Тасқын Болатұлы – 1998 жылы 16 ақпанда Тарбағатай ауданына қарасты Шолақ Орда аулында дүние есігін ашқан. С. Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың студенті. Өскемен қаласындағы «Шабыт» ақындар мектебінің мүшесі.
ҚАЗАНДА ЖАУҒАН ҚАР
Дейін бе мен «жұлдыз теңі»,
«Ай теңі»,
Теңеу таппас тілді қайттім келтелеу...
Мен қалпымда жүре берсем қайтеді,
Ақымақтау...
Аңғалдау һәм
Еркелеу?..
Қазан неге қарға бөкті қапыда,
Неге ертерек өзгерді?
Мынау әлем іштен тынып жатыр, ә,
Баурына алып бау құлпырған кездерді.
Біз білмейміз бұ жайында әу бастан,
Сенде және менде кінә жоқ тағы.
Сұп-суық қар...
Сұп-суық қар жаумастан
Еріп жатқан жоқ па, әні!
Жақсы күн бар!
Жаусын күздің ақ қары.
Көрсетпейді қыс тепкі.
Суық қар да еріп жатқан жоқ па, әні,
Сүйген жанның реніші іспетті.
Қара қыз-ай, аппақ қана Ай теңі,
Ал қара күз келтелеу...
Мен қалпымда қала берсем қайтеді,
Еркіндеу де,
Еркелеу?..
ДОМБЫРА
Ғажап-ай сенің қоңыр үніңдегі,
Ойлантқан, толғандырған бүгін мені.
Домбырам қой ішекті, шайтан тиек,
Арманым саған ауған тілімдегі.
Досым-ау, табармысың тартсаң төзім,
Бұл ағаш – күйзелсең күй, айтсаң сөзің.
Бес саусақ өрден төмен құлағанда,
Тарихқа терең сүңгіп қайтсаңшы өзің.
«Қазақ кім?
Түзде жортқан құлан ба екен?
Құланнан ажал тапқан ұлан ба екен?
Ежелден атажұрты – Тұран мекен,
Тұранның елі қашан жұбанды екен?»
Күйіңді тыңдата бер бауырға бар,
Тыңдасын құймақұлақ, жалынжанар.
Мен болсам аспандатып ән салайын,
Домбырам тозса тозар, әнім қалар.
Қу ағаш тозса тозсын, әні қалсын,
Бабасын туажаты танып алсын.
Тірілтпек болса бізді, үйеңкінің
түбінен домбыра ғып шауып алсын.
... Ғажап-ай сенің қоңыр үніңдегі,
Ойларға жетелеген бүгін мені.
Сен менің сөйлеп тұрған шежіремсің,
Сен менің арманымсың тілімдегі.
СЕРІК ҒАБДУЛЛАҰЛЫНА
«Бармаңдар ақынды жұрт жерлегенде»
М. Мақатаев
Көргенім жоқ тірісінде ақынды,
Барғаным жоқ сапарына ақырғы.
«Келме!» – деді Мұқағали өтінді,
«Барма!» – деді Мұқағали ақырды.
Ақынды ақын түсінбесе, кім ұғар,
Құстар сынды олардың да тілі бар.
Бір көшеде қатар келе жатып та,
Дауыстамай сөйлеседі ұлылар.
Олар, тіпті, мың-мыңсайрам бақтарды;
Бақ ішінде жанып жатқан оттарды;
Жанған отты уыстаған сұлуды
Бір-ақ шумақ өлең екен деп қалды.
Ақын солай қалды есінде елінің,
Ақ бұлтқа орап түсініксіз өмірін.
Өлең келді аттандырып серігін,
Өлең келді: «Оралды, – деп, – Серігің!»
Өлең келді!
Өлең келді, бауырым,
Мен Серікті өлең ғой деп таныдым.