Әміртай Мейрамбек Сәрсенбек ұлы 28.01.1995 жылы ,Қарағанды облысы
Ақтоғай ауданында дүниеге келген. Қазіргі Қарағанды облысында, жеке меншік филиал да жұмыс атқарады. Жас талапкердің өлеңдері «Балқаш өңірі» газетінде жарық көрген.
Жабырқадым жанымның мұңы тынбай,
Шытынадым қаңтардың шынысындай.
Мен кеткенде ұмытып көп адамды,
Сен қалғансың жүректе ұмытылмай.
Өкініштен келсе де сан жылағың,
Ешкімге əсер етпейді сандырағың.
Аралында теңіздің үріккен құс,
Маралындай даланың мəңгі бағым.
Таласың жоқ тағдырдың талабына,
Ғұмыр сүрсең, сүресің ала-құла..
..Мен өлеңді жазамын өзің үшін,
Жан бітіріп кеткесін қаламыма..
Есіңе көп түсірме сағынып тым,
(Көңілді өтсін сендегі жазы жұрттың.)
Ақсораңнан мен саған сəлем айтам,
Басына шық сол күні Қазығұрттың...
Дұрыс шықпай жанарыма күн көптен,
Өмір осы.. қабағымыз бұлтты өпкен.
Өзім ұшып бармағасын Арқадан,
Өзің ұшып келмедің бе Шымкенттен?!
Мен туралы сырың қандай жасырын?
(Ғашық жандар ұғады екен ғашығын.)
СарыАрқада сенделемін сені іздеп,
Оңтүстікте не істеп жүрсің? Асылым..
Кейінгі кез есіме кеп көп менің,
Сезім-алау, жұта бердім от демін.
Астанаға кеш келетін көктемдей,
Жүрегіме кеш кезіккен көктемім!
Қанша кетті танысқалы ауып ай,
Жүз құбылған жүректердің дауылы-ай..
Шуақтанып отырсың ба күбірлеп,
Алматының апортына ауымай?!
Дұрыс шықпай жанарыма күн көптен,
Өмір осы.. қабағымыз бұлтты өпкен.
Өзім ұшып бармағасын Арқадан,
Өзің ұшып келмедің бе Шымкенттен?!
Сағындым
Сағындым.. Төл мұрасын,
Күңіреніп шерткен..
Қоңыр кеште..
Әкемнің домбырасын.
Жанымды еріткен,
Сол күн еске..
Түседі..
Сорлы басым,
Енді ұғып жатыр.. тамсанғаныңды,
Неліктен.. ән салғаныңды..
Жанарға толды жасым.
Әр перзент.. қуат алар,
Шынарын іздейді екен..
Гүлдейді жаңадан.
(Бәрінде түп Ата бар..)
Жалғасын үзбейді екен,
Тамыры тараған..
Түсіндім..
Сана сабыры шын
керек екен..
..Бала сағынышын,
бөлек екен.
..Әке сені.
Ой мынау күрмеліп күрең,
Ағын жылдарда..
Есеріп, білмедік білем..
..жат есебі
жаңылдырғанда.
Биігім.. Қорғаным арлы,
Жетпейтін иық тіресіп..
Мен үшін..
Пенде саған.
Торлады жанды..
Сағыныш, ұйытқып есіп..
Жемісің..
Сен десе алаң
Күнгейден күйікті кешіп.
Барамын.. Ойланам, мүлде
жолымды ұзақ тостырдым.
Қой бағам бірге..
Шертемін көп сырдың
бәрін.. жайнаған түнде.
Күтеді асыға (Дос-құрбым)
айдалам күнде...
Анам кетті
Анам кетті,
Жаз кетті,
Күзде кетті,
Қыс мезгілі бұрыпты бізге бетті.
Азынап - ақ ақырған Ақпаныңа ,
Баяндап тұр қазірден түз деректі.
Тиеді ме бұл қыстың жанға себі,
Жанға себі тие ме, бар ма әсері?!
Жүр, тарқамай жүректің таңда шері.
Жұрт төбесі көрінсе , еске түсер,
Құрт көжесі Анамның дәмді ас еді.
Мен есіктен кіргенде қуанатын,
Мейірімі жаныңды суаратын..
Кім бар дейсің өзіңдей..
(Жүрегімде,
Әрбір күні жазылып тұрады атың!)
Сенгісіз ғой өмірден өткенің де ,
Жыл толады келетін көктемімде!
Тау ұлыңның күн болмай төбесінен ,
Ауылымның жатырсың бөктерінде!
Бір қыз жүр күтіп көктемді,
Бір қыз жүр күтіп көктемді,
Көктемнен күтіп өткенді..
Гүлдерін әсем сағынып,
Қар басқан анау бөктердің.
Бір қыз жүр күтіп кештерін,
Кештерін, білмей нестерін..
Ақша бұлттардың тезірек,
Ақшам да ауып көшкенін..
Бір қыз жүр күтіп тағдырын,
Тағдырдан күтіп таң нұрын.
Түсіне кіріп - Ханзада,
Ішіне жиып бар мұңын.
Бір қыз жүр жазып атымды,
Оқиды мүмкін хатымды?
..Сол қыз жүр күтіп ақынды,
Жыр жаза алсам ғой татымды.