Роза Мұқанова
Көргенімді айтып, бетіңе таба қылсам,
Уақыт – сенің азғаның.
Нақақ айтып күнәға батсам – менің азғаным.
Автор.
Тіршілікке құмартқан, өмірге ғашық - кемтар қыз Қаралы төбенің басында езуін ирелеңдетіп, әлденеге қуанып, қолын көтереді. Қисайған саусақтарын кезек-кезек қозғалтып үн қатқысы келеді. Бірақ, құрғыр, икемге келмей, шаршап тынды. Терлеп-тепшіп, қысылып-қыстығып, ыңырсып қояды. Жылағаны – күлгені сияқты. Күлгені – жылағаны сияқты.
Қаралы төбе басында қартайып, қайғы ойлаған қарт отыр. Легенге кірлеген көйлек-дамбалын салып, кірін езгілеп малшыған болады. Томардай қолдары икемге келмей, иегіндегі сақалы кеудесіндегі жүргімен жарыса соғып, дір-дір, қалш-қалш етеді. Тыңдайтын құлақ, еститін жан иесі болса өткенін айтып өксіп, қазіргісін айтып өлгісі келеді. Жасаураған көзінің сорын сүртіп, келініне кемсеңдеп, жас балаша қол созады.
«Қақпас, алжыған неме, не сұрап отырсың?»- деген тұрпай дыбыстан құлағын жаба қойып, теріс қарайды да кемсеңдейді. «Мынадай ащы сөз естігенімше, аштан-ақ өлейін» - деп ас сұрамауға бел буады. Имансыздың жаңағы сөзіне алғаш естігенде күні-түні төсегінен тұрмай жатып қалған. Қарттың бұл қылығын көргенде келінінің жаны құрыштап, тепсініп атасының жанына жетіп келіп, талай рет басын нұқып-нұқып:
-Өзіңе көрінсін, өз қара басыңа көрінсін – деп кететін. Сондықтан да болар «Қақпас! Алжыған неме!» - деген тұрпай сөз қитығына тисе де бұрынғыдай күйзелмей, шал байғұс, ішегі қатып күлетінде шығарды.
Имансыз келінінің бейпіл ауыз сөздері санқ-санқ шығады. Шал күлген сайын ол шабалана түсіп:
-Томар! Кәрі томарды құдай неғылсын. Бұл ма, бұл... анау ұлын жұтып, әлі маған ауыз салады. Бұл өлмейді, тек жалмайды, - дейді.
Қарт ішек сілесі қатып күле берді. Жаңағы тұрпайы дауыс біртіндеп алыстап бара жатқандай. Шал «енк» етіп ықылық атты да күлкісін тиды. Әппақ сақалынан алты тарам болып аққан көз жасы төсін жуып, кіндігіне дейін айғыздап жол салыпты.
***
Қаралы төбе жаныңды жаншып, азғап жұрттың бейнесін әкеледі дедім бе?-дедім... демей қалғыр несіне сөйлеп едім.
Ақ кимешек жамылып, бауырына баласын басып, ақыл айтатын кемеңгер ана емес. Қаралы төбе басында азған әйел отыр. Жалбыр-жұлбыр киініп, жалаң аяқ, жалаң бас, бүрсең қағып, туған ұлымен бірге бір шишаны бөліп ішіп, құдайды да, өзін де ұмытқан әйел. Шашы дудырап, бет-бейнесі өзгеріп, кеңірдегінің тамырлары шодырайып, ұлына қарап, мүләйімсіп тұр.
-Сен іш. Сенен қалғанын ғана ішемін!.. – азған әйел әп-сәтте-ақ көзі кіреукеленіп, қызып қалды.
Қаралы төбе таңында күйісі кеткен ақсақ ит күндіз-түні ербеңдеп тыным таппай жүретін. Бұл жолы өлеусіреген көзі мөлейіп, ана мен баланың бірігіп бөтелкелес болғанына бұл да таңданғандай. Жаралы аяғын біресе көтеріп тұрып, біресе бүгіліп шоқиып отырып мына екеуінің жанынан кетпей қойды. Қалт етіп, көзін жұмса-ақ немесе қаралы төбенің қуысын кезіп жемтікке алданып қалса-ақ болды анау екеуі күнәға бататындай ақсақ ит дір-дір етеді.
Арақтың түпсіз тұңғиығына әбден уланып басы айналған ұлдың көзіне мына дүние қан жаланған өрттей лапылдап тұр. Сәл қозғалайын десе, азуын керген кәрі қаншық мас байқұстың алба-жұлбасын шығарып талап тастайтындай. Көз ұшынан тұманданып әрең көрінген шешесі жаққа қарады. Ыңыранып, қолын соза бергені сол еді, ақсақ қаншық «арс» етіп үлгерді. Бұл соңғы қаһарлы ескерту болатын.
Әйел де еңбектеп келіп ұлына ұмтыла бермек еді, кәрі қаншық тұрған жерінен атылып жетіп екеуінің ортасынан қақ бөліп орын алды. Қайсысы бұрын қозғалып, қимылдап қалса сонысының арса-арсасын шығарып қауып тастағысы бар. Мас жігіт иттің мына мінезіне қарқылдап күлген, ал ақсақ ит адам көмекейінің де қып-қызыл болатынын алғаш аңғарды. Шешелі баланың мас болып мүлгіп отырғанын ақсақ ит сезбеді, бірақ кезек-кезек екеуіне қарап тұрып азғындықтың, жамандықтың төбесінен түскенін ұқты. Ана мен баланың бірін-бірі бір сәт танымай қалғанын ұқты.
Адам азғындағанда өз ішінен шыққан баласын танудан қалып, баласы анасын танудан қалып мәңгүрт болады деседі. Бәлкім, бұлар азғындағандар шығар.
Қаралы төбе күрсініп күңгірт кешке иек артты. Қабағын қарс жауып қара жамылып түнерін түн аяңдады. Дәл осы сәтте ақсақ ит төбе басында шоқиып отырып ұлыды-ай бір, ұлыды-ай.
О, жарықтық Қаралы төбе. Адам тіршілігінің қасіретіне бірге ортақтасып көне көзің суалмады ма сенің. «Аһ» ұрып, жер теуіп, белі бүгілген кемпірдің немересін қалай жоқтағаны есіңде ме? Қаралы төбедегілер қара жамылып, мүлгіп қалып еді ғой сонда.
Табыт. Ұп-ұзын қара табыт тас шегеленіп тасталыпты. Мырыш табыт қол қариды, сұп-суық. Қара табыттың бетіне әшекейлеп жазып қойыпты. «Отан алдындағы борышын өтеу кезінде Ауғаныстан жерінде ерлікпен қаза тапты. Мәйітін көруге тиым салынсын. Ұзақ кұттірмей жер қойнауына аударыңыздар».
Мырыш табыт қол тигізбей қарыса, мынау суық сөз Қаралы төбедегілердің жанын қарыды. Жалғыз немересінен басқа ешкімі де жоқ сол қарт әженің зар еңіреп отырып оқыған аятының құдіреті ме, сен дүрілдеп бір сілкендің-ау Қаралы төбе. Сатыр-сұтыр еткен сенің сілкінісіңмен бірге «оу, жер тістендім ғой... Оу, жалғыздан айырылып сорладым ғой, - деген даусы қоса шықты кемпірдің.
Жайнамазын орап алып, кеудесіне басып, Қаралы төбе үстіндегі қарт кемпір:
- Қу жүрегім сезеді-ау, білемісің. Жалғыздың сүйегін қара жерге бердім деп ойламаймын. Табытының іші бос сияқты... анасына, туғанына өлікті көрсетпей көму дегенді ешбір есі дұрыс жан иесі айтпаса керек-ті. Табыттың шегелеенген бетін ашқызуға қорықтым ғой, мен сорлы. Ішінде сүйегі жоқ сияқты, Қаралы төбе. Дұғадан кейін күдігімді қалай жасыра алмақпын. Бұл неғылған қорлық, неғылған азғындық еді. Аман-сау кеткен жалғызым мырыш табыт, қу қабыт болып оралады деп ойлаппын ба».
Қаралы төбеге бірінен кейін бірі ілесіп тоғыз табыт келді. Тоғызына да қойылған шарт біреу-ақ. Сірескен тоғыз табыттың да бетін ашпай жер қойнына көмді. Мәйітті жерледік деп жылады жұрт, сай-сүйегіңді сырқыратып жоқтау айтты. Бірақ мырыш табытты бос көміп, баладан жаман алданғанын ешкім сезбеді. Өкіметтің қойған шартына ешкім қарсы келмеді, сенді. Қара табыт аруланып жер қойнына енді. Қаралы төбедегілердің бұл бір алданғаны емес, мың алданышының бірі, бірі ғана ғой.
Осы Қаралы төбедегілер, бір қазағы, біреу шындықты біліп, қатты айтса-ақ болды мойнына құрық салдыруға дайын. Білемін – дегеніңді естісе; - білмейсің! Сен түк те білмейсің сен де бірдеме білеемін дейсің-ау. Өкімет саған ақымақ емес, өкімет біледі, - дейді.
Қаралы төбедегілер құдайға сенбесе де өкіметке сенеді.
Қаралы төбе мазасыз түнмен қоштасып, дел-сал болып жатқанда әппақ таңмен бірге ілесіп, күнде-күнде жұпыны жалғыз әйел осылай қарай бет алады. Үстінде тозығы жеткен алба-жұлба киімі, басында жаулығы жоқ, аппақ шашы селдірейді. Қайда баратыны, қайда келе жатқаны жан иесіне белгісіз. Қартайып, жүдеп кеткен. Екі езуі көбіктеніп сөйлеп келеді., әйтеуір. Мұның шаптығып, ашынып сөйлегеніне Қаралы төбедегелер «жынданған» деп ат жамап берген. Себебі бұл оларға түсініксіз сөздерді көп айтады. «азғындыққа өзің әкеліп енді қызығына тойынбай құштарлана қарайсың. Дүниенің бәрін бүлдірген үшеуің ғанасың. Ким, Мао, Сталин, Мыналарың да сол – қаралы төбедегілердің жағдайын ойлап жүрген олар жоқ. Жалғыз мен ғана шырқырап жүгіремін де жүремін. Әй, мен сол ел басқарып қипақтап, сыртыңнан уын шашып отыратындар Қаралы төбені қайдан оңғартсын. Олардың алдыңғы тісі ернінің сыртына шығап, ысылдап, жамандық іздеп, өсектерін айызы қанғанша айтып, жақсыларын, имандыларын қара жерге тығып қарап отырады. Осынысынан қорқам. Жақсыны – жақсы десең көзіңнен қан аралас сор ағады. Жаманды, әлсізді жақсы десең – арсалаңдап, алды-артыңа шығып, жалпаңдап қоймайды. Біле білсең осының салдарынан Қаралы төбе батпандай сорға белшеден батты».
Әйел ашынып ақыра сөйледі. Кеңірдегіндегі жіңішке тамыр қайталап, одырайып шыға кетті.
-Әй, саған жаным ашығандықтан айтам Әйелдің көзі шатынап, тістерін қышырлана қайра, езуін сол қалпы жимай қисайтқан бойы, Қаралы төбеге атылатындай бүрісіп қарап қалды.
-Ә, сорлы. Маған жаның аши ма? Немене сонша? Үстімдегінің бәрін қайыр сұрап жинап алғам. Сенен ешнәрсе тілеп алған емеспін, мен құдайдан сұраған адаммын. Айтпақшы, естідің бе? Қаралы төбедегілер көмген тоғыз табытты түн ішінде біреулер ашып жер үстіне шығарып кетіпті. Ішінде мәйіт тұрмақ сайтан да жоқ. Қаралы төбедегілер жер тырналап ұлып жатыр. Тыңда. Сен немене азғындықты қолдан жасап, енді азғындарыңды көргің келмейді. Мені сен тұрмақ, Мао мен Сталин тыңдаған. Сенің тыңдағың келмегенімен оның бәрін тізбектеп айтып жатуға уақытым жоқ және бұл дүниелерді ашық айтуға болмайды ғой, өзің білесің. Маған да жан керек. Бұл күнде мені аңдыушылар да көбейіп кетті. Немене, екі құлағың тас керең етіп алақаныңмен басып алғансың. Немене тыңдағың келмей ме?
Жынды әйел көкірегін ашты.
-Сенімен бетпе-бет келіп сөйлесе алатын мен ғана. Сондықтан да Қаралы төбедегілер мені «Қалима жынды» - дейді.
Әйел Қаралы төбенің етегіне тізе бүкті. Әлдекімнің жанына тигізіп, жеріне жетіп, бетін таңбалап, ақырып ұрсып жатты.
-Сен бәрібір құлақ аспайсың. Сен де бір, жартас та бір. Мейлі, ең әрі Қаралы төбеге Қалима ақыл айтқанды қойыпты дер. Әйтпесе, Қаралы төбе Қалиманы тыңдауды қойыпты дер.
Жартасқа бардым,
Күнде айғай салдым,
Онан да шықты жаңғырық.
Саған енді Қалима келмейді. Қалима тас кереңдерді менсінбейді, ұқтың ба? Бүгіннен бастап сені тастады. Сен енді тастандысың.
Жалаңаяқ жынды әйел ойына не түссе соны айтып, ұзап барады. Тарқатылған бөз шашының ұшын біресе өріп, біресе тарқатып ішегі қатып балаша мәз болады. Жынды Қалиманың етегі желпілеп алыстан ағараң-ағараң етеді. Қаралы төбені расында ұмытты. Қаралы төбе, жаны жарланып, көңілсіз кештің құшағында мелшиіп қалып барды.
Қаралы төбедегі келіннің қолына жаутаңдап қараған қарт та өткеніне қарғыс айтты. Дүниеден өтер шағында Қаралы төбедегілердің бір кездегі туысқаншылдығын, ағайыншылдығын, берекелілігін еске алып күрсінді. Сол уақыттағы келіндердің ата алдындағы қасиетін бағалап, кемсеңдеп иегін көтерді. Соңғы сөзі «Қайтейін, амалым қанша, оһ» - дегені болды.
Бірігіп арақ ішіп, көніл көтерген ана мен бала, ақылдан асып қарабет болды. Адамдық қасиеттен безген түні көктен жайдың оты түсті. Олардың жатқан жері ойылып, құз атанды. Қаралы төбедегі мүгедек қыз тәңірге құлшылық етіп, екі қолын көкке созды. Бұл мүсәпірдің де жылағаны - күлгені сияқты, күлгені жылағаны. Біздің Қаралы төбенің кейпі де дәл осы – мүгедек қыз. Жылағаны – күлгені, күлгені – жылағаны.