Кенжебек Ақерке Əбілбекқызы 1991 жылы Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Ақбастау ауылында қарапайым қазақ отбасында дүниеге келді. Ол ең алғаш 8 жасынан бастап өлең жаза бастады. Өзінің алғашқы жүрекжарды шығармасын анасы Ұлбосынға арнап, "Ана" атты өлеңімен қаламын ұштады. 2012 жылы тамыз айында Ақерке Кенжебектің алғашқы жеке шығармашылық кеші өткізілді. 2013 жылы өткен республикалық "Бəріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз" атты конкурсқа "Алтын қауырсын" номинациясы бойынша қатысып, жүлделі 1 орынды иеленді. Оның "Əкеме", "Анашым", "Ата-анама", "Алғашқы ұстаз", "Тəуелсіздік таңы", "Астанам", "Өмір сүргім келеді", "Өкініш", "Түн" т.б. көптеген өлеңдері бар. 2014 жылы "Сенім" баспасынан Ақеркенің "Махаббат бағы" атты алғашқы жыр жинағы басылып шықты.

 

 

Ата-анама

Ризамын, анашым мен өзіңе, 
Құлақ салып тыңдаймын əр сөзіңе.
Шүкіршілік етемін бір Аллаға,
Бала еткен дəл өзіңдей жан анаға!

Өсірдің ана бізді мінсіз қылып,
Қасымызда əрдайым өзің жүріп.
Үйреттің əділдік пен адалдықты, 
Мейірім мен махаббатты, адамдықты.

Ризамын əкетайым сізге де мен, 
Құрметім шексіз əке сізге деген!
Қамқоршы, қолдаушым да бола білдің, 
Кем қылмай ешнəрседен бізді өсірдің.

Мақтанамын сендей əкем барына, 
Тəубе деймін əке сенің барыңа! 
Аман жүрші əке əркез қасымда, 
Біздер үшін қартайсаң да жасыма!

Қорықпаймын ештеңеден сіздер барда, 
Бір Алладан сұрайтыным ата-анама, 
Денсаулықты, ұзақ өмір, мол бақытты.
Айырмасын ата-анадан Алла бізді!

 

Тəуелсіздік таңы

Тəуелсіздік нұрын шашты жеріме, 
Менің байтақ кең өлкелі еліме! 
Талай жылдар аңсап келген бұл күнге, 
Міне биыл жиырма жылдық мереке!

Тəуелсіздік таңы атты даламда, 
Азат елміз, тəуелсізбіз ешкімге! 
Қазағымның көк байрағы желбіреп, 
Шарықтап тұр əн ұраным аспанда!

Тəуелсіздік туын ұстап жастарым, 
Салыңдаршы қане əнге достарым. 
Таусылмасын ешқашанда тойларың, 
Тəуелсіздік таңы мəңгі жасасын!

Жасай берсін тəуелсіздік жасасын! 
Гүлге орасын қазағымның даласын! 
Өсе берсін, өне берсін, талмасын, 
Жайнай берсін көшінен еш қалмасын!

Жайқалған кең пейілді дастарханың, 
Қазағым осы еді ғой басты арманың! 
Сыйдырып құшағыңа қанша жұртты, 
Жоқ шығар жер бетінде біздей мықты!

Айта аламын мақтанышпен мен атыңды, 
Кеңге жайып бұл əлемге қанатымды. 
Өзің барда, мен де бармын қазағым, 
Əлі талай атыңды мен жазамын!

 

Мен қазақ баласымын

Тербейді бойымды тұнық сырлар, 
Жүрегімде толып жатқан түрлі жырлар. 
Айқайлап шартарапқа жар саламын, 
Мен бүгін қазағым деп жыр жазамын!

Өкінбеймін қаным қазақ болғанына, 
Өмірге қазақ атын жазғаныма. 
Сірə да бұл ғаламда ел жетпейді, 
Қазақтай кең байтақ ен далама!

Мен-қазақ баласымын, жаным нəзік, 
Дегенмен сөзім өткір, ойым анық. 
Көкейде толып жатқан сұрақтарды, 
Ақ қағазға бүгін міне жыр ақтарды.

Тəуелсізбіз, егеменді елміз бүгін, 
Шаңырақ та, кереге де бəрі бүтін. 
Он жеті миллион халқы бар Қазақстан, 
Өз тілін ақсаңдатпай жүрсе-ау шіркін!

Біз өсеміз, өнеміз, өркендейміз, 
Тəуелсіз елімізді мекендейміз. 
Бірақ та тілімізді түземесек, 
Қалайша алдыға біз жетелейміз?!

Болашағы қазақтың біздерміз ғой, 
Ата-баба қалдырған іздерміз ғой, 
Тілімізді бүгінде жөндемесек, 
Қазақ аты қалайша өркендемек?!

 

Өмір сүргім келеді

Самал болып, желдей ескім келеді,
Күндей болып, жарық бергім келеді, 
Құстай болып, самғап ұшқым келеді, 
Бəрінен де өмір сүргім келеді!

Ей, адамдар, өмір қысқа білсеңдер, 
Неге қатал тағдырым деп жүрсеңдер. 
Бəрі бекер, өте шығар бір күнде, 
Сондықтан сен бұл өмірден түңілме!

Білемін ғой, төзу қиын тағдырға,
Бұлттар төніп, 
Жаумайтын ба еді жаңбырда. 
Асау тағдыр қанша сынға алса да, 
Тек берілме, саған қарсы тұрса да!

Қаншама адам өтіп жатыр өмірден, 
Бірақ олар өшпек емес, көңілден! 
Сол сияқты сен де бір күні өтерсің, 
Жанып өшкен жұлдыздай боп сөнерсің.

Əттең-ай деп, сол сəттерде қаларсың, 
Босқа өткен өміріңе наларсың. 
Неге ғана түк бітірмей қалдым деп, 
Бар кінəні тағдырыңа жабарсың.

Алсаң егер өз-өзіңді қолға сен, 
Арманыңа, мұратыңа жетерсің. 
Қарсы тұрсаң бəрінде сен жеңерсің, 
Өміріңнің мəнін сонда сезерсің!

 

Туған жерім-Жуалым

Туып өстім тамаша Жуалымда! 
Жуып өскем бетімді бұлағында. 
Тамылжыған табиғат кең далама, 
Мың төгілер жүректен жыр ағыла!

Жуалыда балалық күнім өткен, 
Маңдайымнан мақпалды түнім өпкен. 
Сан арманға беріліп ұйықтап кетіп, 
Оянамын ақ таңға бір үмітпен.

Ғажапсың ғой, тіршілік өмір неткен! 
Көркем өлкем жанымды көңілді еткен! 
Бұл аймақта Баукеңдей батырлармен, 
Шерхандай аталарым туып өскен.

Талай ақын өзіңді жырлап кеткен, 
Қойнауың бар құпия сырға бүккен. 
Қасиетін өлкемнің өрнек етіп, 
Мен өлеңмен мəңгілік жырлап өтем!