Таңсәуле Әгенқызы

Аңсау...

От алатын жарқылдаған жасыннан,
Сен ұшқынсың, жүрегіме жасырған.
Ешқашанда жете алмаспын өзіңе,
Ассам-дағы қанша қырдан, асудан.


Алыстағы арманымсың тым аппақ,
Көңілімде қалшы мәңгі тұрақтап.
Сен дегенде дамыл таппас қиялым,
Мені еріксіз әкетеді жыраққа ап.

Сансыратты сырбаз сезім кеш гүлдеп,
Көктемдегі қызғалдақ боп өстің кеп.
Сенен өзге ешкімді де көрмеймін,
Жүрегімде сенен басқа ешкім жоқ.

Жүрегімде сенен өзге жоқ ешкім,
Сондықтан да өзгелерден ерексің!
Жабырқатса жұмбақ сезім жанымды,
Жо-жоқ қалқам, сен кінәлі емессің!

 

*****

Жаралған сендік күн едім,
Шуағын төккен биіктен,
Біреуді мендей ұнатып,
Өзгені менше сүйіп пе ең?

Қыз көңіл қанша сағынса,
Өзіңді соған қиып па ең,
Мөлт еткен жасқа ғашық боп,
Мөлтілдек көзді сүйіп пе ең?

Арайлап алдан таң атса,
Сен келер деген күдікпен,
Жолыңа үнсіз көз артып,
Сағындым сені біліп пе ең?

Баянсыз бақты арман қып,
Аққан жұлдызға іліккем,
Сезімнің мұнша боларын,
Сезінсем дағы біліп пе ем?

Көнбейді жүрек дегенге,
Ұнатар деген үмітте ем,
Күн шығыс жаққа қараймын,
Сен келер деген үмітпен...




Қарағанды
Таңсәуле Әгенқызы

 

 

* * **
Мұң дейме қайғы дейме қарсы келем,
Өзің(із)ді өмірімнен жақсы көрем,
Дауа жоқ жүректің бұл сыздауына,
Сағынышты сарғайған жаншыды өлең.

Сіз есіме түскенде тұманданам,
Тәңір босқа бермеген шыдам маған.
Қара аспанға қараймын жеті түнде,
Сізбе деп шоқ жүлдызды сыр аңдаған.

Деймін де қиялымнан жерінемін,
Еріксіз сағынышқа берілемін,
Тереңіне батамын қалың ойдың,
Сыртым бүтін жүрекпен егілемін

Болмасада махаббат тірегіміз,
Ақын қыздың таусылмас жыры едіңіз
Пәк сезімнің бағасын биік ұстап,
Сағынып жүрейікші біреуіміз!

 

****

Сағындым,
Сарбаздау суйдірген жүзіңді,
Көзіңді мөлдіреп нұр тұнған.
Тағыда ғашық боп қалар едім,
Бір көрсем бейнеңді сыртыңнан.

Аңсадым,
Сезімнің біз татқан бал шағын,
Шаршадым жүректі жарса мұң.
Сезімнен баз кешіп кетер ем,
Жүрекке жұлқынған келсе әлім.

Бақтарға біз жүрген аралап,
Кешқұрым сені іздеп барамын,
Сол күні маған кеп түйіскен,
Күтердей бейне қос жанарың.

Неліктен сол бейнең қалды есте?
Бейне бір қанжардай тілді кеп,
Тағдырға еш өкпе арытпаймын,
Бәріне кінәлі қу жүрек..

 

****
Жаратқан бақыт сыйлаған,
Шүкірлік етем, шүкірлік,
Сарқылмас шабыт қи маған,
Ойлата көрме күпірлік.

Жаныма азық қара өлең,
Тайпалтып жолға саламын,
Дарабоз жүйрік дара емен
Еншімді бірақ аламын,

Қарама менің көзіме,
Тұрсада жасқа малынып,
Сенесің әйтеу сөзіме,
Аласың еске сағынып,

Өкпешіл, өктем емеспін,
Жақсыға жаттық етпеймін,
Ақымақ, ақын егеспен
Тасқа да гүл боп көктеймін...

Сөндіре көрме жаратқан,
Жаны бар оттың оттығын,
Жанынан жылу таратқан
Қара өлең менің шоқтығым