(әңгіме)

Айгүл ЖҰБАНЫШ

Таң қылаң бере бастағанда көзім ілініп кеткен екен, қалта телефоныма Мая есімді құрбым: «Өмір мен өлімге анықтама берші?» деп хабарлама жіберіпті. «Өмір – мен үшін жарық әлем, жарқын болашақ. Өлім – қара түнек, қураған сүйек» деп жа-уап қайтардым. Бірер уақыттан соң ол қоңырау шалды. 

 


– Ұйықтап жатырсың ба?

– Біраз қисайып көз шырымын алдым.

– Сол ұйықтағаның жарайды. Біле білсең, ұйқы – өлімнің кіші түрі.

– Өмір мен өлімді өзің қалай түсінесің?

– Мен үшін өмір – биік шың тәрізді. Қанша өрмелесең де, шыңға жету қиын. Ал өлім өмірден әлдеқайда жеңілірек көрінеді. Ажал тырнағына ілсе болды, шыңырау шұңқырға батыра салады.

– Соңғы уақытта өлім туралы жиі ойла-натын болыпсың? 

– Түсіме құрсағымда жатқан нәрестем кірді. Ер бала екен деймін. Өзі біртүрлі көңілсіз. Үй алдына екі үлкен сөмкені көтеріп әкеліп: «Анашым, қайсысын ала-сыз?» – деді. «Мұның ішінде не бар?» деп ем: «Ақ сөмкеде – Өмір, ал қара сөмкеде – Өлім», – деді. Мен сөмкенің біріне қолымды созып жатып, оянып кеттім. 

– Егер түсің өңіңе айналса қай сөмкені таңдар едің? 

– Ойланбастан қара сөмкені арқалап ке-тер ем...

– Осыншама қатігез болар ма едің?!

– Түсінесің бе, мен оның өрісін кеңейткім келмейді! Ел бетіне қалай қараймын. Мені қойшы, анам жер бетін басып жүре алмай қалады ғой. 

«Мұны ертерек ойлануың керек еді», – дегім келді де, тілімді тістей қойдым. 

– Мен сенің түсіңді жорып көрейін. Бұл тегін түс емес. Бәлкім, түсік жасатпассың. Жатырдағы нәресте өзінің жарық дүниені көре алмайтынын біліп, түсіңе кірген. Де-мек, бұл тегін бала емес. Екі сөмке дегенің – ырыс-несібе... 

Ол менің сөзімді жақтырмай, әңгімені кілт тоқтатты. 

– Бала кезімде марқұм әжемнің аузынан «некесіз бала туғаннан сақта» деген сөзді жиі еститінмін... 

Телефон желісі үзіліп кетті. Шамасы Маяның қалта телефонында бірлік таусыл-са керек.

Әсілінде мен Маяны жек көрем. Екеуміз жатақхананың аядай бөлмесінде екі жыл бірге тұрдық. Сырт көзге салмақты көрінгенімен, бұл қыз қашанда ер жігіттердің назарында жүруді қалайтын. Ойнап жүріп от басқан түрі, міне, осы. Оқуға келген жылы анасына: «Қандай сәтте де бір-бірімізге демеу боламыз», – деп уәде берген едім. «Уәде – құдайдың сөзі». 

Мая қайта қоңырау шалды. 

– Мені жек көретініңді сеземін. Бірақ мұндай қиын сәтте адам досын жар жолда қалдырмас болар?

– Мынадай қылығыңнан кейін сені әсте досым деп атауымның өзі қиын. 

Ол жауап қайтармады. Жылағандай сезілді маған. Жылап, жеңілдеп алсын деп тіл қатпадым. Көздің жасы төгілгенімен, көңілдің дертін жуу қиын. Аяп кеттім. 

– Мая, баланың әкесіне түсіңді айтып көрсең қалай болады? Бәлкім, ойланар. Үйлену тойын жасарсыңдар...

– Айттым... Ол да қара сөмкені таңдады...

– Қатігезсіңдер! 

– Өзімнің көз алдымда өзім солып бара жатырмын. Маған ұрыса бермеші. 

Телефон үзіліп кетті. Қайта қоңырау ша-лып ем, сөндірулі. Мен Маяның жігітімен кездесуді жөн көрдім...

***

– «Сәбидің бәрі бақытты, 

болуы үшін жаралған», 
– 


деген ән жолдарын естіген боларсыз.

– Қазақша әндерді көп тыңдай бермеймін. 

– Сіз өмірге келгеніңізге қуанасыз ба?

– Әлбетте.

– Өмір сізге несімен қымбат?

– Сіз біртүрлі қияли қыз екенсіз! Ол маған қарап тарқылдап күлді. 

– Жауапсыз қалғым келмейді. 

– Өмір – қайта айналып келмейтін сәттерімен қымбат. Жүресің, көресің деген-дей. Ал, өлім – ол енді мәңгілік ұйықтау. 

– Бәлкім, Маяның құрсағындағы сәбиіңіздің жарық әлемді көру бақытына сіз себепші боларсыз? 

Ол ыршып түсті. «Жоқ, мен дәрігерлермен келісіп қойдым». 

– Мая сәбиді дүниеге әкелсе болды, біздің Лира есімді құрбымыз асырап ала-ды. Лираға ана болу бақыты бұйырмаған. Түсінесіз бе?

– Мен «ұрпағымды» әркімге тарататын жынды емеспін. 

– Ендеше, мен сіздің үстіңізден шағымданамын. 

– «Екеудің ісіне ессіз түседі» дегенді ұмытпағайсыз...

Ол мұнан ары менің сөзіме құлақ аспады. Айтқан «ақылым» желге ұшты. Шетелдік қымбат көлігіне мінді де, лезде ғайып болды. Мен бұрқыраған шаңның астына көміліп қала бердім.

***

Лира екеуміз Мая мен әлгі жылпос жігіт келген жеке клиникаға жете алар емеспіз. «Осы сәбиді құшағыма алуды нәсіп ете гөр», – деп Лира жылап келеді. Клини-ка табалдырығынан аттауымыз мұң екен, қолына шағын әдемі сөмке ұстаған жылпос жігіт дәрігерге алғысын айтып жатыр екен. Біз кеш қалдық... 

Жылпос жігіт жөніне кетті. Сәлден соң клиникадан аяғын ілби басып Мая шықты. Әлсіз. Қолында қара сөмке. Мен алғаш рет құрбымнан жирендім. Ол мен үшін пайдалануға жарамай қалған ескі сөмкеге ұқсап кетті. 

«... Ақ сөмкеде – Өмір, ал қара сөмкеде – Өлім». Қайсысын таңдайсыз, анашым?»

                                                                                                               alashainasy.kz