Кеудеме шамын жағар үміт күліп,
Жіберердей барлығын ұмыттырып,
Не төнсе де сездірмей айналама
Қайғыны да қарсы алам,күліп тұрып.
Қаңқу сөз болса дағы есіткенім,
Көңіліме кірбің сақтап,өшікпедім.
Адамдарды жақсы көргенім соншалық
Дұшпанға да есігім ашық менің.
Сыйласа да біреулер жаныма мұң,
Демедім пешенемді соры қалың,
Жақсыларды көргенде жарқылдаған
Жан қинаған сезімнен арыламын.
Жақсылардың қасынан табыламын,
Мейірдің шырағы боп жағыламын.
...Ізгілік деп аталатын ақ сезімнің
Мөлдірінен мойыншақ тағынамын!
БІР АРМАНЫМ
Жыр жолдарын тылсымнан жандандырып
Өлеңдерде жүрек боп соғып тұрсам.
Аңызды ақиқатқа айналдырып
Тарихты ұрпақтарға таныстырсам.
Бабалардың өсиеттеп үлгермеген
Сөздерін көкейдегі толықтырсам
Халқымды жақсылыққа жаны жақын
Кәусар боп,өлеңіммен қанықтырсам.
Мейлің жұлдыз болмайын көк аспанда
Жерді-ақ өз нұрыммен жарық қылсам.
Ұмытылмай әрбір ұрпақ жүрегінде
Бір арманым,от болып жанып тұрсам!!!
КҮНДЕЛІК ДӘПТЕРІМ
Дәптерімде бейнеленген әр күнім,
Бойымдағы қасиетім. Барлығым.
Ақ парақта күңіренер зар -мұңым,
Ақ парақта тұнып тұрар тағдырым...
Тәңірімнің аты бар мұнда
Мен табынып,бас ұрған.
Көңіл -күйім теңіз болып тасынған.
Дала үні бар,
Жеткен сан мың ғасырдан.
Жырларым бар,
Қуат алған жасыннан.
Махаббат бар,
Жүрегіме таңба болып басылған.
Ақ арман бар,
Тілеп жүрген жасымнан.
Иә,иә,
бәрін-бәрін таба аласыз
Іздесеңіз менің сырлы досымнан.
Табылады бәрі-бәрі осыннан...
Құпиям да сізге сенбей жасырған.
ӘЖЕ
Бір бұрышта отырып жіп иіретін
Еркелеп,қуансақ тек сүйінетін.
Балалық ой екен-ау,асыл әжем
Мәңгі тірі жүретіндей түйілетін.
Ұлағат тамып тұрар үгітінен
Сіңдірген бар мақсатын үмітімен.
Көзің деп сақтап қойдым ақ шәліні
Тоқыған ақ серкенің түбітінен.
Санасатын тек ата-дәстүрімен,
Жүн түтіп,кілем тоқып,басқұрымен.
Қайда барса оралып етегіне
Бір елі қалмайтынмын жас күнімнен.
Әжем байғұс жүретін алмай тыным
Әжемсіз ешбір шаруа болмайтұғын.
Кейде шатақ шығарып өкпелесем
Құрт беріп,мейіз беріп алдайтұғын.
Әрбір сөзі біз үшін көркем ілім,
Сыры мол,сендік айтқан ертегінің.
Пейілің неткен жомарт,дарқан еді
Көтерген немеренің еркелігін?!
Биік-биік шыңдарға өрледім мен
Өнеге алып өмірлік өрнегіңнен.
Әжетай,сенесің бе сеннен кейін
Ешкімге де еркелеп көрмедім мен...
Ұрпағың өсіп-өнген қыз -ұлменен
Үзігі ізгіліктің үзілмеген.
Жүріп келем өмірде тоқтамастан
Әжетай,сенің салған ізіңменен!
...Бір бұрышта отырып жіп иіретін
Еркелеп,қуансақ тек сүйінетін.
Балалық ой екен-ау,асыл әжем
Мәңгі тірі жүретіндей түйілетін.
Соғыс жайлы
Сөз қозғайтын атам жастық жастанып,
Соғыс жайлы әңгімелер басталып...
Кемсең -кемсең етіп ұзақ сөйлейтін
Сақалына жанарынан жас тамып.
Еее...
Ол күндердің ауыр болды салмағы.
Соғыс небір алыптарды жалмады.
Бірге ойнап сауық құрған достардың
Еш болмаса бірі тірі қалмады.
Бір досымды ен далаға жерледім
Түс сияқты осы күні көргенім.
Менің көрген күндерімді е құдай
Бере көрме,ешқайсына пенденің!
Жолдастардай жаныңдағы болар кім?
Баспайды орнын ешбір пенде олардың!
Көпшілік боп аттанып ек кетерде
Қайтарымда жалғыз өзім оралдым.
Келдім дағы ауылымның шетіне
Ұзақ тұрдым өміріме өкіне.
Қанша жанның жараладым жүрегін
Кібіртіктеп,қарай алмай бетіне.
Пенде ме едік мұң мен зарға жаралған?
Соғысты деп үзілді үміт,сан арман.
Қанша боздақ отау құрмай,жер құшты
Өкінішті! Қалмады ұрпақ солардан.
Соқыр соғыс әкелген-ді мол қайғы.
Шаттық кетіп,нұрлы жүзден әр тайды.
Босағаны енді ғана аттаған
Жап-жас келін жарын күтіп қартайды.
Балалық шақ жапырағы тоналған.
Аяғы күс,алақаны қабарған.
Белкүректен белі сынған бөбектің
Кім қайтарад(ы) бал -бақытын жоғалған???
Аттандырған жанының бір бөлегін
О Аналар,неғылған сен өр едің?!
Қан жұтқанын көршісіне сездірмей
Алатұғын егістіктен әлемін...
Сөз қозғайтын атам жастық жастанып.
Соғыс жайлы әңгімелер басталып.
Кемсең-кемсең етіп ұзақ сөйлейтін
Сақалына жанарынан жас тамып...
Айға қарап
Өзеннің баяу аққан сылдырынан,
Мөлдіреген мөлтек бір,сырды ұғынам.
Мақпал түнге малынып,тамылжыған
Көк жүзінде әуелеп тұрды бір ән.
Айға қарап көл бетінде дірілдеген,
Ғайыптан ғашығымның түрін көрем.
Алыстан қол бұлғайды маған қарап
Сүйіктімнің бейнесі күлімдеген.
Ай барып бұлт артына тығылмашы,
Көк жүзі сен де бірден құбылмашы.
Самал-жел сәлем айтшы сүйгеніме
Мен болып құлағына сыбырлашы.
Бір тілек тілейінші тұра қалып,
Төбемде тұр перілер шырақ алып.
Қиялым саған қарай ұшсам дейді
Періштенің қанатын сұрап алып.
Күн өртеніп
Япыр-ай,жалындап тұр,Күн өртеніп,
Жерге аспан алғандай түгел төніп,
Тірі жан сая іздеп сабылады
Дегендей енді қайтіп күнелтелік?
Жандырады жан-жағын Күн лапылдап,
Гүлқайырда шама жоқ ырғатылмақ,
Сықырлап,сыйдияды құр сүлдері
Құрбаны боп жалынның бұл да тынбақ.
Керімсал келемеждер қырсыққандай,
Дүние дем жетпестен тұншыққандай,
Тірі пенде түгілі,құлақ түрсем,
Тастан да аянышты үн шыққандай...
Қырлары Қыңырақтың қыбыр етпей,
Жатыр әне сағымды сүгіреттей.
Елестетіп дозақтың көрінісін
Күн төнеді төбемнен Құдіреттей
Қисайып Қыңыраққа асылды Күн
Кешкендей өтпейтін бір ғасырды күн...
Бағдаршам
Қызыл рең жастық шағым жайқалған,
Өн бойымнан паң қасиет байқалған.
Өрекпіген от сезімім япыр-ай,
Жүйрік пе деп ойлап қалам сайтаннан?!
Бағдаршамның сары түсі- сағыныш!
Алай-дүлей арпалыспен сабылыс.
Кешірмейтін кездері бар өмірдің
Бір қадамды кейде бассаң жаңылыс.
Ал,жасыл түс жаннат түсі,зиялы,
Көкірегіме тамылжып нұр құяды.
Тұтас әлем, көктеп тұрған табиғат
Жап-жасыл боп жанарыма сияды.
Осы шығар,өмірдегі несібем,
Кейде осылай қаламыммен көсілем.
Бағдаршамның бағытына бағынып
Мен де өтіп барам өмір көшімен...
Сұлухан Мыңбай
Сарыағаш.