Ғалымбек Елубайұлы

Әңгіме

– Қан қысымыңыз тым жоғары екен ата.

– Соншалықты қауіпті ме?

– «Елемеген ауру, ескермеген жау жаман». 

– Енді қайт дейсің маған, балам?!

– Жатып емделуге жағдайыңыз жар бере ме?

– Жоқ! Айта көрме, айналайын... 

– Ендеше, сізге көбірек дәрі жазып берем.

Дәрігер жігіт өзі жазған тізім бойынша аурухана ішіндегі дәріханадан қызылды-жасылды бір мұнша дәрі алдырды. 

– Қарағым, мынауың енді тым көп қой!

– Жан керек болса ішесіз, ата.

– Обай, ә! Кімге керек емес жан?! Енді қарағым саған бір аталық сұрағым бар.

– Құлағым сізде.

– Осы қызылды-жасылды көп моншақ дәрің зиян емес пе адамға? Іше салып тырайып жатпайын! 

Жігіт мырс етті.

– Сіз дала қазағының ең соңғысы боласыз. Қатарыңыздан қалып тұрып, ұзақ жасайсыз, ата! 

– Әумин!

Төлетай қарт үйіне келгесін ұзақты күн ешкімге тіл қатып, тіс жармады. Қорадағы отыз қойына ойланып тұрып, шөп салды. Жирен бестісінің жалын сипап ұзақ күрсінді. Екі қалтасына теңдей бөліп салып алған дәрісін сыртынан басып-басып қойды. 

– Әй, келін шырақ!

– Ау!

– Әлгі Мәнен қайда жүр?

– Көрші ауылдағы Сұраған ата қайтыпты ғой, соған кетті.

– Астапыралда! Жарықтығым-ай! Неден екен ажалы?

– Жоғары қан қысымы дейді...

Келіні қолындағы тамақ қалдығын итаяққа төкті. Қарт қораның күнгей бетіне арқасын беріп жалып етіп отыра кетті. Ақпанның аязы алыс көктеммен берісетін емес. Тау етегіндегі ауылды қар кіреукесі шымылдықтап тұр. Көше басындағы бозбаланың аязды кеңістікте шарт еткізіп үйірген бишігінің даусы құлағыңды осады. 

Бір қанаты сыныған жаралы көгершінді топ бала тыздаяқтап қуып келеді. Ішінде мұның екі шөбересі бар. Тұтылуға шақ қалды. Жаралы топшысын жаны шыжғырыла қомданған бейшора құс тау мая көк аршаның қуысына сіңіп жоқ болды.

– Қап! Әкеңді-ай, ә!

– Айттым саған, алдын ора, – деп.

Жасы кіші шөбере көзі жасауырап кері бұрыла бере қартқа көзі түсті.

– Ата-а-а!

– Ау!

– Ауданнан қашан келдіңіз?

– Қайтейін деп едің?!

– Бізге не әкелдің?

– Ұмытып-ақ кеткенім. Бізде не ес қалды, жарымағыр-ай!

Ерке шөбере иланған жоқ. Атасының шибарқыт қаусырмалы қалың тонының қалтасын ақтара жөнелді. 

– Таптым, міне!

– Әй, оны балалар жеуге болмайды.

– Неге?

– Насыбайы түсіп қалады.

– Өтірік айтасың!

Қарттың көзі жарқ ете қалды. 

– Әй, жетпегірлер! Мұнда келіңдер бәрің!

– Бәріңе тәтті берем.

 

Қарт екі қалтасындағы дәрілерді түгелімен алып шықты. Қолдары дір-дір етеді. Алдына келіп шүпірлесіп тұрған тентектерге әр қайсына бір-бір талдан үлестірген. 

– Қане, жеңдер!

– Бә... пуу... ашты екен... тыпу...

– Егер кімде кім осы дәріні ашырқанбай жұта салар болса, соның бойы қарағайдай биік болады.

– Рас па, ата?

– Атаңа сенбейсің бе? О, заманақырдың балалары! 

Балалар өзіне берілген дәрілерді қылғи салды. Ашырқанғандары аулақ барып қар асады. Қарт көз айырмай қарап тұр. Балалар онан әрі көшеге жүгіріп шықты. Қалың қар үймелеріне тырмысып шығып, сақ-сақ күледі. Таңдайылары қызыл-сары. Қарт енді аяқтанған қозыдай тәлтіректеп соңынан ерді...

Арада сүт пісірім уақыт өткенде Сұраған қарттың жаназасынан қайтқан жұрттың ат шаналары көше бойымен кереуен жасады. Жайраң қаққан екі шөбере әкелерінің атына секіріп мінгесіп алды. 

Бұл кезде көңілі жайланған Төлетай төр алдындағы өзінің отыз жылдық орнында манағы дәрілерді асықпай таусап отырды.....

Есітен кіре бере «атам бізге де осындай дәрілер берді» деген екі шөбереге назар аудара қалған келінге қарата:

– Оларға өзің көптен бері айтып жүрген іштің құртын түсіретін дәрі әкелгем, –дей салды. 

Келіні айтты:

– Жақсы болды ғой. Түні бойы тісін қайрап ұйқы бермей жүр еді...

Іле «Сақтықта қорлық болмас» деп күбірлеген қарт екі кесе ешкінің шикі сүтін саудырып ішіп, тас бүркеніп ұйықтап қалды. 

Қазақы үйдің терезесіндегі қабыршақ мұздан тайғанаған күннің дәрменсіз алкүрең сәулесі жылап батып бара жатыр....

Көктемге әлі алыс.

Тым алыс еді...

Мәдениет порталы