1.ҚАЙДА ЖҮРСЕҢ АМАН БОЛ

(әңгіме)

Ғаламтор алға-а-а-ш шыға бастаған жылдары барлық керек ақпаратыңды, тіпті керек адамыңды да "ГУГІЛден"  (Google) тауып аласың дегенді естіп, көңілім нілдей бұзылды. "Бұзылғаным" - баяғы бозбала шақтағы алғашқы махабатымның амандығын білу болатын. Содан оны іздей бастадым. Ол қазір қайда екен, аман-сау жүр ме екен, ол да мен секілді мені ойлап сағына ма екен деген сауалдар санамды сансыратып жіберді. Делқұлы адамдай біртүрлі бейбақ күй кештім. Көне альбомды ақтарып, ғашығымның асыл бейнесін сағына сипап, бетіме тақадым. "Жаным-ай, қайдасың?" деймін өз-өзімнен күбірлеп..."Сені ойласам жанарыма, Жас келеді мөлдіреп"

ГУГІЛге Гүлімнің атын, фамилиясын жазып, "поисканы" басып қалам. Жоқ! "Тірі ме екен?" деген сұмдық ой жамау жүрегімді шаншытып-ақ жібергені. Құдай сақтасын! Оңбаған ойым үшін өзімді-өзім жаман қатты жазғырдым: "Өh, махаббаттан басы айналып, "жынды" болған неме! Арыл ондай ойдан!" Жазғырдым ба, азғырдым ба, бір Аллаға ғана аян. Білетінім - сол кезеңдегі жанымның қалауы сол ғана болатын. Ал енді тірі болса неге шықпайды ГУГІЛден? Е, құдай, өзің жар бола гөр, жанымды аман ете гөр!

ГУГІЛ - "гугіл" десе, дегендей екен, гу-гу әңгіме, өсек-аяң, жаңалық, сенсация, саясат, саяхат, құлпырған неше түрлі қызыл гүлдердің бәрі осында секілді. Бірақ сол гүлдердің арасынан өз Гүлімді таба алар емеспін. Сонда да қайтпай іздей бердім. Басқа амалым да жоқ еді. Егер таппасам, "Ләйлім шырақ" деп ләйліп кеткен Мәжнүн секілді ел кезіп кетерім анық еді. "Мүмкін күйеуінің тегіне өтіп, таппай жүрген болармын?" Осы ой қызғанышымды қоздырды: "Күйеуі несі, мөлдір махаббатымды басқаға қалай қиямын? Жарайды, қыздың бәрі Фариза (Оңғарсынова) апамыз емес, тисе тиген шығар күйеуге, табиғаттың заңы ғой, оған не істей алармын? Не де болса аман болсыншы..." "Мен болмасам болмайын, сен аман бол".

Іздеуді еш тоқтатпадым. Осындай әуре-сарсаңмен арада бір жарым жылдай уақыт өтті-ау. Жоқ ((( Өзім де әбден жүдеп, көтеремге айналғам. Бірақ еш күдер үзбедім. "Іздеген жетер мұратқа" деген рас екен. Бір күні кешкісін ғаламтордың қуыс-қуысын иттей тіміскілеп, түртінектеп отырсам, менің ГҮЛ жаным ГУГІЛдің күнгей бетінен күндей жарқ ете қалмасы бар ма?! Сондағы қуанғанымды көрсеңіз ғой, сіз де қуанар едіңіз. Бар екен! Тірі екен! Аман-сау жүр екен.

*******

Бар екен, тірі екен, аман-сау жүр екен. "Страницасына" кіріп, "Мой Мирге" жақында ғана тіркелгенін білдім. Бір жарым жыл таппағаным содан секілді. Жүрек дүрс-дүрс, клавиатура тырс-тырс. "Запрос" жіберуден басқа амал қалған жоқ. Жалма-жан құпия "агентке" ауыстым. "Статусы" маған шуақ шаша жасыл жанып тұр. Мен өстіп мәңгіріп отырғанда "готовь побалтатьқа" ауысты. Енді ештеңе ойлап жатпастан, еркімнен тыс, аптығып "запросты" жіберіп кеп қалдым. Достығым бірден қабылданды да, "вам пишеттегі" биші қалам билеп қоя берді, мың бұралады. Жаным маған жазып жатыр, жарандар! "Приветті" жазып та үлгермедім тіпті.

Мәңгілік мәhhаббатқа оранған жалынды сөздер ағыл-тегіл ағылып келіп жатыр дейсің...

(тың-ң-ңқ)

- Привет!

(тың-ң-ңқ)

- Баха, это ты?

- Где ты?

- В Алмате?

Сүйкімді шымал-қаламын билетіп әле өзі жазып жатыр жаным. Жаным, жаным, жаным! "Ты где?" деп мені шарқ ұрып іздеп жатыр. "В Алмате?" деп дәл қазір көргісі кеп тұр. "Уhі... сорлы жүрегім-ай, жарылып кетпеші, әйтеуір..." Сосын сәл бөгеліп барып:

- Баха, это ты точно, чё ты молчишь? - деді тағы да. Сонда барып есімді жиып "приветті" жаздым-ау:

- Иә, мен ғой, жаным...

(фычық)

- Ты где?!! (Тағы сұрады)

(тың-ң-ңқ)

- Кентаудамын, жаным...

(фычық)

- Иии... жаным сол! Ты тоже жаным менің! (Бағаналы бері бірінші рет қазақша жазды)

..."Көзім шықтанған" смайлик қойдым, шыным да сол еді)

- Баха, ты что плачешь?

- Жоқ и..., сағынғам ғой жай...

Сәл үнсіздіктен соң, ол да:

- Мен де, - деп, көзінен сорасы аққан смайликті қоймасы бар ма? Екеуміз екі жақтан ал кеп жыла. Ал кеп бозда...

(жалғасы бар)

Бақыт Шәрәпи