібергенін» жеткізіпті.

«Әкесіне, нағашысына қару істеп бергенмін. Сол нәрсенің бәрін тегін істеп бергенмін. «Ішкендерің, лишениеге кеткендерге толтырған протоколдарды жоқ қылып, ақшасын маған әкеп бер» деді. Мен «ол тірлікті істей алмаймын» дедім. «Істемесең орныңды босат» деді. Істейтін, ақша алатын адам орныңа табылады. Сонымен мені қызметтен босатты», деп айтты ұлым»,- дейді марқұмның әкесі.

Полиция бөлімінің бастығы Ратбек көз жұмғаннан кейін, 16 күн өткен соң келді дейді марқұмның анасы. Көңіл айтуға келген кезінде, полиция майорын «мінезі қызметіне тура келмейтіндіктен» басқа орынға ауыстырғанын айтты дейді қайғыдан қан жұтқан ана.

Жақындары Ратбек Жүзеевке қысым көрсетілгеніне сенімді. Сөздерінше, ол өлер алдында хат жазып қалдырыпты. Марқұм хатта ата-анасы мен балаларын жақсы көретінін айтып, өз өліміне кінәлі адамның аты-жөнін жазып кеткен.

«7 наурыз күні «мама, мен сізді жақсы көрем» деп жазған. Сол кезде қарындастарына да жазыпты, бірақ оны мейрамға жазған шығар деп ойладық. 12 наурыз күні «мама кешіріңізші» деп жазғаннан кейін, неге бұлай жазды деп өзіне звондадым. Алмаған соң, қызына звондадым. Ол «маған да сүйтіп жазды, местоположение» жіберді деді. Онысы несі, «өлсең осы жерден тауып аласыңдар» дегені шығар деп, іздеп, қызым мен күйеу балам тапты ғой», - деді марқұмның анасы Күлжамаш Жүзеева.

33 жасында өмірден өткен марқұмның туыстары кінәлі адам табылып, өз жазасын алса екен дейді.

«Егер пара алса, қалай мынадай үйде отырамыз. Әдемі үйде отырмаймыз ба? Жөндеу жасамаймыз ба?! Қан жұтып, зарлап еңіреп отырмыз. Қайғырып, баламыздан айырылып. Жап-жас өмірден өтті. Артында жары мен бала шағасы қалды. Кінәлі адам әлі жүр, жұмыс істеп, ешқандай жаза қолданылған жоқ. Әділеттілік іздеймін!», - деді марқұмның анасы Күлжамаш Жүзеева.

Ордабасы аудандық полициясындағы қызметкерлер Ғалымжан Қуашбаев әкіммен есеп беру жиналысына кеткенін, ресми жауапты облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі беретінін айтты.

Ал аудандық әкімдіктің баспасөз хатшысы полиция бастығының әкімнің қабылдауында екенін жоққа шығарды. Туыстарының қолындағы қаулыға сәйкес аталған жайтқа байланысты Қылмыстық кодекстің 105-бабы бойынша іс қозғалғаны жазылған. Айта кетейік, қайғылы оқиғаға қатысты облыстық Полиция департаменті бастығына ресми сұраныс хат жолданды.

«Түркістан облысы Ордабасы ауданында полиция қызметкерінің өз-өзіне қол жұмсау фактісі бойынша тергеу жүргізілуде. Барлық жағдайлар анықталуда. Сонымен қатар, ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіндегі өзге де ақпараттар жария етілмейді», - делінген Түркістан облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарламасында.

Айта кетейік, марқұм Ратбек Жүзеевтің артында 2 ұл, бір қызы қалды.