Тұрсынжан Шапай
Сіз, көбіне, бірінші жақтан жазасыз ғой... Кейіпкерлеріңіз, негізінен - "Мен"... Жаңа қарасам, "мен" деген бірінші жақ жіктеу есімдігі мәтіннен түгел... ұшып кетіпті!.. Кітабыңыздың жартысынан көбінде бас кейіпкер жоқ...
Баспадан міне-міне шыққалы тұрған кітабымның редакторы таң атпастан телефон соқты. Даусында абдырап-сасқандық, тіпті, бір үрей бар.
- Кітабыңыздың... әңгімелеріңіздің бас кейіпкері жоғалып кетті!..
- Не?!.
- Кейіпкеріңіз... - деді редактор, қатты толқыған дауыспен. - Жоғалып кетті!.. Кеше ғана орнында болатын...
Ақылға симайтын мынадай тосын xабардан, ә дегенде, мен де қайтерімді білмей қалдым. Айдың, күннің аманында... кейіпкер қашып кеткені несі!..
- Айналайын, түк түсінсем, бұйырмасын, - дедім, әлден уақыттан соң барып. - Ол... - бар-жоғы, әріп... қағаз бетіндегі таңба ғана емес пе?.. Қалай қашып кетеді?..
- Мәселе сонда ғой, ағасы... Жас редакторым, енді мән-жайды абыржып-аптыққан үнмен тездетіп түсіндіре бастады. - Қолжазбаны кеше ғана мұқият қарап шыққам. Бүгін, баспаxанаға жіберер алдында, үстірт те болса, тағы бір шолып шығайын деп... Ашып қарай бастағанда-ақ... кейіпкеріңіздің жоқ екенін байқадым. Сұмдық!.. Кітабыңызда мүлде мазмұн қалмаған...
- ...
- Сіз, көбіне, бірінші жақтан жазасыз ғой... Кейіпкерлеріңіз, негізінен - "Мен"... Жаңа қарасам, "мен" деген бірінші жақ жіктеу есімдігі мен "ым", "ім", "м" деген тәуелдік жалғаулары және оған жалғасқан басқа қосымша атаулы мәтіннен түгел... ұшып кетіпті!.. Кітабыңыздың жартысынан көбінде бас кейіпкер жоқ...
- Не дейд...
- Мысалы, қараңыз: сіздің кітабыңызда "Басыма шап-шақ, тамаша малақайымды киіп, далаға шықтым" деген сөйлем бар болатын. Содан мынадай сөйлем қалыпты... Міне... "Бас шап-шақ, тамаша малақай киіп, далаға шықты"... Малақай киіп, далаға сіздің кейіпкеріңіз емес, қайдағы бір... бас шыққан!.. Түсінесіз бе?..
Масқара-а... Жүрегім тас төбеме шықты, әлде, сырғып табаныма түсті... Мұндай да сорақы жағдай болады екен-ау!.. Есеңгіреп отырып:
- Сол... қашып кеткен есімдік пен жалғауларды компьютерде қайтадан теріп, орнына қоя салуға болмай ма?.. - дедім, тал қармағандай далбасалап. - Көп болса, бірер күндік шаруа...
- Соған болмай тұр ғой, - деді редактор. - Бірнеше бетті сөйтіп қайта теріп те көрдім. Келесі бетке көшкенде, тағы ұшып кетеді... Босқа арамтер болдым!
- Мәссаған!.. Енді не істедік?!. Полицияға xабарладың ба?..
- Жоқ... Алдымен өзіңіз білсін дедім. Біздің баспа, қандай жағдайда да, авторлық құқықты сыйлайды ғой...
Бүйткен авторлық құқығы бар болсын!.. Кейіпкерім сыйламаған құқық кімге керек?..
- Былай болсын, айналайын, - дедім, ақыры, ес тауып. - Сен бұл жайды әзірше ешкімге, жан адамға айтпай тұра тұр, жарай ма?.. Ең бастысы, полиция білмесін!.. Әйтпесе, қашып кеткен - ол емес, мендей-ақ, өзімді тергеп, жауапқа тартып, сүйрелеп әуре қылар... Түске дейін бір амалын қарастырармын. Таппасам... өзіңмен ақылдасып, шешерміз.
Жас емес пе, "өзіңмен ақылдасам" дегенге әлдеқандай болып қалған редакторым:
- Жақсы, ағасы, онда өзіңізден қоңырау күтем ғой?.. - деді, бәсеңдей қалған үнінен құпиясы ортақ, ымы-жымы бір адамдарда ғана болатын бір жақындық танылып.
*****
Редакторыммен сөзді, әзірше, осымен аяқтап, қайтерімді білмей, басымды ұстап, үйдегі кабинетімде ерсілі-қарсылы теңселіп жүргенімде, үстел үстінде жатқан қалта телефоным тағы безілдеп қоя берді. Таңғалғаным - экранына не контакттағы жазу, не ешқандай телефон номері шықпады. Құр безілдеп жатыр. Алдым. Түймені басып, құлағыма тостым. Өзіме соншалықты таныс, есімді білгелі, естіп келе жатқан соншалық бір етене дауыс:
- МЕН ғой... - деді.
Бұл не ғажап - дауыс телефоннан емес, тура жанымнан... тіпті, басымның ішінде жаңғырығып, құлағымның қуысынан өзі шығып жатқан сияқты.
- Кім?..
- МЕН... Кейіпкерің...
Расын айтуым керек, ә дегенде, үнім шықпай қалды. Келесі сәтте, мұның қалжың емес, түсім емес, шындық екенін сездім. Дегенмен, телефонды құлағыма тоса жүріп, үстелді теуіп көрдім, үстінде жатқан қағаз-қаламды шашып, қайта жинадым... Бәрі - рас, бәрі күндегідей... Ақиқат. Мен - ояумын!.. Осыған көзім анық жеткенде барып, телефонға:
- Ау, қайда жүрсің қаңғырып?! - деп, дүрсе қоя бердім. - Бұл не масқара!.. Досқа күлкі, дұшпанға таба ғып... Енді болмаса, полицияға...
- Мен...мен ешқайда кеткем жоқ... - деді соншалық таныс, етене дауыс әнтек дірілдегендей болып. Меніңше, полиция деген сөзден шошып кеткен сияқты. - Мені көргің келсе... қазір барайын... дәл қазір!..
- Әрине, қазір жет!.. Адресті білесің бе?.. - дегенімше, қоңырау шар ете қалды. Жеделдей басып барып, есікті ашып қалғанымда... шалқамнан түсе жаздадым!.. Түр-келбеті менен аумайтын... Жо-жоқ, есіктен... тура өзім кіріп келе жатырмын!.. Басқаны күтсем де, дәл осыны күтпегем... Жүрегім тоқтап қалғандай, сілейіп тұрғанымда, ол түк болмағандай, төрге озып, диванға барып отырды. Өзімше, әр сипатта, түрлі мінезбен, алуан тұрпат беріп сомдадым деп мәз боп жүрген кейіпкерім, ақыры, бойы-басы, бет-келбет, жүріс-тұрысы өзімнен аумайтын сыңарым сияқты біреу болып шықты!.. Сұбxаналла!..Бұл - мен оқыған ешбір әдебиет теориясында жоқ жағдай...
*****
- Хош, сонымен?.. - дедім, есімді жиып, өзіме өзім келген соң. - Жай-жапсарды жақсы білем. Редактор айтқан. Басқа әңгімеңнің керегі жоқ!.. Неге қаштың?.. НЕ СЕБЕП?.. Соны ғана айтшы.
Кейіпкерім, бір аяғын бір аяғына асып тастап, диван арқалығына шалқайып, нықталыңқырай отырды. Малақайын шешіп, жанына қойды. Шуағы маужыраған қоңыр күзде малақай киіп алғанына енді таңғалған да жоқпын. Жазу жазғанда менің басым тоңады... Үй қандай жылы, күн қандай ыстық болса да, үстелге қыстық бас киімді милықтатып баса кимей, отырған емеспін. Дәл осы сәтте менің үстімде не болса, мына бәтшағардың да кигені - сол... Ұқсамасаң, тумағыр... ең болмаса, шашын жуып келсе, қайтер еді!..
- Алдымен саған бір сырды айтайын, - деп бастады әңгімесін кейіпкерім. - Көркем әдебиеттің саған әлі мәлімсіз бір құпиясы деп біл. Жалпы, біз, кейіпкерлер... Иә... өзімізді оқыған адамды біз де "оқып" отырамыз. Мәселен, редакторың қай әңгімені оқығанда, қандай күйде болды... Менің әрбір әрекетім, айтқан сөзіме байланысты не ойлап отырды... Қай жеріне күлді, қай тұста ашуланды... Бәрін білем!.. Мені қойшы, тіпті, автор туралы пікірі де көзінен әшкере танылып тұрды...
Кеспірі өзімнен аумайтын, мен кигенді киіп алып, менің бет-жүз құбылысымды, әдеттегі ишара, қозғалысымды айнытпай қайталап, әңгіме бастаған тірі нысанды көргенде, айнаның алдында өзімді өзім мазақтап отырғандай күй кештім...
- Хо-о-ш...
- Жеке-жарым әңгіме, xикаятта болса, ештеңе емес еді, - деді кейіпкерім, сөзін жалғап. - Ал енді ішінде мен жүрген барлық шығармаларың бір мұқабаның астына топтасқанда... қорқынышты екен!.. Бір дені сау адам болсашы!.. Бір әңгімеңде мен - жемқор, алаяқ біреумін... Екіншісінде - иіс алмас топастығымнан елге күлкі болыппын... Үшіншісінде - ұры-қарының рөлінде жүрмін. Енді бір жазбаңда мен - "маған бәрібір" дейтін заманауи тоғышардың нақ өзімін!.. Оңған біреуі жоқ...
- Оның рас енді...
- Демек, ертең ел-жұрт сенің қай жазбаңды оқыса да, мені осы елдегі ең бір әйгілі алаяқтарға, небір лауазымды жыртқыштарға ұқсатады да отырады, көресің!.. Ол ол ма, бүгінгі ләббайшыл құл-құтан да - мен... Күшті-мықтыға бұралқы иттей үріп жаққан жарамсақ та - мен... Шүкіршіл қорқақ, күлдібадам ура патриот... - бәрі мен!.. Ертең солар менің сықпытымнан өздерін танып, жабылып келіп, жауап алса, беттеріне қалай қараймын?!. Бетіне қарағаның не, әуелі, жаннан түңіліп, қапелімде, кіріп кететін тесікті қайдан іздеймін?!.
- Келе берсін. Саған не істей алады олар?! - дедім, таңырқап. - Олар - өмірде, сен - қиялда, кітапта... Жаза тартса, автор тартады. Сені қайтеді?.. Сен - менің қиялымнан туған... бейкүнә бейне ғанасың. Сен, мәселен, мына Алматыда... жалпы, еш жерде жоқсың. Менің кітабымды оқыған адамның санасында ғана елес боп ғұмыр кешесің... Жоқ, сен басқаша ойлап қалма... - өзіндік мінезің, тұрпатың бар тұлға екеніңде дау жоқ. Бірақ сенің мезгіл-мекенің басқа емес пе?.. Олар бір бөлек, сен бір бөлек - бір-бірімен мүлде жанаспайтын параллель әлемдерде өмір сүресіңдер ғой...
- Хе-е... Қайдағы параллель?.. Бір кездері солай болса, болған шығар. Қазір қиыспайтын дүниенің бәрі қиысып-қабысып, айқасып-қауышып кеткен жоқ па!.. Жақсы мен жаман, лас пен пәк... адал... арам араласып, мидай былықпады ма!.. Зиялы қайсы, тобыр қайсы?.. Жегіш кім, жемтік кім?.. Заң күшті ме, әлде... қылмыс - заңдырақ па?.. Бәрін қойып, әуелі, саудың сөзі мен сандырақты ажыратар ақыл қалды ма осы жұртта?!..
- Апырмай, қайдан білесің соның бәрін?.. - дедім, бір жағы таңырқап, бір жағы мына шешенсіген көлеңкеме күлкім келіп.
- Өзің айттың... Мені небір жексұрын кейіпте бейнелеп отырғаныңда, сенің басыңнан осы ойлар бір шықпайтын... Өтірік пе?!.
- Қой, қайдағыны айтпа... - дедім мен, абыржыңқырап қалсам да, бетімнен қайтпай. - Сен, қайталап айтам, жоқсың бұл өмірде! Жоқсың!.. Сен - менің...
- Жә, - деді ол, менің уәжімнен жалыққандай, өзім сияқты, қолын бір сілтеп. - Жаттап алған әуеніңді айта бермеші... "Мен жасаған бейне", "менің кейіпкерім", "менің қиялымның туындысы"... Фу-у!.. Жазарманның бәрі осылай сөйлейді, әдетте. Әлгі "мен - өнер адамымын ғой" дейтін, өнерден садаға кеткірлер сияқты... Мен саған аспаннан түскем жоқ - нақты өмірден, өзің көрген тірлік пен күнделікті жүрген ортаңнан келдім, біле білсең. Ал сен мені өзіңнен де гөрі нақтырақ, бедерлірек етіп, қағазға түсірдің, бар-жоғы. Шеберлігіңе раxмет, әрине... Хе-xе...
Шынымды айтсам, кейіпкерімнің мына түсініксіз дөкірлігі мен кекесін-мұқасынына онша шамданған жоқпын. Несіне шамданам?.. Өз кейіпкерімнің мінезін өзім білмеймін бе? Білгенде қандай!.. Көп жазбамда "Мен" деген жалғыз есімдікпен ныспыланғанмен, бұл антұрғанның түрлі-түрлі қылығы бар... Бұдан бәрі шығады!.. Бұған ренжуге де болмайды. Сондықтан енді маған қалған жалғыз шаруа - құмырадан шығып кеткен өз жыныммен арбасу... Лажы болса, қолдан шығарып алмай, бұл диюды құмырасына қайта тығу... Басқа амал жоқ.
- Сен түсінші... - деп, сипақтатып, әңгіме бастай беріп едім:
- Сөзімді аяқтайын, - деді ол, тағы да киіп кетіп. - Соның бәрін қайдан білесің дейсің... Бағана әңгіменің басында айтпадым ба... Мен сенің қағазға түскен жартыкеш сырыңды ғана емес, жазып отырып, бүгіп қалған ойыңды да білем!.. Кімнен жасқанып, неден қорқатыныңды да... Қағаз, қалам және сен екеуміз... Арамызда қандай жасырын сыр болуы мүмкін... Қай әңгімеңде мені жек көріп, жеркеніп отырдың, қай тұста жақсы көріп, жаның ашып жаздың - бәрін білем. Әсіресе, мазақтаған кездерің көп-ақ. Жарайды, ол - басқа әңгіме...
- Мен сені мазақтағам жоқ... Мен сен арқылы ана парықсыз прототиптерді...
- Сөзді бөле бермеші!.. Параллельдер қиыспайды дейсің... Мен ше?!. Мен сол қиыспайтын тараптан келіп, алдыңда отырған жоқпын ба?.. Міне - қолым. Ұстап көр... Сенбесең, анау кітаптардың бірін әкелші, қатырып қолтаңба жазып берейін!.. Берсең, тамақ та ішуім мүмкін... Мен - анық бармын. Нақтымын, тірімін. Мен саған өзіңнің кітабыңнан қашып келдім. Көріп отырсың ғой?
Көріп отырмын... Алдымда тұрған "айнаға", бұл кезде, бойым үйреніп те қалған. Тек сен үндемей тыңдап отырғанда, айнадағы бейнеңнің аузы жыбырлап, өз даусыңмен сөйлеп жатқаны ғана ара-арасында бір түрлі... мазаңды кетіреді екен...
- Жарайды... Солай-ақ болсын, - дедім, ақыры, мен де қатайып. Өз кейіпкерімнің, тым бастырмалатып, тықсырып бара жатқаны маған ұнамады. - Аспаннан түскем жоқ дейсің... Мен де сені ауадан алған жоқпын. Өзің айтпақшы, көрген өмір, жүрген ортамнан екшеп-сүзіп шығардым. Ал ол қауымның көрінісі жаңағы сен сипаттағандай болса, сенің ұсқының енді басқаша қандай болуы керек?.. Мен сені әдейі жексұрын қылған жоқпын ғой... Бүгінгі өмір солай. Өзіміз сондаймыз. Сен - сол өмірдің жағымсыз бір бейнесі ғанасың... Уақытты соза бермей, не тілегің бар, соны айт та, ана... өз орныңа қайт!.. Ел-жұрттан ұят болады... Ертең кітап шығу керек.
- Менің жағымсыз болғым келмейді, - деді кейіпкерім. - Жалықтым. Қоғамның көң-қоқыр бейнесі болғым келмейді... Мен неге, мәселен, сұлу қызға ғашық көркем жігіт болмаймын?.. Немесе, жазушыларға қазіргі заманның үлгілі геройларының бейнесін жасаңдар деген талап қойылып жатыр ғой - неге маған, айталық, берілген тапсырманы абыроймен орындап, тәуелсіз елімізді әлемге танытар сондай кесек тұлғалы герой болмасқа?!.
- Пәлі... Енді бізге қандай герой керек екенін қайдан біле қойдың?..
- Редакторыңнан... Сенің дүниелеріңді оқығанда, ол маған мұрнын шүйіріп отырады... Маған қарап, сенің де жазушылығыңды өте төмен бағалайды... ұсақ-түйекті жазады, әр нәрсені сынап-мінейді деп. Бәрінен бұрын, сол қорлыққа шыдамай, қашып кеткен жоқпын ба!.. - деді кейіпкерім, ұнжырғасы түсіңкіреп, мұңайған кейіпте. - Тым құрса, меншікті есімім де жоқ!.. Итке де ат қояды ғой... Қашанғы аты-жөні жоқ "Мен" деген біреу болып, жүре бермекпін?.. Жоқ!.. Мен енді ешқайда... Ешқашан!.. Қайтпаймын!.. - деді сосын, менің осындай сәттерде ерегісіп кететін әдетіммен, кенет сілкіне сөйлеп.
- Хм-м... Солай де... Сонымен, қайтпайсың ғой?..
- Жоқ!..
Кейіпкерімнің түріне қарап, үгіттегеннен, алдап-сулап, я жалынғаннан еш пайда жоғын түсіндім. Редакторым айтқан әлгі авторлық құқық дегенді мен сол кезде еске алдым.
- Сенің ісіңді заң орындарына тапсырамыз онда, - дедім. Полиция сені жердің қуысына кіріп кетсең де, табады.
- Не үшін?! - деп, шар ете қалды ол... менің даусыммен.
- Заң бұзғаның үшін. Сен - менің интеллектуалдық жекеменшігімсің, оны білесің бе? Авторлық құқық дегенді естіп пе едің?..
Кейіпкерімнің басы салбырап кетті. Іштен шыққан шұбар жылан ғой, аяп та тұрмын өзін... Солай дағдарып тұрғанымда, телефон без ете қалды. Кейіпкерім де естісін деп, телефонның даусын көтеріп қойдым.
- Аға, xабарласпадыңыз ғой... Не істейтін болдық?.. Баспаxана дігерлеп жатыр!..
- Айналайын... - дедім, сәл ойланып барып. - Осы менің кітабымның тиражы қандай еді?..
- Сол үйреншікті шама ғой, аға. Мың дана...
- Қанша адам оқиды деп ойлайсың?.. Тек шыныңды айт, бауырым!.. Көңіліме қарамай-ақ қой...
- Ешкім оқымайды, аға, - деді редакторым, нақ осы сұрақты күткендей, еш ойланып-іркілместен, телефонда саңқ-саңқ етіп. - Сіз кейіптеген орта мүлде ештеңе оқымайды, өзіңіз білесіз. Ал басқаларға сіз жазған жайлардың түк те қызығы жоқ - күнде көріп жүрген өмірі...
- Айналайын-ау... Көп жасағыр-ау, онда мені несіне осынша әуре қылдың? Ешкім оқымайтын кітапты сол... кейіпкерсіз-ақ шығара бермедік бе?!.
- Қайдан білейін... Сіз арыздансаңыз, қайтпекпін?.. Оның үстіне, біздің баспа авторлық құқықтың бұзылмауын қатты ескереді.
- Өй, бар болсын ондай құқығы!.. Ешкім оқымайтын авторға - авторлық құқық неменеге керек!.. - дедім, қатты ренжіп. - Қысқасы, мен кітабымның кейіпкерсіз шығуына қарсы емеспін...
- Онда солай деп, қолxат жазып бере қойыңызшы!.. - деді, қуанып кеткен редактор.
- Қазір... - дедім де, телефонды құлағымнан түсірмеген күйі, қағаз, қалам алдым. - Қалай жазсам дұрыс болады, өзің айтып тұршы.
Редактордың айтқанын қағазға сүйкектете жазып, соңына шиырып тұрып, қолымды қойдым да, қуаныштан жүзі күреңітіп, көзі тұманытып кеткен кейіпкеріме ұсындым.
- Мә, жеткіз өзің, тездетіп!..
Білмеймін, есіктен шықты ма, әлде, қанат байлап, ашық тұрған терезеден ұшып кетті ме - кейіпкерім, айтып аузымды жиғанша, зым-зия болды. Келесі сәтте, әлі қолымда тұрған телефоннан редактор отырған бөлменің есігі сарт етіп ашылғаны естілді. Өз көзіне өзі сенбеген редакторымның айран-асыр боп, аузына сөз түспей, қолындағы менімен байланыста тұрған телефонына - бір, қоңыр күзде басына малақайын бастыра киіп, кіріп келген маған... менің кейіпкеріме - бір қарап, сілейіп тұрғанын да сездім... Кейіпкерімнің қолxатты тапсырып жатып, нығарлап тұрып:
- Авторды да, сені де енді желкемнің шұқыры көрсін! - дегенін әлі ашық тұрған телефонынан құлағым ап-анық шалды.
Шын айтам, мен оған түк те ренжіген жоқпын…