Тағдырымды жасағам жоқ қолменен,
Кедергі көп, бұралаң көп жол дер ем .
Үйден күліп басталғанмен әр күнің,
Күйбең тірлік килігеді көлденең.
Өз отыңды өзің ғана жағарсың,
Отбасында еленеді бағаң шын.
Нәпақаңа нанғың келіп тұрса да,
Нан іздейтін перзентіңе алаңсың.
Сапар солай, илеуіме көн дейді,
Баяғыдай сезім түске енбейді.
Достарыңмен дырду жүріс шаршатар,
Алапестей бірақ болғың келмейді.
Уақыт бір сәт тоқтап шіркін қалған ба?
Өмір осы ұмтылыс бар, талғам бар.
Жұмырбасты болғаннан соң жұлысып,
Жүйкеңді де тоздыратын жандар бар.
Мақсатыңа жете алмайсың кіл жатып,
Анаң сынды қамқоршы емес бұл уақыт.
Өрде өкініш құлатқанмен тосыннан,
Бір бағыттан шақырады бір бақыт.
Дәм-тұз бітпей түспессің-ау қорымға,
Жеңісің де, жеңіліс те қолыңда.
Қызың өсіп, ержеткен ұл тұрғанда,
Байғұс өлең күтіп қалар жолыңда...
“...өлең жазбай кеттің” дейсің сен маған.
Нұрғиса Төремұратов