Әдеттегідей түн қараңғылығы түрілмей орнынан тұрып, елең-алаңда әуежайға жеткен. Тіркеуден өтіп, күту залына келгенде таң енді ғана сібірлеп ата бастап еді. Өмірі азаматтарша ат үстінде өтіп келе жатқан Айсәуле мұндай тағдырға көндіккелі қашан…
Ұшаққа кіріп келе жатып, оң жақ екінші қатардағы орамалды егделеу әйелге көзі түскен. Таныс жүз көзіне жылыұшырағандай болды. Мынау Күнзила апа емес пе?! Амандаспаққа ұмсына беріп, әйелдің үстіндегі қара көйлекке көзі түскенде, жүрегіне кенет шаншу қадалғандай кілт тоқтады. Жадында жаңғырып, санасын тіліп өткен шар еткен дауыс еді шаншудай қадалған: «Ол менің анам емес!».
Көзі тұманданып кетсе де, өзін әрең ұстап, орнына қарай жылжыды. Жаңғырық дауыс ойынан кетер емес: «Ол менің анам емес!»… Сол бір сәт көз алдына қайта-қайта елестеп, жол бойы жанарына жас келе берді.
* * *
Бұл осыдан екі жыл бұрын болған еді. Шалғай түкпірдегі ауданда іссапарда жүрген Айсәуле мұндай оқиғаға куә боламын деп ойламаған. Әдеттегідей ел аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жүрген. Кезекті бір жиыннан кейін Айсәулеге қабағына кірбің ұялаған қартаң әйел жақын келді.
− Қызым, саған айтайын деген сөзім бар еді…
Кібіртіктеп тұрған ананың оңаша сөйлескісі келгенін сезіп, Айсәуле көпшіліктен оқшаулана берді.
− Айтқаныңның бәрі көңіліме қонды, қарағым. Ел ішін жайлаған бір дерт болды ғой бұл дінбұзарлар. Көзімнің ағы мен қарасындай жалғыз қызым бар еді. Осыларға еріп…
Ана көзінің жасын сүртті. − Өзі де бағы ашылмай, отасқан жерінен қайтып келіп еді. Алты жасар қызы менің қолымда өсіп келеді. Қамкөңіл ғой деп, қызымды бетінен қақпай, қалаға жібердім. Азын-аулақ оқуымен жап-жақсы жұмыс істеп жүрген. Біраздан бері елге соқпай кетіп еді. Жұмыс бабымен жүр ғой деп мән бермегенмін. Жақында ғана қалаға барғанда көрдім. Қара жамылып… адам танығысыз өзгеріпті. Өз қызымды өзім танымай қалдым. Бауырың суып кеткендей бір жаман күй кешеді екенсің… Сөзіме құлақ аспады. Бездеңдеп, сөзуар болып алыпты. Бәріне мені кінәлап шыға келетін әдет тауыпты…
Ана біраз солқылдап жылап алды. Аздап шері тарқағандай болып, қайта сөзін жалғады. − Сол қызым бүгін келетін еді, қарағым. Түс ауа қылаң беріп қалса керек. Ертең қайтамын дегеніңді естіген соң келіп тұрмын. Сөзің сай-сүйегімізді сырқыратты ғой, бір ауыз сөйлесіп кетші қызыммен. Бәлкім беті бері қарап қалар…
Тұрғын жайларды біраз аралаған Айсәуле қасындағы жолдастарымен уәделі жайға бесін ауа жеткен. Бұлар аулаға кіргенде қуыршағын бұлғаңдатып ойнап жүрген бес-алты жасар сүп-сүйкімді қыз бала жалт қарап, сәл аңтарылып тұрды да, кенет не істеу керегі есіне түскендей: − Сәлеметсіз бе! − деді еркелей, соза сөйлеп. Содан кейін өз қылығынан өзі ұялғандай жүгіре басып, үйге қарай жөнелді. Табалдырықтан тапыр-тұпыр аттап барады. Қарсы алдынан есікті аша берген апасын құшақтай алып, әлденені асыға сыбырлады да, ішке кіріп кетті.
Ана жымиып, бұларға қарай жүрді: − Келіп қалдыңдар ма, қарақтарым? Әлгі қыз кешігіп жатыр, неге екенін… Жүріңдер, үйге кіріңдер…
Айтып ауыз жиғанша болмай, есік алдына жеңіл машина келіп тоқтады. Ашық тұрған қақпаға бәрі бірдей бұрылған. Қақпадан қара киімді келіншек кіріп келе жатты. Қолына ұстаған бумалары бар, өзі тұмшаланып алған. Ыстық күн, шаңдақ жол әбігерге салса керек, қабағы кіржиіңкі. Жер сүйреткен етегі аулаға біраз қоқысты ала кірді, ұсақ тікендер де жабысып қалыпты. Қақпа алдында қау тікен өсіп тұрған-ды, желмен желбіреген етек соған тиіп кеткен тәрізді. Келіншек бұларға тұнжырай қарап, ерін ұшымен сәлемдесті де, үйге қарай өте берді. Баспалдақтың алдында тұрған анасымен де салқын амандасып, сәл кідірді.
Анасы бір нәрселерді сыбырлаған соң, келіншек артына бұрылып, бұларға жақындады. Сол сәтте есік айқара ашылып, үйден қыздың жүгіріп шыға келгені. Машинаның тоқтаған даусын естіп шыққан болса керек. Баспалдақпен тапырлай түсіп келе жатқан қыз бала бастапқыда ештеңені аңдай қойған жоқ. – Байқа, қызым, құлап қалма! − деп алдынан қолын жая берген апасына қарамай, қарсыға бір-ақ аттаған қыз кенет қара киінген әйелді көріп, шар ете қалды. Жалт бұрылып, апасының құшағына кірді де кетті. Еңірей жылап, артына қарағыштап, апасының құшағынан сытылып шығып, артына тығылуға жанталасуда.
− Қызым-ай, қорықпа, не болды сонша шошып? Қорықпа! Анаң ғой ол! − деп апасы қызды қайта-қайта құшақтап, маңдайынан иіскеп, жұбатуға тырысып жатыр. «Анаң ғой!» дегенді естігенде кішкентай қыз бір сәтке есін жиғандай, шошына әрі аңтарыла артына бұрылған. Келіншек бірер қадам алға басқаны сол еді, қыз тағы да шар ете қалып, апасының қолынан жұлқынып шығып, үйге жанұшыра жүгірді: − Ол менің анам емес! Ол менің анам емес!
Шырқырай жылаған қыздың сол даусы Айсәуленің құлағында біржола қалып қойды…
* * *
…Ұшақ Атырауға келіп қонды. Бұлар жиын өтетін жерге де жеткен. Таныс зал, бейтаныс жүздер. Осыдан небәрі үш жыл бұрын осы залда Ақ Жайықтың бойын дүр сілкіндірген дүбірлі жиын өткен-ді. Тыңдағанның таңдайын қақтырған, көрген де арманда, көрмеген де арманда болған сол жиын жайлы Атырау тұрғындары талайға дейін тамсана айтып жүргенін естіген-ді Айсәуле. Сол жиында «Қыз Жібек» клубының тұсауы кесілген болатын.
Әлі есінде, алдыңғы қатарда абыз ақсақалдар, олардың соңын ала бере қарқарадай болып, ақ кимешекті аналар тізіліп отырған еді. Осы елдің зиялы қауымы, жақсы мен жайсаңы, өндірдей жастары, қызғалдақтай қыздары молынан жиналып, келелі кеңес құрған бір ғажайып сәт болып еді. Самғау шақ… Қанатталды күй…
Ал бүгін… Айсәуле көшкен елдің жұртына келгендей хәл кешті. Күйі кетіп, киесі ұшқан мына залға қарап тұрып, аңырап бір жылағысы келді. Залдың алдыңғы қатарынан осы елдің азын-аулақ тізгін ұстарлары орын алыпты. Олардың өзі Абай айтқан «заманақыр жастары»: бір-бірімен басы қосылмай, тарыдай шашыла қалған. Залдың дені студент жастар. Кең залдың әр жерінен бір егде жастағы әйелдер байқалады. Орта буын өкілдері де сиректеу. Ақ жаулықты аналардың орны үңірейіп тұр…
Жоқ, үңірейген орын залда емес, жүректе еді. Үш сағатқа созылған алқалы жиынның қақ төрінде отырып, Айсәуле сол қуысты толтыра алмады. Залда жаулықтылар жоқ емес еді, бірақ олар… басқа болатын… Орамалдарын алқымынан ала буынып, көлкілдеген кең көйлектерінің етегіне шалыныса жаздап, залға жап-жас қыздар бірінен соң бірі келіп жайғасып жатты… Мөлдіреген жастар… Жо-жоқ, оларға енді «мөлдіреген» деген теңеуді қолдану артық болар… Уыздай жас болса да, мына ерсі киіністері не қыз екенін, не әйел екенін ажыраттырмас еді.
Сол көлкілдеген қара көйлектінің бірі президиумға Айсәуленің жанына жайғасты. Әңгіме ұлттық құндылықтар жайында еді. Айсәуледен кейін сөз алған көлбең қара киімді әйел де дәстүрлі құндылықтар жайлы сөз қозғады…
Иә-ә-ә… Ақырзаманның жақындағаны осы шығар… «Би жоқта құл жүреді жораларға, Ит жоқта шошқа үреді қораларға» деген мақалды әжесі марқұм әлдекімдерге кейігенде жиі аузына алушы еді. Құндылықтың төресі сол ақ жаулықты әжеде еді.
…Әжесінің әжім торлаған нұрлы жүзі әлі күнге көз алдында. Ұсақ гүлді әдемі көйлегін, барқыт камзолын киіп, ақ орамалын желкеден орай байлап, екі ұшын алдына түсіріп қоятын (анасы да дәл солай тартушы еді-ау орамалды). Сол жаулықтың ұшымен кейде жасаураған жанарын сүртетін.
Қара киімді жаратпаушы еді жарықтық. Баларақ кезінен есінде қалыпты, бірде бойжетіп қалған ортаншы әпкесінің дүкеннен ақ гүлді, төсегі қара көйлек сатып алғаны бар. Ұсақ ақ гүлдері қанша көп әрі әдемі болғанымен, негізі қара болған соң, көйлек бәрібір күңгірт түстеніп тұрады екен. Әжесінің екі көзі бірдей нашар көретін (бертінде мүлде зағип болып қалды), соның өзінде көйлектің қою түсін байқап қалып: – Қап-қара етіп, қайдағы жоқты шығарып, мынасы несі? Жас адам деген жарқырап киінер болар еді, – деп тәуір-ақ кейігені бар…
Осыларды есіне алып отырған Айсәуленің көзі қарсы алдында залдың екінші шетінде кіре беріс есіктің жанында тұрған қыз балаға түсті. Қара орамалын бастыра байлаған қызға қараған сәтінде санасында тағы да шар еткен дауыс жаңғырықты: «Ол менің анам емес!»…
Орамалды қыз басқа дүниенің бәрін ұмытқандай қасындағы бала жігітке әлденені тоқтаусыз сөйлеп, езу жимай күле береді. Арасында еркелеп сүйкеніп, жігітті әр жерінен бір нұқып қояды. Бұлаң қағып, қайта-қайта тиісіп, тыным таптырар емес. Қарсы алдындағы көріністі еріксіз ұзақ бақылаған Айсәуле жауап таба алмайтын тағы бір сұрағын еске алды: «Осылар «иман» дегенді қалай түсінеді екен?».
Көзі қайта-қайта тұманытып кете берді. Жанарын жастан ала қашқандай, кең залды көзімен тынымсыз шарлап отырып, ақыры іздегенін тапқандай болды: сол жақ шетте, үшінші қатарда ақ сақалды қария мен ақ жаулықты ана қатар отыр екен. Ана орамалын тура әжесі секілді орай салып, қос ұшын алдына түсіріп қойыпты… Жиын бітіп, президиумнан түсісімен солай қарай жүрді. Бірақ қос қарияға жетіп болар емес, Айсәуленің тілінен емес, тілім-тілім жүрегінен жарып шыққан сөздерге тәнті болған көпшілік қаумалап босатар түрі жоқ. Ақыры жетті-ау.
− Сіздерге арнайы амандасайын деп келдім, апа. Тура менің әжеме ұқсайды екенсіз. Ол кісі де орамалды сіз құсап тағушы еді. Осы залда сізден басқа ешкім олай киінбепті. Сіздер кеткен соң кімге қарар екенбіз… сағынышпен… Кімге қарап аналарымызды еске алар екенбіз?!
Көмейіне өксік кептеліп қалған соң, ары қарайғы сөздерді ойша айтып жатты: «Кімге қарап елжірейміз? Кімге қарап еркелейміз? Кімге қарап, өзімізді, өткенімізді еске түсіреміз? Кімге қарап бой түзейміз? Кімге қарап ел боламыз? Кімді «ана» деп атаймыз? Өйткені басқалар… ол менің анам емес! Ол менің анам емес!»…
Айтылмай қалған ойларды үнсіз ұғынғандай ақ жаулықты ана орамалының ұшымен көзінің жасын сүртіп тұрды…
Айнұр Әбдірәсілқызы