Гүлсара Ақатай

Бәрі «Мәңгілік махаббат» әуенінен басталды. 

Таңертең оянған соң, күнделікті әдетінше әлеуметтік желіге бас сұғып, жаңалықтар ағынымен таныспақ болды. Негізгі бетке көз жүгіртіп үлгермей жатып, хат келгенін байқады.

Асқар: таныс есім, таныс жігіт. Екеуі бір жоғары оқу орнында, бір мамандықта оқыды. Қазір әлеуметтік желіде бірнеше жылдан бері «дос» болып, бір-бірінің суреттері мен жазбаларына «лайк» басқаннан арыға бармайтын.

Дегенмен араларында көзге көрінбейтін, екеуін байланыстыратын бір нәзік жіптің бар екенін іші сезетін. Хатты таңғы сағат үште жолдапты. Не жазды екен деген қызығушылықпен ашты. Жеке жазған сөзі жоқ, бар болғаны бір сілтеме жіберіпті. Сілтемені басып, сайтқа өткен соң, француз тіліндегі «Мәңгілік махаббат» әнін тыңдады. Сол сәт әуеннің әсеріне елітіп: «Иә, ең бастысы – ұмытпау, ең бастысы – естелік», – деп күбірлеп отырғанын аңдамады. Ұмытпайтындай не болып еді?

Көз алдына бойшаң, жұқалтаң, келісті сары жігіт елестеді. Екеуі бір факультеттің студенті болғанымен, ол бұдан бірнеше курс жоғары оқыды. Одан бері де көп жыл өте шығыпты. Өз курстастарымен емес, төмен курстағы бір жігітпен дос болатын. Қашан көрсе де екеуі тел қозыдай бірге жүретін. Екеуінің басын біріктірген болашақ мамандықтары ма, әлде жерлестік сезім бе, жоқ көзқарас ортақтастықтары мен пікірлестік пе, беймәлім.

Осы жігіттің өзіне қандай қатысы бар? Әлде, екеуі студенттік шақта сөйлесіп пе еді? Ол кезде кім кіммен сөйлеспепті? Дәлізде кездескенде көзтаныс адамдар болғандықтан әлбетте сәлемдесіп, бір-біріне бір ауыз тіл қатқан болар. Қазір бар болғаны сүйкімді жымиысын ғана көз алдына елестете алады. Оның өзі анық, айқын. Алайда қай кезде жымиған? Бәлкім... Ондай болса неліктен есінде жоқ? Жадының қалтарыс-бұлтарысы, қатпар-қатпары мен түкпір-түкпірінде қалып қойған ескі естелікті жаңғыртқысы келіп, қанша тырысқанымен, есіне ештеңе түспеді. Ұмытып қалатындай, әзір шау тарта қойған жоқ. Ауылда балабақша болмаған, сондықтан өтірік айтпайды: үйдің іші мен ауласында өткен балалық шақтан бастап, мектептегі, университет қабырғасындағы, университеттен тыс басынан өткен бүкіл оқиға естелік болып, санасында сақталған. Университет демекші, бір ұстазының кабинетіне шақырып, «сөз айтқанын» да ұмытуға тырысқанымен, зердесіне пәрмені жетпей келеді. 

Асқардың өзінен сұрап көрсе қайтеді? Жоқ, аса ынта танытуға болмайды. Сыр білдірмегені жөн. Осы ойға тоқтады.

Есіне бірнеше жыл бұрынғы тағы бір оқиға оралды. Өзі оқыған университетке бір бас сұққанда әлдеқалай ортақ таныстарын кездестіріп қалған. Амандық-саулықтан кейін Асқардың сұрағанын айтты. 

- Сен не дедің?

- Оны ұмыт дедім. 

- Ол ұмытатындай, мені ойлаушы ма еді? 

- Сен білмеуші ме едің?

- Жоқ.

- Ол сені жақсы көретін. Әлі есінен шығара алмаған сияқты.

- Бұл туралы сенен естіп тұрмын.

- Өзі сезімін білдірмеп пе еді?

- Есімде жоқ, айтпаған сияқты. 

- Қызық екен. Біз білетінбіз. Дәлізде құрбыларыңмен кетіп бара жатқанда бәріміз Асқарға: «Әне, сенің ғашығың», – дегенде қызарақтап қалатын. 

Бұл әңгіменің де ұмытылғаны қашан. Енді міне, тағы алдынан шығып тұр. 

Сол Асқар бүгін әуежайда күтіп алды. Оның әуежайға келіп, тосып тұрғанына сәл таңырқап қалды. Өйткені соңғы хабарламада: «Мен жеткен соң қонақүйге кел», – деп жазған.

- Әуежайға келіп әуре болма, орналасқан соң локация жіберем деп ем ғой…

- Өзім жеке қарсы алғым келді. 

Студент кездегі бұрынғы Асқар өзгерген: өзіне сенімді дүр жігіт; қапсағай денелі, шыныққан, шымыр; сабырлы, салиқалы азамат.

Көлікте келе жатқанда қалай жеткенін сұрады. Содан әңгіме студенттік шақтағы ортақ достарына ауысқанда: «Екеуімізді таныстырған сол Әрсен ғой» – деді.

Гүлия мұрсатты тиімді пайдаланып, сөзінің сірәғысы ретінде: «Қалай танысқанымызды айтып берші», – деп өтінді.

– Дәлізде кафедраның алдында тұрдық. Әрсен маған қарап: «Міне, сен сұрап жүрген қыз – Гүлия», – деді. Сосын саған: «Менің ең жақын досым – Асқар. Сенімен таныстыр деп қолқалап жүргеніне біраз болды», – деп көп сырдың ұшығын аңғартатын кейіппен жұмбақ жымиды. Әрсен сол тұрған күйде де әр нәрсе айтып, әзілдеуін қоймады. Оның сөзінің шыны қайсы, қалжыңы қайсы екенін ажырату қиын қуақы жігіт еді ғой. Хабарласып, әрегідік елге келгенде кездесіп тұрамыз. Түк өзгерген жоқ.

Әншейінде онымен бірге қылжақтасып, қосыла күлетін мен сол жолы оның сөзін естімей, бар назарым саған ауды. Сенен көз ала алмай, сұқтана қарадым. Ішімнен өзіме: «Ақындардың жаттанды теңеулерін бұл жолы мойындамасқа шарам жоқ: «қыпша бел, биік мықын, аққу мойын, түзу аяқ» деп сипаттайтын сұңғақ бойлы, сымбаты ерек арудың нағыз өзі екен. Ашаң, ақ жүзіне жарасып, арқасын жапқан толқынды, қоңыр шашы қандай әсем...» деп ойладым. Сені ұнаттым. Сенің көркіңді ғана емес, ақжарқын, көңілді қалпыңды, ойыңды еркін айтатын, өзіңе сенімді мінезіңді құп көрдім. Әрсен сенің курстағы озат, топтағы алғыр студент екеніңді айтқан. Сөйлескен сайын оған көзім жете түсті. Сендермен бір топта оқитын, күнде бір аудиторияда отыратын досыма қызықтым.  

- Дәліз үнемі ала көлеңке болып тұратын. Мұның бәрін қалай анық байқап қойдың?

- Сол күні дәліздің жарық болғаны есімде.

Тез арада сөз тауып кеткен тапқырлығына риза болған екеуі қосыла күлді. 

– Бір кезде бәріміздің ортақ ұстазымыз болған Фазил Сардаровичтің келе жатқанын көріп, Әрсен екеуіміз сенен шегіншектей бастадық. Келбетті, бірақ жүзі суық, мысы басып тұратын кісі еді. Мұртының сол жақ ұшын саусағымен шиырып: «Сабақ баяғыда басталып кетті. Аудиторияға неге кірмейсіңдер?» – деді. Зілсіз екпінмен айтылған ұстазымыздың сөзіне мойынсұнып, сен бізбен қоштаспастан жылдам басып, аудиторияға ендің. «Әттең...» – деген өкініш табы жүзімнен мен мұндалаған аужайымды байқаған Фазил Сардарович «Сенің жағдайың белгілі болды» деген көзқараспен миығынан күлгендей көрінді. Сабақта сұсты көрінгенімен, өмірде қарапайым, жүрегі жұмсақ адам болатын. Әрсен де ағайдың соңынан өкшелеп, аудиторияға кірді. 

Кейін ағай сабақтың соңында бір жеке қалғанда менен: «Саған бірінші курстағы Гүлия ұнай ма?» – деп сұрады. Ойланбастан басымды шұлғып: «Иә, Фазил Сардарович», – дедім. Ойлы жанарымен жүзіме біраз тесіле, сынай қарады. Басқа ештеңе деген жоқ. Сөзсіз, бірақ көп нәрсенің ұшығын аңғартатын көзқарас еді. Онысын қозыларын қасқырдан қорып жүрген қойшының сақтығына ұқсаттым. Бұл сұрақтың бір күні қойылатынын күтіп жүргем. Өйткені, таныстықтан кейін көзімнің бір қиығымен болсын сені көріп қалсам деген ниетпен аудиторияларыңның маңын жиі торуылдайтын болғам. Сол кездері ұстазымыздың көзіне түсіп қалатынмын. 

Мен ол кезде ұнайтыныңды айтқаннан әріге бара алмадым. Оған ұяң мінезім бе, әлде сенің маған мән бермеген немқұрайлығың себеп болды ма, нақты айта алмаймын. Сырымды айтам деп, шынымды айтып қоятын болдым-ау. Мейлі, бастаған екем, айтайын. Сені айналшықтап жүрген менен де басқа жігіттердің бар екенін көрдім. Содан кейін бе, әйтеуір мен нақты қадам жасауды кейінге қалдыра бердім. Сөйтіп, әрі-сәрі болып жүргенде оқу да аяқталып, жұмысқа тұрып, өмірдің ағымына ілестім. 

– Танысқан әр адамға қызығушылық таныта берсем, не болғаным?! Пәлі, бақталас пен бәсекелес қай жігітте болмайды екен? Ең қызығы да солардың арасынан суырылып шығып, қыздың жүрегін жаулап алуда емес пе? 

– Иә, дұрыс айтасың. Алайда сен маған көңіл аударатындай ол кезде мен кім едім? Қатардағы қарапайым студент... 

– Шындықты айтуға бел буған екенбіз, мені де тыңда. Сен айтқан, бірақ мен олардан хабарсыз жігіттердің де ол кезде сенен асып бара жатқан ештеңесі болмағанына сенімдімін. Олар да өзіңнің қатарластарың болғандықтан қай жағынан алсаң да сенімен деңгейлес болғаны шүбәсіз. Қазір ғой, бірі ғалым, басқасы елші, басшы, қосшы дегендей, өмірден өз орындарын тауып, олар туралы «бірге оқығанбыз» деп ауыз толтырып, мақтанып айтатын дәрежеге жетіп отыр. 

Біздің студенттік шағымыз Кеңес Одағы құлаған аумалы-төкпелі заманға дөп келмеп пе еді? «Сен қарайтындай» дейтіндей, мен де ешкім емес едім. Ол кезде әсіресе студенттердің күйі келіспей жүргені өзіңе аян. Соған қарамастан сабақтан басқаны ойламайтынбыз. Алдымда ата-ананың, ұстаздардың үмітін ақтау үшін жақсы оқу керек деген мақсат қана болатын. Қыстыгүні терезесі сынық, моладай азынаған суық бөлмеде құрбым екеуіміз үстімізге бар жылы киімімізді қабаттап киіп, сабақ оқитынбыз. Таңертең университеттің оқу залына барып, түсте басталатын сабаққа дайындалып отыратынбыз. Сен жатақханада тұрмағандықтан білмейтін шығарсың. Кейде қара су мен қара нанды талғажау етіп ұйықтайтын кезіміз болған. Бұл тек менің басымдағы хәл емес, басқа да замандастарым кешкен жағдай. 

Өзімнің әдемі екенімді білдім бе, білмеймін... Сымбатты әдемілік десе, одан кенде болмаған сияқтымын. Осыған қатысты басымнан өткен бір оқиғаны айтып берейін.

Бір күні қыздармен университеттен төрт бес-аялдама жерде орналасқан қоғамдық моншаға бардық. Моншаға енген соң бір-бірімізден бөлініп кеттік: құрбыларымның бірі душқа, біреуі қолындағы легеніне су құюға, мен бу бөлмесіне бет алдым. 

Бу бөлмесіне енгенде қалың будан көзім ештеңе көрмей, есіктің түбінде тұрып қалдым. Ішінде біраз адамның бар екені сыбыр-күбірлері мен қимыл-қозғалыстарынан сезілді. Бір кезде құлағыма олардың біреудің сымбаты туралы тамсанып айтып жатқан сөздері естілді:

- Сән журналының мұқабасынан түсе қалғандай...

- Апыр-ай, біздің моншаға да мұндай қыздар келеді екен-ау...

- Қандай сымбатты...

- Бойжеткен, сіз киім үлгілерін көрсетесіз бе?

Сол кезде ғана істің байыбына барған менің бетім ду ете қалды. Ыстық будан көзім кеңістікке әлі үйрене алмай, жоғары көтерілуге қорғанып тұрған мені отырған әйелдер сән үлгілерін көрсететін журналдардағы модельге балап, сұрақты төпелетіп қойып жатыр екен. Ол кезде әйелдер қазіргідей моншаның ішінде үстерін жауып жүрмейтін.

Анадан туған күйде тұрғанда мұндай шектен тыс бөлінген көңілге ыңғайсызданған менің «жоқ» деген сөзді мұрнымның астынан міңгірлеп айтуға ғана мұршам жетіп, жуынатын бөлімге өтіп, тез шайындым да, киініп алып, шығып кеттім. Сол оқиғадан кейін қоғамдық моншаның табалдырығын аттап баспайтын болдым. 

Мүмкін, сенің ойыңды дұрыс түсінбеген болармын. Досым деп жақсы көретін шығар дедім бе? Бірақ өзіңді ерекше сыйлағанымды, құрметімнің арта түспесе, азаймағанын білесің ғой? Әрсеннің досы ғана емес, әріптесім, өзімнің досым ретінде де саған деген көңілім алабөтен. Соңғы уақыттағы хат алмасудан кейін сені бұрынғыдан бетер таныдым. Жаныңның нәзік, сезіміңнің таза, риясыз адам екендігіңе көзім жете түсті. Сені жақсы көремін, тіпті... 

С. М. Мудярян. Ұшу. 1973 жыл

Әуежай мен отельдің арасы қашық болмай шықты. Әңгімемен әне-міне дегенше жол да еңсерілді. 

Заманауи үлгідегі бес жұлдызды отельдің ресепшніндегі қыз жылдам қабылдап, құжат толтырған соң шылым шегілмеген бөлме бермек болып: «Он алтыншы қабатқа қалай қарайсыз? Биіктен қорықпайсыз ба?» – деп сұрады. Гүлия бүгінгі кездесудің әсерінен шыға алмай, ойы қиял әлемін шарлап кеткендіктен, бейжай кейіппен: «Бере беріңіз», – деді. Қыз магнитті кілтті қолына ұстатты. 

Меймандардың жүгін бөлмеге жеткізетін беллбой шабаданға қол созып еді, Асқар оның қызметінен сыпайы бас тартып, өзі апаратынын айтты.

Лифтке міне салысымен, екеуі де тынысты тарылтқан беттегі масканы да шешті-ау... Соншама жылдан кейін бір-бірін жүзбе жүз бірінші рет лифттің ішінде көрді. 

– Сен еш өзгермегенсің, Гүлия. Уақыт сен үшін тоқтап қалғандай. Студент кезіндегі әдемілігің сақталған. Тіпті бұрынғыдан бетер сұлулана түскенсің. Кемел сұлулық. Сенің суреттеріңді көргенде бәлкім, бұл бар болғаны сурет болар, осынша уақыт өткенде өмір адамның жүзіне өз өрнегін салмай қоймайды деп ойлайтынмын. Бірақ, қазір көріп тұрғандай, болжамым бұрыс шықты. Сен әлі сұлу, әрі сымбаттысың. Төлқұжаттағы жас бар болғаны сан ғана. Саған қарасам көзім тоймайды...

Гүлия өзінің әлі сыны кетпегенін, қатарластарымен салыстырғанда олардан анағұрлым жас көрінетінін білетін. Бірақ оған масаттанып, ешқашан асып-тасқан емес. Мінезі біртоға, салмақты. Салауатты өмір салтын ұстанады. Жас көрінуге тырыспай, өз жасына лайық талғаммен киінеді. Сәл нәрсеге болсын шынайы қуана біледі. Ең бастысы, өмірге ынтық.

Лифт екеуін қажет қабатқа жеткізді. Есікті ашып, бөлмеге енді. Кіреберісті қосқанда екі бөлме. Сол жақта жуынатын жай. Қарсыда киім ілетін, ішінде сейфі бар үлкен шкаф. Жатын бөлме кең, жарық, әдемі, талғамға сай жабдықталған, ортасына екі кісілік төсек қойылған. Төсектегі сықырлаған ақ жаймалы жабдық бөлменің салтанатын арттыра түскендей. Төсектің оң жағындағы кең кеңістіктің өзін жеке бір бөлме десе болады: былғары жалпақ кресло, торшер мен емен ағашынан жасалған ауыр стол қойылған. Терезенің деңгейінде үлкен телевизор тұр. Терезе бір қабырғаның жартысын қамтыған. Басты айналдыратын биіктен төмен қарасаң, Парсы шығанағының суы қарауытып көрінеді. Тура қарсыда құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Құрылысшылардың қараң-құраң бейнесі көрінгенімен, айғай-шу естілмейді. Жанға жайлы тыныштық. Мұның бәрін пердені жабу үшін барғанда байқады. Қалың, жарық өткізбейтін пердені ортаға қарай тартып әкелгенде, бөлмеде сырлы, тылсым бір күй орнады. 

Жуынатын бөлмеден шыққан Асқар креслоға барып отырды. Жеңіл, жағымды әтірдің иісі сезіліп, бойынан жылы леп ескендей болды. Осынша уақыт бір-бірін танитын, беріде емін-еркін сөйлесіп, хабарлама жазысып жүрген екеуінің бір бөлмеде оңаша қалғанда қысылғандары рас. Осы сәт Гүлияның есіне түн ортасына дейін екеуі сырласып отырғанда Асқар жанында, мүмкін телефонның бетінде тұрғандай абайсызда соған қарай қолын созғысы келетіні есіне түсті. Енді, міне, бір-бірінің тынысын естіп, қол созым жерде отырғанда жақындауға немесе бір сөз айтуға екеуінің де батылы жетер емес. Орнаған ауыр үнсіздікті Асқар бұзды. 

– Өткен жылдарға өкпем жоқ. Бірақ сен мен үшін жастық шағымның тәтті естелігі, қолым жетпеген арманым болып қалып едің. Университеттегі жылдарды, достарымды еске алғанда арасында міндетті түрде кафедраның алдында көрген сенің бейнеңді елестететінмін. Кейін виртуалды кеңістікте қайта кездестіргенде қатты қуандым. Жариялаған суретіңнің астына екеуіміз білетін тілде «Сол қалпың... еш өзгермегенсің...» деп коммент жазғаным есімде. Кез келген уақытта хабарласа алатын мүмкіндік болғанымен, арада бір шектеу тұрғандай, бар болғаныңмен, қолым жетпейтіндей көрінетіндіктен саған жан сырымды айтып, ақтарыла алмай жүрдім. Бір күні таңға жуық бір сілтеме жібердім. Сол сілтеменің екеуімізді табыстыратынын ішім сезгендей. Сен жауап жазбағаныңмен, оны ұнатқан белгі қойдың. Осы оқиғадан кейін екеуіміз хат жазыса бастадық. Сол үшін ырзамын. Бізді бұл өмірде екінші рет кездестіріп, қосқан – «Мәңгілік махаббат» әуені. Мен мәңгілік махаббатқа сенемін.

madeniportal.kz