Деректі әңгіме
Жеткер Жүсіп
Біздің ауыл теміржолдың жиегі.Таудың етегі.Төмегі жағы көл.
Су тасыса мал қораның ішінен балық аулайсың айырмен шаншып. Пойыз легінің әуенімен ұйықтап, темір
доңғалақтың дүрсілмен оянасың. Ертеңгісін ел өріске мал шығарады : « Әйт, шу,әйт шуды» тыңдап жатып манаурап қайта ұйықтап кетесің .
-Тұр шай ішеміз - дейді шешем.Бұл енді , анамның бар шаруаны тындырып сары самаурынды сапыру деген сөзі. Түнде жылы көрпеңе , не төсіңе кеп рақаттанып жатқан құрбақа — сұрбақаны лақтырып жібересің, масахананы түріп.
Бір - екі рет жылан да жатып алған кезі бар-тын көрпеге, бүрісіп басын астына тығып ап. Бұзаубас жалап кетсе болғаны бет аузың күлдіреп жүргенің.Үйреншікті жағдай ғой.Тек сарыазбаннан сақтасын,Құдай. Көрші Жұбандықты сол шағып өлтірген. Гүп боп ісініп кетеді екен адам аласұрып .Ой мен не айтып кеттім-ай....
Ауылдың кәсібі балық аулайды.Оны тұздайды, қуырады ыстайды .Еңісте жаппай жер ошақ. Қамыс жағып соның түтініне қып — қызыл ғып балық ыстап, пойызға шығырып сатады. Біздің ауылда әйелдерді байларының атымен айтады. Ана Нұртайдың Ранайы,Әділбектің Фатимасы,Қанайдың Мінуары балық тұздап балық ыстаудың майын ішкен шеберлері.
Олардың ыстаған балығына тойып көрген адам жоқ ауылда. Сосын балықтың уылдырығын бөлек алып бұқтырады, қыпқызыл сөктей ғып. Майда торта тыран,қызыл қанат алабұғаны майға сап табаға көмеді. Ал дөңмаңдай балық,бекіре,жайынның басындағы миын тасқа ұрып шағып,табақ-табақ қып ауылға таратады. Мипалау жасайды.Қылқаны аз деген сазан, лақадан қарма істейді.Жалпы балықтың сорпасына ештеңе жетпейді жарықтық ...
Пойыз жазды күні көп тоқтайды,біздің ауылға.Қосымша пойыздар ,жүрдек туристтер мінетін пойыздар бірінен — бірі шұбырып жатады. Ауылдағылардың балықтан қолы жүріп, көңілдері тоқ жүретін шақ та осы кезеңдер.
Бірақ теміржол милициясы балық сататын қатын , қызға қырғидай тиеді.Қасқырша шауып қуып жүріп балығын тартып алады, өздеріне айыпұл салады. Менің сол кездегі түсінігім: Алматы мен Мәскеу жаққа қарай ерсілі ,қарсылы өтіп жатқан пойыздағылар жабайы қазақтың тыныс тіршілігін көрмеуі керек сияқты .Кір қожалақ, сауыс — сауыс боп әйелдер ,қайыршы сияқты май сасып сауда жасамауы керектей. Оларды әрлі — бері өтіп жатқан туристтер суретке басып алмас керектей.Саудаға қарсы талап еткен милициялар аюдай ақырып,арыстанша күркірейді.
Сондай "саясаттан"өз тамақтарын асырап,беделдері күшейді .Талай әйелді зар еңіретіп,қамап мұртынан күліп жүретін. Бұл Қазалы стансысындағы боқ қарындардың арами ісі еді.Талай балық сатқан қыз — қырқын қашамын деп жүріп пойыздың астын түсіп мертіккен кезі болды.
Ал біздің ауыл стансыдан алыстау,разъезд ғой.Сондықтан аялдаған пойызға жүріп кеткенше саудаларын жасап қарық боп қалады. Әсіресе туристтер ақшаның бетіне қарамайды. Саудаласып салғыласпайды. Айтқан ақшасын ұстата салады. Сондай бір кез еді. Қанайдың Мінуары Алматы-Мәскеу пойызы тоқтап соның ішін аралап балық сатып жүрген еді.
Бір кезде пойыздың жүріп кеткенін байқамай да қалыпты ."Жә келесі Бекбауыл бекетінен түсермін,көп болса жаяу қайтармын деп саудасын жалғастырып вагон- вагонды аралап кете барды .
Сөйтсе өзіне қарсы келе жатқан бір қызыл жағалыны байқап қалды. Сұсты бәле екен.Жүрегі зу ете қалды.Кейін қарап қаша жөнелді .Қарсы келген адамдармен соқтығысып бандыны қуған Хамиттей анау да қалар емес қыр ізінен. Ұстайтын түрі бар. Ұстамағанда қайтеді,зулап келе жатқан жүйрік пойыздан қарғып кете ме, қасқа? .Ойланатын уақытта жоқ жан екпінмен барып бір купенің есігін ашып қап еді « СПы» екен екі адамдық. Біреуі орнынан атып тұрды да:
- Шық,тез! Бұл купеге кіруге болмайды! -деді.Мінуардың түр боп -боз. Не қайта шығарын,не кірерін білмей қалш -қалш етті. Сасқаннан қолындағы балығын ұсынып:
-Мені арашалаңызшы,қуып келеді ! -деп жылап жіберді.Екінші орында газет оқып жатқан көзілдірікті мұртты кісі:
- Не болды?Кір кәне! -деп гүр ете қалды. Өңі суық екен.Бас жағында әскери киім ілулы тұр«Құрыдым» деді Мінуар.
«Кіші милициядан қашып,дәуіне тап келдім-ау деп не істерін білмей қалды мелшейіп.Сөйткенше болған жоқ,әлгі қызыл жағалы шәпкі де жетті:
- Кәне шық бері оңбаған спекуляант ! Әкел қолыңдағы сөмкі мен балығыңды ! -деп әкіреңдеді. Сол ,сол-ақ екен:
-Ану - ка сволыш марш отсуда! -деп ана кісі аюдай ақырды.Түтеп кеткен. Көмекшісі ме, қасындағысы сол - ақ екен милицияны итеріп, итеріп шығарып жіберді.
- Сыболыштар әйелге батыр!
Сол кезде вагонның жол серігі жүгіріп кеп Мінуарға тап берді:
-Қайдан кірдің а?Кім кіргізді сені мұнда? Шық кәне !.Білесің бе ,бұл купеде кім келе жатқанын?
-Отставить! — деді әлгі кісі ала көзімен оны ата қарап,мұрты кірпідей едірейіп кетеді екен, ашуланғанда:
-Не болды,неге қуып жүр милиция ?Біреудің бірдеңесін алып қаштың ба не?- деп ежірейе қарады ол. Екі дізесі қорыққаннан қалтырап кеткен Мінуар асыға аптығы бар жәйтті айтқан болды сасқалақтап .
-Сволыштар! Біз әйелдеріміз бен балаларымыз бақытты болсын.Ұрпағымыз қиналып қайыршы болмасын деп қан төктік.Бұл иттер бала шағасы үшін қара күйе боп жанын жалдап жүргендерді қуып қорқытып ,үркітіп жүр.Саботаждар! Сендер осындай болсын деп тостық па кеудемізді оққа деп ол түтікті.
-Мә,мынаны балаңа бер менен !-деп Мінуардың қолына жалпақ әдемі жылтыр қағазға оралған шоколод конфетті ұстатты. Қырандай екен пошымы,тұғырға қонған. Рақмет айтқан болды, бейшара әйел…
Пойыз Бекбауыл бекетіне кірді Түсерде жолсерік «Ауышсың ба қаңғалақтап жүріп Бауыржан Момышұлының купесіне кіріп кетіп, бір ажалдан қалдың сен» деді. Мінуар шошып кетті,екі көзі алақтап:
-Не, не дедің ?-дей беріпті. Пойыз жүріп кетті .Соңғы вагон көпірден көрінбей кеткенше артынан қарап, Қанайдың Мінуары ,қолында батыр ұстатқан шоколод конфет неге екенін қайдам,қыстығып жылай берді,жылай берді
1971ж 95 ші разезд (Қарақуус)