Бақтыгүл Ауданова
Ауылға бардым. Күні ертең «баяғыда» деп бала күнімізді еске алып отыратын достарыммен кездестім. Арамызда асып кеткен ешкім жоқ. Әйтеуір бәрі бір-бір кәсіпті иеленіп, майда тірлікпен айналысып жүргендер. Ештеңе істемейтін Төлеубектің өзі «таза ауаның директорымын» деп қалжыңдай көкірек қағады.
Мені де алдымен сол Төлеубек іздей келді. Содан кейін бәріміз бас қостық.
– Лира Қоныс дегеннің «Ауыл кеші» деген әңгімесін оқыдың ба? –деді Төлеубек.
– Жақында жарық көрді ме?
– Әнеу күнгі ме. Мен де оқыдым. Самат сөзге араласты.
– Сол әңгімені мына Төлеубек бәрімізге оқытты ғой.
Дастархан басы жым-жырт бола қалды.
– «Жас Алашқа» шығыпты, былтыр шыққан-ау.
Есіме түсе бастады.Өз достарымен кездескендегі алған әсері жайлы болу керек шамасы.
– Маған ұнамады, – деді Төлеубек қабағын түйе отырып. Бейне бір ауыл жастарының бәрі алқаш, бойкүйез, дымбілмес сияқты. Оқып шығып қатты ашуландым емес пе.
– Ия, дұрыс жазбаған. Құрығанда достарының көңіліне қараса еді... Заманбек сол баяғы қалпы ауыр денесін бір қомдап қойып осылай деді.
– Әсіресе «ауыл шеңберінен аспайтын әңгімесі» депті-ау. Ауылда тұратын адамда ауыл шеңберінен асатын қандай әңгіме болуы керек.
Төлеубек стаканын қолына алып көтере салды.
– Бәлкім, саған да біздің ауыл төңірегінен аспайтын әңгімелеріміз ұнамай отырған болар, ә, тілші жолдас?
– Жоқ, – дедім мен Төлеубектің бетімнен шымшымақ болған салалы саусағын алақаныммен кері ысырып.
– Мен сол әңгімелерді сағынып келіп отырмын. Оның қара жұмысқа піскен алақанында менің қолым қуыршақтың қолындай.
– Бәлкім, Лираның сол кездескен ортасы сондай болар.
Заманбектің мына сөзін іштей қоштап қойдым.
– Бәрібір де ауыл жастарының бәріне олай күйе жағуға болмайды. Төлеубек қызып кетті.
– Мен ішемін. Міне ішемін, – деді де ол стакан толы арақты қағып салды.
– Бірақ, бұзықтық жасамаймын., біреудің мазасын алмаймын. Ертең таңертең кәдімгідей тракторыма мініп алып, жұмысыма кете беремін. Ең бастысы өз нанымды өзім тауып жүрмін.
– Ол аспирант, соны көрсетпек болған ғой, – деді Сара.
– Жоқ, әңгіме онда емес. Мен Лираны ақтамақ болдым.
– Не болыпты? Ол аспирант екен деп бәріміздің бірдей аспирант болуымыз міндетті емес шығар. Барлық жастар аспирант, кандидат болып кетсе жерді кім шабады, мақтаны кім егеді?..
– Мен кімнен кеммін? – деді бір сәтте үнсіз отырған Мағираш тілге келіп. Осы жерде отырған бәріңнен жақсы оқығаным рас па? Рас. Мен неге аспирант емеспін? Айтыңдаршы, неге? Мен оқысам, мен ғылым қусам, көзім соқыр, құлағым керең емес. Керек десеңдер бірінші сыныптан он бірінші сыныпқа дейін өткендердің барлығы, сендердің ана топас бастарыңа кірмеген талай формула мына миымда әлі күнге дейін сайрап тұрыпты. Ал, жақсы оқығаннан ғалым болсам мен неге ғалым болмаймын, ә? Ол бәрімізге сұраулы жүзбен бір-бірлеп қарап шықты. Оған дәл қазір батып ешкім ештеңе айта алмады. Өйткені, оның бәрімізден білімді екені белгілі. Себебі, менің ақшам жоқ, міне әңгіме қайда жатыр.
– Грантқа түс, – деді Төлеубек әдейі Мағираштың қитығына тие.
– Грантқа түсіп жатқандар бар ғой. – Бәрі жағалай Төлеубектің сөзін бас изеп қоштай жөнелді.
– Әңгіме оқуға түсумен ғана шектеліп қойса, қанеки. Ары қарай жүріп-тұруың, пәтерің, қағаз-қаламың, киімің мен жейтін асыңның бәрі ақша ғой. Ол үшін де сені оқытуға жағдайы жететін ата-ана керек.
– Дұрыс айтасың, дұрыс.
– Ал менде ондай жағдай жоқ болған соң жүрген жоқпын ба «арқа етім арша, борбай етім борша» болып. Тіпті, тұрмысқа шығуға да уақыт жоқ. Өзімнен кейінгілердің қанаты қатайып еңбекке жарағанша жүре тұрамыз...
– Бір кем дүние дейді ғой. Ал, кәне, бірі жетсе бірі жетпей тұратын осы дүниенің құрметіне тост көтерейік.
Ғалым ұмытылып бара жатқан дастарханға қайта шақырды. Тост көтерілді. Стаканның сыңғыры қып-қызыл шарапты қотарып жіберумен аяқталды. Таныс иіс, таныс дәм. Арзандау шарап. Дегенмен, сағыныппын. Шарапты емес, осындай шараптармен бас қосқан бақытты кезеңдерді.
– Ал, сен не айтасың? – деп сұрады Төлеубек шалқалап жатқан күйі. Шамасы әңгімеден алған әсерінен арыла алмай жүрген болса керек.
– Ештеңе...
– Қалай?! Сонда сені ауыл жастарының өмірі толғантпайтын болғаны ма?
Олардың сұраулы жанарлары мені ішіп-жеп барады.
– Әрине, ауыл жастарының бәрін қаралай алмаймын. Бірақ, алқаш, бойкүйез, жалқаулары да бар ғой.
– Ал, соған кім кінәлі? Кім? Ауыл жастарының жағдайын ойлап жатқан кім бар қазір? Ауылдың жастары тұрмақ, балаларының жағдайы жасалмаған!
– Дұрыс айтасың, Төлеубек. Мысалы, менің екі інім бар. Екеуі де мектепке барады. Бірі түске дейін, екіншісі түстен кейін оқиды. Бос уақыттарында кезектесіп мал бағады. Күндіз аяғынан тік жүріп мал баққан бала тамақ жеп, сабаққа қарауға әзер шамасы келеді. Ал, оларға мал бақтырмайын десең тағы болмайды.
– Осы біздің өңірдің мақтасы да, бақшасы да балалардың арқасын өсіп отырған жоқ па? Біз үлкендер тек басы-қасында болғанымыз болмас, баптау, шабу, теру дегендердің бәрі балалардың қолымен істелініп жатқан жоқ па?
– Дұрыс, баланың істегені білінбейді деген осы.
– Сонда бала қай кезде оқиды? Қай кезде ізденеді?
– Балаға жағдай жасау әрбір ата-ананың міндеті. Бірақ, не тұрақты жұмысы жоқ, алып жатқан айлығы жоқ ата-ана балаға қайдан жағдай жасасын. Еһ, қойшы, айта берсең ауылдың проблемасы таусылған ба? Жоғары жақтағылар мұны қайдан түсінсін.
– Олардың көйлектері көк, қарындары тоқ болған соң не қылсын...
– Түркия мен Қытайдың мәдениетін сөз қылады-ау.
– Түркия мен Қытайда жүргені де ақшаның арқасы ғой. Әйтпесе, мен сияқты қысымен тамақты қайтер екенмін, көмірді қалай сатып аламын деп бас қатырып отырсыншы, көрер ем...
– Біреудің бақытын қызғанып не көрінді саған. Ертең мақтаңды жиып алған соң аларсың да. – Сара Төлеубекті тыйып тастады.
– Алуға аламыз-ау, бірақ, сол құрғырлардың бәрі сол кезде удай қымбат болып кететінін айтсайшы.
– Ия...
Бәрі үнсіз қалды. Мына әңгімелерден соң ешкімнің ештеңеге зауқы соқпайтындай. Әркім өз ойымен отыр. Кейбіреулері есіней де бастады.
– Қой қайтайық, – деді әлден уақытта Заманбек ауыр денесін әрең көтеріп. – Күнімен кірпіш өріп ек, денем дел-сал болып қалыпты...
Бәрі өре түрегелді. Қоштасты. Кетті. Жалғыздыққа үйренісе алмай біраз жаттым. Болып өткен әңгімелерді ой елегінен тағы бір өткіздім. Достарым жайлы ойладым. Олардың былайғы кезде қым-қуырт тірліктен басқаны ойламайтындай болып көрінетін көңіл түкпіріндегі келелі ойлары менің де ұйқымды қашырды. Адамдар арасындағы алшақтықты сезіндім. Бірақ, қолдан келер қайран не...
2004 жыл.