Жолдыбай Базар

Шиқылдап есік ашылған сәтте іштегі күлімсі иіс қолқаңды қауып, еріксіз бетіңді тыржитасың.

Үй іші қара көлеңке әрі көңілсіз. Кіргің де келмейді. Ол есікті қайта жапты да, көптен бері есік алдында шаң басып жатқан тақтайшаның үстіне отыра кетті. Шалбарым былғанады-ау деген ой қаперіне де кірер емес. Оған бәрібір... Өйткені ол өмір тізгінін бос тастаған, тіршіліктегі өз орнын таба алмай, тек күнім өтсе болды деп, алдағы өмірден күдерін үзіп, өлімді ғана күтіп жүрген пақыр-қайыршы. 

Ол көшеде басындағы тер иісі сасыған құлақшынын алдына қойып, ақша алу үшін қолын соза жұрттан қайыр тілеп отыратын. Түскен ақшаның негізгі бөлігіне ішімдік алып ішетін... 

Қайыршы орнынан тұрып, әлденеге алаңдағандай жан-жағына жалтақтап қарады да қайтадан сабасына түсті. Көксегені бір тамшы болса да жынды су еді. «Қой, отыра бергенім болмас, жоқ арақты қайдан табамын, одан да сыртқа шығып әлдекімдерден темекі сұрап шегейін», деп ойлап, тұрағының көше жақ бетіне шықты. 

Көкжиекке батқалы тұрған күн шапағы аспан әлемін қызылға бояды. 

Ол қызыл арайлы ұлы алауға жасаураған жанарымен телміре қарады. Жүрек тұсы шымырлап, көңілі босады, кеудесін сағыныш сезімі кернеді.

Иә, қайыршы ішкі аңсарын басу үшін күнбатыс жаққа жиі-жиі көз жіберетін. Ол сол жақта бәрін де жоғалтқан. Бәрін де... Оның базарлы балалық шағы, жігерлі жігіттік кезеңі өткен өңір батыс тұста еді. Сондықтан да күнбатыс жаққа жиі қарайлайды. Өмірге деген құлшынысы ерен болған сол бір кезең бұл үшін бүгінде арман... Сол әлетте бұл кім еді, қазір кім?..

Еті қашқан саусақтары дірілдеп, Алладан кешірім сұрай бетін сипады. Өзінің күнәһар екенін мойындай, денесі түршігіп, жанарын күн көзінен тайдырып әкетті. 

Оның жанынан егделеу келген кісі өтіп бара жатты. Бұрын-соңды көрмеген адамы. «Бәлкім, менің сұраншақтығымнан ығыры шыға қоймаған болу керек» деген оймен:

– Замандас, бір тал темекі берермісің?

– Шегіп келе жатқаным соңғысы.

– Онда тұқылы болса да қалдырарсыз?

– Мә, шеге бер!

Енді екі-үш тартсаң шоғы қолыңды, ерніңді күйдіретіндей темекіні ала сала ащы түтінді құмарланы сорды. Әбден тұқылды шегіп қалғандықтан оның ерні де, саусағының ұшы да күйер емес. Бар есіл-дерті темекіде, тіпті, тұқылды жеп қоятындай. Әбден көкірегін ыс басқан оның құмарын әлгі темекі баса алмады. Әне, 18-19 жас шамасындағы бозбалалар келеді. Саусақтарына бір-бір темекіден қыстырған. «Демек, бұларда темекі болғаны. Не де болса сұрап көрейін, бермесе тонымды шешіп алмас».

– Шырақтарым, темекілерің бар ма?

– Бар, – деп шетте келе жатқан қара бала жанындағы серіктерінің атынан жауап берді.

– Бір данасын берші.

– О-о, мына шал шамасына қарамай қымбат темекі шеккісі келеді, – деп әлгілердің бірі қиқарлана сөйледі. Олар дереу мұны қоршап ала қойды. Бозбалалардың араларындағы ұзын бойлы сары:

– Е-е, мынау орталық базар жақта отыратын қайыршы емес пе? – деді.

– Иә, сол, – деп іле жауап берді тағы бірі. 

Ұзын сары:

– Сенде темекі бар ма, мынаған берші, – деді жанындағы қара балаға.

– Ей, осыған да темекі ме, одан да итке тастағаным артық емес пе? – деп әлгі қара қырсығып қалды. Бәрі де ішімдіктен аздап ұрттаған болуы керек, көздері жайнап, ұрынарға қара таппай тұр. Әлгілер бір-біріне ымдасты да, шалды біреуі иықтан теуіп қалды. Қайыршы күтпеген соққыдан қалбалақтап барып қара жерге бір қырындай құлап түсті. Әлгілер ата жауларынан есе қайтарғандай мәз болысып, өз жөндерімен кетті...

Қайыршының мекені – таныс-бейтаныс әлдекімнің қала шетіндегі екі бөлмелі шағын қорасы. Оның қарсы алдына үлкен үйдің іргетасы құйылған. Қожайын жақын арада бұл жерде құрылыс жұмыстарын жалғастыра қоймайтындықтан аулаға уақытша бас-көз болып тұруы үшін әлгі қорасына осы қайыршыны жайғастырған. Рақымы түсіп, ішке электр жарығын кіргізіп, бір кереует, оны-мұны төсек әкеліп берген.

Үйге кірген бетте жарықтың тетігін басты. Үй сол қалпы қап-қараңғы күйінде тұра берді. «Ей, ләмпішке күйіп кеткен екен ғой» деген ол аяғын түртінектей басып, төрдегі кереуетіне жетіп алды да қисая кетті.

Қайыршы кейінгі уақытта өзіне қол салу жайын жиі ойлайтын болған. Бірақ, ондай ерлік қайдан келсін?! Егер бойында өлімнен қорықпайтын өжеттік болса, бәлкім өмірде мұндай күйге душар болмас па еді? Ол бірнеше рет асылып өлуге оқталған, бірақ жеме-жемге келгенде өз райынан қайта қоятын. Өмірге деген құштарлық па, жанның тәттілігі ме, әлде мойынды қылқындырған сәттегі азаптан қорыққаннан ба, әйтеуір, бір күш оны әркез тоқтатып тастайтын.

Көбіне ол тәтті қиялға берілетін. Сол қиял өмірінің бар маңызына, сүйенішіне айналғандай.

Орнынан тұрып, түртінектеп жүріп үстел үстіндегі бөлке нанға қол іліктірді де одан бір үзіп алып аузына салды. Наннан өзге талғажау ететін ешнәрсе жоқ.

Ертесіне әдеттегі «қызметіне асықты». Бет алысы – орталық базар. 

Аялдамада автобус күтіп тұрып темекі тұқылдарын іздей бастады. Түнде сіркіреп өткен жаңбырдан нәм болып қалған, жартылай шегілген темекі қалдықтарының бірнешеуін қалтасына сүңгітіп жіберді. 

Автобустан түскен бойда базардың халық көп өтетін тұсына күпәйкесін төсей отыра кетті...

Қайыршы кешке дейін өз есебі бойынша аз пайда тапқан жоқ. Бүгінгі табысы – бақандай 500 теңге. Ол қанағатшыл көңілмен орнынан тұра бергенде орта бойлы, аққұба келген көрікті әйел мұның қолына бүтін 100 теңгені ұстатып өте шықты. Теңгені ала бергенде көзіне көзі түйісіп қалды. Сол сәтте тұла бойы түршігіп, қолы қалтырап кетті. Көзі, рең-басы таныс. Бұл кім еді өзі? Бір жерден көрген сияқты.

Бүгінгі оқиғаны қайта-қайта көз алдынан өткізіп, әлгі келіншектің кім екенін біле алмай әуреленіп келе жатып, дүкеннен нан алуды да ұмытып кетті. Бірақ, наннан гөрі бұған сол әйелдің кім екенін анықтау маңызды көрінді. Баспанасына кірген бетте оны қай жерден көргенін есіне түсіруге барынша тырысты. Кенет, кенет әлгі әйелдің кім екені есіне түсе кетті де дел-сал күй кешіп, бірауық қыбыр етпей отырып қалды. «Мен шынында адам болудан кеткен екенмін. Өмірімнің естен кетпес қайғысы мен қуанышына қатысты адамдарды мүлде естен шығарғаным қалай?.. Мені осындай күйге алып келген тағдырымның, соқпақ жолдарымның куәсі болған адамды есте сақтамағаным қалай?» деп қайыршы өзіне-өзі сұрақ қоя күбірледі. Әлгі әйел бұның азын-аулақ бірге өмір сүрген бұрынғы жұбайы еді. Алайда, қайыршы үшін ол тым қымбат та емес болатын. Сол үшін әлгі әйелді ойлап қабырғасы қайыса қойған жоқ. Дегенмен, бұл күтпеген елеусіз кездесу оның санасын өткен шағына бұрып, сағым болып артта қалған жылдарының иіріміне тарта жөнелген-ді.

 

******

Сол бір кез бұл үшін жаз еді ғой. Қазір ойласа, өткен күннің қысы да, көктемі де көз алдына жаз болып елестейді. Оның қашан ой-өрісі, сана-сезімі өсе бастағаннан өмірге деген құштарлығы тұла бойында тулап жататын-ды. Болашақтан алар үлесі мол екеніне кәміл сенетін-ді. 

 

******

Ертең мектепте үлкен жиналыс. Сол жиында көп алдына шығып сөйлеймін. Сынып жетекшім солай деген. Осыны ойлаған сайын жүрегім дүрсілдеп, кеудемді қуаныш кернейді. Ұйқым келер емес. Таң қашан атар екен? Түу, осындайда уақыт та өтпей қалады. Адамдарды үміттендіріп қойған әрбір арайлы таң-ай...

Ойымды әкемнің күрк-күрк жөтелгені бөліп жіберді. Әкем байғұс кейінгі уақытта тым нашарлап кетті. Апамның да көңіл-күйі түсіңкі, денсаулығы сыр беріп жүр. Оларға менен қандай көмек бола қойсын. Мектепті тастап кетейін десем, өздері көнбейді. Олар да баласынан зор үміт күтеді ғой. Кім баласының бағын байлағысы келеді дейсің? Қанжарбек болса анау, өз киімін дұрыстап киіп, тамағын дұрыстап ішетіндей халге де жеткен жоқ. Көкем мен апамнан жақын маңда айрылып қалатындай сезініп, өзімді-өзім іштей мүжіп болдым. Олар өмірде не қызық көрді? Көргендері тек қана бейнет, азап. Төгілген тердің соңы зейнет болады деуші еді, қайдам... Тіршілік өз тауқыметін дайындап-ақ тұрады. Бәлкім, осы шаңырақтың бағының ашылуы маған байланысты шығар. Тез-тез ер жетіп әке-шешеме, ініме қарайласатын күн туса екен. 

«Жаман айтпай жақсы жоқ» демекші, ертең көкем мен апам олай-бұлай болып кетсе, оларға қандай жақсылық істедім деп айта аламын? Е, Құдай маған көкем мен апамның алдындағы парызымды өтеу үшін мүмкіндік бер. Одан артық Сенен ештеңе сұрамаймын. Тек, көкем мен апама баласының адам болғанын көрсетші...

– Сыздықжан-ей, әй, Сыздық, сиырды өріске айдап жібер. Байлаған бұзауың шешіліп кетіпті. Енесін түк қоймай еміп қойыпты. Сиыр шелектің түбін ағартты да қойды. Кеше зар қақсадым, сонда да жөндеп байламағансың. «Жібін үзіп кеткен болар, әйтпесе күрмеп-ақ байлағанмын», деп ақталған болып жатырмын. Қораға кірсем, түнімен сүтке әбден тойған қара бұзау маңғаздана күйсеп жатыр. Есікті ашып, сиырды ауылдың табынына қосып жібердім. Ала сиыр мойнын қора жаққа бұрып бір мөңіреді де, аяғын самарқау басып, өріске бет түзеді. Ала сиыр жарықтық қысы-жазы біздің үйді ақтан ажыратқан емес. Қашан туғанша сауылады. Өзінің сүті де маңызды, қою.

Мектепке баратыным есіме түсті де, аяғымды жылдам басып үйге кірсем, көкем ентіге демалып жатыр екен. Әжім басқан әрі әбден тотыққан жүзін көріп аяп кеттім. Көкемнің халін көріп апама ата-аналар жиналысына бар деп айта алмадым. Апамның жанына жақын бардым да: «Көкем тым нашарлап кетіпті, мектепке бармай-ақ қояйын ба?» – деп сыбырлап едім, «Е, көкеңдікі күнде осы ғой, бара ғой, жұрттан қалма», – деді апам менің қобалжып тұрған көңілімді басып. 

Мектептің үлкен залына ата-аналар, мұғалімдер, оқушылар жинала бастады. Іле жиналыс та басталып кетті. Мен өз кезегімде мінбеге шығып, өз ойымды еркін жеткізіп, жұртшылықтың ризашылығын алып, көңілім өсіп қалды...

 

*******

Қайыршы екінші жағына аударылып жатты да өткен шақтың сай-саласын ойымен шарлауын әрі қарай жалғады. 

 

******

Үш сағатқа жуық уақытқа созылған жиналыс әйтеуір бітті. Менің алдымда кетіп бара жатқан екі кемпір: «Әлгі сөйлеген бала Манардың Сыздығы емес пе? Бала болайын деп тұр екен. Әкесінің аузынан бір сөзін сұрап ала алмайсың, шешесі болса нағыз үндеместің дәл өзі, мынау кімге тартқан?» – деп күбір-күбір сөйлеп бара жатыр. Осы іспетті сөздер тағы біреулердің аузынан естілді. Бұл естігендерім төбемді көкке бір елі жеткізбей тастады. 

Оқушылар үйді-үйіне ата-аналарымен бірге тарай бастады. Біреулері балаларының тәртіпті, үздік оқитынын естіп көңілді, кейбіреулері перзенттеріне айтылған сын-ескертпелер үшін жабырқаулы. «Жұрттың баласы анау, мінбеге шығып сөз сөйлейді, ал мына бір сүмелек өзіне тиесілі сабақты да оқымайды. Қап бәлем, осыдан мектепті бітірісімен қойдың соңына салып, көзіне көк шыбын үймелетпесем бе?» деп Жанәділ ата немересі үшін күйіп-пісіп барады.

Өз бұзығы туралы жақсылық та, жамандық та естімеген Үрбибі әже көкем мен апамнан менің жиналыста жақсы сөйлегенімді айтып, сүйінші сұрай келді. Апам байғұс сасқанынан сүйіншіге сандықта сақтап жүрген жап-жаңа бөкебайын берді. Шешем асты-үстіме түсіп, шаттықтан жарылардай. Алыс жолдан келгендей үй-ішіндегілер маған мейірлене қарайды. Әншейінде дастарханда көріне бермейтін бірді-екілі тәтті, қант менің алдыма ысырылып қойылған. Інім Қанжарбек «Айдалада батпан құйрық, бұл неғылып жатқан құйрық?» – дегендей тәттілерге қол созар емес. Мен оған ұсынып жатырмын. Апамның бөкебай орамалы сүйіншіге кеткеніне іштей ренжулімін. Бірақ, адамның шынайы көңіліне не жетсін? Көкемнің жүзінен маған деген ризашылықты байқадым. Бірақ, көз жанары солғын. Кеудесін менің көңілім үшін көтеріп отырғандай. Кешке қарай менің «ерлігімді» көрші-қолаңды шақырып, атап өттік.

Сол күннен бастап мектептегі сыныптастарым да, көрші-қолаңдар да мені «шешен бала» деп атап кетті. Біздің ауылдағы мектеп жеті жылдық болатын. Он жылдық әлі ашыла қоймаған кез. Менің бар арманым – жоғары білім алу. Апам үйдегі сиырды, бұзауды сатып мені қалаға оқуға жібермекші болды. Оған үзілді-кесілді қарсы болдым. «Үйдегі барды мен әкетсем, басқалар қалай күн көреді? Жоқ, болмайды. Мен одан да жұмыс істейін, оқудың бір мәнісі болар. Әлі жаспын ғой. Осы жұрттың бәрі кетпен, күрек ұстап-ақ күн көріп жүр ғой. Олардан менің нем артық?» деп шештім. Әрине, оқығанға не жетсін! Жеті жылдық мектепті бітірісімен колхоз төрағасына бардым да, жұмысқа алуын сұрадым. Бастық қуана-қуана қабылдап, шөпшілерге қосты да жіберді. Мені оқуға жібере алмағанына көкем де, апам да өздерін кінәлі санайтын секілді. Бірақ олар жібермейміз деген жоқ қой.

Шөп шабуға кететінімді айтып, үй-ішіндегілерді хабардар еттім. 

– Сәбира, балаңды жолға дайындасаңшы. Асығатын емессің ғой-ей, әлде өзіңді әкетейін бе? – деген әлдекімнің сырттан апама әзілдегенсіген дауысы естілді.

– Ойбай-ау, Сыздықжанның қосқа баратынын жаңа ғана естідік, таңертең жүрмейсіңдер ме? Киімдері, жолда жейтін ас-ауқаты дайын емес. Қой, азанда шығыңдар.

– Өзің түкке түсінбейтін бәлесің ғой, ана бастық «бол, болдың» астына алып, тызақтап қояр емес.

– Ой-бүй, төре жігітке үйге түс демеппін ғой. Өгізіңді ана ағашқа байла.

Мен асығыс-үсігіс жинала бастадым. Сол кезде: «Ассалаумағалейкүм, Мәке», – деп, көкеме дауыстай сәлем беріп, мені қосқа ала кетуге келген Нұржан аға кіріп келді.

– Қалай, аман-есенсіз бе?

– Шүкір, жатырмыз ғой...

– Сыздықты алып кетейін деп...

– Иә, дұрыс... Дәл қазір жүрмексіңдер ме?

– Иә, әлгі бастық асықтырып жатыр. Колхоздың жұмысы біткен бе?

– Е-е, адамның жұмысы өлгенде бітеді. Биыл көктемде жаңбыр көп болды ғой. Шөп бітік шыққан шығар.

– Иә, жаман емес. Тау іші от.

– Бұл неме сендердің тірліктеріңе шыдар ма екен? – деп көкем мені меңзей сөйледі, – қашып келіп жүрмесін.

– Ой, Мәке-ай, білдей жігіт болды, әлден қиыншылыққа төзбесе, ертең қандай адам болады.

– Жай ескертіп жатқаным ғой.

Апам қоржынға бірсыпыра жылы киімдерімді, таба нан, құрт, бір құты айран салып қойыпты. «Түу, апа, мына жылы киімдерді қайтемін жүк қылып, алдымыз жаз ғой, бірдемесі болар» дедім. «Таудың таңы мен кешінің ауасы қысқы күннен кем болмайды. Арбаның бір бұрышына қоя сал, арқалап бармайсың ғой», деген апам мені қайтарып тастады. 

Біз күн батуға арқан бойы қалғанда тауды бетке алып жүріп кеттік. Өгіз аяңмен ілбіп келеміз. Өгіз байғұс қырқаларға арбаны ышқына тартып зорға шығады. Кей кезде секіріп түсіп мен де арбаны итеремін. Бір кездері өгіздің діңкесі құрып, жүрмей қалады. Мұндайда Нұржан: «Баратын жерінде күтіп отырған қатыны болмаған соң, маған бәрібір деп тұр-ау деймін», деп кіжіне сөйлеп, қолындағы ұшқат таяқпен өгізді аямай ұрады.

Жарты жолға жеткенде өгіздің жүрісі мүлде өнбей қойды. «Қой, бала, мына жүрісімізбен бүгін жете алмаспыз, одан да күн жылы ғой, осы араға қона салайық, өгіз де тынықсын», деп Нұржан арбадан түсті-дағы, өгіздің мойнын қамыттан босатты. Мен де бұған қарсы емеспін. Далада қонған да жақсы ғой.

– Қане, Сыздық, сен дастархан жая бер. Тамақтанып алайық та, ұйқыны басайық. Мен өгізді арқандап келейін, – деді Нұржан.

Түн. Ашық аспан. Маусымның алғашқы күндері. Біз аялдаған тұс таудың адырлы етегі. Өзіме тапсырылған жұмысты орындадым да, шалқамнан жатып, аспан әлемін тамашалап жатырмын. Әне, бір жұлдыз ағып барады. Осы жұрт жұлдыздар қозғалса, оны неге жүріп немесе ұшып бара жатыр демей, ағып бара жатыр дейді екен. Бәлкім, аспанның түсі көк болған соң теңізге балаған шығар. Сол аққан жұлдыз қай жаққа барып түседі екен? Шіркін, сол жаққа барсаң ғой? Темірқазық, Жеті қарақшы, Шолпан... Білетін жұлдыздарым осы ғана. Аспан әлемінде қаншама құпия сыр бар десеңізші. Сол құпиясымен де ол сұлу. Ойымды Нұржанның ыңылдаған үні бөліп жіберді.

– Ал, Сыздық, ас-су ішіп алайық... Айтпақшы, түнде оянып кетсең, өгіз жаққа көз қырыңды салып қой. Оны ит-құс жеп қойып, арбаға өзіміз жегіліп жүрмейік.

Екеуміз апамның айраны мен таба нанын тойғанымызша жеп алдық та, астымыздағы оны-мұны төсенішке жантайдық. Ұйқым келер емес. Жан-жағымнан қаумалаған сұрақтар. Бәрін де білгім келеді. Ертең өскен соң кім болады екенмін деймін. Осы сұрақты өзіме қоя тұрып, нақты жауап бермесем де, әйтеуір ешкімнен кем болмайтыныма кәміл сенетінмін. Соғыс аяқталғанына көп өтпегендіктен бе, екі адамның басы қосылса, әңгіме соғыс, ондағы батырлар, олардың жасаған түрлі ерліктері жайлы болатын. Соның әсері ме, өзім де көбінесе әскери адам болуға қызығатынмын. Тіпті, кейде жалғыз жүргенімде өзімді көбіне батыр сезінетінмін. Қиялмен жаудың бетін қайтарып, керемет ерліктің иесі болып, ішкі дүнием рахатқа бөленетін. Сол бір шексіз қиялдарым өмірден алар үлесім, алдағы үмітіме асықтыра, құмарта түсетін.

Нұржанның да ұйықтай қоймағанын сезіп жатырмын. Оның ішкі дүниесінде де шексіз қиял буырқанып жатқан шығар. 

– Сыздық, ұйықтаған жоқсың ба? 

– Иә. 

– Мен де.

– Онда әңгіме айтыңызшы…

– Е, менде не әңгіме бар дейсің?..

– Соғыста басыңыздан өткерген оқиғалардан айтып беріңізші. Ол да бір қызық қой. Өткен күндеріңізді есіңізге аласыз.

– Ой, сол соғысты қойшы. Еске алатындай қызықты думан дейсің бе? Сол күндерді ойлағым да келмейді.

– Ой аға, тек өмірдің қызығы емес, қиыншылығы мен қайғысын да еске алып тұрған дұрыс. Оны ойлау сізге қанша ауыр болғанымен, өткен өмірді жоққа шығара алмайсыз ғой. Сол бір ауыр жылдары алдағы өмірге үмітпен қарап, адамша өмір сүрген жоқсыздар ма?

– Дұрыс екен-ау, ә? Олай болса, соғыста басымнан өткен бір оқиғаны айтып берейін...1943 жылдың қарашасының аяқ жағы еді. Соғысқа кіріскенімізге біраз уақыт болған. Бір күні командиріміз батальонды сапқа тұрғызды да, бір жерге алып келді. Таң атып қалған. Бізге окоп, дұрысы жертаса қазып, осы жерде бекініңдер деп пәрмен берілді. Бұрын соғыс болып өткен жер екен. Бомбалар, снарядтар жер бетінің алба-жұлбасын шығарған. Күрегімізді алдық та, жертаса қазуға кірісіп кеттік. Мен жұмысты енді бастай бергенімде, топырақпен сәл көмілген бұрынғы окоптың орнын көрдім. Жалма-жан соны тазалап жібердім де, ішіне жайғаса кеттім. Жұрттың бәрі тақырлатып-шұқырлатып жертаса қазып жатыр. Мен болсам дайын шұңқырда бүк түсіп отырмын. Ұйқым келіп барады, бір кезде взвод командирі маужырап отырған мені көріп қалып: «Ей, кімсің, шық бері», дегені. Орысша онша білмеймін. «Тобариш», деймін. Әрі қарай: «дайын тұрған окоп екен, соған жайғасып алдым» дедім шала-пұла орысшалап. Мұны естіген ол: «бұл жерге мен орналасам, өзіңе окоп қаз» демесі бар ма? Қарсыласуға шама жоқ. Амалсыздан сол маңнан жертаса қаза бастадым. Жұрт қазып болып қалған. Мен болсам енді бастап жатырмын. Күн қызарып атып келеді. Мен де қазып болып қалдым. Енді демімді алып отыра бергенім сол еді, бір нәрсе гүрс ете қалды. Содан есімді білмеймін. Бір кезде есімді жыйсам кеудемнен топыраққа көміліп жатырмын. Айнала тым-тырыс, әлдекімдердің сөйлеген даусы естіледі. әзер дегенде орнымнан тұрдым. Анадай жерде әлгі офицердің быт-шыты шыққан денесі жатыр. Мең-зең болып қалғам. Е өңім екенін, е түсім екенін білмеймін. Дәрігерлік көмектің адамдары болу керек, біреулер зыр жүгіріп өліктерді, жаралыларды жинап жүр. Мен де жаралыларға қосыла кеттім. Батальонның аман қалған бөлігі шебін өзгертіп, басқа жаққа қоныс аударып кеткен екен. Менің фамилиямды атағанда үндемегенмін. Қайтіп үндейін топыраққа көміліп жатсам. Сол күні мені өлдіге санап, ауылға қара қағаз жіберген ғой. Сондағы менің тағдырыма қарашы. Әлгі дайын окопты тартып алған офицердің өзі өлімге тіленгендей. Содан әйтеуір ауылға аман-есен келдік, – деп Нұржан сөзін аяқтады. Ауылдағылар Нұржанды «о дүниеден келген адам» деп келеке қылатын. Онысы несі деп түсінбейтінмін. Сөйтсем, оның сыры осы екен.

– Ал, аға, соғысты ойлағым келмейді дедіңіз, сол кезді ойлап отырып көңіліңіз жабырқаған шығар. Өзіңізді өзіңіз жұбатып бір ән айтыңызшы дедім. Оның ән салатын өнері бар екенін бұрыннан білетінмін. Нұржан орнынан қозғалақтап, жөткірініп алды да, әнді бастап жіберді. Кең даланы әсем ән кернеді. Ән асқақтап, бірде құлдилай төмен түсіп, мың құбылады. Көптен бері ән естімегеннен бе, әйтеуір Нұржан салған ән көңіліме қатты әсер етті. Түн болған соң Нұржанның бет-пішінін көре алмадым. Ал тұлғасы әннің ырғағымен қозғалуда. Құлағым әнде, көз алдыма әсем де әсерлі көріністер тізбектеліп, бірінен соң бірі келе бастады. «Дала. Даланың түсін түс кілемдей құлпыртқан қызыл-сары, көк-жасыл гүлдер. Сұлу табиғатқа одан сайын сән беріп, көңілді топ келеді. Топ алдында Нұржан, қолында домбыра, соңынан ілескен қыз-келіншек, бозбалалар көңілді. Бәрі Нұржанның әуенімен тербеледі...»

 Мен осындай көріністерді көз алдыма елестетіп жатып, ұйықтап қалыппын. Бір мезгілде оянып кеттім. Таң атуға таяу. Таңғы салқын бойымды тітіркендіреді. Түндегі асқақ әнші, сал-сері Нұржан бүк түсіп жанымда жатыр. Мен оны аяп кеттім. Шіркін, өмір қаншама талантты, дарынды адамдарды жарыққа шығармай, ауыл арасында, күйбің-күйбің тіршілікке жіпсіз байлап, тұсап келеді. Соның бірі – осы Нұржан.

Біз қосқа тал түсте зорға жеттік. Шөпшілер түскі асқа жиналып жатыр екен. Солармен бірге тамақтандық та, сәл уақыт демалып, жұмысқа шықтық. Ол кезде трактор болғанымен біздің колхозға жете қоймаған. Жұрт қатарласа тұра қалып, шөпті шалғымен орады. Мен маяшылар тобына қосылдым. Жұмыс ауыр. Бел жазуға мұрсат жоқ. Жұмыс істеу, тамақ ішу, ұйықтау. Күндер осылайша өтіп жатты... 

Шөп науқаны аяқталуға жақын қалған. Бір күні түскі демалысқа шығар кезде бригадир Қайып колхоз орталығынан келді де, қосқа бізден бұрын барған шөпшілерге әлдене жайлы айтып жатты. Мен жұрттың соңында келе жатқанмын. Күркеге жақындап қалғанымда: «Манар ше, Манар» деген сөзді құлағым шалып қалды. Мән бермеген болдым. Бірақ, жұрттың маған деген көңілі ерекше. Неге жұрттың көңілі бүгін маған дегенде елжірей қалды деп, жүрегім қобалжып, әкемнің аты бірнеше рет аталған соң, бір жамандықтың болғанын ішім сезді. Шөпшілер тамақтарын ішіп болып, орындарынан тұра бастады. Күркеден шыға бергенімде бригадир мені шақырып алды да, «көкең нашарлап жатыр, үйіңе қайта ғой, ана тұрған Шәмілдің қасқа байталын мініп ал» деді мүсіркей. Бір сұмдықтың болғанын сездім. Сыр білдірмей қасқа байталға жайдақ міндім де ауылға жүріп кеттім. Келе жатып ойыма әртүрлі нәрселер келіп, жылап та алдым. «Манар ше, Манар» деген сөздер әке өлімі туралы күдікті нығарлай түседі. Сонда қалай, шынымен әкем өлгені ме? Жоқ-жоқ мүмкін емес. 

Атқа қамшыны басып шаба жөнелдім. Үй алдына ауыл адамдары жиналып қалған. Үйге жақындағанда өзімді ұстай алмадым. Аттан секіріп түстім де, «көкелеп» тұра жүгірдім. Шалқасынан құлап жатқан шарбақтың есігін баса көктеп, көрісіп тұрғандарға да қарамай ішкі үйге кіре-міре апамды құшақтай алдым. Мені әлдекімдер қолтығымнан сүйеп, қарсылық еткеніме қарамай, басу айтқансып, далаға алып шығып кетті. Көрісіп тұрғандардың қатарына әкеліп, жұбатып жатыр. Қолымды көзімнен түсіріп айналама қарадым. Ошақ маңында бір топ әйел жүр. Ауыл кісілері топтанып алып, әңгімені қыздырып жатыр. Анадай жерде ештеңеге түсінбей, жан-жағына жаутаңдай, жүрегі жамандық нышанын байқағандай Қанжарбек маған жақындады. Мен оны келген бетте құшағыма қысып алдым. Сол сәтте көңілім босап, іштей жүрегім елжіреп, тағы да екі көзге ерік бердім. Үйден апамның сыңсыған, жоқтау айтқан дауысы еміс-еміс естіледі. Сол сыңсуды үй сыртынан бауырымдап келе жатқан әлдекімдердің даусы бөліп жібереді. Мен ақ сұрыпты беліме байлап алдым да, орнымнан тұрдым… 

Осылайша әкемді о дүниеге аттандырдық. Жұрт аяғы саябырсып, келімді-кетімді кісілердің қарасы үзілді.

Апам: «Өлгеннің артынан өлмек жоқ» дегендей үй-ішін жинағансып жүр. Мен сүлесоқ отырмын. Бір шаңырақтың ендігі жүгі менің мойнымда екенін еріксіз мойындап, терең күрсініп қоямын. Үйде екі-үш күн болдым да, қосқа бара жатқан Сабырдың атына мінгесіп шөп шабуға кеттім. Қосқа келісімен шөпшілер көңіл айтып, мені жұбатқансып жатыр. Бәрі мүсіркей қарап, мені жұмыстың оңай жеріне жіберетін сияқты. Бірақ үш-төрт күн өткен соң бұл мүсіркеушілік ұмыт бола бастады.

Шөп шауып жүріп алдағы күнімізді ойлаумен болдым. Бар үмітім, сенімім колхозда, басқалар тоқ жүргенде, үйдегі апам мен Қанжарбек аштан бұралып өліп қалмас деймін.

 

******

Түн. Қайыршы ұйып қалған аяғын уқалап, орнынан тұрды да, сыртқа шықты. Есіктің алдында шиқ ете қалған дыбысты естіп, өзінің бір нәрсені басып кеткенін сезіп, аяғын тартып алды. Сіріңкенің жарығын аяғының астына түсіріп еді, бір тышқанның мыжылып жатқанын байқады. Қайыршы өзін ауыр қылмыс жасағандай сезініп, әлгі тышқанға мүсіркей қарады. Ойланып қалды. «Иә, жер бетінде қыбырлап өз тіршілігін жасап жүрген жәндікті байқамай басып кеттім. Оны ойлап ешкім қайғырмайды да. Мен де адам сықылды болғаныммен осы тышқаннан қай жерім артық?..»

Күніге тысырлатып, тықырлатып жүгіріп жүретін тышқандар бүгін тым-тырыс. Сірә, «бауырларының» өліп қалғанына қайғырып, үнсіз жатқан болуы керек.

Қайыршы таңертең күндегі әдеті бойынша орнынан тұрып, бет-қолын шайды да, бетін күпәйкесінің етегімен жүре сүртіп қызметтен қалып бара жатқандай аяғын жылдам басып, аялдамаға бет алды...

Қайыршы базар маңындағы күнделікті орнына әбден тозған күпәйкесін төсеп отыра кетті. Басындағы тер иісі сасыған малақайын алдына сүлесоқ тастай салды. Қайыршылардан ығыры шыққан қала тұрғындары әзірге ақша тастар емес. Тек ауылдан келген адамдардың ғана қайыршыларға сәл болса да бүйрегі бұрылады. 

Күн батуға арқан бойы қалған әлетте қайыршы бүгінгі түскен азын-аулақ ақшаны жинастырды да, аялдамаға қарай беттеді. Тротуар бойындағы темекі тұқылдарын тере жүрді. 

Қайыршы түскен ақшаға күнде ішімдік сатып алатын. Бірақ, соңғы бір-екі күннен бері оған зауқы соқпай жүр.

Ол махорка орау үшін газет сатып алмақ болып киоскіге бұрылды. Ақша үнемдеу үшін сатушыға ең арзанын беруін өтініп еді, ол іле дүйім жұртқа белгілі «Қазақ әдебиеті» газетін бере қойды. Бар болғаны он бес-ақ теңге. Қайыршы мырс ете қалды. Ол осыншама парағы көп газетті арзымайтын теңгеге алып, қуанышын жасыра алмай сатушыға алғыс айтамын деп, даусы қатты шығып кеткенін байқамай қалды. Сатушы оны көзіне де ілген жоқ. 

Қайыршы кейінгі уақытта тәтті қиял мен өткен-кеткенді еске алуға сондай құнығып кетті. Бөлке наннан бір үзіп алды да, соны қаужаңдай жатып, аузындағы нанды жұтар-жұтпастан қалтасындағы темекі тұқылының біреуін ерніне қыстырып тұтатты. Ащы түтінді құшырлана сорды. Кешегі өлген «туыстарының» кегін қайтырғысы келгендей бұрыш-бұрыштан тышқандардың тықырлаған дыбыстары тым көбейіп кетті.

 

******

«Үш күннен кейін адам көрге де үйренеді» демекші, әке өліміне байланысты көңілімдегі барлық қайғы-қасірет ыдырай бастады. Қолым қалт еткенде әкемнің басына барып тұрдым. Көкемнің басына көк тас қоймасам да, оның әруағын тірілтердей мұңаятынмын, күрсінетінмін. «Мен сенің ошағыңды өшірмеймін, ұрпағыңның жалғасымын, сенің атыңа кір келтірмей адамша өмір сүремін» деп әке қабірінің басында серт бердім. Әкемнің өзін құшақтағандай қабір үстіне үйілген топыраққа кеудемді басып, ұзақ әрі үнсіз жатып қалатынмын. Топырақ қанша мұздай болса да елемей, қайта одан ерекше бір жылылықты сезінетінмін. 

Бірде күн еңкейіп бара жатқанда қабір басына келдім де, үлкен жалпақ тасты әупірімдеп қабір басына қойып, әкемнің аты-жөнін қашап жазып жатып, ту сыртымда әлдекімнің тұрғанын сезіп қалдым. Жалма-жан бұрылып қарасам інім Қанжарбек екен. Байғұс бала үйден жалаң аяқ шыға салғандықтан аяғына тікен кіріп, тас батып әбіржіп кетіпті. Мен оны көрген бойда жерден көтеріп алып, екі бетінен алма-кезек сүйе бердім. Байғұс баланың әке дегеннің кім екенін білмей өсетіндігін, алдағы болашағы не болатындығын ойлағанда өзегім өртеніп, көкірегімді ащы өкініш кернеп кетті.

– Аға, не істеп отырсыз?

– Жай... Сиыр іздеп шығып едім.

– Жоқ, тасқа не жазып жатырсыз?

«Жай әншейін, ойнап отырмын ғой», дей салуға батылым бармады. Өйткені, ол аға деп тұрса, менің «ойнап отырмын» деуім қалай?

– Сиыр үйге келіп қойған.

– Онда қазір қайтамыз, – деп оны көтерген бойда үйге қарай беттедім. Сол кезде әкемнің тасқа кашалып бітпеген есімін аяқтауға болатын еді, бірақ Қанжарбек енді сәл тұрса, әкесінің осы жерде мәңгілікке көз жұмып жатқанын сезіп қоятындай көрінді.

Біз келген соң апам дастархан жайды. Қорым жақтан келе жатқанымызды көрген апам шай үстінде егіліп жылап алды. Анасының жылағанын көріп, Қанжарбек бір сұмдық болып қалды ма дегендей жан-жағына жаутаңдай қарап, дегбірі қашты. Мен үнсіз көзіммен жер шұқыдым да қалдым. Бірақ көңілім босамады. Көңілсіздікті одан сайын нығарлай түскендей үй іші де қараңғылана бастады. Орнымнан тұрып, шам жақтым. Апам шай ішіп жарытпады. Күндегіден ерте жаттық. 

Ымырт үйірілген шақ. Жазғы ауаның жанға жайлы самалы тұла бойыңды аймалайды. Тәнің рахаттанғанымен жан дүниең астаң-кестең болып жатса, не пайда. Апам ауық-ауық күрсініп қояды. Мен Қанжарбектің шашын сипай жатып көзім іліне бергенде:

– Сыздық, – деген апамның дауысынан оянып кеттім.

– Иә, апа...

— Сыздық, ала сиырды сатып, сені оқуға жіберсем бе деп едім. Біз аштан өлмеспіз. Ел тойынып келеді ғой. Тым болмаса, трәктірдің оқуы болса да бітіріп алғаның дұрыс.

– Ой, апа, өмір әлі алда ғой. Әйтеуір бір оқырмын. 

– Дер кезіңде оқығаның жөн. Кеше колхоздың бастығымен сөйлестім, мені кеңсені жуып тазалауға жұмысқа аламын деді. Соның табысы бізді өлтірмейді. Сен оқуға баруға тиістісің, – деп апам кесіп айтты. Апамның дауысы екпінінен бұйырып тұрғанын білдім де, үнсіз қалдым.

Ертеңіне шешем сиырды көршіге сатып жіберді. Бұзау күнінен қолда өскен сиыр енді өзге аулада күйсеп, мөңірейді... Малдың да өз қасиеті бар ғой, бір қолға әбден көндігіп қалған ала сиыр көпке дейін бөтен қолға үйренбей, сауар кезде тепсініп, тыпыршып, бір орнында тұрмай көршімізді өгейсініп жүрді. Үйде сиырдың ерте туған бұзауы ғана жалғыз қалды. Оны да сүтінен қалдырмайық деп енесінің соңынан ертіп жібердік.

Көп ұзамай ала сиырдың қаржысын қалтама салып, оқу іздеп, қалаға жүріп кеттім. Ол кезде қазіргідей ағылып жатқан көлік қайда. Әйтеуір сатылап, сатылап қалаға кеш түсе әзер жеттім. Аңқылдап жетіп барар үйім жоқ. Не де болса көшеде қона салмақ болдым. Ымырт үйіріліп, көз байланарлық мезгіл де тақады. Қолымдағы оны-мұны салған чемоданымды астыма қойдым да, «барған жеріңде саған ешкім тамақ дайындап отырған жоқ шығар», деп, шешемнің дорбаға салып берген нанын қаужаңдадым. Сол отырған жерімде арқамды әлдекімнің дуалына сүйеп, ұйқыға кеттім. Сонда біреу-міреу тонап, ұрып кетеді-ау деген ойымда болсайшы.

 

******

Қайыршы сол кезді қазір басынан кешіп жатқандай сезініп, өзінің бүгінгі қасіретті өмірін бір сәтке ұмытып, жеңілдеп қалды. Ойын жалғай түсті.

 

******

Осылай беріле ұйықтап жатқанымда әлдекім иығымнан жұлқылап, оятып жіберді. Көзімді ашқанымда қарсы алдымда бейтаныс қария тұрды.

– Ей, балам, неғып жүрген жансың?

– Ассалаумағалейкум!

– Амансың ба?.. Түн ішінде көшеде ұйықтап жатқаның не? – деп сұрады.

– Ауылдан келіп едім...

– Не шаруамен жүрсің?

– Қалаға оқу іздеп...

– Дұрыс. «Түсі игіден түңілме» деген, үйге жүр. Осынша үй тұрып, далада қонғаның жарамас. «Жүре ғой, жүр» деп шал үйіне бастай жөнелді. Мен соңынан еріксіз ере бердім. 

Қарияның жайы үш бөлмелі, қарсы есік там екен. Дәлізге қойылған білтелі шам есіктен соққан самалға толқи жанып, бөлменің ішін әжептәуір жарық қылып тұр. Үй иесі оң жақ есікті ашты да, «кіре бер, балам» деп ишарат білдірді. Өзі кері бұрылып, дәліздегі шамды әкелді. 

Үйде қариядан басқа ешкім байқалмайды. Өзін жалғыз басты дейін десем, үй ішінің жинақылығы, қойылған заттардың ретімен әрі аса ыждағаттылықпен жинастырылғандығы әйел адамның бар екендігін айтпаса да білдіріп тұрғандай. Ол дастарханды жайды да, бір кесеге айран құйып әкелді.

– Балам, келе ғой, нан жеп, айран ішіп ал, өзің алыс жолдан келе жатқан секілдісің, қарның ашып, шөлдеген шығарсың. Бүгін күн ерекше ыстық болды. Іше ғой. Келін мен бала бір жаққа жолаушылап кетіп еді, жалғыз өзіме ас батпай, шай да іше алмадым. Олар ертең келіп қалатын шығар, – деп үй иесі өзінің жалғыз тұрмайтынын білдіріп өтті. Мұздай әрі қою айран тамағымды үйіріп барады.

– Әкел, тағы құйып берейін. 

– Рақмет, қанағаттандым. 

– Қысылма, өз үйіңдей көр, – деп аңқылдақ көңілімен елпілдеп жатыр. Қайран қазағымның кең пейілі-ай! Қазақтың ақ ниеті мен таза жүрегінің арқасында талай аш-жалаңаштар, панасыз бейшаралар өмірден өз үлесін алып, өсіп, өніп кетті ғой. Қазақты тарихтың соқпақты жолдарынан бойыңдағы осы бір асыл қасиет аман-есен алып шыққан шығар деймін, бұрын-соңды көрмеген-білмеген жанның ақ ниетіне разы болып.

– Ал балам, қай ауылдан келесің? 

– Шолаққорғаннан.

– Е, теріскейденмін де. Қай ел боласың? 

– Тамамын. 

– Әке-шешең бар ма? 

– Әкем өткен жылы қайтыс болған. 

– Жатқан жері жайлы болсын. Басқа кімің бар?

– Шешем мен інім бар.

– Мұнда туыстарыңнан біреу-міреу бар ма? Әлде өкіметтің жатақханасына сеніп келдің бе?

– Мұнда әкемнің жолдастары бар, бірақ кейінгі кездері олармен барыс-келіс үзіліп қалған, оның үстіне жіті танымаймын. Үкімет жатын жай береді деп естіп...

– Иә, – қария ойланып қалды. – Онда баратын жерің жоқ болса, міне үй, осында тұра бер. Айтпақшы, қандай оқу оқымақсың?

– Мұғалімдік.

– Педучилищені діттеп келген екенсің ғой.

– Иә.

Мен оның «осында тұра бер» дегеніне қуанғаныммен, соңынан ойланып қалдым... Іле «Пейіліңізге рахмет, бұйырса, жатақханаға орналасамын ғой» дегелі тұрдым да, қалтамадағы азын-аулық қаржыны үнемдеу үшін онымен келіскендей үндемедім.

– Сонымен, келістік қой.

– Алдымен оқуға түсіп алайын, ата.

– Е, талаптанып келсең түсесің ғой. Ертең балам келеді. Ол сол оқуды бітіріп, қазір сонда мұғалім. Өзі ертіп барады...

Жолдан қажып, шаршап келсем де қариямен бірге ерте тұрдым. Ол мал қорасында өз шаруасымен айналысумен болды. Мен беті-қолымды жуып, қатар салынған екі төсекті ұқыптап жинадым да, оның жанына бардым. Қорада оннан астам уақ мал және бастырма астында байлаулы сиыры тұр екен.

– Ал, бала, біздің шаруа осы. Ертелі-кеш осы бес-он тұяқ малды ермек етемін. Мына есікті ашып жібер, падаға қосылатынын сыртқа шығарайын, – деп, қария лақ-қозыны жабық қораға айдап, енелерінен оңай бөліп алды. Шал қой, ешкісін ауладан шығарды да әр үйден шыққан азын-аулық малдың жиналған тобына қосып, іле қайта келіп, шелегін қолына алып, енесіне бұзауын жіберіп, идіріп алды, сосын бұзауды қайта байлап, сиырдың желініне жабысты. Әп-сәтте үлкен ақ шелектің жартысынан асыра сүт сауды. Бұзауын тағы бір емізіп, сиырдың бас жібін шешіп сыртқа айдады. Дәу қара қасқа сиыр аяғын маң-маң басып, есіктен шыға берді. 

Аула биік дуалмен қоршалғандықтан, айналаңа, көрші үйлерге көз жібере алмайсың. 

Түс мезгілі жақындағанда аула есігін біреу тықылдатты. Ата асыға басып барды да есікті ашты. Ар жақтан жас жігіт пен орамалын басына қоқита тартқан жас келіншек көрінді. Бұл келгендер қарияның әлдебір жақтан қыдырып келген баласы мен келіні екен. Олар үлкен кісімен жылы амандасты да, есік алдында тұрған маған таңырқай қарасып, үйге қарай жүрді. Мен оларға қарсы жүрдім де, қолымды ұсынып амандастым. Ата менің кім екенімді, неғып келгенімді түсіндіріп жатыр.

Қарияның жалғыз ұлының есімі Бақыт екен. Оның азды-көпті көмегімен оқуға түстім, жолым болып кетті. Мен кездейсоқ тап болған осы бір отбасының арқасында оқуымды оқып, жүріп жаттым. Біреудің үйі өз үйіңдей қайдан болсын, бір қасық тамақты, бір үзім нанды аузыма ойланып саламын. Тек шалдың дұрыс пиғылы ғана менің осы үйде жүре беруіме септігін тигізді.

Келіні қаланың қызы екен. Батыстың мәдениетін өз бойларына құмарта енгізіп жатқан сол кездегі жастардың бірі еді. Келіні қазақтың әйелдеріне тән биязылық пен әдет-ғұрпты бойынан аулақ ұстап, оған бой алдырғысы келмейтін. Күйеуі де әйелінің айтқанынан шыға алмайды. Біреудің үйінде тегіннен-тегін жатқан соң, дастархан басында өзімді емін-еркін ұстап, қысылып-қымтырылмай отыру үшін осы үйдің барлық тірлігін мойныма алуыма тура келді. Тіпті, кей кезде екі бүйіріне қолын таянып, келіні «ананы өйт», «мынаны сүйт» деп бұйрық бере жұмсайтынды шығарды. Мен оқу үшін, өзімнің көздеген мақсатыма жету үшін не болса да көнуге бел байладым. Бұл шаңыраққа тиесілі жұмысты істеуден шаршап, қажыған емеспін. Тек, Бақыттың әйелінің «осы үйде жатады екенсің, ішіп-жейді екенсің, онда барлық тірлік сенің мойныңда» дегендей бөтен ниеті ғана мені шаршатып, емін-еркін жүруіме кедергі жасайтын. Осылай күндер жайлап өтіп жатты, әрбір таңды асыға күтіп, атқан таңның тез батуын тілеймін. 

Оқып жүргенімде бір қызға ғашық болдым. Оны ұнатқаным сондай, тіпті, ол келе жатқаннан өзімнен-өзім қысылып, жанарына тура қарауға бата алмайтынмын. Өз ойымды қаншама рет айтуға бел байладым, бірақ үстімдегі тозығы жеткен киімдер мен тұмсығы әбден ағарған бәтеңке үнемі әліңе қара деп тұрғандай болатын. «Адам көркі – шүберек» деген рас қой. Үстіңдегі киімің бүтін әрі өзіңе жарасымды болса, көңілді ол да бір көтеріп тұрады емес пе. Бұған қоса құрбыларыңның ортасында еркін жүріп-тұруыңа, жүзіңді жарқын ұстауыңа да тәуір киім септігін тигізеді ғой. 

Оқу мен үйдегі күйкі тірлік екі жақтап қысса да мені жасыта алмады. Өйткені, алдағы өмірден күткен үмітім жігерлендіре түсті. Өз ортамда әлдекімдерден пәс болғаныммен, кейін өсе келе олардан биік тұратыныма кәміл сенетінмін. Мені осы сенім ғана жасытпады.

Бірде сабақтан үйге келгенмінде атаның қатты шаршаңқы, солғын жүзін аңғара қойдым да:

– Ата, ауырып тұрсыз ба? Демалсаңызшы. Қора-қопсыдағы тірліктерге қол тигізбей-ақ қойыңыз. Менен артылмайды ғой, – дедім.

– Е, шырағым атаң әзірге жұмыстан қажи қоймас, тек мына бір бала мен келіннің ылаңы-ақ шаршатты.

– Ол неғылған ылаң?!

— Бақыт жуастау ғой, келінім әбден билеп-төстеп алды. Келіннің төркіні Алматы жақта еді. «Сол жаққа барып бір тәуір жұмыс іздейміз» дейді. Ал мен болсам олармен бірге тірі кетемін бе, қартайғанда қаңғитын жайым жоқ, – деп жүзін төмен сала үнсіз қалды.

Қария әр нәрседен хабары бар, сөзге де қара жаяу емес, өмірден көргені мен түйгені көп жан еді. Көбіне маған мұңын шағатын, шерін тарқататын...

 

******

Қайыршы бүгін күнделікті жайына емес, адамдар сиректеу өтетін кең әрі таза көшенің бойына орналасты. Әдеттегідей малақайын ыңғайлап қойды... 

Сол отырғаннан түс ауа бір-ақ тұрды. Бүгін ақша әжептәуір түскен. Онысын қалтасына ұқыптап салды да, көңілін тоққа санап, тротуар бойына жағалай орналасқан жайма базарды аралады. Содан кейін қаз-қатар сап түзеген асханаларды жағалады. Қалтасындағы азын-аулақ теңгесін қолымен умаждай қысып алған. Кеңсірік қабар түтінге ыстала пісіп, астаушаға ретімен қойылған шашлыкқа жұтына қарады. Күндікке отырып тапқан ақшасын бес-алты түйір етке бола айырбастағысы келмеді ме, көзін әлгі шашлықтан күштеп тайдырып әкетті. Ол сол жерде өз жұмысын қайта жалғастырмақшы еді, өзінен сәл төменірек отырған тілемсек кемпірді көрді де оның несібесіне ортақтасуды жөн көрмей, райынан қайта қойды. Қайыршы орнынан қозғала бергенде бір шетелдік машина таптап өтердей мұны сүзе тоқтады. Қайыршы үрейленгені соншалық, кейін шегінемін деп арқа тұсынан өтіп бара жатқан жас бойжеткенді кағып кетті. Анау жалма-жан беттен ала түсті. Орысша-қазақша жағымсыз сөздерді түйдек-түйдегімен ағытып, мұны едәуір тұқыртып тастады. Ойламаған жерден сөз есітіп, көзімен жер шұқып тұрып қалды. Қыз дауысы шыққан жаққа бір-екі жігіт жүгіріп келіп те қалыпты. Абырой болғанда араға сол жерде тұрған кексе әйел түсіп, бұны құтқарып жіберді. Өз сүлдесін зорға сүйретіп жүрген қайыршыны аналар аяйтын түрі жоқ. 

Қайыршы бүгінгі түскен ақшаның бір бөлігіне нан алды да автобусқа отырып, қас пен көздің арасында үйінің жанынан түсіп қалды. Тағы да көңіл жабырқатарлық ішкі ойымен жеке қалды. Жалғыздыққа серік боларлық оның барлығына да шүкір.

Өз әуенінен жаңылмай шиқылдайтын ескі кереуетке жайғасты. Осыдан бір-екі ай бұрын өзін-өзі өлтірмекші болып әзірлеп қойған кендір жіпке жасық көзбен бір қарады да, әлденеден қорыққандай екі алақанымен бетін басып, етпетінен жатты да қойды. Болды. Өлу керек деп түйгендей.

 

******

Сабақтан қайтып келемін. Алдымнан мүліктерін арбаға тиеген Бақыт пен әйелі ұшыраса кетті. Мені көре сала Бақыт арбадан секіріп түсті. Мен олармен салқын амандастым.

– Ал, біз көшіп барамыз.

– Жолдарыңыз болсын.

– Қазір жүкті пойызға артамыз. Пойыз бір-екі сағаттан кейін келеді.

– Менің көмегім керек пе?

–Жоқ, көмектеспей-ақ қой, не жүк бар дейсің, өзіміз-ақ жетеміз, – деп Бақыт күйбелектеді де қалды. Бақыттың үнінен әкесін жалғыз тастап бара жатқандығынан ыңғайсызданып, бір түрлі қобалжып тұрғаны байқалады. Бақыттың жұбайы – Гүлайым арбадан түскен жоқ. Екі көзін бір нүктеге қадап, тас мүсіндей қозғалмастан отыра берді. Мен оның жүзіне барлай көз тастадым. Әппақ жүзінен ешқандай белгі байқалмайды. Өзіңе ұнамаған адамың реңді болғанымен сұп-сұр болып көрінеді екен. Олармен қош айтыстым да, өз жолыммен кеттім. Үйге келсем, ата дастархан жайып жатыр екен. Дәмге екеуміздің де тәбетіміз тартпады. Оның баласына деген реніші мен мендегі аяушылық сезім еңсені езіп тастады. Тіл қатысқан жоқпыз. Сол сәтте үй-ішіндегі келеңсіз көріністі ысырып тастағысы келгендей, қария жарқылдай сөйледі.

– Айтпақшы, сенің үйіңнен хат келді.

– Рас па?

– Мә, оқы!

Хатты дауыстап оқи бастадым. Хатта амандық-саулық, ауылдың жаңалықтары, ыстық сәлем жолданыпты. Хатты оқи бастағаннан-ақ көзге жас үйіріліп, көңілім босап, үйге барып қайтқым келді. Бірақ оған шама жоқ. Сағыныш та бір қайғы. Сағына-сағына уайымшыл болады екенсің. Уайым да қайғымен астарласып жатады емес пе.

Екеуіміз тіршілігімізді жалғай бердік. Қарияның баласынан бір-екі рет хат келген болды. Хат келген сайын «мені де іздеуші бар екен-ау» деген пейілмен қария бір көтеріліп қалатын.

Көктемнің соңғы айы да аяқталуға жақын. Алда мемлекеттік емтихан. Бұл оқуды бітіру маған қуаныш болғанымен, қарияға оңай тимесі анық. Мен кетемін, ол жалғыз қалады. Бұл жағдайды ойлаған сайын қуанашым сап басылатын. 

Көп өтпей педучилищені бітіруші түлектерге салтанатты түрде дипломдар тапсырылды. Жиын тарқасымен қуаныштан алып-ұшып, аяғым-аяғыма жұқпай үйге зымырап келемін. Есіктен кіре-міре атаға дипломымды көрсеттім. Ол: «Өркенің өссін!» деп, ризашылығын білдірді.

Күн бата есік алдына киіз төседім де, екеуіміз рахаттанып шай іштік.

– Балам, ертең ауылыңа қайтасың ба?

– Иә.

Әрқайсымыз өз ойымызбен болып кеттік. Дем алған сайын шалдың көкірегі тот басқан топсадай шиқылдайды. Сол шиқыл біреудің алыстан талып жеткен айқайына ұқсайды. Әлгі дауыс оны әлдеқайда шақырып тұрғандай көрінеді.

 

******

Ол бүгін теміржол бекетіне барды. Жолаушылар кешке дейін әжептәуір ақша тастап, мұны қарық қылды. Ақшам мезгіл аяқталып, ай сәулесімен зерленген қараңғылық әлемге жамылғысын жапқан. Тұрағына қайтуға ерінді әрі қиынсынды. Бекеттің оң жағына орналасқан зәулім үйдің ауласына қойылған орындықтардың біріне жайғасты. «Е-е, мынау дұрыс болды, бұдан артық тегін диван табылмас» деп, әкесінің үйіне келгендей орындыққа жантайып жатып алды. Осы кезде он шақты адым қашықтықта өтіп бара жатқан екі адамның бір-біріне сөйлеген сөздерін құлағы шалып қалды.

– Бурка, орындықта бір адам жатыр.

– Жата берсін, маскүнем шығар.

– Кім болса да білейік. Бәлкім, қалтасы тоқ біреу болар.

– Жарайды.

Қайыршы олардың сөзінен көшеде кісі тонап жүрген жігіттер екенін аңғарды да, қалтасындағы азын-аулақ теңгемді алып қояр деп, онысын асығыс түрде орындықтың астына тастап жіберді. Қырсыққанда әлгі ақшасы орындықтың астына емес жанына, анық көрінетін жерге түсті. Іле әлгі екеуі мұны тұрғызып алды.

– Оу, братан, неғып жатырсың?

– Жай, үйім жоқ болса, далаға қонбағанда қайтемін.

– Темекің бар ма?

– Жоқ.

– Теңге-пеңгеден нең бар?

– Ойбай, ол менде қайдан болсын. Өзім қайыр тілеп жүргенде.

– О-о-о, қайыршымын де.

 Иә, қайыршымын, – деп әлгі екеуіне өзін мүсіркеткісі келгендей «қайыршы» деген сөзге екпін түсіре айтты.

– Бүгінгі табысың қайда?

– Бәріне тамақтанып қойдым.

– Солай де..

– Қой, Бурка, кеттік... неғыласың.

– Тұра тұр. 

– Братан, он-он бес теңге тауып бер.

– Ақша жоқ қой.

– Мүмкін емес, қалталарыңды көрсет.

– Мә, көре бер.

Біреуі барлық қалтасын тінтіп шықты да, түк таппаған соң қайыршының бұған дейін жасаған пысықтығын байқап қалғандай орындықтың айналасын көзімен сүзіп шықты. Қырсыққанда ай сүттей жарық еді. Олардың бірі жерде жатқан теңгелерді көріп қалды да: «Ой, Сева, дүниенің бәрі мұнда жатыр ғой», деп жерден ақшаларды теріп алды. «Қарай гөр бұны, бода-бода теңгені жасырып та үлгеріпті ғой», деп қайыршыны иықтан жұдырықпен түйіп қалды.

– Бурка, бере сал.

– Сонша әурелене тапқанымды қайтып бере бере алмаймын. Кеттік...

Қайыршы ішіп-жеуіне жаратуға қимаған, күні бойы тілеп алған ақшасынан түгел айрылып, мең-зең күйде тұрып қалды. Әлгі екеуі соңынан түсетін қуғыншының сиқын көрген соң, аяқтарын алшаң басып кетіп барды. 

 

******

Аудандық оқу бөлімі мұғалімдік дипломы бар мені құшақ жая қарсы алып, туған ауылыма жолдама берді. Содан ауылдағы мектепке мұғалім болып орналастым. Шешемнің қуанышында шек жоқ.

Апам кеңсе сыпырушы. Қанжарбек екінші сыныпқа өткен. Сабақ басталысымен жұмысқа кірістім. 

Содан, арада бір-екі жыл өте апам «үйлен, үйлен» деп құлағымды жеп бітті. Біздің мектепте арнайы жолдамамен келген өзім қатарлас мұғалима қыз жүретін. Оған сөз салып көріп едім, кет әрі емес екенін білдірген соң көңіл жарастырып, бас құрадым. Қыз таңдап қылмыңдайтын заман қайда?..

 

******

Қайыршы сол сәтті көз алдына елестетіп жатып, осыдан біраз бұрын малақайына ақша тастап өткен әйел өзінің бір кездері тағдыр қосқан жары болғандығына сенгісі келмеді. (Әйел оны таныды ма, танымады ма, ол жағы бір Аллаға аян). Жүрегі күйді. Қайыршы сол бір қайта оралмас күндерге «сапарын» қайта жалғады.

 

******

Сол кезден бастап тағдыр мені аямай соққыға жыға бастады. Ұзамай ажал деген алпауыт шешемді алып кетті.

 

******

Қайыршы анасы қазір өлгендей кемсеңдей жылады. 

 

******

Сосын, он екіде бір гүлі ашылмаған он бес жасар Қанжарбек асылып өлді. Оны соншалықты өлімге итермелеген қандай күш, қандай ниет екен? Осылайша өмірден түңілдірген бір түйсік Қанжарбектің жанын кеудесінен ұшырып әкетті... 

 

******

Қайыршы өзінің мына жүрісі мен інісінің өзді-өзіне қол салуын жігерсіздікке, жасықтыққа балап, бұл осалдықтарын сандаған ғасыр бойы небір құқайды бастан өткерген ата-бабаларының кеуделеріне қордалана жиналған үрей мен қорқыныштың қан арқылы жалғасып, өздерінің бойларына сіңгенінің бір көрінісі деп ұққандай болды. 

 

******

Үйде сопиып келіншегім – Сайра екеуміз қалдық. Үйленгенімізге бірнеше жыл өтсе де Сайраның пұшпағы қанамады, перзент сүймедік. Алланың ісі болар... 

Неге адамға алдағы өмірде не боларын біліп отыратын қабілет бермеді екен? Жо-жоқ. Керегі жоқ! Егер мұндай қасиет адамның бойына болса, ол өлетін күнін де біліп алар еді-ау. Алда-жалда қай күні, қай сағатта өлетінің өзіңе анық болса, одан артық қасірет, одан артық жан азабы бола ма?

 

******

Ол ұйқысынан түс ауа оянды да кешегіден артылған жарты бөлке нанды қаужаңдай бастады. Содан кейін темекі шеккісі келіп, қай бір күні сатып алған «Қазақ әдебиеті» газетінің алақандай қиындысына махорка орады. Тұрағының ішін түтін жайлады. Сол шақта қолына әлгі газетті алып, онда басылған бір әңгімеге көзі түсті...

Әңгімеде ауру анасын ойлай-ойлай ішімдікке салынып, ақырында әйелімен ажырасып кеткен жігіт жайлы екен. Жазушы әңгімесінің соңында өзінің басты кейіпкер туралы ойын: «Жоқ, ол маскүнем емес, ол анасының жайын ойлап азаптанған нағыз перзент, нағыз адам» деп түйіпті. Қайыршы әңгімені аяқтаған соң ойланып қалды. «Жоқ, ол нағыз адам, нағыз перзент емес, ол мен секілді жігерсіз, жасық. Жасық болмаса, араққа салынбай, анасын неге күтпейді?» деп кіжінді.

 

******

Бір күні мектеп директоры маған жоғары сынып оқушыларын колхоздың егістігіне апарып жұмыс істетуді тапсырды... 

Оқушылар тиесілі шаруаларын орындауға кірісіп кеткен... Түскі мезгілде жүргізуші жігіт екеуіміз диқанның үйіне барып шай ішіп, қайтадан машинаға келдік. Балалар үйлерінен алып келген ас-ауқатын ішіп, өздерімен өздері. Жүргізуші мөлдіретіп екі шөлмектің мойнын қылтитты. Жайшылықта ермек табылғанына мен де қуандым. Алғашқы шөлмек жұғын да болмады. Екіншісін де ішіп алдық. Әжептәуір қызыңқырағын біздер мұны да місе тұтпай, ақырында диқанның үйіне қайта барып, оны қолқалап, қонағына сақтап жүрген екі шөлмек шарабын құлқынға құйдық... 

Содан кешке қарай оқушыларды машина қорабына мінгізіп алдық та ауылға беттедік. Содан ары не болғанын білмеймін. Бір кезде көзімді ашсам, жылап-сықтаған, улап-шулаған балалар машинадан түсіп жатыр. Біреулері әлденені қоршап тұр. Содан барып бір жамандықтың болғанын ішім сезді де, есікті ашып жерге қарғып түстім. Мастығым бірден тарқады. Жүргізушінің де көзі алақандай. 

Сөйтсем, сылқита ішкен жынды судың әсерінен ұйықтап қалған кезімде араққа мелдектеп тойған жүргізуші машинаны ойдақтата ойға да, қырға да ұрады. Қораптың артында тұрған екі бірдей жас бүлдіршін қыз бір арықтан өткенде кузовтан ұшып кеткен екен. Сол сәтте абырой болып, жүргізуші машинасын өшіріп алады. Әйтпегенде басқа балалар да шашылып қалады екен.

Мен екі қыздың арасында не істерімді білмей жүгірдім де жүрдім. Олардың аузы-мұрнынан, құлағынан қан кеткен. Сол сәтте екі қыз да бұл дүниемен қош айтысып жүре берді... 

Ауылға қайттық. Машина баяу жылжып келеді. Мен үшін уақыт тоқтап қалғандай.

Бір кезде, дәлірегі ауылға кіре бергенде жүргізуші машинасын тоқтатып, өзі кабинадан түсті де анадай жерге барды. Іле ол қалтасынан бір қара бәкі шығарды да, онымен өзін-өзі тамағынан орып жіберді. Мына көрініске қарау мүмкін емес еді. Балалар теріс айналып кетті...

Мен де өлуім керек еді, бірақ өзді-өзіме қол салуға батылым жетпеді.

Осылайша, үш адамның өліміне септігімді тигізіп, пәлен жылға бас бостандығымнан айырылып кете бардым. Соңымда қылмысымның құрбаны болып Сайра қалды...

Түрмедегі жылдар да зулап өте шықты. Бостандыққа шыққанымда әйелім мені тоспай, үйді қараусыз қалдырып өз жөнімен кетіпті. Іздеп бардым... Біреумен көңіл жарастырыпты. Қайта қосылудан ешқандай қайыр болмайтынына көзім жетіп, кері қайттым. Одан бергі тағдырым арақтың азапты жолымен түйісті. Бұл жол мені қара шаңырағымнан, ағайын-туыстан ажыратып, аулаққа, түн-түнекке алып кетті. Ағайын айтқан ақыл-кеңесті шайтан су шайып, санамды қараңғылық басты. Барлық еңбегімнің ақысына арақ іштім. Аңсаған арманым, көздеген мақсатым, осылай шаңға көміліп қала берді. Қалаға кеттім... Бірте-бірте арақ жеңіп, қол еңбегіне жарамсыз болып қалдым. Елу ердің жасы деуші еді, ал мен болсам елуімде сексендегі шалдаймын. 

 

******

Қайыршы ешнәрсеге зауқы болмай тұнжырап отырды да, әлдеқашан дайындап қойған кендір арқанға көз тастады. Арқанға көзі түскен бетте өмірінің соңғы сәттері жақындағанын ойлады. Бұл фәниден құтқаратын жалғыз ғана сол арқан мен аз ғана ерік-жігер екендігін іштей сезінді.

Өмірге деген құштарлық пен өлім үстіндегі тән қиналысы – қайыршыны өлімге жібермейтін екі себеп. Осы себептерден қалай аттап өтерін білмей, кешке дейін ойлануға өзді-өзінен мұрсат алды. Ымырт үйірілгенше көшеде жүрді...

Ол ішкі дүниесімен арпалыса жүріп, айнала қараңғыланған соң тұрағына беттеді. Бір кезде кендір арқан мен өліп бара жатқандағы ықтимал шарасыз қимылдарын көз алдына елестете тұрып қалды. Оны сол сәт үрей биледі. Жайлап келді де, сол маңдағы аялдама орындығына отырды. Айналада ешкім жоқ. Мүлгіген тыныштық орнай қалған. Кенет әлдебір тіршілік иесінің пысылдаған үні құлағына шалынды. Жан-жағына алақтай қарап еді, ешкім көрінбеді. Ол әлгі пысылдағанның не екенін анықтағысы келіп, сыбыс шыққан жаққа үңіле жақындай түсті. Сол сәтте қайыршы іші дүниеге толы боқша мен ораулы затты көрді. Ол әлгі ораулы дүниені қолына ала беріп еді танауына нәрестенің жан дүниеңді идірер иісі келді. Оған жаңа туған сәбидің иісін қандай болатынын сана түйсігі сездірген еді. Жүрегі атқақтап, демалысы жиілеп, буын-буыны әлсіреп, басы айналғандай болды. Бірақ әп-сәтте ішкі толқынысын басып, өзді-өзіне келіп алды да, құндақтаулы нәрестені кеудесіне қысқан бойда аялдама орындығына құйрық басты...

Қайыршы мұның тастанды бала екенін ә дегеннен-ақ сезіп қойған-ды. Алайда ол «шешесі қазір келіп қалар» деген үмітке байланып, едәуір отырды. Сол күйі баланы іздеп ешкім келмеді. Оның тастанды бал екеніне күмәні қалмады. Қайыршының санасында баланы асырап алсам деген ниет қылаң беріп те үлгерді. Бұл пейіл оның жандүниесін нұрландырып жібергендей болды. Ол сол сәтте өзінің осы ниетінің тұтқынына айналған-ды. «Құдай мені де өлтірсін бе, міне бір-ақ сәтте перзентті болдым» деп, іштей дәмесі зорайған ол оң қолымен сәбиді кеудесіне қысып, сол қолымен қампиған боқшаны қармап, тұрағына қарай асықты...

Қайыршы жолай тәтті қиялдарға беріле құстай ұшты. Қайыршы мен сәби тұтасып, бір адамға айналып кеткендей.

Үй іші тас қараңғы болса да жаңылмай табатын кереуетіне нәрестені жатқызды да, электр лампасын сұрамаққа көршілес үйге жүгірді. Ол бүгінгі кездескен жайттан серпіліп, өзін талайлармен терезесін тең санап, көршісінің есігін еркін қақты. Арғы жақтан:

– Бұл кім? – деген дауыс шықты.

– Мен едім.

– Менің кім?

Үй иесі мұның жауабын күтпестен есігін ашты.

– Амансың ба, балам?

– Шүкір... тыныштық па? – деді көрші жігіт мұны жақтырыңқырамай.

– Мен сенен бір «ләмпішке» сұрай келіп едім, бар болса бере тұршы, ертең қайтарамын.

Көршісі қабағын түйіңкіреп:

– «Ас ішерде...», деген осы ғой, күндізден ойламадың ба?

– Сатып алуды ұмытып кетіппін...

– Жарайды, қазір, – деген қожайын үйіне кіріп кетті де қайтадан шығып, бұған бір лампочка ұстатты.

– Ертең қалайда қайтарамын...

Ол тұрғын жайына кірген бойда лампаны патронға салды да, тетікті басып қалып еді, қараңғы үйге жан кіргендей жарқырап сала берді. 

Анасы соңғы рет сүтке сылқита тойғызған болу керек нәресте әлі алаңсыз ұйқы құшағында. Қайыршы сәбидің оятып алмайын деп аяғын еппен басып жүр. Аялдамадан алып келген боқшаны ашып еді, лықа толған заттардың бетінде тұрған бір жапырақ қағазды көрді. 

Онда: «Аман-есенсіз бе? Мен бейбақ осылай етуге мәжбүр болдым. Баланы тауып алған екенсіз, енді оған мейіріміңізді түсіргейсіз. Онда ешқандай жазық жоқ. Бәріне кінәлі – мен. Сәбиімді үш айдай жасырып, ешкімнің көзіне түсірмей бағып көрдім. Жас нәрестемен ата-ана, ағайын-туыстан жасырынып өмір сүру өте қиын болды. Босанғалы бергі үш айдың ішінде нәрестеме деген аналық мейірімім оянбай-ақ қойды. Оған деген ыстық сезімімді оятуға қанша жерден тырысқаныммен одан түк шықпады. Екеуміздің арамызды көзге көрінбейтін қара перде бөлді де тұрды. Оны әлпештеп құшағыма ала берсем болды сол сәтте өзімнің шайтан кейпіне енген бейнем, жексұрын іс-әрекетім елестеп шыға келеді де, балама деген ыстық сезімім мұздап сала береді. Баланың әкесі беті жылтыр, мен секілді ойнақтаған ойсыз міскіндерден тояттаған желөкпелердің бірі... Бауыр етім баламнан безінгенімнің себебі – жалған намыс. Ата-анамды, бауырларымды жерге қаратқым келмеді. Жеңіл жүріспен көшеден көтерген баламды әлдилеп, олардың жүрегіне дақ салып, намыс отына өртендіргенше өз күнәмді мойныммен көтеріп о дүниелік болғаным әлдеқайда дұрыс деп шештім. Мен баланың атын әлі қойғаным жоқ. Сізден сұрар бір тілегім бар. Нәрестенің есімін Айжарық деп атаңызшы. Бұл есімді таңдаған себебім, бірде екі жігіт абыройымды төкпекші болды. Мен жан дауысым шыға көмек сұрадым. Сол кезде бейтаныс бір жігіт маған көмектесемін деп көз жұмған еді. Сөйтіп, әлгі жігіт мен үшін құрбан болып кете барды. Оның есімі Айжарық екенін кейін білдім. Сол бір жігіттің әруағы үшін балаңызға Айжарықтың есімін қойыңызшы.

Сол бір бейтаныс жан қорғап қалған абыройымды мен бейбақ жеңілдікке салына аяқасты еттім. Соны ойлағанда жерге кіре жаздаймын. Біреудің мен секілді түкке тұрғысыз міскін үшін құрбандыққа шалынғанын қабылдай алар емеспін. Қош болыңыз. Сіз хатты ашып оқығанда, мені бұл жалғанда жоқ деп ойлаңыз. Сәлеммен А», деп жазылған екен.

Қайыршы мең-зең күйде қалды. Іле толқып кетті. Өйткені оған мына жарық дүниеде белгісіз жан болса да бір адамның өз мұңын шаққаны қатты әсер еткен еді...

Қайыршы хатты қалтасына ұқыптап салды да, қара боқшаны ақтара бастады. 

Сөмкеден іші ақшаға толы әмиян шықты. Ақшаны көре сала шытырлата санап алды. Тура бес мың теңге екен. Қайыршы өңі түгілі түсінде де көрмеген көп ақшаны әлдекім тартып алардай жалма-жан қалтасына сүңгітіп жіберді. Сөмкені одан әрі ақтарғанда өзге дүниеліктер нәрестеге қажетті үш қорап құрғақ сүт пен бір құты кәдімгі сүт және түрлі көр-жер болып шықты.

Қайыршы нәресте-қонақтан ұялғаннан үй-ішін сыпырып-сиырып, шашылып жатқан оны-мұны заттарды жинастырып қойды. Қимылы жеңіл, белсеніп алған. Бойындағы енжарлық пен еңсе басар уайым-қайғы ізім-ғайым жоғалған. Ол алғаш рет әке болу сезімін басынан кешіргендей болып, ерекше сезімге бөленген-ді. Қайыршы осылайша бақытты сәтті басынан өткізе тұрып, нәрестенің бет әлпетіне елжірей көз тастады. Дүние есігін ашқалы үш-төрт айдай болып қалған сәби мұның өзіне емірене қарағанына риясыз пейілмен жауап бергендей сәл ғана шалықтады. Сәбидің аз ғана жымиғаны қайыршыны одан сайын майдай ерітіп, елжіретіп жіберді. 

Ол құндақты абайлай шешіп, нәрестені қолына алды да тамағынан құшырлана иіскеп, алдын ала дайындап қойған жылы сумен нәрестенің құйрығын тазалады, сосын құрғақ әрі жаңа жөргекке орады. Бұл оның құлағына Айжарық деп үш рет күбірледі. 

Ол балаға сүт бермекші болды. Құтыдағы сүтті ұрттап көріп еді, ашымаған екен. Тамақтан өткен бір ұрттам сүт қайыршының тілін үйірді. Тағы жұтқысы келіп еді, бірақ өзін тежеп, бір тамшы болса да баланың ішкенін артық көрді. Анасы бұған дейін дағдыландырған болар, нәресте әлгі сүтті қылқылдата жөнелді.

Бақыт құшағына бөленген қайыршы үйіне кіріп-шыққан сайын өзі талай үрейлене қарап жүретін кендір арқанды есік алдындағы күл-қоқысқа лақтырып жіберген. 

Қайыршы сөмкеден шыққан ақшаны үнемдей жұмсап күндерін өткізіп жатты. Кейде нәрестені ұйықтатып тастап, үйден ұзамай кәсібімен де айналысып тұрды. Мұның бағына қарай бала тым беймаза емес еді.

Өзін әке сезінгелі ол баласын тілемсектікпен асырауға арлана бастады. Бірді-екілі жұмыс та іздеп көрді. Бірақ мұның сиқын көріп ешкім де керек ете қоймады. Шарасыздықтан үйреніп қалған кәсібін тастай алмады. 

Ол баланың болашағы жайында көп ойланатын. «Егер ертең өзім олай-бұлай болып кетсем балаға кім қарамақ, кім асырамақ? Өмір есігін ашқан сәттен қасіретке тап болған байғұс баланың алдынан нендей тағдыр күтіп тұр? Әлі де кеш емес, тым бауыр басып кетпей тұрғанда балалар үйіне өткізсем қалай болады? Жо-жоқ болмайды. Құдайдың өзі берген сыйынан бас тартуға тиіс емеспін. Айтпақшы, баланың құжаттарын қайтемін? Оны маған кім реттеп бермек? Енді қайттім?..» деп дегбірі қашатын.

Қайыршы балалы болғалы бері өзді-өзіне қарап, жуынып-шайынып, киімдерін тазалап, жыртылған жерін тігіп, азды-көпті жинаған ақшасының бір бөлігіне шашын алдырып, бет ауызына шыққан түктерді қырып, қашаннан елеусіз жатқан тіс щеткасын тазартып, сирексіген тісін жууды әдетке айналдыра бастады. Бәрінен де бүгіліңкіреген белін күшпен тіктеп жүруге тырысып бақты. Темекіні де тысқа шегетін болды. Ішімдік десе ындыны құрып, көмейі бүлкілдеп тұратын ол шайтан суды есіне де алар емес. 

Міне, тағы да бір күн ғұмырдың титімдей бір бөлігін ұрлап, көкжиекке жасырынуға жылжып барады. 

Қайыршы жарықты сөндірді де, кереуетіне қисайды. Сәбиді сүтке тойғызып ұйықтатып тастаған. Оны күн сайын әдеттегідей баланың алдағы тағдыры қатты алаңдататын. Бала өсіп, ес білгенде әкесінің қайыршы екенін білсе, оған не бетіммен қарамақ? «Шешем қайда?» десе не деп жауап бермек? 

Қайыршының көзі іліне бергенде нәресте қыңқылдап оянғанын білдірді. Балаға сүт берді. 

Сәбиді тауып алған күні оны қайда жатқызарын білмей қатты сасып, ақырында аула ішіндегі оны-мұны ағаштардан бесіктің нобайын жасаған. Онысы жайлы шықты. Бұған қоса, базардан бесікке қажетті түбек, шүмек, төсеніш, баланы таңатын жалпақ бау сатып алып көңілін демдеген. Бұл ісіне өзі мәз. Нәрестені осы бесікке бөлеп ұйықтатады. 

Қайыршы бүгін күндегісінен ертерек тұрып, есік алдына шыға бергенде бұл жаққа аяқ басқанын көрмеген көрші жігіт қарсы алдынан шыға келді. Амандық-саулық сұрасып болған соң әлгі жігіт:

– Қария, бір шаруа болып тұр еді, көмектесесіз бе, ақыңызды жемеймін.

– Нендей шаруа?

– Көп жұмыс емес. Тек, есік алдына егілген аз ғана помидорды арам шөптен арылту керек.

Ақысы төленетінін естігенде елп ете қалған қайыршы:

– Мақұл, қазір үй-ішілік бірер шаруамды реттеп алған соң барамын, – деді. 

Көршісі кетуге ыңғайлана бергенде, тілемсектің ұлы болуға арланып, қайыршыдан құтқара көр дегендей нәрестенің іңгәлаған дауысы сыртқа естіліп қалды. Көрші жігіт бұған сезіктене бір қарады да жөніне кетті...

Қайыршы сәбиінен жиі-жиі хабар алып жүріп көршісінің шаруасын бірер сағатта бітіріп, ақысын қалтасына басқан күннің ертесіне-ақ үйіне екі полиция жетіп келді. Сол сәтте мұның жүрек тұсы шым ете қалған. Әлгі екеуі тергеуге ала бастады. Бұл ештеңені жасырмай айтып берді. Шақалақтың шешесінің хатын да көрсетті. 

Сұрақ-жауап арасында сәбиді ешкімге бергісі жоқ екендігін білдірумен болды. Ал полицейлер баланың болашағын көлденең тартып, мұны райынан қайтаруға тырысып бақты.

Көп ұзамай бұлардың үстіне өздерін мемлекеттік бір мекеменің қызметкерлері деп таныстырған екі әйел келіп кірді. Олар нәрестені балалар үйіне өткізуден басқа ешқандай жол жоқ екенін жеткізді. Ал қайыршы болса, барын сала өз уәжін айтып, қарсылық жасап бақты. 

– Сізге тастанды балаға мейіріміңізді төгіп, иелік сезіммен қарағаныңыз үшін алғыстан басқа айтарымыз жоқ, бірақ заңнан аттап кете алмаймыз, баланы алып кетуіміз керек. Бұл істі әлі тексеріп, анасын, басқа да жай-жапсарды анықтау қажет, – деді әлгі екі әйелдің бірі.

Елпең қағып, өбектеп, нәрестені өзіне алып қалу үшін барын салып отырған қайыршыға аяушылық сезіммен қарамау мүмкін емес еді. Сондықтан үй ішіндегі әңгімені көпке созбай, «Сен көше кезген қайыршысың. Бала асырап алмақ түгілі өзіңнің жөніңді дұрыстай біл. Жеке басыңды куәландыратын құжатыңның да мерзімі өткен. Тұрып жатқан жайыңның түрі мынау... Сондықтан мемлекет баланы қаңғыбастың қарауына қалдыра алмайды...», – деп кесіп айтуға ешкімнің де батылы жете қоймады.

Олар «баланы екі-үш жылдан кейін, бауырын сәл көтерген соң қажетті құжаттарды реттеп, заңды түрде қайтып алуыңызға болады деп алдаусыратып та көрді.

Қайыршының риясыз пейілін құрметтеп, оның көңілін қалдырғысы келмеген полицейлер мен тиісті мекеме өкілдері – екі әйел баланы күштеп әкетуді жөн көрмей, барынша сыпайылық таныта отырып, үй иесін қисынды сөздерімен әйтеуір жібітейін деді.

Келген адамдардың алдаусырата айтқан сөздеріне, заңды көлденең тарта жеткізген уәждеріне құлақ асқысы келмеген қайыршы өз тағдыры талқыға түсіп жатқанынан бейхабар, пысылдай ұйықтап жатқан сәбиді бесігінен шешіп алды да бауырына құшырлана қысып тұрып еңкілдей жылады. Көзінен аққан жас бала оралған гүл бейнесі басылған жұқа көрпешеге сіңіп жатты. Көзін ашып алған сәби өзіне арналған мейірімді рахаттана сезінгендей шалықтап, іле құндақтан босаған оң қолын қайыршының жүзіне жүгіртті. Сәби нәзік те әппақ кішкентай қолымен қайыршының көз жасын сүрткісі келді ме екен, кім білсін?.. Сол сәтте қайыршы дауысына өксік араластыра: «Балам-ау, үш-төрт аптаның ішінде өзіңе тым бауыр басып қалып едім, қайтейін... Кешір мені. Алғашқыда өзіңді соңымда ұрпағым болып қалады деген есеппен, әу баста желге ұшқан перзент сүйсем деген тілегімді сен арқылы орындау ниетіммен тағдырыңа араласқан едім. Бұл ішкі пенделік ойымды саған арналған шынайы мейірімім қуып шығып, жүрегімде адал пейіл орныққан-ды... Мен саған әке болуға лайықты емес екенімді білсем де оны мына жүрегімдегі өзіңе деген махаббат мойындатпай жүр еді... Мына сені алып кетуге келіп тұрған жандар мені мүсіркеп ішкі ойларын айта алмай тұр. Шын мәнінде олар мені саған лайықты көрмейді. Шындығы да осы. Мен лайықсызбын. Енді мен өзіңе деген барлық ықыласым мен ыстық сезімімді ақылға жеңдіруге мәжбүрмін. Сен жылытқан жүрегімді суық ақыл мен қатал сезімнің зынданына тастаудан басқа амалым жоқ. Бақытты бол, балам!» деді де сәбиді қарсы алдында тұрған әйелдің қолына берді.

Шын мәнінде тиісті орыннан келген әлгілер қайыршыға тастанды сәбиді қалдырып кетпесі анық еді. Тек олар мүсәпір жанның көңіліне қарап, онымен санаса сөйлесіп, әдеп сақтаған-ды. 

Қайыршы үйден полицейлер мен екі әйелге ілесе шықты. Ол бала көтерген әйелге қатарласа бере:

– Айналайын қызым, құжатқа баланын атын Айжарық, әкесінің есімін Сыздық, тегін Манар деп жаздыр, ұмытып кетпе, жарай ма, өтінемін, – деді.

– Мақұл, сөйтіп жазамыз, еш алаңдамаңыз, – деді бала көтерген әйел байсалды түрде.

– Жоқ, есіңнен шығып кетеді, бір парақ қағазға қазір түртіп ал.

Бала көтерген әйел көліктеріне келгенде жанындағы серігіне айтып, жаңағы есімдерді жаздыртып алды.

Кайыршы сонда да осы есімдер нәрестеге бұйырмайтындай қайта-қайта ескертіп, әлгі әйелдің аяғына жығыла жаздай жалынумен болды.

– Қызым Алланың атымен ант етші.

– Ант етемін, оның құжаттарына осы есімдерді жазамыз.

Келгендер өз жөндерімен кетуге ыңғай таныта бергенде қайыршы баланы соңғы рет бір көріп қалу үшін көліктің есігіне ұмтыла беріп еді аяғы әлденеге шалынып етпеттей құлады. Көлік орнынан ытқи жөнелді. Ол шаң қауып қала берді.

Қайыршы тағдырында қылаң берген жылымық кезеңнің сап тыйылғанына, жүрегіне сәуле түсірген үкілі үмітінің өшкеніне қатты күйінді. Еңкілдеп жылады. Іле жасын тыйып, үйіне қарай батылдана жүрді... 

Ол лағнет айтып далаға лақтырып жіберген кендір арқанды қайта тауып алды да, ішке кірді. Арқанның бір ұшын тұзақтап, екінші шетін тамның ауырлығына асыра байлады. Жарық дүниемен қоштасу рәсімін жасағандай тізерлеп отырды. Жүрегінің дүрсілі жиілеп, тынысы тарылды. «Олар мені өзді-өзімді өлтіруге мәжбүр етті. Үмітімді пышақ кескендей үзді. Одан да өлтіріп кеткені жақсы еді... Олар: «ертең балаға не деп жауап бересің?» дейді... Ал сол нәресте санасы өскенде өзінің дүние есігін ашқан сәттен тағдырына киліккен қасіреттің себебін бүкіл қоғамнан сұраса, оған кім жауап бермек?.. 

...Ұрпақ жалғастыра алмадым. Апам мен бауырымның бейіті басына белгі қоюды да жазбады... О дүниеде кездесермін... Сонда олардың жүзіне қалай қараймын?»

Сол сәтте оның көз алдына туған ауылы, әке-шешесі, бауырының бейнесі елестеді де іле тау етегіндегі қорымдағы үш төмпешік – үш бейіт көз алдына тұра қалды.

Ол айғыз-айғыз терезеден қызара батып бара жатқан күнге қадала көз тастады. Оған жарықтық күн мұның туып өскен өңіріне қызыл арайын мейірлене шашып тұрғандай көрінді. Бұл сезім оның өлім алдындағы өмірге деген қимастық пейілін тудырған. Бірақ шешімін өзгертпеді.

Қайыршының тізесі аздап дірілдеп, тұла бойын үрей биледі. Бірақ өзін-өзі қайрап, бекемделді де ағаш орындықтың үстіне шығып, тұзақталған жіпті мойнына салды. Іле көзін тарс жұмды да аяғы астындағы үстелшені теуіп жіберді. Кендір арқан көптен күткен жұмысын орындап тынғандай. Ол жан алқымға келгенде қол-аяғын ербеңдетіп, соңғы рет қозғалақтады да мәңгіге тынышталды.

Қайыршының салбырап, дәрменсіз күйде қалғанына қуанғандай тышқандар да үй ішін еркін кезіп жүгіріп жүр. Бірнеше күн өтті. Арқанға қылқынған мойынның қанталаған жерлері іри бастады... Есіктің саңылауларынан сумаңдай шыққан сасық иіс сабалақ жүнді қаңғыбас итерге майдай жағып, олар үй айнала қыңсылай, кезек-кезек есікті тырналап әуре. Иттердің бұл әрекеті нәтижесіз болмады, онсыз да топсасы жұлынғалы тұрған есік ақыры бір жағына қисая құлады. Иттер жіпке салбырап тұрған адамның денесін көрген бетте сәл кері шегініп тұрды да бірінен соң бірі ұлып-ұлып жіберді. Іле біреулер сазайымызды тарттырар дегендей өз жөндерімен зыта жөнелді.

 

ақпан-наурыз, 1994 жыл