Алаш Кеңшілікұлы -

Әңгіме

Хи- хи- хи,ха- ха-ха. Қашан көрсең таңнан кешке дейін, шағын ауылды басына көтеріп, шаңдатып жүгіріп жүргені... Адамзаттан ібілісті аластаймын! Қызыл қан, қызыл қан ағып келеді, қашыңдар! Жапа тармағай беті ауған жаққа қашып бара жатқаны...

Онымен бірге ауылдың сотанақ, еркетотай балалары да, қызық көріп жүгіретіні бар. Кеңсенің алдында желбіреп тұрған қызыл ту, көзіне қызыл қан болып елестей ме екен?! «Жын соққанға жоламаңдар түге» деп балаларына березеп болып жататын қарт әжелердің іштей күбірлеп дұға тілегендері қызық. Жазықсыз жандардың киесіне жолыққан... НЕГЕ, НЕЛІКТЕН... ешкім білмейді. Жұмбақ әлем, жұмбақ дүние. Бас аяғы отызға жетпейтін шағын ауылдың, сырт келбеті тым жүдеу, тым жұпыны.

Ағаштан салынған бір бөлмелі төртқұлақты тамдар, осы алқаптағы байлардың хан сарайына бергісіз мекенжайы саналатын. Көбісінің бас қалқасы шәкене шым үйлер. Күн сәулесінің шуағын шашып, әлемнің жарығын жаныңа сыйлайтын «ТЕРЕЗЕ» деген жылтыр жарық әйнекті, ілуде бір үйден көресің. Көбісінің жарық көзі, аласа тамдардың төбесіне жапсыра орнатылған ақ кенеп, немесе жылтыр қағаздар. Осының өзі ақ жандарына шуақ сыйлайды. Төртбұрышты аласа қоржын тамның дәл ортасындағы қара пеш, тіршілік жылуын бойдарына жинайтындай. Ауылда бір екі кластық бастауыш мектеп бар. Аурухана, балабақша дегенді естігендері болмаса, көрген пенде жоққа тән. Мешіт салмақ түгіл атын айтуға қорқатын кер заман еді, бұл.

Адам пендені шайтан иектеген. Намаз оқитын адам жоқтың қасы. Оқыды дегенде де, есік терезелерін бекітіп, көлденең көк аттыдан қорқып, жасырын оқитын.

Тастан қаланған төбесі жоқ, қорған іспетті, кезінде әлде мал қорасы болды ма екен, немесе әлдебіреудің баспанасы ма, ешкім білмейтін тас дуалдың ішін қоқысқа толып жатыр. Қоқыстың арасынан қураған малдың жамбас сүйектері де кезігеді. Соған қарағанда жаугершілік заманда адамдар паналаған ба деп ойларлықтай. Ырымға сенетін ауыл адамдары тасын алмақ түгіл, есігінен аттауға жүрексінетін осы тас қамалға тек Шарқан ғана қорықпай кіретін.

Елдің отындыққа жағатыны шаппа отын. Бір қасиеті ауылдан аттап шыға берсең томырылып жатқан, жирен, жусан, теріскен, көтібос сынды шай қайнатып ішерге жарарлықтай бастары сабалақ, тамыры түбірлі келетін өсімдіктерді көптеп кезіктіресің. Бірде отындыққа жусан алып жатқан жас қыздың ұшынып, қорыққаннан ауырып кете жаздағаны бар. Жалпақ тастың түбіне қоғадай боп жапырылып, өсіп тұрған бір түп жусанды қопарып алмақшы болып, алдымен әлгі жалпақ тасты аунатқан ғой, баяғы. Күннің аптабы күйдіріп сарғайып кеткен қу бас сынды, әлдебір қаңқа сүйек: «АШ» депті алдымен, бойын үрей билеген қыз тасты қайталай орнына тастай бергенде: «ЖАП» деп зілдене бұйырыпты. Өңі аппақ қудай боп шошып кеткен бала, даярлаған отындарын тастай салып үйіне қашып келіпті. Қарт әжесі құрым киізбен, жүрегін аптап, су бүркіп, іштей дұға оқып ақыл-есінен алжасып кете жаздаған жерінен құтқарып қалыпты. Бұл ауылда сонан бері жусан киелі отын саналған. Әрі түтіні ащы деп отындыққа алмайтын болған.

Қызыл жағалылардың айтқаны заң, олардың әр сөзін құрандай жаттайтын ел. Тек қана қызыл жағалылардан емес, солардың жандайшабы, шаш ал десе бас алған қызылкөз Қырымның сүйегіне қына шықса да, оның шала есті ұлы Шарқаннан да қаймығатын көбісі. Коммунистің ұлы, отан үшін от кешкен әкесі деп оның әр қылығына өтірік күліп, батырдың тұяғы десетін. Бұл ауылда оны жаратпайтын жалғыз адам болды. Оның өзі өз ойын өзгелерге ашып айтқан емес. Ішке бүккен зар запыранын сыртқа шығаруға батына алмаған... Балалары да әкесінің жарға құлауына жол бермеген. Өйтсе...келмеске кеткендердің керін киері айдан анық еді! «Ленин біздің атамыз Қар үстіне жатамыз Қарсы келген дұшпанды, Қақ жүректен атамыз» ауыл балаларының ұранға айланған өлеңі бұл. ҚҰЛ САНА! Ешкім білмейді, кім үшін, не үшін, нақақ қан төгіліп, қызыл қан аққан Қызылтауда ата-бабаларының тірідей көмілгенін? Шарқанның күндегі әлаулайы алыстан талып жетті құлаққа тағы да.

Қара бақсы қара терге түсті. Бүркіт жыны пүштактап, дәл үйінің төбесінде қалықтағалы қашан... Шарқанды ұшықтар ма еді! Сарыала қамшымен... Жоқ, онда да болмайды. Кетеуі кеткен кер заман ай! Тілге тиек, аяққа бұғау салған. Айтайын десең айта алмайсың, жүрейін десең адымың ашылмайды. Қарғалар қаз болып қаңқылдаған. Қырандар қапасқа қамалған. Тотыдай торға түскен күнің құрсын! Күрсінді. Іштей дұға тіледі. Аусарсоқ Арынның айтқаны рас болса... Таяған екен! Ақырзаман... Азан үні естілмегелі қашан... Заманның азғаны осы да. Арынның айтқаны еріксіз есіне оралды.

«Ақшам мен екінтінің арасы еді. Астымда мың салса бір баспайтын қойторы атпен, жоқ қарап таба алмай көңілсіз ауылға қайтып келе жатқам. Тау бөктеріндегі мықтың үйінен үрікті ме атым пысқырып жалт бергені. Жуастан жуан деген сол болар, аттан ауып түсіп қала жаздап, зорға бой түзеп, тізгін тежедім. Сол замат ешкінің бақырған дауысы естілгендей болды. Абайлап қарасам, мықтың үйін айланып, бір қара ешкі олай-бұлай жүгіріп жүр екен. Топты малдан бөлініп қалған бір кедейдің малы шығар, ауылға өңгеріп алып кетейін деген ойға келдім. Атымды шылбырынан орап тасқа байладым да, әлгі ешкіні ұстамақ болып шөкелеп соңына түстім. Кемелек келгір не ұзап қашып кетпей, не жақындатпай мықтың үйін айланып жүріп алғаны. Қанша уақыт қуғанымды кім білсін, көз байланып, қас қарая бастады. Қой құрысын, нем бар осымен әлек боп деп кетуге оқталып атыма беттегенде, кемелек ербеңдеп соңымнан ермесі бар ма? Қайта жалт беріп ұстап алмақшы боп ұмтылып едім, манағыдай емес қашпай ығыстап барып тоқтай қалды.

Ешкіні ұстауын ұстап алсам да, тас обадан шыққан болымсыз оттың жарығы жүрегімді зырқ еткізді. Қобалжып кетсем де, ілезімде өзіме келіп, қой қорыққанға қос көрінеді деген, ымыртта қу сүйек отша жанып көрінеді дейтін сөз есіме оралып, ешкіні алдыма өңгеріп жолға түстім. Не түлен түрткенін қайдам: «Бұл өзі жалғыздан жалғыз не қылып жүрген мал, дәу де болса ата мал шығар енін көрейінші», — деп қолымды жүгіртіп көрдім астына. Қолым сұп-суық қатты затқа тигендей болып еді: «Қолың толды ма?» — деп қара ешкіге тіл бітіп, алдымнан сып етіп жерге секіріп түсіп кетті. Оң қолымда бүлдіргесінен қолдың мойнына орап қойған сегіз өрім сары ала қамшым бар болатын. Қапелімде ауызым «бісмілләға» келіп, қамшымен ешкінің баранын тартып өттім. Не болғанын өзімде білмей қалдым, жалын ұшқандай болды табан асты. Маңдайымнан суық тер бұрқ етті. Іштей білген дұғамның бәрін айтып, қара сорпам шығып үйге келдім деп еді. Сені де құдай тек жаратпаған пенде екенсің деп еді ау сонда бұл».

Осы Шарқанның бойын жайлағанда сол пәлекет емей немене? «Адамзаттан ібілісті Шарқан емес, Шарқаннан ібілісті мен аластар едім». Шарқанның дауысы тым жақындап келе жатқандай сезілді. Сезеді... ол пәлекет те біледі, сары ала қамшы мен қыранның тегеурінін. Барлық ауылды астым-үстім басына көшіріп, шаңын қағып өткенде, тек ғана, Қара бақсының шәкене тамын айланып, үріккен атша жалт беретін. Дауыс жақындаған сайын көзі шатынап, ауызы көпірши бастады бақсының. Екі иығын қомдады. Сосын иығын жұлып жердей, екі жағына алақтап қылғынды дерсің. Бәйбішесі шалының жыны ұстағанын білді-ау деймін. «Жібермеңдер ойбай», — деп березеп болды балаларына. Соқталдай екі азамат қойсын ба, иығынан басып қозғалтпай ұстап отырды. Әлден уақытта Қара бақсы алақтап барып талып түсті. Алыстан «Қашыңдар..!.» — деген Шарқанның дауысы есітілді.

***

Жын жайлаған... Ақ жын... Кейде өзі де ие болмай қалады. Ол кеткенде құнысып жатқан орнынан тұрған емес. Келерде тіптен қиямет қайым. Алты қанат ақ орда үй шайқалады. Қара бақсыдан кешуіннің өзі қаймығатын. «Елге бүлік салмаңыз Қараеке, үкіметтің құрығы ұзын», — деп көңілді отырған шағын пайдаланып жай ғана доөңайбат шегетін. «Сүф», — дейді ондайда Қараекең. Кешуін де осымен шатысып, жынына тиермін деп ақырын сытылып шыға жөнелетін. Тыныш кетпейді тағы да, көзінің қырымен сес көрсетіп, не ұлын, не байбалам кемпірін тысқа шақыра кететін. Өкімет адамынан жандалбаса қорқатын байғұстар артынан іле шығып, бұйрық күтетін. «Албаты бетіне жіберіп, түрмеден бірақ шығармаңыздар! Молда-қожа, бақсы-балгердің күні кеткелі қашан», — деп қоқан-лоққы көрсетіп кететін отбасындағыларға. «Ойбай-ау, қарғам-ай, балам-ай, ол не дегенің! Бұған бақсылық түсіп қалып па? Бақсы боп қайдағы ел емдеген. Бұныкі жай ғана қиқарлық. Шарқан екеуі, ауыш ғой, ауыш», — деп березеп болады сары кемпір. «Не, сіз шалыңызды ақтап тұрсыз ба? Шарқанға тіл тигізбеңіз! Оның әкесі мына сіз бен біздің бақытымыз үшін күрескен. Кемелді келешек үшін молда-қожаны қойша көгендетіп айдатқан. Сондай адамның баласын қалайша ауыш дейсіз», — деп ақырады кешуін кемпірге. «Жоқ, алжыған басым шалымды айтамын», — деп, сап сау баланы ауыш деппін ау, кешіріңіз», - деп березеп болып ақталып жатады ана бейбақ. КҮЛКІ ДҮНИЕ! ӘЛЕМ КҮЛГЕН. ЖЕР АНА ЖЫЛАП, ҚУЫС ҚУРАЙДЫҢ ІШІМЕН ЖЫЛАН ЖҮГІРГЕН. Сезеді, бәрін біледі, Қара бақсы. Әнтек қолдан келер қайран жоқ. Соңғы кезде бүркіт жыны да қашқақтап жүр. Ол да мынау лас дүниеден безінгісі келген болар? Аспанда шөкімдей бұлт жоқта, Қара бақсының үйінің төбесіне пайда болған бір ноқат қара бұлтты көрген кешуіннің мазасы кетті. Осыны жала жауып ұстатып жіберіп, мәңгілік қорқыныш, үрейден арылу керек деген арам ой мысықтабандап ішіне енді. Желсіз күнде төбеге үйірілген бұлтқа жасқана қарап,ақырын жылыстап түк болмағандай кете барды. «Кетсін, пәлекет! Арманы орындалар!» — деді бақсы аһ ұрып. Күліп кіріп, күңірене шыққаннан сақта Алла», — деді бүк түсіп.

***

Шарқанның ұстамасы ұстап, жанын қоярға жер таппады. Қара бақсының үйінің төбесіндегі ноқаттан қорқып, қоқысқа толы тас қамалға тығылған... Екінті ақшам әлетінде бұлт қызыл жалқынға айланып, әуе кеңістігіне сіңіп, жоғалып кеткендей болды. Сол ақ екен,бұл ауылдың қожасы өзі болып шыға келді. Ібілісті адамзаттан аластаймын..! Өрлі-қырлы жүгіріп баяғы сарынына басты.

***

«Келе жатыр, осылай бет алды. Киім-кешек, оны мұнымды реттеңдер!» — деді Қара бақсы жынымен сөйлескендей. «Не дейді, мына алжыған? Кім келе жатыр, сені не қылады? Молдадан қадір, бақсыдан жын қашқалы қашан?» — деп сары кемпір, шалына дүрсе қоя берді. Қара бақсы байыз тауып бір орнында отыра алмады. «Бармасам болмайды, бармасам болмайды»... Осы сөзді қанша рет қайталағанын кім білсін! Азамат ұлдары әлдебір шаруамен тысқа кеткен. Үйдегі келіні мен байбалам кемпірі бақсыны кетем десе де ұстап қала алмас еді. Жаңа түскен келін атасының сырына қанық емес-ті. Үлкен адамның үйдің ішінде байыз таппай олай-бұлай жүргеніне іштей таң қалса да, қазақ қызы ғой, иба сақтап тіс жармады. Атасының келе жатыр деген сөзін ұқпады да. «Бақсы жынымен сөйлеседі», — деген рас болғаны ма деп ойлады. «Көз байлана бере келсе дұрыс болар еді!» Келіні аң-таң. Үлкен ағасының сөзі есіне оралды: «Жақсыға келін болмай, қайдағы бір жын шақырған бақсыға келін болғаның ба?» — деп кейіп еді ау! Бірақ, жын шақыра ма, маған десе үйді басына көшіре ме, атасын ерекше қастерлейтін.

Алыстан бұл ауылдағылардың құлағына сіңісті боп қалған, Шарқанның айқайы құлақ жарды. «Осыған да бір дауа болмады ау», — деп күңк етті сары кемпір, — Оның дауасы – сарыала қамшы»... Бақсы жын шақырардағы әдетімен аузы қисаңдап, алақтай бастады. «Үкіметтің баласын сабап жын қақты ма сені?» Енесінің сөзіне жас келін іштей мырс етті. Енді жын болмаса албаты біреуде несі бар?

Тыстан ат тұяғының дүсірі естілді. «Әлгі Шарқан шығар, далаға шықпа», — деп березеп болды келіні бейуақытта шошып қалар деп қарт ана. «Келді, қонақты қарсы алыңдар!» — деп бақсы от басына отыра кетті, манағыдай емес құрыс-тырысы жазылғандай жайдарланып. Есіктен отыздың ар жақ бер жағындағы сіріңке қара кірді имиіп. Сәлем-саулықтан кейін, алдымен бақсы оған оқшырая қарап: «Ымырт жабыла келсең дұрыс болар еді, ажал айтып келмейді, ауру тоспайды, науқастың жанына батып жатқан шығар, шай ішіп болсаң, тезден жолға шығайық», — деді. Сіріңке қара бақсыға таңдана қарады. «Бақыраймай бол», — деді бақсы өзіне төнген жапалақ көзді жаратпай. «Жазған-ау, алдымен бұйымтайын сұрасаң етті?» Шыдамай сөзге кемпірі араласты. Сонда барып арық жігітке тіл біткендей: «Атай рас айтады, науқастың қалі тым нашар еді, біз жүрейік», — деп орнынан қозғалып,бақсының ішіндегісін айтпай тауып қойғанына қайран боп, тысқа беттеді.

Жігіттен бұрын атқа қонжиған Қара бақсы ауылды дүсірлетіп шаба жөнелді. Батысқа беттеген аттылардың қарасын кешуіннің көзі шалып қалды. Із шалып еңкейіп жүрген Шарқан жерге етбетінен түсіп жата кетті. Шалына барма деп айтуға да шамасы келмей, сіріңке қараны ианаттаған сары кемпір от басында омалды. Сам жамылып келе жатты.

***

Бердінің әйелі науқастанғалы үш жылдың жүзі болған-ды. Өз кіндігінен тараған алты атұстарының анасының дертіне шипа іздеп, бармаған жер, баспаған тауы қалмады. Осы өлкедегі дәрігер, емші-домшының бәріне қаратса да, ешбірі дауалай алмады. Арасан суын ішкізсе де, шипа болмады. Науқастың беті бері қарамақ түгілі, күннен күнге халі төмендеп, ажары солған гүл іспеттеніп, өмір көкжиегінен үміті үзіліп, сары төсек болып, ғаріптік күй кешті. Төрт жасқа жаңа ілінген кенжесі Кенжебектің, анасының қасынан шықпай жәутеңдегені жанына батты. Алыс-жуықтан келіп көңілін тілеген, ағайын-туыс, дос-жаран, көрші-қолаңның ізгі ниеті көңілдеріне медеу, ауған түйені басқандай болса да, ешқайсысынан қайран болмады. «Үмітсіз шайтан» деген... «Сөйтіп жүргенде «ел құлағы елу», Ойғыр өлкесінде Қара бақсы деген үшкіргені ем болатын әйгілі адам бар деп естіді. Бірақ «бала-шағасы қиын, әрі кемпірі де байбалам даңғой кісі, үйінен шығармайды екен. Өзі де пиғылы түспесе албатыға елп етпейді екен деген қауесеттер онсыз да күпті көңілге қаяу түсірді. Жоқ, ол бақсы емес дәлдүріш ауыш біреу екен, таңнан кешке дейін адамзаттан шайтанды аластаймын деп жер сабалайтын көрінеді» деп әлдекімдер соқтыртты. «Ат жіберіп алдырып көрмейсің бе», — дегендер де табылды. Науқастың қалі күннен күнге төмендеп,қалақпен сусын тамызатын дәрежеге жеткенде, ең соңғы мүмкіндік сол Қара бақсыны не де болса алдырып көруге тірелген-ді.

Берді бірге туысқан інісі Жолдыны ара қонып жетерлік жердегі бақсыға жібергеніне екі тәулік өтсе де, келмегеніне алаңдады. Барғанда асықпай ат шалдырып, ара қонып бар деп тапсырған. Қайтарда бақсыны шаршатпай ат желісімен сыдыртып отырарсыңдар деген-ді. Науқастың кірпігі ғана қимылдап, бақсы келгенше жантәсілім боп кетпесін деп мазасы кетіп, тізгін ұшымен барып, тізгін ұшымен қайт демегенім-ай деп іштей қатты өкінді.

Арманның ақ кемесіне мініп,алыс көкжиекке сапар шеккен... Алайда бұл ұзақ сапарында, бір сәтке болса да, иненің көзіндей болсын үміт ұшқынын көруге бар аңсар арманы ауғаны қашан... Сол бір қиялының ақ құсына айналған, бозамық нұр сәуле үшін бар жиған-тергенін берсе де өкінбес еді ау! Ажал деген айдаһар торғайдың балапандарын емес, керісінше анасын жұтқалы тұр. Жалаң қылыш алып шықса да, төтеп беру мүмкін емес те? Шығысқа қарай-қарай көз жанары суалды. Алапат ажалға қарсы,алып айдаһармен алысуға ақ боз атты батыр, самұрық құсты тізгіндеп, ауа қабатын қақ жарып келе жатқандай сезіледі. Әкелерінен үміт кеткен балапандар да, алып құстың қанатының суылын естігісі келгендей, таңның құланиектеніп атуын жақсылыққа жорыған...

Күзеуліктегі киіз үйлердің түңлігі, күн сәулесі тау басына түсісімен ақ,түріліп, қайыңның шайыр сасыған түтіні, орман шетіндегі ақшаңқан үйлердің тішке түтіктерінен кеңістікке көтерілді. Қотандағы қой, күзгі тойынысымыздан қалмайық дегендей тырбыңдап өре бастаған. Желідегі бұзаулар да мөңіреп, көл жағалап кеткен енелеріне қайт дейтіндей. Түнімен қой күзеттім дегендей маң төбет ғана маужырап пысылға басқан. Тау беткейіндегі жылқы ішіндегі құлындар, құйрықтарын көтере тыраңдайды. Кешікпей соқалы басқа бір ноқта кигізерін сезбейтіндей.

Сырғалы басындағы Бердінің ауылы ақ таңды осылай қарсы алып еді. Бердінің қабағына тіреу түскелі, көз болаты да көмескі тартқандай буалдырланып тұратын. Бүгінде сол інісі Жолдының жолына қарап, суалған жанарын сүркіштеп тыста сүт пісірім уақыт аялдап қалған-ды. Аспанда шөкімдей бұлт жоқ. Жел өтіндегі қарағайлар, бұнымен бірге алысқа қарауылдайтындай қарауытады. Шөп басына ілінген шық, күн көзінен ұялғандай жер қойнына мөлдірей тамуда. Жан жарасын тырнағандай болған мөлдір тамшылар, мұның көз жасы іспетті. Ауылдан оқшау оқ бойы жерде қос қайың бар еді. Осыдан бастап ағаштар үркіндеп орманға жалғасатын. Қос қайыңды қызғыштай қорып кестірмеген. Бір жылы қыс қыстауына көшіп кеткенде әлдекімдер бір қайыңның жалғыз тал бұтағын кесіп кетіпті. Сол жылы сол қайың жақсы көктемей, қуаң тартып, қасындағы серігінен өзгеше бір сипатпен жаз бойы ажарынан айырылған еді. Сыңарынан айырылса адам да осылай сары тап болмай қайтсін деп ойлап еді сонда.

Берді қос қайыңның қасында сүт пісірімдей уақыт аялдап,өткен күндердің елесін көз алдынан өткізді. Қорымдыққа жайлап, Сырғалыға күзеп, кей жылдары жайлап та жүрді. Ал, сол бір күндерден не қалды дейсіз, көрген түстей болып, тәтті қиял, шуақты күндердің саумал сағынышы мен бақыт құсы қонақтаған, қимас сәттердің белгісі осы қос қайың жылдардың жүлгесінен сыбаға күтуде. Адамзаттың өмірден алған сыбағасы, ұрпақтар сабақтастығы ма екен? Кәделі сәттері көп болса да, мәз еместей. Кенет... Шырмауықтай оратылған ой иірімінен шығыс көкжиекке пайда болған әуе қабатындағы әлдебір ноқат құтқарды. Әдетте бұлттар батыстан шығысқа жөнкілер еді бұйраланып. Құс шығар... Көзін умаждап қайталай қараған. Жанат, Манат, Қанат қойшы әйтеуір балаларының аузына түскен есімдерін айтып бәрін дауыстап шақырған еді... Аспандағы ноқат ауылға қарай төніп келеді. Қоскөлдің жағасынан шаң шықты.

Ашық күнде боран соққандай болып, киіз үйлердің түңлігі желпілдей бастады. Терістіктен соққан не қылған боран деп ауыл адамдары әбігерге түсті. Үйдің бау-шуын қатайтып байлап қарбалас болды да қалды. Әлгі ноқат ауылға таяған сайын, зорая түсіп, қанатын жайған ұшаққа ұқсап барады. Дауылдатып, желдетіп таяй түскеніне қарап алып самұрық құс па дейтіндей. Әйелі науқастанып жатқан Бердінің үйіне жел тым қатты тиді. «Әкетті, әкетті», — десті жұрт қарбаластанып. «Науқасты сыртқа шығарыңдар!» — деді қайсыбірі. Ойпыр-ай, ашық күнде бұл не пәле десті.

«Алла, жаным!» — деді хал үстіндегі науқасқа тіл кіріп. Түңліктің бауын шешіп, желден сақтап қалу үшін үйді жығуға әрекеттенген жұрт, аттан түсіп жатқан Қара бақсыны аңғармады.

«Келді..!» — деді науқас қайталай. Берді жақсы ұқпай қалса да, жан жарының қасында айналақтап, хал үстіндегі жұбайының қазасы аурудан емес, аяқасты көтерілген құйыннан келер ме екен, жел үйді шақса басылып қалар деп жандалбасалауда. Әлден уақытта есік өздігінен шалқасынан ашылды. Қыранның саңқылдағаны іспетті бір үн селт еткізді. «Алла», — деді науқас тағы да. Бердіге үйдің ішіндегі заттар, құйынмен бірге ұшып жүргендей болып көрінді ме, әлемтапырық бір күй кешіп, суық тиген адамдай қалшылдай бастады.

— Былай тұр, ербимей! — әлдекімнің қаһарлы, қатаң үні есін жиғызды. Бүркіттің тегеуіріні тәрізді қолы да тым қатты екен, иығын бүріп жұлып кете жаздады. Әлем-тапырық, долы боран да бір сәтке тына қалғандай болған. Ақырын көз қиығын жүгіртіп: «Пері ме, жын ба, не қылған адам?» — деп қарағанында көргені расында түсінен адам шошырлық ұсқынсыз, имек тұмсық, иә тұмсығы бүркіттікінен аумайтын, басы да сопақ біткен, жағы қушиған, күйген табадай реңіне тек ғана адамның өңменінен өтетін қыран жанарлы көкшіл көздері әр берген, шаршы таққан адамның сұсты бейнесі. Сәлем салуға да шамасы келмей ақырын науқас жарының қасынан жылыстап, мысықтабандай есікке беттеді. Бұл сәт не болғанын бағамдай алмаса да тыстағы адамдар кеукілдеп жиылысып қалған еді.

— Ойпыр-ай, жын ба, не пәле! — деген көп ішінен әлдекімнің шіңкілдеген ерепейсіз, тұрпайы сөзі де естілді. «Сүф», — деп бақсының үшкіргенімен қоса, науқастың «Алла», — деген әлсіз үні де елең еткізді көпшілікті.

— Не болды, балгер көрмеп пе едіңдер? — деген Жолдының сөзі естерін жиғызып, тұра қашуға дәс кей бозбалалар өз-өзіне келіп, бақсының ұсқыны мен дауыл боп келген жынына іштей таңқалысты. «Үйдің ішінде бүркіт ұшып жүр!». «Жоқ, әне, көрмейсіңдер ме? Шаңырақты айналып, көк жүзінде қалықтап жүр ғой!» Науқас басын көтеріп төсекте отыр екен...

***

Ауылдан бақсы кеткелі Шарқанның ұстамасы күшейген. Өрлі-қырлы жүгіріп, елдің берекесін алған. Баяғы бір сарын... «Адамзаттан Ібілісті аластаймын..!»

***

Қызыл қан аққан Қызылтауда... Қобда түрмесі. Кеңсірікті кеулеген күлімсі иіс, қолқа қабады. Тәртіп қатаң. Есік алдындағы мылтық асынған шеріктерде маза жоқ. Халық жауларының алда-жалда біреуі қашып кетсе бастарымен жауап берері анық. Ұзақ уақыт азаптаудан құр сүлдері қалған ғаріп жандардың өз көрлерін өздері қазып, тірідей көмілер күндері жақындап келеді... Қара бақсы бәрін сезеді. Лаж не? Қолдан келер қайран жоқ. Мынау лас дүниеден безінгенде бүркіт жыны да ізім қайым жоғалған. «Қара суды теріс ағызған» деп ел аңыз қылатын ақ сәлделі молдалардың да талайы осы қапаста бір ұрттам суға зар болып, қызыл үкіметтің болашағы жолында құрбандыққа шалынғалы отыр. Заман-ай... Жақсы мен жайсаң торға қамалып баз кешсе, ауыш Шарқандар адамзаттан ібілісті аластаймыз деп ауылда әлек салуда. Тым құрыса... Сарыала қамшының құдіретін бір сезіндіре алмағаным-ай!» Бақсы көкірек кере күрсінді. Иә, таяп келеді...

«Ақ сәлдемді тастап құтқарып аламын..!»

Күпті көңілдерге Ақ молданың осы бір сөзі медеу. Тор басындағы қиямет-қайым сол бір күннің дәл қай күні боларын болжай алмай дал.

Кенет ауа райы қабағат бұзылды. Долы боран ұйтқи соғып, қызыл құм сапырды. Бақсының да өне-бойы құрысып, аузы басы көпіршіп, көзі қанталап, аунақшыды да қалды. Бір мезет отыра қалып қанатын жайған қырандай құлашын керіп, жан жағына түйіле қарап пүштактап қоя берді. Қамақтағылардың бірі бақсы ауырып қалған екен деп тыстағы күзетшілерді жәрдемге шақырып есік қаққан. Тыстағы алапат боран, көзі-бастарына құм құйып әуреге түскен әскерлер есікті қанша ұрғыласа да ести қоймады. Ерсілі-қарсылы жүріп әбден зықысы шыққан екі әскер дауыл сәл басылғандай болған бір мезетте абақтының төбесінде отырған Қара бақсыны көріп, жан дауыстары шығып айқай салысқан. «Жылдам түс қане! Атамын!» — деп мылтықтарын дірілдей кезесіп: «Бұл қайтіп шығып кетті?» — деп таңқалысты. Енді болмағанда мылтықтың шүріппесін де басып бүкіл абақтыны бастарына көтерер ме еді? Әскердің бірі абақтының төбесіндегі кәдімгі қыран құсты абайламағанда.

«Адам емес, бүркіт екен ғой», — деп топырақ құйылған көздерін уқалай, абақтының ішіне үңілген. Абақтының ішінде ажарлана сөйлеп отырған Қара бақсыны көріп, есікті абыр-сабыр бекітіп тысқа шығып абақтының үстіне көз жүгіртіскен. Жаңағы іштен көргендегі бақсының тұлғасын сырттан тағы көріп зәресі зәр түбіне кеткен әскерлердің бірі еріксіз шалбарына жіберіп қойған-ды. Сәл батылдауы мылтықтың шүріппесін басып үлгерді.

Алапат дауыл тағы да басталып, біреуді біреу біліп болмады. Мылтық дауысын есітіп жан-жақтан жүгіріп жеткен түрме қызметкерлері бір-бірімен қақтығысып қалғандай болды. Бақырған, ойбайлаған үндер естіліп жатты. Бақсы жүрелей отырып заман жайлы күңірене сөйлеп кетті. «Құрбанның соңы біз болайық. Ертең ақтық күндерің бе, кім білсін! Алланың ықыласы, Ақ молданың сәлдесі құтқарар», — деп сөзінің аяғын үрейлене шулағандарды жұбата аяқтай салды. «Бұл менің ақырғы жыным. Қош бол, қыраным! Өзіңді дұрыс ұстайтын бір адамға қонарсың! Бәлкім оған дейін ғасыр өтер! Ауылдан ібілісті аластағайсың! Сол үшін шақырған едім».

Бақсы сөзін бітіре бере, дауыл да толастаған. Бойынан жын кеткен бақсының өңі аппақ қудай оңып, өзгеріп сала берген... Қашқындарды соққылап жатырмыз деп бірін-бірі қан-жоса сабаған әскерлер әзер естерін жиып, абақтының есігіндегі үлкен қара құлыпты көріп, өзара бекер қырқысқандарына қынжылды. Мылтық атқан әскерді жазаға тартатын болып тарқасты.

***

«Жұмаққа, жұмаққа!» Құлағы шыңылдап қоя берді. Тылсым бір үн әлденеге жетелейтіндей. Бұл жақсылық нышаны ма? «Тамұққа..». Астағыпыралла, құдай сақтасын! Ешбір мұсылман баласының басына бермесін! Сол құлағына әлдекім ақырғы дүниенің қиямет күнін сыбырлап жатқандай. Амал дәптері... Адам тірлікте пешенесіне жазғаннан аспайды. Ал, үр жалғанның қиямет мақшары амал дәптерге байланысты. Азаннан сәскеге де дейін бақсыны осынау ойлар қамаған. Оған өлім қорқынышты сезілмеді.

***

Қызыл қан аққан Қызылтауда жақсы мен жайсаңдардың қаны нақақ төгілген күні ауылда бір оқиға болды. Бақсы абақтыға қамалғаннан бері ұстамасы күшейген Шарқанның соңғы бірнеше күн бойы тына қалуы кейбіреуді таң қалдырған. Дәл сол күні ол тағы да баяғы сарынына басып, ауылды басына көшірген. Адамзатты ібілістен аластаймын!

Көрген жандар оның ұсқынына қарай алмаған. Жүзі бұрынғыдан бетер бұзылып кетіпті десті. Жанын қоярға жер таппаған ол екінті-ақшам арасында тас қамалға тығылған. Жамбастың қуыстарын сабалап, «кет пәлекет, кеттің» астына алды дерсің... Қоқыстың астаң-кестеңін шығарып, әлденені іздеп әбігерге түсті. Кенет... әлдебір қан тамыры бүлк ете түскендей болды. Сол ақ екен: «Әп пәлекет мұнда екенсің ғой», — деп өз үстін өзі жұлмалай бастады. Көзінің оты бір мезет жалт еткендей болды да, жамбастың қуысынан жылтыраған ұшқын көрді. Енді қу жамбасты өлердей тепкілеген. Әбден қара терге түсіп, аузы басы қисаңдап, қан сілікпесі шыққанда, қан тамырларының барлығы бүлкілдеп қоя берген.

«Тапқан екенсің тығылатын жерді?» ...Көзі қанталап, ақыл-есінен мүлдем айырылған байғұс, ең ақырғы сәтінде өзінің бойын жайлаған пәлекеттен қайтіп құтылудың жолын таппай қатты қиналды. Үсті-басының дал-дұлын шығарды. Әлдебір заматта тастың қуысында тұрған ескі ұстараны көріп жерден желкем тапқандай қуанып кетіп еді. Ұстараны қолына алысымен, еш ойланып жатпастан өз тамырын өзі қиып жіберді. Тас қамалдың ішіне шашыраған қан айналаны қызыл реңге бояды. Қанға малшынған қу жамбастар да бәзбір малды жаңа сойған кезіндегідей өз реңін тапқан. Шарқанның бақырған үнін әлдебір шарқылдаған күлкі көмді.

bilim-all.kz