УАҚЫТ ТА ӨЗ ЖҮРЕГІН ТОҚТАТАДЫ 
 
Ол саған өт демейді, кет демейді.
Ештеңеге еркіңді шектемейді.
Көңілге көтере алмас жүк артылса, 
Өмір де өкпелейді.
 
Қалт жіберсең қимасты, оқша атады.
Ол - болмысы. Ешкімде жоқ шатағы.
Бақытқа таяқ тастам жер қалғанда,
Уақыт та өз жүрегін тоқтатады.
 
Дерт жамылып келе ме, жөтеледі.
Шын қаласа, қалдырмас. Не себебі?
Құрдасыңдай қалжыңдас, қар жандырып,
Ажал да әзіліңді көтереді!
 
Көп ізденсең, көп түйін шешіледі.
Бостау болсаң, өз "менің" есіреді.
Өткеніңе өкініп тәубе етсең,
Құдай да кешіреді.
 
Тұнық түннің жанады жаңа шамы.
Берешегі бар және алашағы.
Кедергімен лайықты күресе алсаң,
Тағдыр да талғамыңмен санасады!
 
***
 
Жер бетінде дара болған сезімдердің,
Жөргегінде жараланған сенімдердің,
Тербетілмей, қала қалған көңілдердің -
Білсең
Бәрі дертті.
 
Жапырақсыз, жалаңаш бұтақтардың,
Оқырмансыз, шаң басқан кітаптардың,
Өзін ірі деп білген ұсақтардың -
(Шын, сен)
Сәні кетті.
 
Бірде әлдене үшін алаңдайтын,
Бірде - мұз. 
Бірде от боп алаулайтын,
Бір қалса, ешқашан да жамалмайтын -
Көңіл.
Бәрі де өтті...
 
Мейірім де шуақ боп төгілгенмен,
Қатыгездік болады көбін жеңген.
Өмір кейде әділетсіз көрінгенмен,
Тәңір - Әділетті!
 
***
 
Мен тағдырды тілдемедім, гүл дедім.
Сұлулықпен  үйлеседі гүлге мұң.
Жек көре де, сүйе де алман өмірді.
Ал, Өмір ше?
Білмедім.
 
Күдіктерді тергемедім, жерледім.
Жүрегімнен оларға орын бермедім.
Жалыны өшкен жүректерге шоқ тастап,
Келді үмітпен тербегім.
 
Күнәсі көп күндердің де, түндердің.
Күлтесінде гүлдердің, мен, бірге өлдім..
Ренжіткендер кешірім сұрап үлгермей,
Мен кешіріп үлгердім.
 
Көтере алмай еңсем мұң, теңселдім.
Ақ арманын жарқылындай семсердің,
Ашып айтқан балақайға күлген бар.
Сол арманға мен сендім!
 
Жүрек үнін естимін. Еш күйдің
ырғағына ұқсамайды. Кеш түйдім.
Хақты бір деп танығанда өзгелер,
Мен Құдайды 
Тек сүйдім!
 
***
 
ЖОЛАУШЫМЫЗ
 
Өтпелі ғұмыр - өткелсіз өзен. 
Жүзіп өтуге тиіспіз!
Кедергілердің алып қамалын бұзып өтуге тиіспіз.
Сенімнің көлін лайлап алмай, тұнық етуге тиіспіз. 
Батпақтармен де, 
Соқпақтармен де жүріп өтуге тиіспіз. 
 
Жолаушылармыз
Келеміз бірге, көреміз бірге барлығын.
Біріміз ерте, біріміз кештеу
Бөлігін, яки, қалдығын.
Шамаға қарай жүктеріміз бар, міндет қып баста жүктеген.
Жолаушылармыз
Бұл ұлы сапар! 
Жолымыз әлі бітпеген.
Бұл қызық сапар
Қиындығы бар, жеңілдігі бар көптеген.
Тосын жайлар бар, біз ойламаған, ойлай да алмаған, күтпеген.
Жолдар бар мұнда тарам да тарам, жүрген іздері кеппеген.
Біздердің ұлы арманымыз бар, бағытымыз бар беттеген!.
 
Жолаушылармыз
Жолықты бізге түрлі сапарлас
Айтсақ, айып етпеңдер.
Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен өткендер,
Уәдені үйіп-төгіп, сертінен тайып кеткендер,
Сынаққа түссе сүріне кетпей, сабырын серік еткендер, 
Маңдай терімен еңбек етіп, асына адал жеткендер,
Оларға со-о-ндай мадақ айтардай Көк пен Жер
Мақтансүйгіш, тәкаппар, залым өктемдер.
Өлі балықтай жүзе алмаған, ағыспен бірге кеткендер.
Өзін өзі де тани алмай кеткен, ылғи бетперде кигендер, 
Ғашық жандар
  күмәнсіз сеніп, сүйгендер,
өздері жығылып жатып, сүрінген жанға күлгендер.
Кеткенде өкініп қалмау үшін, азығын жинап жүргендер, 
Алаңсыз жүріп күлгендер менен бәрінің
Баянсыздығын білгендер. 
 
Мұң жебесімен жаралап кеткен, Сағыныш сүйген мерген Күз.
Екпенің бәрін уақыттан алып, өкпенің бәрін көмгенбіз.
Күдікті жеңіп, бақытқа нанып, үмітке аппақ ергенбіз.
Егіліп, сеніп, 
Жеңіліп, жеңіп
Өмірде "өмір" көргенбіз...
Азабын қойшы, көрмеген кімдер?!
Мазағына да көнгенбіз.
Ғажабына да сенгенбіз!
Сынақ деп үлкен, қонақпыз жүрген
Қайту үшін келгенбіз.
 
***
 
Сенің ғана
 
Мәңгі жасыл жапырақ күзімдегі, 
Мұңды көргім келмейді жүзіңдегі.
Менің бала тілегім күл болса да, 
Сенің ғана үмітің үзілмеді! 
 
Сенде ғана сол үміт сөнбейтұғын.
Сөнбейтұғын, сөнуге көнбейтұғын.
Менің дара жүрегім жараланса, 
Сенің ғана мейірің емдейтұғын.
 
Мұңға малып алдым ба, қаламымды?
Өзің ғана жықпаған талабымды.
Жалғыздықты сезініп топ ішінде,
Сенің ғана іздедім жанарыңды.
 
Кей достарға сезім де, сенім де ада.
Өзгертіп жібергендей өмір...
Мама! 
Кең дүниеге сыймаған сәттерде де, 
Құшағыңа сиямын сенің ғана.
 
***
 
Түндегі ойлар қосады мұңыма мұң.
Жан жаураса, хақ сөзге жылынамын.
Мен жылу күткен сәтте, кейбір жандар
Танытқан салқындықтан суынамын.
 
Кілт тоқтай қаламын да, жалт бұрылам.
Шын мұң артық, алдамшы шаттығынан.
Бетпердесі түрленгендер жалықтырған
Шынайы келбетінің жоқтығынан.
 
Ізгілікке толы еді арманым да. 
Бәрі бола бермесін аңдадым ба?
Кейін білдім, өлшеусіз зіл жататынын
Мысқыл күлкілердің ар жағында.
 
Бәрі өткінші, бірі жылап, бірі күлген.
Көп нәрсе талап етем бүгінімнен.
Мен сүрінсем күлгендерден қуат алып, 
Қайта тұрамын, шүкір, тірімін мен!
 
***
 
Беймәлім, білдің бе, білмедің бе...
"Қанша еңбегім бермеді - деп, жемісін"
Сен тағдырға өкпелеп жүргеніңде,
Мен жаңбырда дұға қылдым сен үшін.
 
Өзің ғана мұңға батқан шағыңда,
Ұзап кеткен достарыңды жек көрдің.
Сен мұңайсаң, өзім болдым жаныңда,
Мен қиналсам, өзің бірақ жоқ болдың...
 
Тәуекелшіл сезетіндей жеңерін.
Сәтсіздігін қатар көрсек бір күннің:
Сен - өмірдің күйігіне теңедің.
Мен - көңілдің биігіне ұмтылдым.
 
***
 
Ессіз сүйген есті күндер ескіріп,
Ой бағамын кешкілік.
Қызарамын, құнсызданған қымбат сөз
Құлағыма естіліп...
 
Ертегіге сеніп келді қанша қыз?
Бос сөз. 
Аңыз - нансаңыз.
Сезімдерді үнсіздікте ұлыған, 
Ұқпай келдік қаншамыз?...
 
Жанарына сыйып кеткен жарты әлем.
Бола алмады қаңтар ем.
Күзде өмірге келген сезім сөнгенде
Сізге - дейді, айтар ем.
 
Көктем солай айтатындай мұң шағып.
Көз жасы ма? 
Тұр жауып. 
Сен жаңбырды шексіз сүй! Ол сені
Сүйе алмайды мұншалық!
 
***
 
Күзді қимай тұрса да бұл жүрегім,
Қыс келеді, шығарып салып күзді.
Бір мақсатты бағыт етіп мың жүдедім.
Қайда алып барады бағыт бізді?
 
Қысқы қардың сезімінен безгендейміз...
Түнеп бүгін қалайын қара өлеңде.
Меңіме ұқсап қалам, өзгермей. Күз
Мені де алып кетші сары әлемге!
 
Аласұрып, айырылып төзімнен біз,
Ой құшатын сәттер бар бәрімізде. 
Алып кетші, барлығын, өзіңмен күз, 
Қалып кетті деп жүрейін бәрі күзде...