Өзбек ақыны Шахло Ахророваның бір топ өлеңдері. Аударған; Сұлухан Мыңбаева.

 

Сізді сүйіп

Жақын екен жалған-шынның аралары
Жанға батты көңілдің көп жаралары
Жасқа толды көзіміздің қаралары
Жаным,қате қылмадым ба,сізді сүйіп?

Білдірмедім,кірбің түссе қабағыма
Кесіп алдым тікен батса,табаныма
Үмітпенен дір-дір еткен бұ жаныма
Тағы жапа қылмадым ба,сізді сүйіп?

Байқаусызда жол үстінде түртіп өткен,
Қызғалдақтың күлтесіндей сілкіп өткен
Неткен сезім,жүрек қылын шертіп өткен,
Басқа бәле қылмадым ба,сізді сүйіп?

Жүрегімнің түп-түбінде арман қалған
Бар бақытқа сенбейтұғын күмән қалған
Бұ дүниенің майданынан аман қалған
Ділді ада қылмадым ба,сізді сүйіп?

Арым биік,айта алмадым хәлім,сізге
Амал бар ма,күнім қалды ,залым сізге
Көңілімді қалдырсаң обалым сізге
Тәркі дүния қылмадым ба,сізді сүйіп?!

Жаңа жылға тілек

Жаңа жыл,өзіңнен ғұмыр тілейін
Нұрыңды тәу етіп,көзге сүрейін
Ақ қардай сезім бер,алып жүрейін,
Күмістен соғылған тақ  ала келші.

Мәрт боп кел,иілген басты көрмейін,
Халқыма атылған тасты көрмейін,
Мейір тола көзде жасты көрмейін
Қадірді халқыма нақ ала келші.

Бұл елдің жағдайын диқаннан сұра
Таудай боп үйілген қырманнан сұра
Назар сап көктерге,аспаннан сұра
Абырой артатын шақ ала келші.

Махаббат ол сезім көңіл жайнайтын
Мас болып,сазына бұлбұл сайрайтын
Сүйгендер ешқашан серттен таймайтын
Махаббат ала кел,ант ала келші.

Жаңа жыл,әпсана болшы бұл түнде
Бір бақыт ұялап тұрды күлкімде
Кел,сырлас болайық,тұрма,іркілме
Тылсым бір ғажайып сәт ала келші.

Балам деп от болып,күйген еліме
Ақыным деп мені сүйген еліме
Көңілге жақсылық түйген еліме
Мәртебе ала кел,бақ ала келші!

 

Аппақ қарым

Аппақ қарым,аппақ нұрдай
Төселсінші жолыңа.
Армандарым орындалып 
Бақыт қонсын қолыма.

Үмітімді жалғап сізге
Іштей тағы сүйіндім.
Ағарсын деп көңіліңіз
Аппақ қарға сиындым.

Сізді құшып ақ сезімім
Кірпігіме қонады.
Сізге деген сағынышым
Білмем,қашан тынады.

Қар паршаға айналуда
Көңілдегі қатпаралар.
Таптап өтсең амалсыздан
Жылап қалар ақ қарлар.

Құлақ салсаң сыбырласып
Қайталайды есімім.
Төбеңізден мейір шашып
Қағар көңіл есігін.

Құшақ жайып жауған қарға
Ақ сезімге бөлендім.
Іштей тағы тілек айтып
Ғажап күйге кенелдім.

Аппақ қардай келші сүйіп
Салмай мені әуреге.
Еріп кетсем мейлің,еді
Басым қойып кеудеңе.

Аппақ қарым,ақ нұр болып
Төселсінші жолыңа.
Осы жолмен жүріп келші
Сені күтем сағына…

***
Жұдырықтай жүрегіңе сыймадым,
Арманыңмен тілегіңе сыймадым,
Сөзге қалай сыйдырамын сезімді?

Сыймай жерге,көк аспанда самғадым
Дүниенің төрт бұрышын шарладым,
Адасып қап,таппай жүрмін өзімді.

Қарашықтан қан тамады нетейін,
Көңіл дертті,жан жаралы нетейін,
Барасың-ау,мені отта жандырып.

Бұл жанымды қайда көміп кетейін,
Көздерімді қалай жұмып өтейін
Сүйгенімді біреулерге қалдырып?!

 

Туылған күнің

Бүгін сенің туылған күнің
Жүрегімнен тұрмын үн қатып.
Бұл әлемде маған тірек боп 
Жүруіңнің өз бір бақыт!

Бүгін сенің туылған күнің
Құттықтаймын қалай өзіңді?
Жүрегімді тұтып қолыңа
Сыйлайын ба албырт сезімді?

Бүгін сенің туылған күнің
Қуанышың мол болсын,айнам.
Сенің ізің қалған жолдардан
Жүруімнің өзі бір мейрам.

Сені құшып,ғажап күй кешіп
Мен де туғандаймын жаңадан.
Бақыттымын! Сімірем ішіп
Сен тыныстап тұрған ауадан.

Бұл әлемде махаббат барда
Бәрі ғажап,бәрі де көркем!
Менің үшін жаратты Алла
Сен мен үшін туылдың еркем!

 

Кел жүрегім,сырласайық

Көзді ілмей ессіз түнді таңға ұлап,
Дұға етші,екеумізге төзім сұрап,
Аялайын,ал ,сен менің басым сылап
Кел,жүрегім таң атқанша сырласайық.

Махаббат алдады қасы қаламды айтып,
Шер тарқатам осы таңға наламды айтып
Кеуде тұсым соққылайсың,жараңды айтып
Кел,одан да таң атқанша сырласайық.

Ах дей берме азабыңа жоқ бір шара
Ғашықтардың жүрегіндей жоқ нысана
Амал бар ма,екеуміздей жоқ бишара
Кел жүрегім таң атқанша сырласайық.

Күліп тұрған жайран көзі арбап кетті
Сүйдім-күйдім деген сөзі баурап кетті
Екеумізді жалғыз өзі алдап кетті
Кел,жүрегім,таң атқанша сырласайық.

Көңілдерді байлаған жіп үзілді ме
Айт біз қалып,жар өзгеге сүзілді ме
Екеумізге бақ қамалы бұзылды ма
Кел жүрегім таң атқанша сырласайық .

Сүю деген жүректегі шоқ па екен,
Әр сезімі ділге жауған оқ па екен,
Бұ гүлзарда бізге орын жоқ па екен
Кел,жүрегім таң атқанша сырласайық.

Біз де бір күн биіктерге қонармыз-ау,
Бүгін кәріп,ертең сұлтан болармыз-ау,
Опасызға арман болып қалармыз-ау,
Кел,жүрегім,таң атқанша сырласайық...

 

Әке үйі

Әке үйі,ауласында ізім қалған
Әр бұрышта сыңғыр-сыңғыр сөзім қалған
Балапандай шашып жеген тұзым қалған,
Сенде сайран құра алмадым ,әке үйі.

Бір-бірлеп әке,ұшырдың қыздарыңды
Ұмытпаспыз әркез берген тұз-дәміңді
Басқан ізін анашымның іздеп барсақ
Қайта тауып бере алмадың,әке үйім.

Бар тапқанын ішпей,жемей бізге тұтқан
Дертті болса оны айтпай ішке жұтқан
Сәл кешіксек көзі төрт боп,жолды тосқан,
Неге ұл боп жаралмадым ,әке үйі?

Топырағыңда сәби күнім қалып кеткен
Еркелеткен балалығым сонда өткен
Арманымды аспанына алып кеткен
Маған тұрақ болалмадың ,әке үйі.

Шарбақтағы қарлығашты сағындым ,мен
Әкем еккен тал,ағашты сағындым мен,
Анам өрген кекіл шашты сағындым мен
Қызығымды көре алмадың әке үйі.

Күйттеп жүрмін осы шақта өзге мұңды,
Сағынамын әркез айтқан сөздеріңді
Қайдан табам,сенде өткен кездерімді?
Мейірімді шынарларым,әке үйі..!

 

Ана,сізге ғұмыр сұрап

Бір-ақ тілек,бір Аллама
Мазалаған бар арманым,
Ана,сізге ғұмыр сұрап
Хақ алдында тілемшімін.
Сізді түрлі күйге салып
Бір жақсы сөз таба алмадым
Ана,сізді жырламасам
Айтшы қандай өлеңшімін?
Ана сізге ғұмыр сұрап
Қолын жайған тілемшімін.

Бақытымды,шаттығымды
Бөлісетін құрдасым көп,
Қамыққанда жан анашым
Жұбатасың мұңдасым боп,
Ойлап тұрсам бір өзіңнен
Артық ешбір сырласым жоқ
Жан анашым дертіңізден 
Дариядай бір тамшымын
Ана сізге ғұмыр сұрап
Қолын жайған тілемшімін.

Қолым мүмкін,көкке жетті
Бірақ сізге жетпей қалды,
Сөз жаңбырын төкпелетті
Сіз дегенде шектей қалды.
Осы күнге жеткізгенің,
Ұққанымда жан анашым
Жүрегімнен бір өкініш
Түйін болып кетпей қалды.

Дертті берген бір Алла ғой
Дауасын да өзің бергей,
Айығып кет,жан анашым
Дертпен қайғы тағы төнбей,
Мына әлем,дарқан дүние
Жаралған ғой мейіріңнен
Пида болсын табаныңда
Мейірбанға ана,сендей!

Ғұмырымның әрбір сәтін
Сізге тарту етейінші,
Дұға жасап өзің үшін
Дүние асып кетейінші,
Жан анашым аман болшы
Жаздай жүзің жадырасын
Жалғыз ғана өтінішім
Аман болшы,бағыма шын! 

 

Бұл халықты жеңіп болмас!

Топырағыңды қорғап өтер қалқан ел бұ,
Ұлы жолда бара жатқан дарқан ел бұ,
Жомарт ел бұ,салмақты да палуан ел бұ,
Баста доппы,ал,белбеуін шешпес өзбек
Жаннан кешер,тек Отаннан кешпес өзбек.

Дүниені біреу тар, біреулер кең көреді
Базбіреулер арасатта сенделеді,
Қайсы барыс түлкіге өзін тең көреді?
Мықтылардың мекені бұл,арына дақ сала алмассың,
Жаужүректі ел билігін ешбір жаулап ала алмассың.

Тағылымы бабалардан мирас қалған
Құрмет қалған,иман қалған,ықылас қалған,
Пірлерінен дұға сұрап,бата алған
Әулетіне тас атып еш кейіп болмас
Ұстанымы түзу елдің еңсесін еш иіп болмас.

Небір мәрттер келіп кетті өзі білер,
Тұз дәміңе түкіргендер тұзы білер,
Оған ақыл үйретпеңіз ,өзі білер
Гүл бағына тікенекті егіп болмас
Гүл жүректі мемлекетті жеңіп болмас.

Біреу шеттен бұ жұртқа тон пішпек болар,
Қыздарының ар көйлегін шешпек болар,
Шәрбат ұсынған қолдан қан ішпек болар,
Кішіпейіл елді қорқақ деуге болмас
Ар-намысты бұ халықты жеңіп болмас.

Мейлі болсын,ағылшын мен албаны да,
Өз күніне жақсыменен жаманы да,
Алтын болса да дүниенің төрт жаны да
Отаныңның топырағына теңеп болмас,
Өзіне бек бұ халықты жеңіп болмас!!!

 

Сізге асығып барамын

Кел десеңіз қиыла
Судай тасып барамын,
Сабылысқан ойлармен
Жағаласып барамын.
Ортамызда шың биік
Таудан асып барамын
Есіміңді қайталап
Сізге асығып барамын.

Қуанғанда түңілген
Жылағанымда күлген
Сүйгенімді таусыла
Деліқұлы деп білген
Жаудан асып барамын
Сізге асығып барамын.

Шыныдай сынып барсам
Жылап не күліп барсам
Сағыныштан төгіліп
Қырық бөлекке бөлініп
Әр күні бір туылып
Өліп те хәм тіріліп
Қара түнде қарманып
Құлап,сүрініп барсам
Жүрегімді қан болған
Ұстап жүгіріп барсам.

Гүлдей құлпырып барсам
Күндей ұмтылып барсам
Жан деп толғанып барсам,
Жан деп айналып барсам,
Жаным деп күтер ме едің,
Ханым деп күтер ме едің,
Құлағанда сүйеніш
Барым деп күтер ме едің
Жарым деп күтер ме едің
Бағым деп күтер ме едің
Өзіңізге ынтызар
Зарым деп күтер ме едің?

Қандай күйде жүргенім 
Жалғыз өзіме аян,
Қалай өмір сүргенім
Сыршыл жүзімнен аян.
Көңілімді қинаған
Мұңым көзімнен аян
Сізді қалай сүйгенім
Өртеніп бір күйгенім
Бір құдайым біледі
Соң,өзіңізге аян
Тағы өзіме аян!

Жаным,сүйіп,сүйініп
Бақытты аңсап барамын.
Кел десеңіз қиылып
Сізге асығып барамын...

 

Жақсы көремін

Махаббат көңілге Ай болып батты
Түндерім тауысты кейде тағатты
Кірпігім айқаспай үнсіз таң атты
Жаным-ау,мен сені жақсы көремін.

Мұңымды кеудеме сыйдырып қойған
Жауызсың,өзіңді сүйдіріп қойған
Көрінбей көзімді күйдіріп қойған
Тап осы сезімді  жақсы көремін.

Ақ атпен келер ме,менің Шахзадам,
Қиялым тудырған қане сол Қаған?
Отызда жолықтың кезігіп маған,
Нұр тамған жүзіңді жақсы көремін.

Ойымның түйіні таратылмаған,
Мен Ләйлі,Мәжнүні жаратылмаған.
Дертімнің емі жоқ,бағым жанбаған,
Осынау төзімді жақсы көремін.

Осындай қалыпым,кеудемдегі күй,
Бұл сондай күй,өмір,азабы бақи
Өзім де ұқпаған ғашық- илахи
Мен жалғыз өзіңді жақсы көремін!..