Атақ-даңқы алты алашқа жайылып, әулие атанған қасиет иесі - Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. Ғұламаның өмірі мен шығармашылығын жан-жақты зерттеумен келе жатқан өз ұрпағы Әсет Пазыловтың еңбектеріндегі мынадай мәліметтерді оқырмандардың назарына ұсынғанды жөн көрдім.
"Мәшһүр Жүсiп бiр күнi Баянауылға бармақ болып, жанына баласы Шарафиден мен сүйiктi немересi Төлеубайды ертiп, ат-арбасына атын жегiп жолға шығады. Бозбай деген жерден аса бергенде немересі:
– Шөлдедім, – десе керек. Сонда Мәшһүр Жүсiп:
– Алдымызда тұрған бір үйге барайық, сонда сендердi бiр ауқаттандырып алайын, – деп өзi бастап бiр иесiз үйге алып келедi. Үйге тақай бергенде 12-13 жасар немересi Төлеубай:
– Ата, бiздiң алып шыққан тамағымыз жоқ қой, – дейдi.
– Қазiр не көрсеңдер де үндемеңдер, ештеңе сұрамаңдар, асықпай әлденiп алып сапарымызды жалғастырармыз, – деп, Мәшһүр Жүсiп төбесі құлаған екі бөлмелі үйге алып келеді. Өзі бірінші кiрiп, жерге жайғасып отырады. Атын байлап, соңынан балалары да кiредi. Сол уақытта атамыз бiр дұғаны оқи бастайды. Кенет өзiнен-өзi алдарына дастарқан жайылады. Ұстап келе жатқан тiрi жан көрiнбесе де ет салынған табақ, түрлi-түстi тағамдарға толы ыдыстар келiп дастарқанға қойылды. Атамыз жақсы көретiн өрiк-мейiз де бар. Шай құйылған кеселер келiп, босаған ыдыстар жоғары көтерiлiп, ауамен қалқып есiктен шығып кете бердi. Олардың қайдан келiп, қайда кетiп жатқанын түсiнбеген Төлебайдың қорқып, дұрыс тамақтана алмай отырғанын сезген Мәшһүр Жүсiп:
– Қорықпай, iшiп-жеп, тойып алыңдар, – деп көңiлi қалағанын жеп отыра бердi.
Тамақтанып алған соң Мәшһүр Жүсiп тағы бір қысқа дұғаны оқығанда, алдарында жаюлы тұрған дастарқан көзден ғайып болады.
Мәшһүр Жүсiп балаларын ертiп жолға шығады. Жолшыбай:
– Жаңа ештеңе ұқпаған боларсыңдар, бiздi тамақтандырған жын-перiлер ғой, – дейдi.
Мәшһүр Жүсiптiң жын-перiлердi өз ырқына көндiрiп, өзi қалаған тағамдарды алдырып, дастарқан жайдыруы - әрине, адам нанғысыз ғажайып iс. Мәшһүр Жүсіп жын-періні өз ырзығына бағындыратындай әулиелік қасиетке білімнің арқасында қол жеткізді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Періштелер нұрдан жаратылған, жындар от жалынынан жаратылған, ал адам болса өздеріңе (Құранда) түсіндірілген нәрседен жаратылған» – деген.
Мәшһүр Жүсiптің өмірбаяны қызыққа толы болған. Бұхарда Мәшһүр Жүсіп шығыс медицинасымен және адамзаттың санасы жете бермейтін тылсым күштердің ілімімен әуестенеді. Оған мына екі уақиға куә болса керек:
• Біріншісі - белгісіз бір ақсақалдың моншаға түсіруі. Бiрде монша iздеп көшеге шықса, алдынан бiр ақсақал адам кез болып: - Жүр, балам, мына жерде монша бар, - деп бастай жөнеледi. Сәл жүрген соң шағындау, көзге қораш бiр моншаға әкелiп кiргiзiп, Мәшһүр Жүсіпті шешiндiрiп, арқа-басын ысып, кәдiмгiдей жуындырады. «Е, осындайды кәсiп етiп жүрген бiр мүсәпiр екен ғой» деп ойлаған Мәшһүр атамыз қызметi үшiн деп шалға ақша ұсынса, ол алмайды. Iшiнен: «Апырмай, шайхы адам екен ғой» деп ойлаған Мәшһүр Жүсіп рақметiн айтып, сәл былай ұзай бере артына қараса, монша да, жаңағы шал да жоқ. Бұның не керемет екенiн түсiне алмаған ол ертеңiнде медреседегi ұстазына баян етедi. Ол қуана тыңдап: «Балам, құдай жарылқаған екен, сенiң барғаның Қожа Бахауеддин Нақышбәндінiң моншасының орны едi. Саған назары түсiп, шомылдырған өзi болар, сiрә. Ендi саған қасиет қонды, аузыңнан шыққан сөздiң бәрi лепес, қабыл болады!» - деп, қолын жайып батасын берiптi.
• Екіншісі - жұма күні намаз уақытында сол ақсақалдың жерге «Жетпіс үш, жетпіс үш» - деп жазып, көзден ғайып болуы. Бұхарда оқып жүрген Мәшһүр Жүсіп бiрде жұма намазынан келе жатса, үстiнде қара шапаны, қолында аса таяғы бар ақсақал адам алдын кес-кестей бередi. Үлкен кiсi ғой, жолын кеспейiн деп, Мәшһүр Жүсіп бөгелiп, қол қусырып сәлем бередi. Әлгi ақсақал сәлем аларда қолындағы аса таяғын жерге шанша салады. Басында темiрi жоқ жаңағы таяқ жерге қадала кiрiп, дiрiлдеп тұра қалса керек. Кенет таяғын қайтадан қолға алған қария Мәшһүр Жүсіпті үш айналып, о жер, бұ жерiнен таяғымен түрткiлеп, «жетпiс екi, жетпiс үш» деп керi айналып жүре бередi. Аң-таң болған Мәшһүр Жүсіп мына кiсi маған 72-73 сағатта өлесiң деп кеттi ме деп айран-асыр болады. Үйге келiп ұйқыға жатқан соң түсiне аруақтар кiрiп, мазасын алып шығады. Сөйтiп, шалдың айтқан 72-73 сағатынан аман-сау өтедi. Ендi 72-73 күнде дәмiм таусыла ма деп, күн санауға айналады. Бұдан да сау-саламат өткесiн, ғұмырының 73 жыл боларына сенедi. Аталмыш оқиғалардан кейін Мәшһүр Жүсіп ақ десе алғыс, қара десе қарғыс болып, айтқан сөзі лепес болады екен.
Ұлы ойшыл өзінің өлер сәтін болжап, сол сәтке үлкен дайындық жұмыстарын да жүргізгені де баршамызға аян. Ал енді Мәшһүр Жүсіптің денесінің 21 жыл ашық жатуы - әлі күнге дейін жұмбақ. Мәшһүр Жүсіп үлкен баласы Шәрәпиденге: «Мен өлгеннен кейін қырық бір жылға дейін денем бұзылмайды. Тірі адам көзі көреді, серт етем. Тек жаздың ыстық айлары ақыретімді айырбастап отырыңдар, қыс керегі жоқ. Сонда көздерің жететін болады»,- деп өсиет етеді. Біреулер денесін шірітпейтін арнайы дәрілік шөптер ішкенін айтады. Ондай дәрі болса басқа әулиелер не болмаса бақсылар, тіпті байлар неге қолданбады екен... Тіпті топырақтың құнарлылығын да алға тартанындар бар. Қалай болғанда да күн сәулесінің қаншалықты көлемде түсетіні мен зиратының басынан шығатын, биіктігі бір жарым, ені бір кезге таяу, қалыңдығы 20-30 сантиметр жалпақ ақ тасты қабырғаға ілгізуі жұмбақ күйінде қалмақ. Қалай дегенмен де бұл - Алланың әмірімен болған жағдай. Д.Әбілев өз естелігінде: «Біз барғанда Мәшекең болашақ мавзолей-зиратының астыңғы қабатынан лайықталатын бөлме - өзі жататын орнын қазып жатқандардың қасында тұр екен.
– Қазыңдар! Терең қазыңдар. Мәшһүр қашып кете алмайтындай етіп қазыңдар! - деп сылқ-сылқ күледі де, - және кең қазыңдар. Он-он бес адам сыятындай кең болсын. Кірпіштері берік қалансын, - деді. – Тірлігінде ұры-қарылардың, озбыр, қиянатшыл, аю мінез әкімдердің қара халыққа жасаған қиянатын қызыл тілмен қылыштаған Мәшһүрдің шатағы аз боп па? Тірімде тістері батпаған сол сойқандар мен көз жұмғансын өш алуға үстімнен арыз жаудырып, мұңкір-нәңкірге тергеттірмей қоймас. Сонда менің мұндағы дұрыстығымды қорғауға бірнеше періштелер келер… Кең қазыңдар, - деп Мәшекең сылқ-сылқ күлді. Қазушылар да күлді», - деп жазады.
1927 жылы дүние келген Қалиұлы Қаратай Ескелдіде Мұхаммед Фазылды көргенін баяндап берген болатын. «Мен және 1926 жылы дүниеге келген Ермек, Қанапия деген екі бала жаяу Ескелдіге келдік. Келсек, мұғалім /Мұхаммед Фазыл/ күрең биесін жегіп келіп, енді кіріп жатыр екен. Есіктен кіргенде бұрышта пеш тұр. Оның бойында насыбай үккіш тұрды, қалғандары есімде жоқ. Мұғалім құран оқыды. Берген ақшамызды алмады.
– Біз әдейі келдік қой, атамыздың жатқан жерін, түрін көрейікші - деп өтіндік.
Сонда мұғалім:
– Әй, болмадыңдар ғой, көңілдерің қалмасын, – деп, адам бойы қазылған төменгі жаққа сатымен түсіп, шам жақты. Ешқандай да қақпақ көрмедік, шаммен төмен түсетін жер, ортада тұрса керек», – деп Қаратай ақсақал сыр шерткен болатын. Ал 1921 жылы дүниеге келген Серік Аманжарұлы «...Қасенғали ...төмен түсіп, шамның жарығымен атаның үстіне ақ жаптық. Мен көрейінші деп өтіндім... Содан бірінің үстіне бірін жаба берген ақ маталарды дененің ортан беліне дейін көтердік. Сонда алғашқы жабылған ақ маталардың қурап жерге түсіп жатқанын көрген Мухаммед Фазыл «күнә болар, жерден жинап алайық», - деді. Біз солай істедік. Жарықтық, атамыздың бет-бейнесі сол қалпы жатыр. Бейне ұйықтап жатқан жан тәрізді...» - деп сөзін аяқтаған болатын. Сөзіміз дәлелді болу үшін Мәшһүр Жүсіптің немересі Қуандық Пазылұлының әңгімесіне құлақ түрелік. «Бала кезден есімде, 1947-1948 жылдар болар, бейіт ауыз үйден, төр үйден тұратын. Төр үйінің есігі қылуеттің қақпағындай. Қақпақты көтеріп ашып, сатымен түсетін. Қараңғы. Екі қария дәретін алып түсіп, денесіне ақ жабады. Мен баламын. Алдын ала жағып, дайындап қойған шамды маған «алып бер» дейді. Апарып берем. Бала болсам да құлағымда мына сөз қалып қойыпты. Уәли деген ауылдық кеңестің төрағасы бар еді, сол қарын тұсын саусағымен басып көріп, «былпылдап, жұмсақ жатыр», - деді. «Тек бақайының тырнақтары түсіп қалған екен», - дейді. Мәшһүр Жүсіптің немересі Сүйiндiк Көпеев марқұм да өз естелігінде: «1946 жылы Сәбит Мұқанов келiп, қабiрдiң iшiне түскен едi. 1950 жылы өзiм де түсiп, денесiн сипаған едiм, сонда жадағай жерде жатса да, бiртүрлi хош иiс шығып тұрды. Ешбiр құрт-құмырсқа, көрдi жайлап алатын сасық күзен, тышқанның iзi бiлiнбедi», - деп жазған болатын. 1930–1932 жылдары Қазақстанды әйгілі ұлы жұт, аштық жайлағаны мәлім. Осы аштықтың салдарын болжай білген Мәшһүр Жүсіп өлерінен бір жыл бұрын өзінің асын бергізіп, жаназасын оқытып, жоқтау айтқызған.
Иманғали Мәненұлы Құрмандомалақ деген жерде қыстап отырған Мәшһүр Жүсіпке сәлем беруге келе жатып, жолда сәл жылынып алайын деп бір малшының үйіне соғады. Амандық-саулық сұрасып болған соң малшы:
– Кеше Әбжалап диуана Мәшһүр Жүсіп Көпеевті тосып отырып үсіп қалыпты. Тірі ме, өлі ме, соны білмей дал болып отырмыз – депті.
– Ойбай, Әбжалап диуана дегенің Қаржас руының ішіндегі Жәдігерден тараған Жұматай Тышқанбайұлы емес пе? – деп Иманғали орнынан асығыс тұра бергенде, малшы:
– Келгенің жаңа ғана еді, асығып қайда кеттіңіз? – дейді.
– Әбжалап диуана үйінен жеті қадам шығып, асасын "Алла хақ" деп жерге соққанда қара құсқа айналып ұшып кететін құдіретті күш иесі ғой, Мәшһүр атамның отырған жеріне кеш батпай жетейін, – деп отырған Иманғали аттанып кетеді.
Көп ұзамай Мәшһүр Жүсіп Көпеев түскен шаңыраққа келіп, отырған адамдарға сәлем беріп кіріп келеді. Мәшһүр Жүсіп Көпеев ештеңе болмағандай сәлемін алып:
– Төрге шық, шаршаған шығарсың, деміңді ал, – деп өзінің күнделікті орнына отырады.
Иманғали шымылдықтың артынан шығып жатқан дауысты естіп, құлағын түрсе:
– Я, Алла, бар екенсің ғой. Намазымды Мәшекең шығаратын болды, ризамын, – деп қарқ-қарқ күліп жатқан Әбжалап диуана екен.
– Бүгін сен осында қон, ертең азаннан қалмай Әбжалап та жан берер, жерлеп бір-ақ қайт. Ол да бір Алланың еркесі ғой, – деген Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің сөзінен кейін іштей екі-үш күн кешігермін деп жоспарлап отырған Иманғали:
– Сіздің айтқаныңыз болады, – деді.
Бөлмедегі тыныштықты сырттан естілген ащы дауыстар бөліп жіберді. Бұлар Әбжалап диуананың туыстары болатын.
– Хабар келісімен тұра шаптық – деп көздеріндегі жастарын жеңдерімен сүртіп, ішке енді.
Ертеңінде азан уақытында Әбжалап диуана көз жұмды. Мәшһүр Жүсіп Көпеев:
– Ал, жігіттер, қайла, күрек алып жер қазыңдар, – деген соң лажы бар ма. Иманғали және Қаржастың екі-үш жігіті бар бет қаратпайтын аязда Мәшһүр Жүсіп Көпеев көрсеткен жерді қаза бастады. Қыстың аяғында жер борпылдақ кұм сияқты қазылар деп кім ойлаған. Ештеңеге түсінбеген жігіттер бір-біріне қарап тұрып қалса керек. Мәшһүр Жүсіп Көпеев:
– Кілемді әкеліңдер – деп, ортаға кілемге оралған Әбжалап диуананың денесін көтеріп, төрт жігіт те жетті. Құран оқылып болған соң жігіттер кілемді ашса, масқара, кілемде құр кебіні ғана жатыр.
– Астафыралла, – деп тұрғандар ештеңеге түсінбей, бәрі Мәшһүр Жүсіп Көпеевке қарап қалыпты. Сонда қабір басында тұрған ақсақалдардың бірі:
– Ойбай-ау, жаңа ғана болған мәйіт қайда кетуі мүмкін? – деп, кілемге жақындай бергенде бірнеше ақ шағала құс ұшып келіп, жұрттың мазасын алса керек. Қыстың қақаған аязында өз-өздерімен құс қуып, әуре-сарсаңға түскен жұртқа қарап, Мәшһүр Жүсіп:
– Е, Әбжалаптың денесі қабірде жатпас, Мәшһүрдің денесі қырық бір жыл бүлінбес, – деп басын шайқаса керек.
Автор: Жанаргүл Қадырова, Баянауыл.