Жеткер Жүсіп 

Деректі әңгіме

Қазалының"Бірлік"совхозына жиі баратынмын,кішкентай кезімде. Анамның сіңілісі Қарақұмнан сол жаққа көшіп келген, жездеміз бас есепші-тін. Дария ол кезде ырықсыз.Паром жүреді. Су буырқанып жатады,сап - сары лай боп.Кейде сол паром тіркемеге сиыр, жылқы тиейді топырлатып. Дала малы тұра ма тыпыршып. Сиырлар секіріп кетеді,тіркемеден суға.Бір батып бір шығып ақыры көзден көрінбей кетеді. Жаман аяп кетем. Жайындар жұтып қойған шығар деп қорқам. Жылқы жүзеді,малтығып.
 
Сиыр қасқа құлағына су кетсе болды,құрдымға батып кетеді дейді,паромшы шал.
Жайын демекші."Бірлік"дарияның іргесінде.Көктемде су тасып,маңай қалқып кетеді,үйлер топан судың астында қалады.Ал,жазда тасыған су арналарына қайта қайтады.
Терең сайларда қалып қойған суда балық көп болады.
Дәу шұқырлар да жайын жатып қалады.Тұнық кезде қарасаң дәу жайын "Торпеда"сияқты аузын ашып,суды тіліп жүреді. Желбезегімен демалады.Мұрты сала құлаш,арқан сияқты сүйретіліп.
Қорқынышты.Оның үстіне сол ауылдың балалары:
 
-Баяғыда Кәрімнің есегі су ішуге барғанда жайын аңдып жатып құйрығымен суға ұрып құлатып, жұтып қойыпты - деп соғады. Бірінен - бірі өтеді соққанда.Бірақ бөлем айтады:
 
-Біздің бір лақты жағада жайылып жүргенде құйрықпен ұрып,жұтып қойғанын көрдім -дейді.Оған сенбеуге лажым жоқ.
Дарияда иірім болады екен.Ойбай қарап тұрсаң сені жұтып қоярдай қорқырайды.Айтып отырмын ғой тұнық судағы жайынды көрсеңіз. Құдды бір кит сияқты, көкпеңбек судың астында алашұбарланып, зуылдап бара жатады.
Енді сол алпауытпен қалай бетбе бет кездестім соны айтайын...
Күздің кезі. Су басып кеткен жер шабындық. Шөп орамыз,күзде арбамен бауланған шөпті тасимыз. Дәу- дәу, ойдым -ойдым шұқырда су қалып қояды.
 
Сондай бір кез-тін. Бір орыс мотоцикілмен сол маңайға күн ара келеді,қала жақтан ау шамасы.
Алғашқы кезде мән бермегем,бірақ екі - үш күн сайын әлгі келіп, сол маңды айналшақтап-айналшақтап кетіп қалады.
 
Ертеңіне ерте шөпке келгенде бардым мен де сол маңға.
Ананың резинка етігінің ізі мені қалың қамыстың ішімен су тола шұқырға апарды.Су тұнық.Бірден ештеңені аңғара қоймадым,кері қарап кетпек боп айнала бергенім сол еді аяғым тайып кетті де,қараша үйдің аумағындай суға құладым.Бірдеңе шалп ете қалды.Жұп- жұмсақ немеге қолым тиді. Жып -жылтыр шіріш үсті.Қорқып кеттім акула сияқты,бәледен.Тырмысып жағадағы қамысты уыстап тартқылап зорға шықтым шұқыр апаннан. Иек -иегіме тимей дірдек қағам кеп. Су тындау дегенде үңіле қарасам , дәу жайын! Қайырлап қалған.Көзіне қарасаң тесіп бара жатыр өңменнен өтіп.Мұрты шланга сияқты шұбатылып жатыр.Басқа әртүрлі ой келді.Қалай шығару керек,бұ бәлені?
 
Колхоздың шөпшілерінен қалған тросс есіме түсті,ана жақтағы.Барып алып келдім.Анау ауық- ауық бір ізбен олай -бұлай жүреді. Сол "жолға"троссты дұзақ қып қойдым.Бір уақта басы кірді-ау. Бірдеңе тиіп кетсе болды,бұлқан- талқан болады,сөйтіп барып тыншиды алпауыт бәле. Бұ жолы да сөйтті.Тросстың ұшын сыммен орап есектің мойнына ілдім,уф деп.Сонан жаймен"шу -шулап" қозғалдық. Жайын суда тұрғанда аййналайын екен бұлқан талқан болғаны.Басы судан шыға бере ойбай бүлікті салды. Менің де есектің де жаны алқымға келді. "Ықы, ықылап" қолымдағы қамшымен есекті сабалап жатырмын.Тілерсегі майысып,бір жалп етті .Нән айғыр есек қой.Онан қасқа қайта тұрды.Мен де қоятын емеспін алға сүйреп.
 
Ай,сүт пісірім уақыт болды.Қара тер болдық.Сүйреп келе жатсақ, артқа қайта тарта ма,ана малғұн,кері кетіп қаламыз. Апандай шұқыр қара батпақ. Сасыған иіс.Ай өлдік ау. Айналайын ақ есек бір кезде ышқынып тұрып бар күшін сап сыртқа атты дейсің!Мен де сүріне- мүріне алға сүйреп келем.Бірталай жерге апардық.Есегім бүк түсіп,екі танауы делдиіп, екі көзі бақырайып ентігіп жатыр.Анау құрғаққа шыққасын олай аунап- бұлай аунап, есектің итін шығарғасын ағытып жібердім. Ұзындығы өз шамаммен 1,5-2 метрге жақын-ау !
 
Ұзаған жоқ,күнара әдетінше мотоцикл мінген орыста жетті.
Бейшара дәупаспан жайынның жанына отыра кетті.Жылап жіберді, еріксіз.Сөйтсем суы тартылсын деп күнара кеп қарап жүрген екен."Троссқа басым жетпепті -ау,тупой голова!"-деп басын ұра береді қасқа.
 
-Балашка деді.Мен сұрағаныңды берейін.Мынаны маған байла. Мен бәріне айтып мақтанғаныма бір жеті болды. Басқасын қойғанда әйелім"Да,Витя гони,гони"деп мысқылдап жүрген онсызда...Не бетімді айтам,енді деп жыламсырап миымды шірітіп барады.
 
-Жартсын өзің ал- деді бір кезде қиылып
Менің есіме:
-Жайынның дәуіне қызықпа.Ол тереңде жатып ап,не қалдық суда өлексе жейді.Өлген балықтарды,қалған құтқан құрбақаларды азық етеді. Етіне жайылады,сасық иіс,құрбақаның өлексесін жегендей боласың деп отыратын жақайым шал балықшы Жолбосынның сөзі түсті.
 
-Әйда давай,не бересің?-дедім дәд Виталиге
 
Сонымен ұзын сөздің қысқасы үштік сужаңа төрт ау, бір кермеше, бір қабадан мен резинка қайықпен кеудеден келетін бір резинка етікке қол берістік.Риза болды ма 20 сом қосып берем деді.
 
Жайынды балтамен бұзып пашақ- пашағын шығарып үш аяқ көлігіне басты. "Ех,голова,голова!"деп менің басыма бір қарап қойып,гүр етіп жүріп кетті,байғұс.
Ертесіне кеп уәде еткен заттарын әкеп берді.А,айтпақшы қосымша оқ дәрі пыстон ала келіпті,мың болғыр!
Сең жүретін кезде,дариядағы мұз қақырап кетті.Екі мұңылық Ұлы теңізге қарай дәу мұздың үстінде дөңгеленіп зулап барады...