Әңгіме

Серік Шайман

Бастау бұлағын Сарыарқаның ұсақ шоқыларынан алып, қазіргі астананы қақ жарып өтетін Есіл асып-тасымай салмақты сабырмен ағатын, жағасына жалпайып жазылып кетпей де, арнасы ортайып төмен түспей де, ұдайы су толған шелектей гүмпілдеп тұратын өзен.
 
Ағысы астында, беті қайнаған қазандай бүлкілдеп, ақ толқын ойнап жатады. Сол Есілдің Жарқайыңға қарай бұрылар сағасында мәңгібайдан келе жатқан "Боранкөл" атты қазақ ауылы бар еді. Ертеректе өзімнің жас,кезімде осы ауылдың бір келін түсіру тойында болғаным бар. Той не орыс дәстүрінде, не қазақ дәстүрінде емес, әйтеуір араласып, бытысқан жағдайда өтіп жатқан-ды. Кенет бір адам келді де соның бәрі аяқ астынан өзгеріп сала берді. 

Әуелі ол маған қалың бұлтты жарып шығып, көзіңді қарықтыра жалт ете қалған күн сәулесіндей елестеді. Үйдің ішінде керемет бір жылылық орнады. "Енді кетсем бе екен?!" деп отырғам, еріксіз бөгеліп қалдым. Үй иесі оны құдашамыз, Ақмоладан келді, поездан түскені жаңа қазірде деп таныстырды. Есімі Құралай. Өзі де құралай десе дегендей екен. Салған жерден той тізгінін қолға алып, отырысқа жаңа леп пен жарастық берді. Қазақтың осы күні ұмыт қалып бара жатқан кейбір салт-дәстүрі мен ойынына жиналғандарды еліктіріп тойдың шырайын шығарды. Оның адамдармен сөйлесуінде, ыңғайласуында бір дегдарлық бар. Мойылдай қап-қара бота көзімен өзіңе елжірей қарағанда айтқанын істетпей қоймайды. Өлеңді де келістіріп айтып, домбыраны да шебер тартады екен. Кең пішілген көк көйлектің етегін жайып жіберіп отырғанда ханзада сияқты, көзі ұшқын шашып тұрады. 

- Екі ауыз өлең айтпайтын қазақ болмайды. Сіздерде тойға өнерлеріңізбен үлес қосыңыздар, -деп орыс-қазаққа өлең айтқызды, домбыра тартқызды. Қайсыбіреулерін билетті. Әсіресе жүзграмнан кейін қызара бөртекен орыс келіншектері дүр көтеріліп думандатып жіберді. Мен қазақтың ескі "Дүние-ай", "Құдаша" деген әндерін орындап бердім. "Құдашаның" сөзіне салмақ салыңқырап Құралайдың өзіне қарата айттым білем,  ол көзі шоқтай жайнап, күлімсіреп отырып тыңдады. Іштей толғанысқа түскен сәтте екі беті бал-бұл жанып, жүзі пейіштің төріндей құлпырып кетеді екен. 

 - Е, нағыз әншілер осында отыр екен ғой. Сіздің мына дауысыңыз анау-мынаулардан көш ілгері, - деп мені біраз жерге апарып тастады. Жұрт қолқалап, сұрап қоймағаннан кейін екеуміз қосылып "Бегімайдың әнін" айттық. Сол сәтте, сол күні, сол көңіл-күйдің жағдайында бұл енді нағыз ғажайыптың өзі болды. Отырғандар үсті-үстіне қол соғып, дуылдасып бізге бундершаф ішкізді. Рюмкені көтеріп жатып Құралайдың көзіне қарап едім, ол да мені іздегендей қадала қарап, іштей бір адам ауызбен айтып болмайтын ризашылық сезім білдірді. "Келіншек ауға оралды" деп ойладым мен. 

Келіншек деп күйеуі бар деген соң айтып жатқаным ғой. Әйтпесе Құралайдың дене бітіміне қарап, есік көрген адам деп айытуға болмайды. Есілдің жағасында өсетін сәмбі талдай сұлу мүсін. Аршын төс, аршыған жұмыртқадай ақ тамақ. Алаулаған дөңгелек жүзіне лайық қыр мұрын, оймақ ауыз, әбден піскен бүлдіргендей қызыл ерні оны кез-келген қыздан ерекшелендіріп тұрар еді. 

Той кеш тарады. Кісі аяғы сиреді-ау деген бір шақта Құралай екеуміз алдын ала келіспесек те далаға бірге шықтық. Жаздың шаңқай шағы ғой, түннің өзі күндізгі ыстықтың лебін қайтара алмай бусанып тұр. Тек қана Есілден соққан самал жел жаныңа дауа бергендей. Біз бірден өзенге беттеп әлі айықпаған түн қараңғылығына сүңгіп кеттік. Өзен жағалауындағы қаз от пен шөп жүп-жұмсақ, құс мамықтай былқ-былқ етеді... Құралай да, мен де аяқ киімімізді шешіп тастап, жалаңаяқтанып алдық. Балалығымыз ұстап кеткен сияқты, ал келіп жүгірейік. Шамасы суға түскіміз келген болар жүгіріп келе жатып киімдерімізді шешіп жатырмыз. Менің жейдем бір жақта, шалбарым бір жақта қалды. Құралай көйлегін басынан асыра шеше бастады да кілт тоқтады. Мен шап беріп оны құшақтай алдым. Ол менің көкірегімді қақ жарып ішіме кіріп кетердей құшағыма тығыла түсті. Кіндіктен жоғары көтерілген көйлегі төмен түспей екеуміздің арамызда перде болып тұрып қалды. Дені сау, була күш бойын кернеген жас әйелдің жұп-жұмыр бура санынан ескен ыстық леп менің тәнімді қарып, аршын төсі кеудеме тірелді. Екеумізді де әл бермейтін асау сезім билеп алғандай, құшағымыз айқаса кетіп, ұзақ сүйістік. Бір сәтте Құралай:

- Мені  кешір, бұдан артыққа бара алмаймын. Өзің сияқты нарталап күйеуім бар. Көзіне шөп салып көргенім жоқ, - деді. 

- Ал сүйісу ше? - дедім мен. - Сен шын көңіліңмен сүйістің ғой. 

- Сүйісу - мезеттік сезімнің қалауы. Ал, төсектес болу тән қалауы. Ол ауыр күнә. 

- Соншалық айырмашылық көріп тұрғаным жоқ. Сүйісу арқылы да біз күнәға баттық қой, - дедім мен. 

-Жоқ, сүйісу қазіргі вертуальдық байланыс сияқты, - деді ол. 

- Қайдағы! Ернімізге ерніміз тиді, біз түйістік, - дедім мен. 

- Ол екі саусағын менің ерніме басып, аппақ маржандай тістерін көрсетіп сақылдап күлді. Сұмдық бір тылсым күш біздің құшағымызды айқастырып жіберді. Әйелдің оттай ыстық ернінен өбіп, тілін сорғанымда коньяктің бе шәрбаттың ба әдемі дәмін сезіндім. 

-Білесің бе, - деді ол - мен саған бір ертегі айтып берейін. Шамасы араб әдебиетінен оқыдым-ау деймін, қазір есімде жоқ. Баяғыда ерте, ерте, ертеде бір әміршінің сұлу қызы болыпты. Әмірші қызына елде жоқ көйлек тіктіріп беріпті. Ол көйлектің жағасынан етегіне дейін түймесі болыпты. Сыйқыры сонда түймені жоғары жақтан бастап ағытып, ең соңғысына жете бергенде қалғандары қайтадан түймеленіп қалатын болған. Мен сол көйлек сияқтымын. Ең соңғы шешуші сәтке келгенде түймелерім қайтадан салынып қалды. 

- Ту, не деген аңқаулық, соншама түймені ағытып не азап! Мынау сенің көйлегің сияқты басынан асыра салмай ма?! - дедім мен. 

- Білгішбегім, ол көйлектің қасиеті сонда оның түймесін ағытпай шеше алмайсың - деді ол. 

- Құдайға мың да бір тәуба, қазір сенің үстіңде сондай көйлек жоқ, жалпы сен жалаңашсың, - дедім мен. Құралай сонда барып өзінің мықынынан төменгі жағы тыржалаңаш екені есіне түсіп, мені ақырын итеріп тастап, теріс айналды. 

Есілдің мың бұралған бұйра бұйра толқындары жағаны қайта-қайта зілсіз соққылап, жыбыр-жыбыр, қыбыр-қыбыр етеді. Құралай екеуміз аяғымызды суға малып, шалқамыздан жатырмыз.Аспанда жұлдыздар жарығы әлсіреп, таң атып келеді. Мен Құралайға:  "Есілдің аржағында көрдім сені, сырғаңды қайық қылып өткіз мені..." -деп өлеңдеттім. 

- Жоқ, - деді ол, - сен өтпейсің, арғы бетте қаласың...

Мен ақыры ол айтқан жақта қалдым.

Алайда арада он жылдан астам уақыт өткенде біз екінші рет кездестік. Бұл кезде үкімет Ақмолаға көшіп келіп, қаланың атауы Астана болып өзгертілген шақ еді. Корпарация басшылығының бұйырығымен Ордабай облыстық теледидарына Бас редактор болып орналасқан едім. ТВ бағдарламаларын цифрландыруға  байланысты республикалық семинар өтетін болып, бас инженер екеуміз Астанаға келдік. Семинар бұрынғы Парламент мәжілісінің үйінде кіші залда өтті. Үзіліс кезінде түскі асты жақын жердегі өзіміз орналасқан «Есіл» қонақ үйінің ресторанында ішіп отырғанбыз. Ішкі түйсігім тусыртымнан қадалған бір тосын көзқарасты аңғарғандай болды да, жалт қарағанымда алыстау түкпірде отырған бір әйелдің өзіме тесіле көз салып отырғанын аңғардым. Бірақ, түрін жыға тани алмадым. Ал көзі біреуді еске түсіргендей болды. Бір түрлі таныс, жылы көзқарас. «Апыр-ау, кім болды екен», - деп ойлағанымша болған жоқ ол орнынан тұрып маған қарай жүрді. Жақындаған сайын сана түкпірінде сығалаған бір ескі көріністің беті ашылып, мен оны тани түстім. «Құралай! Баяғы Құралай ғой мынау! Ой, аллай, бұл қайдан жүр? Менде орнымнан атып тұрып екеуміз құшақтасып, амандасып мәз-мейрам болып жатырмыз. 

- Осында, мынау әкімдіктің ішкі саясат бөлімінде істеймін, - деді ол. Оның әкімдік деп отырғаны «Есіл» қонақ үйінің тап қарсысындағы жеті қабат зәулім үй. Бір кезде оның жетінші қабатында біздің редакция болған. Бұл маңай, мынау қонақ үйі маған өте таныс. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары менің біраз ғұмырым осы жерде өткен. 

Көп сөйлесуге Құралайдың уақыты тығыз болды. Тәртіп, кеңсе жұмысы дегендей. Біз кешкілік кездеспек болып келістік. 

- Осы қонақ үйдің үшінші қабатындамын, 32-ші бөлме, - дедім мен. 

- Келем, - деді Құралай.

Қонақ күтетін болған соң бұрынғы бойға сіңген әдетпен  бөлме ішін жинастырып, бір-ер шөлмек ішімдік, тіске басар жеміс-жидек, сапалы тамақ алып қойдым. Менің бөлмемнен әкімдіктің алдынғы беті алағандағыдай анық көрінеді. Жетінші қабаттың оң жақтан санағанда алтыншы, жетінші, бесінші терезелерінде біздің кабинеттер болып еді. Бастығымыз Алданнан бастап, Төлеген, Жылқыбай, Бәдуан, Қайыркен, қыздардан Бақыт, Бақытжамал Жұматай тағы басқа жігіттер үпір-шүпір болып шахмат ойнап, дүниені асты-үстіне түсіріп сапырып жүруші едік. Ол да бір өткен ғұмыр, қоламтаға айналған шоқ. Үрлесең бәрі есіңе түсіп санаң жаңғырып қоя береді. Сонда ғой Жұматай марқұмның президент Назарбаевқа өлеңмен хат жазып кезектен тыс пәтер алатыны. Оның тілі тотияйын ғой, тиген жерін ойып түсетін. 

Құралай уәдесінде тұрды. Сағат кешкі тоғыздарға таман келіп есік қақты. 

- Ту, заман өзгерсе де кеңселердегі жұмыс істеу тәртібі баяғыша қалыптығой. Тым кеш шығады екенсіңдер, - дедім мен. 

- Айтпаңыз, - деді Құралай, қағазбастылық қосылмаса азайған жоқ. Жарты ғұмырымыз осы кеңседе өтеді. Ол күлді, бірақ көзінде мұң бар. Жүзі де бұрынғыдай емес, солғын тартқан, әр жерде болмашы әжім ізі сезіледі. 

Отырыс жақсы болды. Шарап іштік, тамақ іштік. Қазіргі саясатқа, Астанаға байланысты талай әңгіме айтылды. Ақырында сөз реті енді Құралайдың жеке басына тірелді. 

- Жасыратыны жоқ күйеуіммен сүйіп қосылдым. Бес жыл бірге тұрдық. Соның алғашқы екі жылында өзімді бақытты сезіндім. Қалғанының бәрі азап, - деді Құралай. – Басты себеп – баламыздың болмауы. Бармаған жеріміз қаралмаған дәрігеріміз жоқ. Кінә өзінен екенін білгеннен кейін күйеуім ұнжырғасы түсіп, мүлде өзгеріп кетті. Өзім де көшеде кішкентай бала көрсем есімнен танып, мүжіліп шаршап қалатын болдым. 

"Жазығымыз не, Жаратқан ием-ау! Көшеге баласын тастап кетіп жатқандарға қиған бір шарананы бізге қимайсың ба?!"- деп егіліп талай жыладым. «Бала асырап алайық» - дедім. Күйеуім көнбеді. «Алла тағала бізге бұйыртпаған екен. Енді оны қолдан жамап-жасқағаннан не болады» - деді.  Сөйтті де маған бостандық беріп, өзі кетіп отырды. Күні бүгінге дейін қайда жүргенін білмеймін. Түк хабар жоқ. 

Мен әйелдің жан азабын бөліскім келіп оны құшақтап, бетіне бетімді тигіздім. Оның әлі де тып-тығыз денесі, қомақты қос анары жанасқан сайын менің дегбірімді қашырды. Екеуміздің де тыныс алуымыз жиілеп Абай данышпан айтқандай: «Етің етке тигенде, тән шымырлап бой еріп, ішім оттай күйгенде» дерлік кейіпке түстік. Құралай көйлегін басынан асыра шешіп, лақтырып жіберіп қарсы алдыма тұра қалды. Енді қалғанын өзің шеш дейтін сияқты. Мен дізерлей отырып сан түрлі гүл жапырақтарының суреті салынған тілдей трусигін сұқ саусағыммен тартып дізесінен төмен түсірдім. Сонан соң бюстгальтерінің түймесін басып ағыттым да орындықтың басына қойдым. Қос алмасы тіп-тік, оң жақ емшегінің ұшында қарақаттай мең бар екен. Мен соған қарап тұрыңқырап қалсам керек. Құралай :

- Сен енді осылай отырасың ба? Шешінсейші – деді де мені соншалық ептілікпен шапшаң шешіндіре бастады. Тек қана ең соңғы ішкиімімді шешерде сәл кідірді де, тура мен сияқты сұқ саусағымен оны төмен қарай сырғытып жіберді. Менің анадан туғандай кейіпімді көргенде ол бүкіл буындары құрысып ұстамай қалғандай, таяу тұрған керуетке сылқ етіп, құлай кетті. "Бұл енді талайдан бері ешкіммен төсектес болмағандықтың әсері шығар, әйел жаны тым нәзік қой", деп ойладым мен. 

Дүние тылсым, бір сәт тас болып қатып қалғандай. Бөлмеде біздің ынтыққан ыстық сүйісіміз, менің ауыр-ауыр алған тынысым, керуеттің сықыры, алпыс екі тамыры иіп, үгітіліп, шамырқанған әйелдің сәл ыңырсыған дыбысы ғана естіледі. Төсекте мен өзімді тау көтерген Толағай батырдай сезіндім. Бұрын-соңды болмаған ерекше қарқын, алапат күш-қуат тұла бойымды кернеп тұр. Ләзат сәті әдеттегіден әлдеқайда ұзаққа созылып Құралай ең кемі екі рет оргазм алғандай әсер берді. Бұл түн буырқанған сезім түні, еркек пен әйелдің бір-біріне деген сәйкесімділігі жарасқан түн болды. Әйел құшағында өзімді жәйлі сезінгенім соншалық менің бұған дейінгі өмірім бір басқа, мынау бақыт құшағындағы сәт бір басқа сияқты көрінді. Арада бір жарым айдай уақыт өткенде Құралайдан: «Мен бақыттымын, аяғым ауыр!» деген SMS алдым. Сонда маған: «Әттеген-ай, біз баяғы бірінші кездескенде осындай тәуекелге барсақ қой. Құралайдың күйеуі баланы өзімдікі деп қабылдап бақытты өмір сүрер ме еді? Қазір өзі қайда екен? Дертіне ем тауып жазылды ма? Мүмкін үйленіп балалы-шағалы болған шығар? Әлде... жоқ,жоқ олай ойлауға дәтім бармайды. Бұл күнде медицинада мүмкіндік көп қой, бір шипасы табылған шығар. 

Ылайым солай болғай! Ондай жағдайда ол азамат мені кешірсін. Менің жазығым не, періште емес, ет пен сүйектен жаратылған пендемін. Өмір атты үлкен сахнада бар болғаны өзіме тиесілі рөлді ойнап шықтым» деген ой келді. Біраз ойласқаннан кейін ватсаппен: «Құралай, қуанышыңа ортақпын. Әкесі екендігімді мойындаймын!» деп жауап жазып жібердім. 

 

Abai.kz