Мерез – жыныстық қатынас арқылы жұғатын инфекциялық ауру. Уақытында анықтап, тиісті ем қабылдамаса асқынып кетуі мүмкін. Ал, оның салдары тіпті қорқынышты. Мамандардың айтуынша, мерезді диагностикалық түрде де анықтау оңай емес екен. Тәжірибеде қауіпті вирус миға шабуылдап, науқастың жынданып кеткен фактілері де кездеседі. Қазір қызылордалық дәрігерлер халық арасында кеңінен насихат жұмыстарын жүргізіп, аурудың алдын -алу үшін әрекеттеніп жатыр.
«Жыл басынан бері облыс бойынша 127 науқастан мерез ауруы анықталды. Тіркелгендердің басым көпшілігі Қызылорда қаласының тұрғындары. Инфекциялық аурумен көп жағдайда әйел адамдардың ауыратындығын статистика дәлелдеп отыр. Бұл жағдайды қоғамда жалғызбасты аналардың көп болуымен байланыстыруға болады. Сондай -ақ, жесір немесе ажырасқан әйелдер де аз емес. Сондай -ақ, науқастардың 68,5 пайызы тұрақты жұмысы жоқ азаматтар. Ал, екінші орында білім салысының қызметкерлері болып отыр. Сала мамандары өз кезегінде насихат жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Тақырыпқа орай жиындар өткізіп, кездейсоқ жыныстық қатынастан сақтану қажет екендігі айтылып жатыр», — дейді Қызылорда облыстық тері-венерология диспансерінің дәрігер – дермотовенерологы Ғабит ҚЫЗДАРБЕКОВ.
Дәрігерлердің айтуынша, мерез ауруы жеңіл жүрісті адамдармен жақын қатынаста болып, сақтық шараларына мән бермеген азаматтарда анықталады. Қала тұрғыны Асхат Алшынбаев (есімі өзгертілген) – солардың бірі. Жас жігіт тәнін саудалаған бойжеткеннен қатерлі дертті жұқтырып алыпты. «Астана қаласында құрылыста біршама уақыт жұмыс жасадым. Сол жақта жүріп, таныстармен қыздарға барған болатынбыз. Арада бірнеше ай өткен соң үстіме жара шығып кетті. Бірақ ешқандай ауырып, мазамды алған жоқ. Сонда да мамандарға қаралғым келді. Дәрігерлер мерез екенімді айтты. Қазір, кездейсоқ байланыстың зардабын тартып жүрмін», — дейді жас жігіт.
Айта кету керек, мерез ауруы тек жыныстық жолмен ғана жұқпайды. Науқастың терісі, түкірігі мен сілекейінен де қауіпті дертке шалдығуға болады. Сондай -ақ, қан арқылы да инфекция таралады.
«Мерезді емдеуге болады. Көп адамдар дәрігерлерге бұл диагнозбен келуге қорқады. Әйел адамдар ұялады. Бұл аурудың асқынуына әкеліп соғады. Асқынбаған аурудың түрін 4-5 айдың ішінде емдеуге болады. Ал, уақыты өтіп кеткен дертті сәйкесінше ұзақ емдейміз. Аурудың белгілері әр түрлі. Біреудің денесін жара қаптап кетуі мүкін, біреуінің шашы түсе бастайды. Нақты диагнозды зертханалық зерттеулердің нәтижесінде қоямыз. Көп жағдайда ауру жоспарлы тексеруден өтуге келгендерден анықталады. Дәрігерлер мен мұғалімдер ұдайы санитарлық кітапша тапсыратындықтан бұл саланың қызметкерлерін бақылау оңай», — дейді Ғабит Қыздарбеков.
Соңғы жылдары Қызылорда республика бойынша мерез ауруынан алғашқы үштіктен бой көрсетіп келе жатыр. Бұл аурудың көрсеткішін төмендетуді әлеуметтік мәселелерді шешуден бастаған абзал…
Дереккөз: zhasalash.kz