Ертеректе болған оқиға. Күш-қуаты тасып тұрған журналист, атақты «Saturday Revue» газетінің редакторы Норман Казинс өзін бір сәтте нашар сезініп, қызуы көтеріліп, денесі сырқырап, ауырып қалады.
 
Денсаулығы күрт нашарлап, күн өткен сайын халі мүшкіл бола берді. Мойнын қозғалта алмай, қолын көтере алмай қиналады. Оның дерті – коллагеноз деп аталады екен. Аутоиммунды ауру. Бүкіл организмді шарпып, иммунды жүйе біріктіретін ұлпаларға қарсы шабады екен.
 
Күн өткен сайын қимылы азая береді. Аузын ашып, жағын қимылдата алмайтын күйге түседі.
Қорқыныш, үрей, өкпе-реніш басып, науқас тағдырына нала айтады. Казинс туған-туысымен сөйлесуден қалады. Тек емдеп жүрген дәрігер Хитцигпен әңгімелеседі. Ол ең мықты деген дәрігерлерді шақырып, кеңес алады. Алайда нәтиже жоқ. Бұл бейдауа дерт. Емі жоқ дейді олар. Бір күні Норман дәрігерінен емделіп шығуға мүмкіндігім бар ма деп сұрайды. Жауапты естіп, сансырап қалады. Бес жүз адамның бірі ғана жазылады екен. Осыдан кейін Норман түнімен көз ілмей шығады. Осы уақытқа дейін дәрігерлер емдейді деп сеніп келген ол, дәрігердің түк істей алмасын түсінеді. Егер тірі қалғым келсе, енді өзім әрекет қылуым қажет екен деп түйсінеді. Сауығудың басқа жолын табуым керек. Дәрігер Хитцигтің сөздерін еске түсіреді. Егер организм бұл дертпен күрессе, эндокринді жүйе бүкіл күшін соған жұмсайды деген. Яғни, қазір көңіл күй түсіп, күйзелісте жатқандықтан бұның эндокринді жүйесі әлсіреп тұр. Соның салдарынан ұйқы безі күйзеліс гормоны – адреналин мен норадреналин бөледі. Мұндай гормондар тым көп бөлінгендіктен, организм әлсірей береді. Осы ой Норманды басқа тарапқа жетеледі. Күйзеліс организмді әлсіретсе, ендеше күлкі, қуаныш күшейтетін боп тұр ғой. Бұл аурудың емі – күлкі деген тоқтамға келеді.
 
«Жүрек қуанса, бұл ем, қайғырса, сүйек жасиды» деген Інжілдің сөзі еске түседі. Ол атақты медиктердің, ғалымдардың кітаптарын оқып шығады. Іздегенін табады.
Оқып қараса, өткен заманның ғалымдары мен ойшылдары қуанышқа көп мән берген екен. XVII ғасырдың дәрігері Р.Бартон өзінің «Меланхолия анатомиясы» атты кітабында: «Күлкі қанды тазартады, тәнді жасартады, жүрек ауруларын емдейді» деген екен. Бартонның айтуынша, күлкі барлық дертті емдей алады.
 
Иммануил Кант өз еңбектерінде күлкі адам организміндегі бүкіл қорғаныш процестерін белсенді етеді деген. Зигмунд Фрейд әзілді адам психикасының ерекше көрінісі деп сипаттайды. Күлкі – өзгеше ем шарасы.
 
Қазіргі таңда америкалық ғалым У.Фрей тәжірибе жүзінде күлкінің жүрек пен қан тамырларына тигізетін пайдасын, тыныс алу мен бұлшықеттің тонусын көтеретінін дәлелдеген.
Ғалымдардың айтуынша, күлкінің әсерінен мида морфийға ұқсас заттек бөлінеді екен. Ішкі «анестезияға» айналып, органимзге босаңсуға, бар күшін жинақтап, ауруға қарсы күресуге мүмкіндік береді.
 
Казинс көп әдебиет оқып, эмоцияның адам организміне әсерін зерделей келе, тірі қалу үшін ажалды күтіп жата беруге болмайтынын түсінеді. Жан мен тәнді үйлестіріп, күлкіні қару етуім қажет деп білді. Әрине, түсіну оңай болғанмен, жүзеге асыру оңай болмады.
 
Дәрігерлер оны емделмейтіндер санатына жатқызып тастайды. Соған қарамастан Казинс ауруханадан шығып, дерті туралы ешбір белгі бермейтін қонақүйге көшеді. Жанында тек дәрігер Хитциг қалады. Ол Казинстің «күлкі организмдегі биохимиялық процестерді белсенді етеді» деген идеясын құптайды. Қонақүйге кинопроектор алдыртады. Комедиялар мен комикс кітаптар әкелінеді.
Он минут күлкі анестезия сынды әсер ететін, содан соң екі сағат алаңсыз ұйықтап алуына мүмкіндік туды. Күлкінің әсері кеміген кезде күтуші Казинске комедия қойып беретін, не әзілі көп кітап оқитын. Осылай бірнеше күн жалғасады. Содан кейін Казинстің жанын қинаған дерті басыла бастайды. Күлкінің анестезиялық әсері дәлелденді. Күлкі эндокринді жүйеге де осындай тамаша әсер бере ала ма, жоқ па, соны дәлелдеу керек болды. Мұны білу үшін дәрігер Хитциг науқастың күлкітерапияға дейін және кейін қанын талдамаға алып, тексеріп отырды. Әр кезде қорытынды организмдегі қабыну процесі әлсірей бастағанын көрсетіп отырған. Казинс өзін тамаша сезінді. «Күлкі – ең тамаша ем» деген сөз расқа айналды.
 
Күлкітерапия кешенді емге айналды. Казинс күніне алты сағат күлетін шамаға жетті. Көзі жылағаннан ісіп кетті. Бірақ ол сауыққанына қуанып жылаған еді. Қабынуға қарсы дәрі саны азайып, біраз уақыттан соң ол дәрі қабылдамайтын межеге жетті. Ұйқы келтіретін дәрілерді де ішпейтін күнге жетті. Себебі, ұйқысыздықтан құтылған.
 
Бір айдан соң Казинс саусақтарын қимылдатты. Өз көзіне өзі сенбеді: денесіндегі бүртіктер мен түйіндер кішірейе берді. Тағы бір айдан соң төсекте белсенді қимылдай алатын күйге жетті. Ақыры төсектен тұратын күн келді! Алайда, сөредегі кітапты алу үшін көп уақыт кетті. Тізесі дірілдейтін. Дегенмен, азапты дерттен айығып, жұмыс істейтін шамаға келген еді. Бұл Казинс үшін ғажайып болды!
Ай сайын буындарының емі жақсарып, жан қинаған ауыр дерт кейін серпіле берді. Тізесі мен иығындағы діріл ғана қалды. Саусақтары икемге кеп, сүйікті Бахтың шығармаларын өзі орындайтын сәтті бастан кешті. Үлкен теннис ойнауды бастады. Құлап қалам деместен атқа мінді. Мойнын әр бағытқа еркін бұра алатын болды. Омыртқасы қозғалмайды деген дәрігерлердің болжамына қарамастан, ол жүріп, тұрып, әр қимылын өзі жасауға кірісті.
 
Он жылдан кейін Казинс бейдауа дерттен енді емделмейді деген дәрігерлердің бірін жолықтырып қалды. Ол науқасты тірідей көргеніне қатты таң қалады. Қол беріп амандасқан Норман, оның қолын қаттырақ қысады. Осы қол беріп амандасуы кез келген сөзден артық еді.
1976 жылы Норман Казинс өмірбаяндық «Дерттің анатомиясы, науқастың көзімен» деген кітап жазды. Бұл кітап оқырманға ерекше әсер қалдырды. Өз тәжірибесіне сүйенген автор қуаныш адамды бейдауа дерттен де емдеп шыға алатынын дәледеп берді.
Зернес С.П.
Аударған Шынар Әбілда